НҰРТІЛЕУ
02.04.2026
48
0

Жақсы күндерің жүректің түкпірінде, көңілдің архивінде қалады. Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін, соңында ізгіліктің, жақсылықтың ізін тастап кеткен, саналы өмірін еліне, халқына арнаған зиялы азамат, қаламы қарымды журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Нұртілеу Иманғалиев еді.

Қазақ тележурналистикасының мэтрі атанған Нұрекеңнің әріптестері арасында шоқтығы биік болды. Әрқашан да ақиқат пен шындықты айтып, ұлтының ертеңі мен келешегін әріден ойлайтын аузы дуалы журналисті халқы да жақсы көрді, ерекше құрмет тұтты. Жүрегі қазақ деп соққан досымды еске алсам, өткен күндер көз алдымнан тізбектеліп өтіп, сағынышқа бөленіп жүре беремін.
1984 жылы Жамбылдан Қазақ теледидарына жұмысқа ауысып, «Қазақстан» ақпараттар Бас редакциясына редактор болып жаңа қызметіме кірісіп кеттім. Ол кезде дәл қазіргідей жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кеткен телеарналар жоқтың қасы.
Күніне екі рет жарты сағаттық хабар дайындап, тәуліктің ең маңызды саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік жаңалықтарын бүкіл республикаға таратамыз. Бас редакторымыз Төкен Қаймұлдинов – жұмыс барысында қатал, жоғары талап қоя білетін азамат. Мен үшін алпысқа жуық адам еңбек ететін шығармашылық ұжым үлкен шеберлік мектебі болды. Арада екі жыл өткен соң, сол кездері жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан «Алатау» телеарнасына жұмысқа ауысудың реті келді. Ол кезде Қазақ ССР мемлекеттік теле­радио комитетінің төрағасы, белгілі қаламгер Камал Смаилов ағамыз болатын. Шығармашылық ізденістің нәтижесінде дүниеге небір тамаша хабарлар келіп, көрермендердің ыстық ілтипатына бөленіп жүрді. Басқаларын айтпағанда, «Қымызхана», «Тамаша» бүкіл иісі қазақ асыға күтетін хабарларға айналды.
Қазақ теледидарында сол жылдары атақтарынан ат үркетін небір мықты журналистер, қаламгерлер қызмет атқарды. Сәнгерей Тәжіқұлов, Тыныс Өтебаев, Ғұсман Игесінов, Әділбек Тауасаров, Фатима Бөгенбаева, Жүрсін Ерманов, Серік Байхонов, Нұртілеу Иманғалиев сияқты «телевизиончиктер» – шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін мықты журналистер. Жасымыз қатарлас болған соң, көбіне Серік пен Нұртілеуді жағалаймыз.
1994 жылы Қоғамдық-саяси бас редакциясы ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі Серік Байхонов Қызылорда облысының экономикалық және әлеуметтік проблемаларының өзекті жайын көтеретін «Сал үстіндегі маусым» атты бірнеше хабар жасап, қазақ теледидарына үлкен бір жаңалық пен серпіліс әкелді. Нұртілеу Иманғалиев – Қазақ теледидарындағы ең жас Бас редактор. Ол жиырма сегіз жасында «Құрдастар» деп аталатын Жастар Бас редакциясын басқарды. Комсомол және жастар өмірін, олардың өміріндегі ең өзекті проблемаларды Нұртілеу басқарған шығармашылық ұжым дер кезінде көтере білді. Әр хабар өткен сайын «Құрдастарға» жүздеген хаттар ағылып келіп жататын. Жастар Бас редакциясының эфирден өткен хабарлары әр аптада өтетін лездемеде үлкен бағасын алып, «Қызыл тақтаға» ілініп жатушы еді.
Нұртілеу – ұзын бойлы, сымбатты жігіт. Жас кезінде Алматының құрылысында еңбек етіп, әбден шыныққан, кәдімгідей қарулы. Алғаш көргенде маған тәкаппар, менмендеу болып көрінген. Кейде адамның сыртқы бейнесі алдамшы келеді, араласа келе Иманғалиев мүлде басқа жан болып шықты. Жүрек кілтін таба білсең, одан асқан ақ көңіл жан жоқ, бала құсап кетеді. Достыққа берік. Екіжүзділікті жек көреді, шындықты бетіңе тік айтады. Бізді жақындатып жіберген осы қасиеттері болар, дос-жолдас болып кеттік.
Нұртілеу – нағыз зиялы жан ретінде өзінің ұлтын, салт-дәстүрін, ана тілін қастерлейтін азамат, қолынан келсе, өзінің қаракөз бауырларына жақсылық жасағысы келіп тұрады. Оны айқайламай, жарнамаламай-ақ үндемей жүріп тындырып тастайды.
Бірде жұмыс бабымен Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданына бардым. Атақты тұлпар, Рим Олимпиадасының алтын жүлдегері Абсенттің отаны – Луговой жылқы зауытында Нұрлан деген агроном жігітті кездестірдім. Ол 1980 жылдардың басында Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқыпты. Кезінде өнерпаз ретінде талай рет Қазақ теледидарының «Алтыбақан» жастар ойын-сауық хабарына түсіп, «Құрдастардың» пікірталастарына қатысыпты.
– Сол кезде «Құрдастар» атты Жастар Бас редакциясының бас редакторы Нұртілеу аға еді. Әлі есімде, бірде «Құрдастардың» кезекті бір хабарына Абай атындағы педагогикалық институттың химия факультетінің 2-курс студенті Гүлмира Ақүрпекова екеуміз қатыстық. Гүлмира гитарада ойнап, әдемі ән салатын. Хабар түсіріліп біткен соң, жанымызға Нұртілеу аға келді.
– Қалқам, таудай талабың бар екен. Бүгінгі өзің орындаған «Тамшылар» деген ән маған өте ұнады, – деді Бас редактор ризашылығын білдіріп, – өзің қайда оқисың?
– Абай атындағы педагогикалық институттың химия факультетінің студентімін, – деді Гүлмира сыпайы жауап беріп.
– Химик деген, әрине, жақсы мамандық. Бірақ сен – өте дарынды әншісің. Осы жайлы ойлан, – деп Нұрекең қоштасып, кетіп қалды.
Студияда болған бұл әңгіме Гүлмираның өміріне үлкен бетбұрыс әкелді. Бүгінде ол – бүкіл қазаққа есімі белгілі әнші. Әрине, өнер жолы оңай емес, Гүлмира қиналғанда Нұртілеу ағасы үлкен азаматтық жасап, талай рет қол ұшын беріпті, – деді Нұрлан бауырым өткен күндерді еске алып.
– Нұртілеу аға «Хабар» арнасынан «Бетпе-бетті» жүргізуші еді. Соңғы кезде теледидардан көрінбей жүр, – деді Нұрлан шай үстінде.
– Айналайын, «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Менің досыма деген көңілің кіршіксіз таза екен… Нұртілеу ағаң – бүгінде бар қазаққа белгілі азамат. Қазақ теледидары және радиосы корпорациясының төрағасы. Сондықтан ағаңның «Бетпе-бетті» жүргізуге уақыты болмай, арқасы құрысып жүр, – дедім сөзімнің соңын әзілге бұрып.
– Нұрекеңе менен сәлем айтыңыз, – деді Нұрлан менімен қоштасарда.
– Міндетті түрде айтамын, сәлеміңді жеткіземін, – дедім агроном бауырыммен қоштасып.
Ел сыйлайтын, құрмет тұтатын жолдасың туралы жүрекжарды жақсы сөз есту бір ғанибет емес пе?! Ішім жылып қалды. Нұрлан інім дұрыс айтады. Нұртілеу Жастар Бас редакциясына жетекшілік жасаған жылдары талай-талай бұлқынып жатқан бұлақтың көзін аша білді. Қайталанбас өнер иесі, күміскөмей әнші, марқұм Мәдина Ералиева, қазақ әнін талай жерде асқақтатқан орыс қыздары – үш Татьяна және басқа да өнерлі жастардың тұсау­ын кесіп, сәт сапар тілеген үлкен жанашырлық иесі Нұртілеу Иманғалиев екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Иә, Нұртілеу – үлкен адамгершілік пен іскерліктің тізгінін қатар ұстап жүрген зиялы азамат.
1990 жылдардың басында Қазақ теледидары Бас директорының бірінші орынбасары болып қызмет атқарып жүрдім. Нұртілеу – Қоғамдық-саяси бас редакциясының Бас редакторы. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Нұрекең 1994 жылдың басында Қазақ теледидарына бедерлі жаңалық әкеліп, берілген хабарлардың мазмұнын, берілу формасын және маңыздылығын арттырды. Қазір Ресейдің ұлт­тық теледидарында «24» деген канал бар. Бұл канал тәулік бойы маңызды жаңалықтарды, экономикадағы, әлеуметтік және мәдениет саласындағы қол жеткен жетістіктер мен проблемаларды топтама түрінде беріп отырады. Кез келген тақырыптың нақты, қысқа әрі мазмұнды болуымен ерекшеленіп тұрады. Сондықтан да «24» каналы миллиондаған көрермендердің көңілінен шығып, лайықты бағасын алды.
Электронды бұқаралық ақпарат құралдарының білгірлері «24» канал Ресей теледидарындағы жақсы үрдіс пен ізденістің жемісі» деп жоғары баға беріп жүр. Мен осы хабарды көрген сайын Нұртілеу жетекшілік еткен Қоғамдық-саяси Бас редакциясы дайындаған хабарларды көріп отырғандай әсерде боламын, яғни ресейліктердің мақтауын асырып жүрген хабар жүргізу әдісін біздің Нұрекең осыдан 1994 жылы жүзеге асырып тастаған.
Бірде дүйсенбі күні өтетін дәстүрлі лездеме болып, оған Қазақ радиосы және теледидары корпорациясының президенті Шерхан Мұртаза, Қазақ теледидарының Бас директоры Рафаэль Жұмабаев және басқалар қатысты. Лездеменің басты мақсаты – өткен әрбір телевизиялық хабарға шығармашылық тұрғыдан талдау жасап, лайықты бағасын беру. Өкінішке қарай, бұл лездеме ойлағандай өтпеді. Шолу жасаушының дайындықсыз келгені айтпаса да аңғарылып тұрды. Нұртілеу Иманғалиев жетекшілік ететін Қоғамдық-саяси Бас редакциясының дайындаған хабарлары қай тұрғыдан болса да мықты еді. Шолушы бұл туралы аузын ашпады. Шолушыдан соң сөйлеген екі журналист те мардымды ештеңе айта алмады. Шындық пен әділдік айтылмай қалса, Нұртілеу шыдай алмайды. Кейбіреулер құсап ойын бүгіп қалу деген жоқ. Бұл жолы да орнынан ұшып тұрды.
– Эфирден өтетін хабарлардың шынайы әрі мазмұны мен маңыздылығының жақсаруына бүкіл редакторлар және режиссерлер тобы болып, барымызды салып, сол шығармашылық ізденістің бағасын естуге келдік. Шынымды айтсам, әріптесімнің бүгінгі шолуына көңілім толмады. Біздің апта бойы жасаған хабарларымызға әділ баға беріп, талдау жасай алмады. Мен өткен хабарлардың бәрі шетінен төрт аяғынан тік тұрып кетті деп айта алмаймын. Дегенмен олардың жетістігі неде, кемшілігі неде? Лездемеде сол айтылуы керек еді. Жақсы дүние болса, бағалайық, кемшін тұстары болса, оны да айтайық. Лездеменің басты мақсаты осы емес пе? Ол дәл бүгінгідей болып өте беретін болса, біз шығармашылық жағынан өспейміз. Басшы тарапынан да «жағдайларың қалай, не істеп жатырсыңдар?» деген бір ауыз жылы сөз естімейміз. Бұл қалай? – деп Нұртілеу Шерхан Мұртаза мен жанында отырған Рафаэль Жұмабаевқа қарады.
Байқаймын, корпорация президенті Нұртілеудің сөзін онша жарата қойған жоқ. Бас директор үндемей құтылды.
Ертесіне Шерхан Мұртаза Қазақ теледидарының Бас директоры және Бас директордың бірінші орынбасары ретінде
Рафаэль екеумізді шақырды. Шәкең күнделікті жұмыстың барысы туралы айтқан соң, кадр мәселесіне көшті.
– Қоғамдық-саяси бас редакциясының Бас редакторы Нұртілеу Иманғалиевті басқа жұмысқа ауыстырамыз. Оның орнына лайық­ты адам бар ма? – деді Шәкең бізге қарап.
Мен тікелей бастығым – Бас директорға қараймын, ол болса, үндемей жерге қарайды. Одан асып маған не жоқ деп үнсіз қалайын десем, арым мен ұятымның алдында үлкен сын болғалы тұр.
– Нұртілеу Иманғалиев – өз орнында отырған журналист, – дедім мен пікірімді айтып. – Сауатты, өзіне де, өзгеге де талап қоя біледі. Әрдайым шындықты ашық айта біледі. Оны басқа жұмысқа ауыстырудан ештеме ұтпаймыз.
Менің пікірімді алғашқыда үнсіз қалған Бас директор да қолдады.
Өмірден көргені мен түйгені мол, әрқашан да әділдікке жүгінетін Шерағаң ойланып қалды.
Осы әңгімеден кейін талай уақыт өтті. Мен бұл әңгімені Нұртілеуге айтқан да емеспін, ол да сұраған емес. Ар алдында таза екенімізді екеуміз де жақсы білдік.
Нұртілеу Иманғалиев талай-талай биіктерден көрініп, жемісті еңбек етті, адал қызмет атқарды. Кезінде Қазақстан Министрлер Кеңесінде Мәдениет бөлімін басқарып, ұлт­тық мәдениет пен өнеріміздің жандануына үлкен үлес қосты, жанашыр болды. Қаламы қарымды, белгілі журналист бір кездері қатардағы редактор болып бастаған Қазақ теледидары және радио корпорациясы акционерлік қоғамының төрағасы болып, ұлттық электронды бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі заман талабына сай өркендеп, дамуына лайықты үлес қоса білді.
Мен Нұртілеудің замандасы, жолдасы ретінде оның үлкен табандылығына, жүректілігіне, жігерлігіне таңғалушы едім. Әріптесім Қазақ теледидары және радиосы корпорациясы акционерлік қоғамының төрағалығы қызметінен босағанда журналистика, оның ішінде электронды бұқаралық ақпарат құралдарына шын жаны ашитын қаламгерлер іштей келіспедік. Ол орынды да еді, соңғы кездері корпорация басшылары тұрақтамай, жиі ауысады. Нұртілеу журналистиканың күрделі саласына жаңалық пен үлкен серпіліс әкелген болатын. Бірақ құлашын кеңге сермеуге мүмкіндік бермеді.
Нұртілеуді екі күннен соң кездестірдім. Басқа біреу болса, үлкен мансаптан айырылып қалғанына іші күйіп, қайғырып, ешкіммен хабарласпай, үйінде жатып алар еді. Нұртілеу түк болмағандай жайдары қалпы, тіп-тік, жүзінен кішкентай болса да реніш табы байқалмайды.
– Байқаймын, тақтан мен емес, сен түсіп қалғандай болып тұрсың. Бос сөзді қой, мені жұбатып қайтесің. Қызметімді алса да, қаламымды ешкім тартып алған жоқ. Одан да жүр, Ғалым Жайлыбай мен Ұлықбек Есдәулетке барып бильярд ойна­йық. Айтпақшы, сенің бұл ойыннан мүлде хабарың жоқ, қашан үйренесің осы, – деді күліп.
Арада бір ай өткен соң, теледидарды қоссам, Нұртілеуім қасқайып «Көршілер» хабарын жүргізіп тұр. «Қайран сабазым-ай!» дедім іштей сүйсініп.
«Адамдарға жылу сыйла. Сен жақсы көрген адам, сені де жақсы көреді», – деуші еді жаны жаннатта жатқыр асыл досым. Қарап отырсам, біздің де қатарымыз сиреп барады. Өз жетістігінен гөрі досының жеткен табысына қуана білетін, кемшілігің болса, бетіңе тік айтатын, айналасына қуаныш пен жылылықтың нұрын шашып жүретін Нұртілеу сияқты нағыз достар санаулы ғана қалды.
Анда-санда теледидар көремін, бірақ қолына қаламсабын алып, көзілдірігін сәл түсіріп, елді елең еткізетін хабарды жүргізіп отыратын Нұртілеу Иманғалиевті көре алмаймын…
Қайран Нұртілеу-ай! Сенің орның бөлек еді ғой! Сені бәріміз сағынып жүрміз.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір