Туфли
21.01.2026
111
0

Таңғы астан кейін жиналып, жұмысқа шығып бара жатқанмын. Балам келіп аяқ киімімді кигізіп жатыр.
– Әке, мына туфлиіңізге қанша жыл болды? Тастамайсыз ғой, тегі, – деп күліп, – Уақыт тапсаңызшы дүкенге барып, жаңасын алып берейін, – деді.
Көлігіме отырып кетіп бара жатып бірнеше жыл бұрын әкеммен болған бір оқиға еріксіз есіме түсті.
Алматыға көшіп келгеніме екі жылдай болып қалған. Бірде ауылдан бізге әкем мен анам қыдырып келді. Жұбайыммен бірге оларды қалаға алып шығып, қыдыртып жүрміз. Фурманов көшесінде «Рамстор» деген сауда орны бар болатын. Сонда апардық. Әйелдер бөлек, әкем екеуміз бөлек кеттік. Аяқ киім сатып жатқан бутикке кіріп аралап жүрміз. Әкемнің көзі бір әдемі туфлиге түсті. Мен: «Сізге ұнаса алып берейін», – дедім. «Бағасы қанша?» – деді. Сол кезде шамамен 84 мың тұрады екен. Әкем: «Балам-ау, өте қымбат қой. Бұл сонда аяққа кисең өзі жүріп кете ме екен?» – деп күлді. Мен: «Бұл Италияның аяқ киімі, сапасы өте жақсы. Бірнеше жыл киіс береді», – деп сайрап жатырмын. Сонда әкемнің айтқаны: «Балам, мұндай қымбат аяқ киімді алғанша, Тараздағы базардан бағасы 6-7 мыңның туфлиін алмаймын ба? Мына бір аяқ киімнің ақшасына он жыл бойы, жыл сайын жаңасын алып киемін ғой», – дегені бар еді. Сөйтсем, ол әкемнің ысырапшыл емес, нысапшылдығы екен ғой.
Бала кезімізде көпбалалы болғаннан кейін бе, жылда жаңа аяқ киім алып кию қиын еді. Үлкеніміздікін кішіміз киіп жүре беретінбіз. Бірақ аяқ киімге келгенде анам марқұм, «Бас киім мен аяқ киімің дұрыс, таза болсын. Ер адамның ең бірінші басы мен аяғына қарайды», – деп отыратын.
Облыстық телеарнада жұмыс істеп жүргенімде жұмыс бабымен қаладағы «Аудан­аралық баз» деген жерге барып қалдық. Телеканалдан келдік дегенде мекеменің басшысы тік тұрып қарсы алды. Жап-жас кезіміз. Әкеңдей кісінің алдыңда құрақ ұшып жүргені біртүрлі көрінеді екен. Келген шаруамызды айтып, арызға байланысты сұхбат алдық. Түсірілім біткеннен кейін әлгі кісі қасымызға егделеу келген бір апайды қосып беріп, қоймаларды аралап кеттік. Дүкендерден үш ұйықтасаң да көрмейтін не бір тауарларды, киімдерді көріп аузымыз ашылып қалды. Сөйтсек, сапалы, шетелдік заттар дүкенге жетпей қолды болып кетеді екен. Аралап жүріп аяқ киім қоймасына келдік. Әлгі апай қораптарды шығарып көрсетіп жатыр. Ұнағаны болса, бағасын өз бағасына жасап береміз деп бәйек болуда. Маған замыштан жасалынған чехтың аяқ киімі ұнап, көзіме оттай басылды. Өте келіскен туфли екен. Жетпіс алты рубльге сатып алдым. Ол кезде айлығымыздың өзі жүз елу рубль болатын.
Бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылдың тамыз айы. Меркі ауданында Спатай батырдың 210 жылдығына арнап ас беріліп, ат шаптырылып, үлкен той болды. Мені оператормен сонда репортаж жасауға жіберді. Той десе барыңды киіп шаба жөнелетін қазақ емеспін бе. Сол шараға жақында ғана алған чехтың «ЦЕБО» деген туфлиін киіп барайын. Қаптаған ақшаңқан киіз үйлер. Жиналған халықта сан жоқ. Тойға келген ақын-жазушылардан, мүмкін болса сұхбат алып қалайын деп киіз үйлерді аралап жүрміз. Бір киіз үйде Алматыдан келген бір топ зиялы қауым отыр екен. Сол жерге кіріп сұхбат алмақ болып әрекет жасадым. Ығы-жығы адамдар. Бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Бізге қарайтын зиялыны көрмедім. Ішке кіргенде табалдырықтың сыртында аяқ киімімізді қалдырып кеткенбіз. Сұхбаттың сәті түспеген соң қайта шықтық. О, масқара! «Цебом» көрінбейді. Ары іздеймін, бері іздеймін табылмады. Ұшты-күйлі жоқ болып кетіпті. Сол киіз үйдің иелерінен сұрап көрдім. Көрген, білген жан жоқ. Амал жоқ, олардан жалынып жатып бір ескілеу галош сұрап алдым. Той той болмады. Туфлиімді ойласам, ішім ашып, жылағым келеді. Амал жоқ, екі-үш сұхбат алып, бәйгені түсіріп қалаға қайттық.
Содан бері туфли десе, сол оқиға есіме түседі, сұғанақ қолды ұрылар есіме түседі. Біреудің затын ұрлап алып, өзінің әкесі сатып әпергендей, беттері бүлк етпей жүретін ұрыларды бір көргім келеді. Күнде көріп те жүрген шығармыз. Байқамаймыз ба, байқасақ та мән бермейміз бе? Әйтпесе, туфли ұрлағандардың зорлары халықтың қазынасын түгімен қылғытып жатқан жоқ па? Көріп, біліп жүрміз, бірақ түк болмағандай сәлемдесіп, араласып жүрміз. Сондықтан да шығар олар еркін ұрлық жасап, өмірді алшысынан басып жүргені.
Туфлиімді ойласам, әлі күнге дейін ішім ашиды!

 

Ілияс Башарұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір