Жетісу университеті студенттері – ел намысын асқақтатқан чемпиондар
30.03.2026
56
0

Наурыз айы – тек жаңару мен жақсылықтың бастауы ғана емес, сонымен қатар спорттағы жарқын жетістіктердің айғағы болды. Биылғы көктем І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері үшін ерекше табысты басталды.

16–18 наурыз күндері Тараз қаласында еркін күрестен U23 жас ерекшелігі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықты балуандар додасында университетіміздің ДШҚ-221 тобының студенті Үкіметұлы Мықтыбек жоғары шеберлік пен қайсарлық танытты. 61 кг салмақ дәрежесінде белдескен ол жүлделі ІІІ орынды иеленіп, университет абыройын асқақтатты. Бұл – жас спортшының табандылығы мен үздіксіз еңбегінің жемісі.

Ал 21–27 наурыз аралығында Тайланд астанасы Бангкокта жебеден классикалық (олимпиадалық) ату бойынша Азия кубогының І кезеңі өтті. Халықаралық деңгейдегі бұл жарысқа Азияның үздік мергендері қатысып, өзара мықтыны анықтады. 

 Байрақты бәсекеде университетіміздің ФКР-311 тобының студенті Александра Землянова қарсыластарынан оза шауып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Бұл жеңіс – студентіміздің жеке жетістігі ғана емес, еліміздің беделін арттырған маңызды оқиға.

Александра дәлдігімен, сабырлылығымен және жоғары кәсіби дайындығымен көзге түсіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Оның бұл жеңісі жас спортшыларға үлкен мотивация беріп, жаңа биіктерді бағындыруға жол ашады.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы бұл жетістіктер Жетісу университеті студенттерінің тек білімде ғана емес, спортта да алдыңғы қатарда екенін дәлелдейді. 

Университет қабырғасында тәрбиеленіп жатқан жастар ел намысын қорғап, халықаралық ареналарда көк туымызды желбіретуде.

Үкіметұлы Мықтыбек пен Александра Землянованы шын жүректен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда да толағай табыстар тілейміз! Алар асулары биік, бағындырар белестері көп болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір