ӘЖЕ
«Кемедегінің жаны бір» дегендей, емхана төсегіне таңылған пенделердің мұң-зары бір. Бір-біріне мүсіркей қарайды. Қиналып жатқандарға араша түскендегі тірлігі – «Алла дем берсін», «тынысың ашылсын» ғана.
Отаға түсіп, оңала бастағанда екі көзің есікке телміреді. Дәлізден ары-бері өткендерге қиыла қарайсың. Солар құсап жүріп кетсем-ай дейсің.
Тәңір жарылқап оған да жеттік-ау. Тұсаулы аттай кібіртіктеймін. Сықырлауық төсегіме келіп, отыра бергенімде: ежелгі танысымдай, селдір мұрты, жүзін әжім торлаған, қарулы қара торы қазақ сәлем беріп, қол ұсынды.
– Тәубе, тұрыпсыз. Сәл жүріпсіз, енді шапқылап кету қалып тұр екен. Алла соған жеткізсін, – дейді.
Барлай қараймын, бұрын көрмеген адамым.
Соны сезе қойған ол:
– Иә, бұрын жүздеспеген, кездеспеген адаммын. «Бұл кім еді?» деп отырғаныңызды сұраулы жанарыңыздан ұқтым. Мен де отадан шықтым. Бір бүйрек кетті. Шүкір, аяққа тұрдым. Екі бүйірім ауырып, қиналып келіп едім, ол күндер де артта қалып, енді үйге кетсем деп тықыршып жүрмін.
Жаңа танысым сөйлеп отыр. Көңілінде кір жоқ. Терезенің алдында жатқан бірер кітапқа, бірнеше газетке көз қиығын салып:
– Мен – қара жұмыстың адамымын. Бірақ тілдің түбін түсірем. Әжемнен жұққан ғой ол. Қолымды қараңыз. Тыртық көп, – екі алақанын жайды, – не көрмеген алақан дейсіз бұл, қу тақтай секілді. Әлгі СССР-ыңызда тақым қотырланып қой бақтым. Шопан деп әспеттейтін еді. Кәдімгідей атақты шопан болдым. Қазір балаларыма айтсам, ой, қойыңызшы деп сенбейді. Мына кеудеме орден тақты. Әй, сол қайда қалды екен?
«Әлгі пәле, әйелімді айтам, «асыл темір көрінеді, темір қабылдайтын жерге өткізсек, көп теңге санап береді» дегенде: «Тәйт, ол менің еңбегімнің өтеуі. Немерелерім «атамыз орденді малшы болған» деп мақтанып жүреді» деп тойтарып тастап едім.
Тәнің ауырып, жаның күйзеліп тұрғанда сөз тыңдауға құлық қайдан болсын. Дидары күнге күйген азаматым еш нәрсеге мән берер емес. Амал жоқ, құлақ қоям. Арасында селдір мұртын сипап қояды. Бетіндегі әжім мойнынан да байқалады. Ол білек арқылы қолындағы тыртықтарға жалғасып жатқандай.
– Ары-бері өтіп жүргенде байқадым оқымысты, а, жоқ кітап пен газетті көп оқитын секілдісіз. Шопан болып қой соңында жүргенде мен де оқитын едім. Бауыржан Момышұлының кітаптары қолымнан түспейтін еді. О, әлгілер, шолақ белсенділер бума-бума газеттерді үйіп тастайтын. Мен оқи беремін, ермек қой. Әйелім онымен от тұтатады. Ол да қарық, мен қарық дегендей. Оқи жүріп көп нәрсені біліп алдым. Заң-зәкүн бойынша талаймен тайталасқа түстік. Қойшы болғанмен, біздегі сөзі көп «ойшылдардан» кем түспейтін едім. Алып-ұшпа жастардың да мысын басып қоятын едім. Айтпақшы, атымды айтпаппын ғой. Атым – Жалғас. Ерейментаулықпын, – деп жанарын бұрды. Атыңыз кім дегені болар деп, есімімді айттым.
– Аты-жөніңізді естіген секілдімін. Газетшік емессіз бе?
Сөзінің астары у қорғасындай. Басымды изедім.
– Кешіріңіз, біз қой бағып жүргенде бастықтар тілші десе, тітіреп кететін. Сыртынан сөз айтатын. Газетшік деп кемсіткендей болатын. Мен де газетшік деппін ғой, айыпқа бұйырмаңыз. Ой, талай тілші талай бастықты допша домалатты ғой. Обалдары не, бізді мақтап жазатын. Құрым киіз үйімізді ақ шаңқан деп көсілгенде, ыңғайсызданатын едік.
Жалғас әңгімесін жалғастыра берер еді, емдеуші дәрігер келіп үзіліп қалады.
– Тағы келем, Алла жақсылығын берсе, ем қонса, күн санап, көкке аузы тиген арық-тұрық секілденіп көтеріле бересіз, – деді шығып бара жатып.
Қарапайым қазақ, қарапайым тіл кең даланы көз алдыма әкелді.

* * *
Бүгінгі жүрісім кешегіден ширақ, көңіл күйде көтеріліп тұрғандай.
– Тфә, аға! – деп Жарас жетті. – Тілшімін деңіз. Ауыл қирағанда келдік. Қалаға. Базар жағаладық. Алып-саттық. Алып-сатар атандық. Бүйір бұлтимады. Әйелді базарға қалдырып, «Су арнасы» деген мекемеге қара жұмысшы болдым. Қуат бар, ат үстінде жүрген соң ба? Қол қайратты, тақым мықты дегендей. Күндіз-түні тыным жоқ. «Ана жерде апат, пәлен жерде су кетіпті».
Қыста бел шешпейсің. Осы күнгі жастардың көбі көлеңкеде өскен сары шөп секілді, әлжуаз. Өздері шетінен мұздауық. Баяғыда қоралы қойдың ішіндегі азын-аулақ ешкі жаңбыр қатты жауса, бұршақ төгіп өтсе, бақылдап келіп аттың бауырына тығылатын. Қыста бүрсеңдеп үйге ұмтылады. Осы күнгі өрімдей жастар сол секілді. Жыным келеді, артынан «неге бұлай?» деп маңдайымды ұстап отырып қалам.
Қарапайым қазақтың жасандылықтан ада қара сөздері қабырғамды қайыстырады. Қайрат беріп, жұбатқан болам. «Ертеңгі күн керемет болады, сеніміңді жоғалтпа» деймін.
– Қайдам, сіздер сенесіздер, менен сенім кеткені қашан?! Алпыстан асқалы әр жерім сыр бере бастады. Бір ескі көлігім бар. Сынады, жөндеп алам. Ал денсаулыққа ондай жөндеу жүрмейтін секілді.
Ол ойға шомып отырып қалды. Қара торы дидары күреңітті. Әжімдер толқын секілді дірілдегендей болды. Әжімде де қон бар ғой. Сол бұлақ суындай бұлқынды-ау шамасы. Бір көзіне түскен ақ қарашығын жауып кеткен секілді.
– Көзіңе?.. – деп қалдым. Сыздаған жараның аузын тырнағандай болдым.
– Бір көз жоқ. Жалғыз көз. Жалмауыз емеспін, – бір келістіріп күліп алды. – Ат тағалап жатқанда сынған шегенің ұштығы ағызып түсірген. Орнын шел емес, ақ басқан. Шел басатын мен кіммін? Алла берген қуат, туған жерім киелі Ерейментаудың қасиеті шығар осы күнге дейін бас ауырып, балтыр сыздамапты. Енді сыздауықтай әне жер, мына жер сыздайтын болды. Үйдегі кісі «үйдің қасындағы емханаға бар» деді. Бардым. Кіре берсінде бір шөпжелке қыз отыр екен. Жағдайымды түсіндіріп жатсам, жүре тыңдайды. «Қайда тіркелгенсің?» дейді дүңк етіп.
Жалғыз көзді қадап тұрып:«Бастығың қайда?» десем, «бұл бөлімше» дейді ежірейіп. Ауылдың-ақ қызы. «Жаман атқа жал бітсе…» баяғы.
Сөйтсем, бір мықты, бірінші қабатты жекеге алып, емхана ашқан. Дәрігерлері жалдамалы. Құрал-жабдық жоққа тән. Тексерілуге қаланың төрт бұрышына жібереді. «Неге?» десең, «келісім солай жасалған» дейді. «Тіркелген емханадан неге мұнда құжатты алдырдыңдар? Ол жерде жақсы еді. Ана сәбеттен қалған ескі де болса құралдар бар еді ғой?!» деймін күйгелектеп.
– Сіз осы үйде, не осы маңда тұрасыз ба, – дейді.
– Тұрсам, ары-бері неге сандалуым керек?
– Оны мен білмеймін.
– Кім біледі? Басшы қайда? Аты-жөні кім?
– Ол жоғарыда көрінеді. Өзіміз де көргеміз жоқ.
– Айлық бере ме?
– Иә, береді. Тендерден өкіртіп алатын көрінеді ғой.
Қыздың беті бері қарады.
Содан меңгерушіге бардым. «Құрысын!» – дейді ол екі қолын төбесіне қойып, екі ортада өлетін болдым. «Айлық аласың, жұмыс істе, неге отырсың? «Халық жеп жатыр» деп сылтау айтпа, оларға иліге берме, есебін тап та шығарып жібер, иліге берсең илейді», – дейді.
Дәрігердің көзі балбұлдады. Менің бүйіріме қадалған шаншу ине дерсің, жанымды шығарып барады.
«Құлдықтамын, – саусағын басынан асырып жоғары шошайтты, – басқа жерге барсам да осы құлдықтан құтылмаймын-ау!» – дегенде меңгерушінің жанарынан нөсер жауды. Аядым. Менің аяғанымнан не пайда? Анау аямаса, құдай аямаса. Әжем марқұм бір тарынған кезінде: «Құдай да қудың жағында» деп күйіп-пісуші еді, мына тірлік солай болып тұрған жоқ па?
– Ауруханаға барып жатайын, – дедім.
– Ой оған квота керек?!
Тұмылдықтаған бұзаудың күйін кештім. Тіл байланды.
«Біткен екенбіз, ә?! – деймін. – Қалай тез бітіріп жіберді, а?»
* * *
– Не болды? – дейді үйдегі мықты. Сүмірейіп табалдырықты аттағанда.
– Не болушы еді. Дәрігердің, құл дәрігердің көз жасын көрдім.
– Ойбай, қайдағы көз жас? Қатты бірдеңе айттың ба? Оңтүстікке еліктеп шешеден жіберетінді шығарып едің. Құдай-ау, боқтағанға да салық барын естен шығардың ба? Баяғы салық – иманды салық екен. Қазір түкірсең де, сиырың жапаласа да салық салады, сорлы-ау!
Әйелім жылаудың алдында тұр. Өзім де біртүрлі күй кештім. Заман ақыр таяғандай дегбірсіздендім.
– Боқтағам жоқ, осы сен қашанға дейін ақымақтардың қатарына қоса бересің, а? Әйелім күліп жіберді.
* * *
Анау айтқан, мынау айтқан әйел білетін ем-домды үйде жатып үш күн қолдандым. Оңала қоймадым. Екі бүйірім суыртпақ суырғандай жеп тұрады. Бүйректің кеселі болу керек. Өзімнің топшылауым осыған саяды. Көзімнің алды көлкілдеп, ертеңгісін баланың саусағындай білеуленіп тұрады.
Үйдің астындағы жеке емханаға тағы бардым. Қу жан үшін шипа іздеп. Кіреберістегі тіркеуші қызға жағдайымды айтып, жалбарындым. Басқа қыз екен. Ол да:«Жазылу керек алдын ала, онсыз дәрігер қабылдамайды», – дейді жаттанды мақаммен.
– Жаз онда? – деймін.
– Біз жазбаймыз, – деп бір қағаздағы телефонды нұсқады.
Түсімді суытып:
– Сен телефон шал? Менде қайдағы телефон.
– Қыз жақтырмаса да телефон тұтқасын көтерді. Сөйлесті. «Алдағы аптаның жұмасында, кешкі бесте қабылдайды»,– деді.
Қызбен салғыласпадым. Өткенде болған бөлімше меңгерушісінің бөлмесіне қарай бұрыла беріп едім, әлгі қыз шоқ басып алғандай: «Бастыққа бара жатырсыз ба? Болмайды. Бос емес», – деп түп етегіме орала кетті.
Тыңдай қоймадым. Сөзімді де шығындамадым. Тақылдаған қыз, менен бұрын тықылдатып басып, алдыма түсті. «Рұқсатпен кіру керек», – деді.
– Өткенде болғам, – деймін.
– Ол кісі кетіп қалған, мына кісі жаңа бастық, қатал адам, – деді үрпиіп, үрейі ұшып. Аядым. Бір уыс болды. Бірақ кіруім керек.
– Бар кінәні өз мойныма алам, – деймін.
– Неге жібересің дейді ғой! Жұмыстан қуып жіберсе далада қалам ғой, – деп қыз жәудіреді.
– Мені тыңдамады де.
Жәудіреген қыз бастығының есігін менен бұрын ашып: «Бұл кісі мені тыңдамады», – деді.
Еркек пішінді, шашы дудыраған, танауы таңқы кеспелтек әйел, көзін алайтып, сұп-сұр болып: «Қабылдай алмайын, уақытым жоқ. Тәртіп бар, соған бағыну керек, сендер ме, беттеріңмен кеткенсіңдер!» – деп жәудір қызды жеп жіберердей зіркілдесін келіп.
– Тыңдамады, айтудай айттым, – деп жәудір қыз көз жасын төкті.
Көздің жасынан жасқанар түрі жоқ әйелдің. Қайта қамысқа тиген өрттей өршіп барады. «Жаз арызыңды. Жұмыстан кетесің!» – дегенде шыдай алмай: «Кінәлі мен, бар жазаны мен мойныма алайын!» – дедім.
«Сенде шаруам жоқ, менің ісім өз қызметкерімде, – деді сазарып. – Бұл жердегілер бетімен кетіпті, мен тәртіп орнатам, тапсырма солай. Бұл жекеменшік мекеме», – дегенде:
– Қаржыны қайдан алып отыр? – дедім.
– Тендерден ұтады.
– Иесі сіз бе?
– Иесі жоғарыда, мен орындаушымын.
Жаным қиналып барады: «Орындаушы орныңды біл. Келер аптаның жұмасына дейін, менің жаным бар жан ба, жоқ жан ба? Дәл қазір Президентке үндеу жіберем!» – деп телефонды қолыма алып, меңгерушіге қараттым.
Баж ете түсті. «Аулақ, не істеп тұрсыз, сіз?!» – дейді. Сеннен сізге көшті.
Мен балаларым үйреткен жолға түсіп: «Құрметті президент!» деп сұңқылдай жөнелдім.
– Бұл не сұмдық! – деп бетін басады. Сөйлеп жатырмын тоқтаусыз.
– Тұра тұрыңызшы, сөйлеселік, – дейді.
Жәудіреген қыз екі оттың ортасында қалғандай.
– Мына қыз жұмысында қала ма, бұл туралы да айтайын ба? – дедім. Менікі бопса. Түсіп жатыр ма, ол жағы белгісіз.
– Қалады, тимеймін. Бара бер орныңа, – деді.
Қыз кетті. Жалмауызға да жан керек екен. Меңгеруші мең-зең болып қалғандай. «Апырай, бұл пәле орынға мені айдап келген қандай сор, а? Ананың айтқанын қайталағаным қалай, өз сөзім қайда? Не істесем болды?» дейтін секілді іштей.
Дудыраған шашын түзеген болды.
– Түсіргеніңіз шын ба?
– Әрине, кетті барар жеріне, – деймін. Бүріп тұрған бүйрек босаңсығандай. Бірақ қозғалсам қанжардай қадалады.
– Әттеген-ай, ә! – деді дәрігер: – Алдандым. Ауылдан көшіп келіп, жұмыс болмай отбасында отырып қалып едім.
«Отбасылық емханаға басшы болып барасың ба?» – деді бір танысым. Басшы десе, көзіміз жанып кетеді ғой. Келістім. Үлкен бастыққа апарды. Жалына қол апартпайтын асаудай кісі екен. Өктем. Тақымына ешкімді толтыра қоймайды. Дәрігер бармағын тістеді.
– Бәрі менің жеке дүнием, – деді ол, – ешкімнің қосқаны жоқ! Өзіңе барлық жағдайды жасаймын. Тек бөлімшені мықтап ұстасаң болды. Халық деп, халықтың ығына жығыла берме, – дегенде: «Әлгінде бәрі халық үшін» дедіңіз ғой», – деп едім: «Ол сөз жүзінде, іс жүзінде өзіңді ойлау керек. Мына заман соған әкеліп отыр. Ұл-қызыңды ойла алдымен».
Басым зеңіп кетті. «Халықтың қайыршы болуы осыдан екен ғой, ә?» деймін күбірлеп. Бастығым сөйлеп отыр екен, көзімді ашсам.
«Солай, айналайын билікті қолға аласың, қол астыңдағыларды еркінсітпе, қыңқылдаса қу да жібер. Басқалар ойлай жүреді. Жұмыс іздегендер шұбырып келеді, шекесінен шертіп аласың. Қалада қулық сақтау керек. Әлгі бір ақынның айтқаны ақиқат. «Ауылдағыдай аузыңды ашып отыра берсең аузыңа түк те тамбайды», – дейді.
«Әлгі ақыныңыз Абай емес пе?» – деп едім, «болса болар, ақынның заманы өткен, ақшаның заманы туды. Ақша бәрін шешеді».
Әлгінің сөзі кәдімгідей майлы жал берді. Жаман торы көңілім өскендей болды.
Әкеліп таныстырды. «Иіліп жастық, жайылып төсек боласыңдар», – деді. Мөнді-мөнді болып отырғандарға.
«Сенің орныңда болған бір қияли екен өзі. Маған ақыл айтады. «Адамдарға қарайласайық» дейді. Иә, қарайласу керек. Бірақ нарық талабы жалпақ шешейлікті көтермейді. Сен соны ескер. Тік бақай бол, байпаңдама.
Оны ойыңнан шығар. Шығармасаң жағдайың қиындай береді», – деді жалпақ сары бастығым, жалтыр басын қақшаңдатып. Сол жондануым, бір күнде жонарқамды тілім-тілім етті. Үндеуіңіз үрейімді алып барады. Не істеймін, ә? Тоқтатудың қандай жолы бар?» – деді. Біреуге телефон шалды. Орта жастағы ақжелеңді әйел кірді.
– Мына кісіге бір көмек беру керек, – деді оған.
Әйел басын төмен салып сәл отырды да:
– Қандай көмек? Дәрігер қабылдауына ма? – деді.
– Қабылдаудың ауылы алыс болып, бұл жұмада емес, алдағы жұманың жұмасында болып тұр. Ауруханаға жатқызудың жолы табыла ма?
– Квота алу керек, – деді де, – біз өз аумағымыздағы ауруханаға қойылған диагноз бойынша тез арада бір-екі адамды кезектен тыс жатқыза аламыз. Соған қам жасайық. Диагнозы қандай?
– Екі бүйрегі дұрыс жұмыс істемейтін көрінеді, – деп алдындағы менің қағаздарымды көрсетті. Оқыды.
– Осы уақытқа дейін дәрігерде болдыңыз ба?
– Жоқ, бұрын аз ауыратын еді, енді суырып жеп тұрады.
Қағаздарды алып кетті әлгі ақ халатты әйел. Көпті көрген секілді. Жүрісі де жылдам. Туа қалалық білем, не сыннан да сүрінбей өткен түрі бар.
Еркек пішінді дәрігер қалаға толық сіңе қоймаған тәрізді, қулық-сұмдыққа бой алдырмапты. Екі оттың ортасында отыр. Менің қыр көрсетуім ойға қалдырды, білем: «Бұл жер маған қол болмайды-ау, есің барда еліңді тапқан жөн шығар» деп сыр ашып отырғанда орта жастағы әйел, бір парақ қағазға: «екі бүйрегі нашар, кіші дәреттің жүруі де қиын» деген секілді сырқат тізілгенін айтты.
Еркек пішінді әйел алдына келген қағазды оқып отырып мырс етті де мына әңгімені алға тартты. Оның алдында: «Сіз туа қалалықсыз ба? Әлде…» – деді сұрағым ыңғайсыз болды ма дегендей, қара торы дидарына сәл қан жүгіріп.
Күлген болдым. Қос бүйрім шымылдап, екі аяқ сырқырады. Ол қай жетіскен күлкі дейсің.
– Мен де ауылдан келген келімсекпін.
– А! – деп дәрігерім күлімдеді, – сандалтты ғой бізді. Берекемізден айырды. Берекесіз етті. Енді, міне, көзтүрткі болып жүрміз. Ауылым-ай, қызыр еді ғой, қызыр, – көзінің жасын сығып алды. Кірпігінің бояуы бетін айғыздап жатыр. Бір сүртіп, алақанына қарады. – Қара күйе көмір жаққанда да бұлай болмаған болар. Қарапайым-ақ жүруші едік. Әдеміленем деп өстіп әлекке қаламын. Әлгі бастығым: «Қалай болса солай жүрме таранып, сыланып жүр, сонда келушілер басынбайды, бас бағып кіреді», – деді ғой. Қалаға көне алатын емеспін, үйдегі ерімде әрең отыр.
Ол тағы үнсіз қалды алдындағы қағазға үңілді. Ал келіп күлсін. «Кешіріңіз, сіздің сырқатыңызды мыналар «төгілдіріп» жазыпты. Бұл маған біртүрлі көрінеді. Отыз жылдық еңбек жолымда мұндай жасандылықты бірінші көріп, бірінші куә болып отырмын. Ерім мал дәрігері еді. Совхоздың өлген малын есептеп шығару кезінде диагнозын соған қойғызатын, анықтамасын тірілмейтіндей етіп жаздыратын. Басқалардың диагнозынан қой өле қоймады екен. «Тіріліп» кететін көрінеді».
– Мені де тұрмайтын еткен бе? – дедім түсімді суытып.
– Жо-қ, сізге қатысы жоқ. Сөз ретіне қарай айтқаным ғой. Бұл қалалықтар неше түрлі былыққа, адам айтса сенгісіз қылыққа барады екен. Сіз ауылдан келдім деген соң, өзімсініп айтып жатқаным ғой. Ерім де: «ауылдағы үйді сатпаймын, кетем», – дей береді. Балалар қасымызда боласыңдар дейді. Мен де солар жаққа шығып, мысын құртып отырмын, – дейді еркек кейіпті әйел.
Орнынан тұра бергенде төрт аяғында дөңгелегі бар орындық жылжып кетіп, құлап қала жаздады. «Ой, тәйірі, танаға мінгендей боласың, бұлтақтап тұрмайды», – деп кейіді де: «Осы жолдамамен осы өңір қарайтын №2 ауруханаға қазір барсаңызда, ертең барсаңыз да болады», – деп шығарып салды.
Ауыл адамын аядым, қалаға үйрене алмай берекесі кетіп отыр. Менің жалған үндеуімді де ұмытты. «Бұл қазаққа тән қасиет қой. Бұл жәй қасиет емес, жақсы қасиет, залымдығы жоқ ақ пейілдіктің, арамдықтан ада адамилықтың белгісі емес пе?» деп ол маған көз қиығын салатындай.
Сөйтіп, осында келіп қалдық. Қолыңда жолдама болса бітті екен. Қабылдайды. Тексерді. Бір бүйректі бердік. Бүйірімнен қадалған пәле азайды. Енді кетсем деп тықыршимын. Зейнетке бір жыл қалды.
Еңбек адамымын ғой. Бәрін қимылға жеңдіруші едім. Жата берсең ауру иектейтін секілді. Бір жерге апарып еді, «жүрегіңізде бір ақау бар» деді. Одан бір дәрігер келіп, «қауіпті емес, спортпен айналыссаңыз, түк те етпейді» дейді. Қара жұмыс спорттың көкесі емес пе, а?
* * *
Бейтаныстықтан танысқа айналған жігіт, сәске түсте тағы келді. «Сізге басты айтайын дегенім мынау еді, – деді қараторы жүзіне қан жүгіріп, әжім торлаған маңдайы жадырай түсіп, қой көзі ұшқын шашқандай, бір аударылып, бір төңкеріліп барып, – әкемнің анасы менің әжем Аю апам туралы. Аю жанама аты болатын, шын аты Күміс еді. Аю атанған себебі, қорбаңдап жүретін. Жай сөзінің өзі айқайдай естілетін. Атам да осал адам болмапты. Қара дәудің өзі көрінеді. Білетіндер айтатын. Екі қара шомбал бабымен қосылған деп. «Бірі басқа күйеуге тиіп, екіншісі басқаға үйленсе жараса қоймас. Жаратылыстары бөлек қой бұлардың» дейтін.
Атам соғыстан мүгедек болып оралған. Сөйте тұрып, бес ұлдың әкесі атанған. Келбеті менің есімде көп сақтала қоймаған. Елесі ғана бар. Қасы қалың еді.
Әжемнің бауырында өстім. Оның айбынды-адуынды мінезінен өзгелер ығатын. Тура келмей, шеттеп жүретін. Ал мен тура тартам. Етегіне орала түсем. «Күнім!» деп құшағына алады. Шөпілдетіп екі бетімнен кезек сүйеді. «Құдай берген төлім!» дейді. «Төлі несі?» – деймін. Тұңғыш немере болған соң солай атайтын болар.
Әжем әңгімешіл еді. Сөйлеп бір кетсе, арнасынан асқан өзен суындай лықсып кететін. Әшейінде ығып кететіндер мұндай ашылған сәтінде төңіректейтін. Мен екі тізесіне кезек отырып әңгімесін тыңдаймын.
Біз қызылдарды, кеңес кезіндегі қызыл батырларды мақтан етсек, менің әжем: «Олар аяқ астынан жылт етіп шыға келгендер, қырып-жоямыз», – дейтін едіреңдеп. Е, кедей-кепшік қой. Тойып тамақ ішті дейсің бе? Қолына тисе, қолдырата салатын. Әйел затына әкіреңкі көп еді. Ол кезде тұлымды қыз едім. Бәрі есімде.
Ақтар қамшы үйірмейтін. Орынсыз тиіспейтін». Әжем осылай дейді.
Мен қызылдар жағындамын. Себебі, жазған-сызғанның бәрінде ақылман солар. Ақтар албасты кейпінде. Әжеммен таласып қала беретін едім.
Ол кісі де өз дегенінен қайтпайды. Мен де қарысып бағам. Кітаптарды оқып берем. Мұғалімдерімнің айтқанын тізбелеймін.
Әжем: «Мен өтірікке жоқпын. Көргенімді айтам. Көрген шын ба, оқыған ақиқат па?» – дейді.
Басында шын мен ақиқат – екі сөздің қайсына жіп тағарымды білмей, ақыры өзімдікін ақиқатқа шығарып, оны дәлелдеген болам.
Әжем өз сөзіне құлпыдай бекіп қалған. Кейде ата-анам әжеме ондай даулы әңгіменің керегі жоғын айтып, саясат жайын көлденеңдетсе, «Әй, сенің саясат-маясатыңды ұқпаймын, көргенімді айтам, ол үшін басымды кессе, балтасы мен шөлкесін әкеліп, шапсын да тастасын, сол заманда кеткендердің басынан менің басым әулие ме еді?» – деп шарт сынады. Әке-шешем «уақыт, заман» деп күңкілдейді.
Әжем: «Уақыт, заман, сендердің не теңдерің, а, бәрін ойдан құрастырасыңдар!» – деп бет бақтырмайды. Тіпті: «Соның иесі әлгі парторгің бе? Әдірам қалсын ол, атасының басын сол қызылдар қырыққан. Одан қалған шикі өкпе, өз әкесі Қожаш емес пе. Атасы туралы айтпады дейсің бе, айтты ғой. Қызыл билет оның үнін өшіріп тұрған. Аяғы тайған күні, сайрайды әлі. Атасын айтып. Баяғы бірін-бірі көрсететіндер азайып, тыныштық орнады ғой. Бұл тыныштықтың қаншаға дейін созыларын, қайдам, бір өрт лап ете түспесе екен».
Әжем бір ағытылса, байлау бермейтін асаудай еді. Ондай тұста естияр төңірегі үнсіз қалады. Қарсы шығудың қарасы өшеді. Мен ғана әр нені шатып, ашуын қайтаратын. Кейде мені де қағып тастайды, майқұйрықтан тартып-тартып жібереді. Сонда да түп етегінен алып, аяғына оралам. «О, түйнек!» деп жерден іліп алып, арқасына салады.
Одан кейін терең ойға шомып барып, тершіген мұрнының ұшын сұқ саусағымен орай сүртіп: «Осы мұрным баяғыдан тершіп тұрады. Мектепте жүргенде, сумұрын да атандым ғой», – деп екі иығы селкілдеп, жанары құдықтың түбіндегі судай тұнық көрінетін еді.
Әкем бес ағайынды, бес ұл еді. Бес ұлдың бірлігі, тірлігі әжемнің бағытымен жүретін. Бұра тартқаны жазаланатын. Бұрынғысын білмеймін, ес белгеннен көргенім, бес ұл көз алдында. Құрдай жорғалайтын. Менің әкем ұлдың үлкені еді. Бес ұл шетінен отау тіккенмен, ұялы бәйтеректей болғанша, бір дастарқаннан ас ішетін.
«Әлі-ақ бөлек-бөлек кетесіңдер, менің көзім тіріде бөлінуге жол жоқ» дейтін әжем.
Бес баласына қатар-қатар үй салдырды. Алдымен, қазан асатын үлкен ошақ жасатып еді. «Одан бес үйдің баласы тойып тамақ ішуі керек. Жұтаған қазан, тар дастарқан әдірам қалсын. Құдай ниеттеріңді алмаса, тарылтпаса, бәрі орнымен келеді. Балаларды бөлмеңдер, алаламаңдар, бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып беріңдер. Бауыр екенін ұқтырыңдар, жат болып кетеді. Жаттыққа кетсе, бітті тамыр үзіледі» – деп отыратын әжем.
Ашуы келсе, ешкімді аямайтын. Ақырса дауысы зор еді. Көңілінен бір іс шықпаса, ойындағы орын болмаса, ұрсу жайына қалып, қолына түскен шыбық, таяқ, оқтаумен жон арқадан салып өтетін. Әсіресе ұлдарын аямайтын. Жауыр аттай киреңдетіп жіберетін. Біреуі сөз қайырып, мыңқ етпейтін.
Келіндеріне де кейде қырғидай тиетін. Әсіресе үлкен келіні, менің шешемнің түте-түтесін шығаратын. Өзге келіндері әжемді көргенде, аяқтарының ұшымен басатын. Сөйтсем, оның арғы жағында тәрбие жатады екен ғой. Бір жолы нан жайып жатқан шешемнің қолындағы оқтауды жұлып алып шекеден түртіп қалғанда, қан бұрқ ете түсті. Қанша жерден әжемнің баласымын деп шолжаңдағанмен, қан тартты ма, көзімнің жасын төгіп жіберіп, оқтауға жабыса түскенім бар.
Әжем состайып тұрып қалды. Оқтауды шешеме ұстатты да, кері бұрылды. Үнсіз жылап тұрған менің көз жасымды сүртіп, еңкейіп төбемнен иіскеді. Төрдегі жиналған жүкке сүйеніп отырды. Мені алдына алды. Екі көзім шешемде. Түк болмағандай ас әзірлеп жүр. Ол кезде үш ұлы үйлі болған, екі-үштен балалары бар.
Күндегі әдетпен бәрі келе бастады. Төрдің төбесінде отырған әжеме көз қиықтарын салады. Не айтар екен деген көкейлерінде күдік қылаң береді. Ес кіріп қалған кезім. Бәрін ой таразысынан өткізем.
Әжемнің дидары бұрынғыдай сұсты емес. Жадыраңқы. Жылы леп бар. Кең дастарқанға мәуелі әулет түгел отырды. Дастарқанға жақындаған ұлы анам, бұрын біз ести қоймаған кестелі сөзден тұратын батасының тиегін ағытты дейсің. Береке, бірлік, ынтымақ, мейірім көп. Асқа бас қойдық. Мына тосын батадан кейін, үй ішінен шыбынның ызыңы ғана естіледі.
Тамақтан кейін тағы бата берілді. Ойлы бата болды бұл да. Әжем үнсіз. Ешкім орнынан қозғала қоймады.
«Мен аю апа атандым. Неге? Ел бірлігі, сендердің ертеңің үшін. Біз көрдік көресені, қия баса алмадық. Балалық дәуреннің де дәмі кермек болды.
Ал қазір, тфә, жақсы кез. Мен сол жақсы кездің құнын білсін деймін сендерге. Бесеуіңнің іргең бөлінбесін деп, іргелес үй салғыздым.
Иә, ұрпақтарың бұл үйге байланып қалмайды. Кетеді. Ол да керек. Дегенмен, бес әкелерінің ынтымағы естерінде болады. Мыналар, – деді бізді нұсқап, – Аю деген апамыз болған қатал еді дер. Өздері ұл-қызды болғанда, бетін аулақ қылсын, араларынан қыңыр-қисық қылықтарымен көзге түсетіндер табыла қалса, Аюдың тілек-талабын сонда түсінер, әттең-ай дер. Оған дейін мен туралы ойларың құбылып тұрады. Менің «тәйтімнің» арғы жағында текті болу жатыр. Ата-анаңа, ата-бабаға нәлет келтірме, тексіздің тұқымы дегізбе.
Менің шырылым осы. Болмаса жетпісті асырып тастаған, маған не жетпейді дейсіңдер. Бұдан кейін аюдай ақырмаймын, шыбық сілтемеймін, оқтаумен түртпеймін».
Бәрі үнсіз. Оқтау дегенде жүрегім шым ете түсті. Кінәлі жандай жалтақтадым. Бұрылып, әжемді құшақтай алдым. Бауырына тартты. Кеудесі от үрлеп тұр. Осы сәт әжем бір жаққа кетіп қалатындай күй кешіп, білегін қыса ұстап отырғам. Білек тамыры бүлк-бүлк етеді.
– Келіндеріме де кеңшілік, – деді әудем уақыттан кейін. – Бірақ босаңсымаңдар! – Қос жанары жарқ етіп, шот қабақ түйілгенде келіндері тұнжырады. Іштерінде еркіндіктің ауылы әлі де алыс екен дегендері болған шығар. Олар да пенде ғой.
Әжем осыдан кейін бәрін шотқабақпен басқаруға көшті. Қабақ түйіледі, ұлдары ығады, келіндері үй айналады.
* * *
Әжем тоқсанды артқа тастап жүзге бірер қадам қалғанда мен де шаңырақ көтердім. Бес ұлы бес рулы елдей өсіп-өніп келе жатқан.
Менің қуанышыма әжемнен артық қуанған адам бұл дүниеде бола қоймаған шығар. Еңсесін тіктегенмен денесі кішірейіп, екі жауырыны шодырайып-ақ қалып еді. Дегенмен ой-санасы бүтін, сөзі мірдің оғындай дөп тиіп жататын.
– Ала қашпа, жұла қашпа, адамша құда түсіп барам, – деді алғаш естіген күні. – Ұлт кәдесін жасаймын, жұрт ісін атқарамын. Сыйластық содан басталады. Билік – менде, басқаларың тырп етпейсіңдер, айтам орындайсыңдар.
Мен өрелі аттай кібіртіктедім. Көз салғаным техникумда оқып жүрген, соңғы курсында еді. Орысшаға шорқақ болсам да, қазақшасы кем қызға жіп таққам. Ата-анасы да, қызынан аспайды, тілдері мүкіс. Уайымым, әжем олармен қалай тіл табысадыға тіреледі. Төбемнен төрт қоя ма деп жасқанам. Ата-анам бізге бәрібір дейді. Туыстар да сол ниетте. Әжеңе өзің жеткіз дейді.
Ақыры именіп жүріп айттым.
– Қазақ па, өзі, – деді әжем.
– Қазақ. Тек тілдері орысшалау.
– Болды, – деді әжем, – шала қазақшамен, шала орысша тез тіл табысады. Құдай берген қолым бар. Сілтей берем. Түсінісеміз.
* * *
Айтқаны болды әжемнің. Қайын жұртым әжемді алақанына салды. Олардың да үлкендері бар екен. Бәрі менің әжемнен кіші.
Сән-салтанатпен үйге келдік. Шашу шашылып, ән айтылып жатқан. Әжем аюдай ақырды. Бұл дауыс естілмегелі біраз жыл болған. Бәрі сап тиылды.
– Қай аталарыңда бар еді, келген келінді қасиетті табалдырықты аттатпай шу-шу етіп, күттіріп қою, а, өй өңкей шуылдақтар. Табалдырықтан қасиетті не бар?!
Келінді қолтықтап кіретін екі келіншек жадырап жақындай бергенде әжем:
– Тұра тұрыңдар. Бұл екеуі менің қос қанатым ғой. Кәрі кеуде – сол қос қанатын бөлмей, жармай өзі қолтықтап кіргізсін. Табалдырықтан аттатсын. Менің азап күндерімді емес, жақсы күндерімді берсін, екеуіне тәңірім! Сендер, үлкендерден бұрын сүйреңдеп шығасыңдар, заман біздікі деп. Бізде де заман болған. Бұл заман сендерден де кетеді. Соны ойладыңдар ма? Ал енді жас келінге отқа май құйғыза беріңдер.
– Табалдырық қасиетті! – деді тағы. – Бұрынғылар табалдырықтан биік тау жоқ деген. Рас сөз! Екі бота, осыны ұмытпаңдар. Ұқтыңдар ма?
– Ұқтық әже! – дедім. Жадыраның бояулы ерні жыбыр ете түсті.
Дастарқан басында әжем мына бір үлгі әңгімені үлгі етіп айтты.
– Ана, Кенженің, кенже келінінің төркіні есік төр көруге келгенде құдалардың ішінде, – деді әжем Жадыраға көз қиығын тастап, естіп отырсың ба деген сыңайда: – Құдамыз: «Құдағимен, құдағи жақсы болса, қыз бен ұл қайда барады, тай тулап үйірден шыға ма, шыбын тулап шыны сындыра ма», – деп еді. Кенже келінім оңынан келді, тәубе, тағы мінез танытпады, кердеңдемеді. Бірді айтып, бірге кетіппін ғой.
Сәлден кейін әжем әңгіме тиегін тағы ағытты.
– Иә, сол құдалардың ішінде ақылы асқан тағы бір ана құдағи мына бір тәмсілді айтып еді. Шай құйып, қызмет көрсетіп жүрген келіндердің құлағында жүрсін – жалғыз балаға тұрмысқа шығыпты. Жалғыз баланың жалғыз анасы бар екен. Әңгіме төркіні былай:
«Әкесінен құрсағымда қалып еді!» деді енем көзі жасаурап. Алғашында түсіне алмай еріме қарадым. Енем оны біле қойып «Ішімде қалып еді. Төрт айлық еді, бес айдан соң шарана жарды. Қабылым өмірге келді».
Енемнің бір сөзін ұқтым, бір сөзі жұмбақ секілденді. Қабыл жылы естілді. Енем сөзін қайта сабақтады.
– Төрде отырған шал-кемпірге қашанғы иіліп қызмет көрсете берер екенбіз. Біз сол төрге қашан жетеміз деген ой бәрімізде де болған. Бола да берер. Қабақ та шытқамыз, сол үшін сөз де естігенбіз. Жеткенде бар, жетем деп жүріп кеткендер де аз емес. Ал жеткеннің тас мүсіндей қонжиып қалғаны тағы жоқ. Уақытпен бірге жылжып кете береді екен.
Осы күні төрден төмен құлдырау оп-оңай болып бара жатқандай. Бір күн, бір сәтте, бір демде. Осыны ұққан жөн», – деді.
Рас сөз. Үлкенге қызмет еткенің өзіңе пайдалы. Қызметің жасың жеткенде алдыңнан жақсылығымен шығады. Ол кезде күн де тез батады, таң да тез атады. Дүйсенбі жетсе, жұма сап ете түседі. Бұрынғылар «Бір күнім өтті-ау!» деп жылайтын болған. Бүгінгілер де сол жолмен келеді.
Әлгі кемел құдағи тағы былай деген бар:
«Жалғыз бала жұрт кісісі болды. Үш ұл, екі қызға әке-шеше атандық. Өмірге тұңғыш немере келгенде енеме, мен де әжемін демеймін ба, енем ернін шығарып, «Әдірем қал, сен туған бала, мен туған бала секілді жұрт кісісі дәрежесіне ілінді ме? Кемелдікке жетті ме? Әкесінен өтті ме? Танауыңды таңырайтпа, үріккен тана құсап», – дегені. Жерге кірмедім. Бірақ кіргендей болдым. Сөздің де сүйектісі бар ғой. Оны ұққан қор болмайды екен. Мен ұққан секілдімін. Кейін ес жидық. Төрден түспестей болған енем, төрден көрге кеткелі қашан. Ендігі төр маған тиді. Балаларым әкесінен аспады, тек жете қабыл болды. Е… мен осыны барған жерде үлгі болсын деп айтам. Бүгін ұққандар ойланар, ұқпағандар ертең ұғады. Ұқтырады өмір өткелдері», – деп еді», – деген әжем де ой кешіп кетті-ау шамасы, бір сәт үнсіз отырып қалды.
* * *
Алда да айттым-ау, Аю апа атанған әжем, мен анама ара түскеннен кейін қатты өзгеріп, мейірімді қалыпқа түсті. Пішіні келіспегенмен ақылды еді. Ақылы кем, адуынды мінездің иесі болса, даналық жолдан, аналық жолдан табылар ма еді, табылмас па еді. Менікі жөн, өлгенше осы беталысымнан қайтпаймын деп қарысып қалса, сыйлы емес, сүйкімсіз біреу есімізде қалама, қайдам.
Жаспыз, дос-жаран көп. Отау тіккен соң ары-бері серуеннің шеті шыға бастады. Жадыра екеуміз қолтықтасып жүруге құлшына бастадық. Оның бәрін әжем бақылап отырады екен. Күлімсіресе оған мәзбіз. Өз анамыз бізге жолай да, сөз де айта қоймады.
Бір-екі рет қонаққа бардық. Қайда баратынымызды әжем сұрап, уақтысында келуді тапсырады. Бір жолы кешіктік. Онда тұрған не бар деп, тасыраңдай басып үйге кірдік. Пеш түбінде әжем ұршық иіріп отыр.
Жадыра бөлмемізге кіріп кетті. Мені қасына шақырды.
Қысқа сұрақтар қойды, жауапты созбаламай түйінін талап етті.
Осыдан кейін Жадыраны көп сереңдетпейтін болды. «Келінің дала безерлігі дарақылық» деді. Мұны маған қадап айтты. Дымым ішімде.
Жадыраға: «Еркекке ере бере ме, ол кейде ит секілді көрінген жерге сарып жүре береді. Сен үйде отырсаң, ол тез келеді», – деді.
Әжеміздің сөзінің түп-төркінін ол кезде түсіне қоймаймыз. Сарыбы несі дейміз. Іштей ренжиміз, сырттай құп аламыз.
Сөйтіп жүріп, бірнеше жылдлы артқа тастадық. Әжем шөбере сүйді. «Тәубе!» деп дүниеден озды.
Жадыра екеуміз енді ойлап отырсақ, ол кісінің сөзі кітап сөзі екен ғой. Жадыра үйдің тірлігінен бір босамайды. Далабезер болса, қайдам отбасының берекесі бола ма, болмай ма? Сарып кетеді дегені не жұмбақ десек, қаңғып жүре береді дегенді білдіреді екен. Соны бейнелеп айтыпты ғой әжем.
Өз анам да орыс қолды болды. Бірақ әжем қазақ қалыбынан шығармады. Жадыраны қазақы қалыпқа әжем түсіріп кетті.
Жадыра әжемнің жолын жалғағысы келді. Біз келін түсіргенде тоқсаныншы жылдардың аласапыранына тап келдік. Келін баулымақ түгіл тұрымтай тұсына, балапан басына кетті.
Оның үстіне келініміз қазақшаға нұқ еді. Бірақ ізетті, инабатты болды. Соны білген Жадыра нұқты нұқысам бүлдіріп алам деп еркіне қойды.
Кейде әжем ойыма оралады. Өзінше бір әлем, өзгеше мейірімді бейне көз алдыма келеді. Ақырған аю апам, мейірімді әжем, қамқор жан елес береді.
Қазақ деген сол әжем секілді. Ер – ер қалпында еді, әйел – әйел кейпінде еді. Киім үлгілері де бөлек еді. Әркім өз киім үлгісін киетін.
Қазір әйел мен еркекті шатыстыратын болдық. Ажырату қиын. Қазақ қазақ еместей көрінеді. Осындайда аю әжем ойыма түседі, қайта-қайта көз алдыма келеді. Егер әжем бір сәтке тіріліп келе қалса, Жадыра не дер еді. Мен ше?
«Жетесіз жәдігөйлер, жоқ ырымды шығарып, азып-тозып кетіпсіздер ғой. Мейірім, шапағат бізбен бірге кеткен бе?» – деп аюдай ақырса қайтпек керек?»
Ол осылай деп, ұйып қалған аяғын әрең басып шығып бара жатты.
Мен тілімді тістеп отырып қалдым.
Сүлеймен МӘМЕТ
ПІКІРЛЕР3