КЕШІККЕН КЕНЖЕҒАЛИ
11.01.2026
198
0

«Алашорда қозғалысына қатысушы», «халық жауы» деген кесірлі атақтары кеңестік кезеңде ақын, педагог, журналист Кенжеғали Абдуллиннің есімі мен өнерін де, азаматтық бейнесін де қоғам көзінен қаға беріс қалдырды. Отыз жетінің от-жалынына оранып ғайып болған қаламгер тұлғасы 1989 жылғы 11 сәуірде ғана дүние есігін қайта ашты.

Ол – ХХ ғасырдағы қазан төңкерісіне дейін екі өлең жинағын («Қазақтың қамы», «Ұран») шығарып, қазақ балаларына арнап бірнеше оқулық («Қазақ балаларына жәрдем», «Өнеге яки нәмуне», «Ислам негізі», «Қазақша самоушитіл») жазған адам. Белгілі жазушы Ғалым Ахмедовтың: «…20-жылдары… Кенжеғали Ғабдуллин деген ақын жігіттің жақсы аты шығып жүретін. Ұмыттым ғой, әйтпесе өлеңдері қуатты әрі әсерлі болатын… ақын төрт өлең кітабы мен әліппе тәрізді оқулығын қазан төңкерісіне дейін-ақ жазған деуші еді…» – деп ағынан жарылуы тегін емес.
Рас, бұрынырақта Кенжеғалидың ататегі әртүрлі жазылып, негізінен, «Ғабдаллин», «Ғабдуллин» түрінде кездесетін. Оның көзі тірісінде жазылған ең соңғы құжатты – қылмыстық ісін және өзі қол қойған қағаздардағы қолтаңбасын басшылыққа ала келгенде, ататегі бұдан былай тұрақты түрде «Абдуллин» деп айқындалып жазылғаны дұрыс болады.
Кенжеғали Абдуллин 1896 жылы Орынбор облысының Қуандық (башқұртша – Кыуандык) ауданындағы Әлімбет елді мекенінде (бұрын Ақтөбе уезіне қараған, қазір Ақтөбе облысының Қарғалы ауданының аумағында) дүниеге келген. Қазақ қаламгерлерінің бүркеншік есім ретінде көп жағдайда туған жерінің атауын, арғы атасының есімін, шыққан руын пайдаланған тарихи тәжірибесін ескерсек, Кенжеғалидың «әл-Әлімбети, «Әлімбетов», «Серғали әл-Әлімбети» сияқты бөгде есімдерді пайдаланғаны осы негізден шығады.
Әуелі ауыл молдасынан сауатын ашқан Кенжеғали кейін Қазан қаласындағы жаңа әдіспен оқытатын «Мұхаммадия» медресесінде білім алды. Сол кезде-ақ:
Шәкірттері қазақтың
Нақ «торында» ғазаптың.
Тиер екен қолына
Қашан туы азаттың,–
деп жазды. Сондай-ақ осы тұстағы әліпби пікірсайысы кезінде «Қазандағы қазақ шәкірттері «Қазақ» емлесін қабыл еттік» деп хабарлады Орынбордағы «Қазақ» газетіне. Ал алғашқы туындысының бірі – «Қайғым һәм үмітім» деген өлеңінде:
Қайғым бар, сөзім халыққа өтпес деген,
Сөйлеуге тіл мұңымды жетпес деген.
Үміт бар, қанды жас төгіп, хақтан сұрап,
Айтқан сөз құр далаға кетпес деген.

Қайғым бар, жұрт ойымды білмес деген,
Тәнімді дерт басқанын көрмес деген.
Түсініп тілекшілерім халыққа шашса,
Ойда жоқ құлаққа жұрт ілмес деген.

Қайғым бар, аяқ алға бармас деген,
Нұр-бақыт сөнген қайта жанбас деген.
Түсініп ел пайдасын бір ұмтылса,
Үміт бар, ешбір арып-талмас деген, – деп толғанды. Бұл ойларын «Елім» деген өлеңінде:
Сен өссең,
Күнде жасап, өсем, елім.
Су сепкен оттай өшсең,
Өшем, елім!..
Күннен күн бақ-дәулетің арта берсін,
Рақмет, жөн айттың десең, елім.
Әйтеуір замананың дауылынан,
Тілегім, қалсаң болды есен, елім! – деп жалғады.
Қараңғылық құшағындағы еліне жарық жол іздеу, басқа замандастары сияқты, Кенжеғали ақынның да арман орбитасында айналыста болды. Ғасыр басындағы мерзімдік басылымдарда Әлихан, Ахмет, Міржақып қаламынан төгілген кең тынысты, терең ойлы, мақсаткер мақалалар Кенжеғалидың көңіл пернесіне дөп келді. Сол рухта:
…Аһ, өттің, соны өріске қонған күнім,
Ақ шығып, мал семіріп оңған күнім,
Жапырған қалың шалғын көкорайды,
Жан-жағым төрт түлікпен
толған күнім
Қайғыдан қан төкпесін неғып көзім,
Кеткен соң тап осындай қолдан күнім?! – деп жырлай бастады.
Медреседен кейін Кенжеғали өзі туған өңірде оқытушылық қызметін бастады. 1916 жылғы қазақтарды қара жұмысқа алу науқаны кезінде әлеумет ісінің бел ортасында жүрді. Сол тұстағы бір мақаласында қара жұмысқа кеткен жігіттерге азық-түлік, киім-кешек апару үшін әскери бастықтың рұқсатымен жолға шыққандары жайында баяндайды.
Көрнекті зерттеуші, ғалым Тұрсын Жұртбайдың зерттеулерінің бірінде Дамулла Битілеуов есімді алаш азаматынан 1929 жылғы 5 қаңтарда алынған жауаптың мәтіні келтіріледі. Онда: «1915 жылы жәдитше бала оқыту үшін біздің ауылға өз болысымыздың (Әлімбет – С.Б.) ішінде тұратын Абдуллин Кенжеғали мұғалімдікке келді… Абдуллин бізге келісімен мен ескі медресені тастадым да, Абдуллиннің мектебіне ауыстым… Ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовты бәрінен жоғары қоятын. Одан дәріс ала жүріп мен соның ықпалында кеттім де ұлтшылдық дертіне шалдықтым» деп жазылған. Жерлес інісі Дамулла басқа бір жауабында Кенжеғалиды өзін «Алашорда жаққа шығып, «Алашорда» жасағына енуге үгiттеген адамның бірі» деп атайды.
1937 жылғы «қылмыстық іс» құжат­тарында Кенжеғалидың осы қарсаңдағы өмірі былай мәлімделген: (мәтін тілі бойын­ша): «Перед Февральской революцией учительствовал он в начальной частной школе «Сауле» («Луч»), организованной и содержавшейся на средства баев-капиталистов бывшей 2-ой Буртинской волости Актюбинского уезда (ныне террритория Оренбургской губернии) Бейсембая Тныштыкбаева и др. Школа была алашординская и Тныштыкбаев был алашординцем. В этой же школе он издавал в 1917 г. шапирографическим способом газету «Балапан», то же алашординскую. В Алашординской газете «Казак» помещал свои стихотворения… работал вместе с вышеназванным Б.Тныштыкбаевым в алашординском суде секретарем».
Ауыл мектебінде жүріп шәкірттер күшімен газет шығаруға деген талпынысы ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ тұрмысы үшін аса жаңалықты дүние және қолжазба газетті таралымдау мақсатында бүгінгі таңдағы ксерокөшірме әдісімен тектес шапирограф аспабын пайдалануы білімді, білікті, зиятты мұғалімнің өз дәуірінде замандас-әріптестерінен көш ілгері тұрғанын көрсетеді.
1917 жылғы Ресейдің саяси жағдаяты аясында қалыптасқан жаңа ахуалды тәуелсіздік аңсаған қазақтың ғасырлық бостан мұратымен сәтті байланыстыра біліп, өзін-өзі басқаратын Қазақ елінің болашағына жол ашқан атаулы Алаш қозғалысы елім деген ердің, ұлтым деген ұланның жүрек жалауын желбіретті, көкірегіндегі жанған отты маздатты. Кенжеғали Абдуллин сияқты ұлттың мақсаты мен мүддесін саясат аясында саралай алатын сауатты, көзі ашық, зиялы оқытушының жаңа қоғамдық салт орныға бастаған кезеңде бұқара ісінен шет қалуы мүмкін емес еді. Оның бұдан арғы өмірі сол дәуірдегі күллі қазақ зиялысы сияқты ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысымен тығыз бірлікте болды.
Шынында да, 1917–1919 жылдар – жеке-дара азаматтар өмірінің де құбылмалы, құбылысты кезеңі. Кейбір кейінгі зерттеушілер «тап күресін жырлаушы» деп күмәндана қарайтын атақты Бейімбет Майлиннің өзі де осы кезде (1918 жылы) «Қазақ» газетінде:
Құтты болсын, алаш ұлы, теңдігің,
Көп жыл жүріп қолға түскен кеңдігің.
Атқа мініп, ұраныңды шақырып,
Бірлік үшін басты қосқан елдігің…

Жұртты сүйер ерлер шығып қол басы,
Саф азамат бағлан болып жолдасы.
Жарық сәуле ендіретін қазаққа,
Мәңгі жылдар жасасын Алаш ордасы! – деп толғанды.
Алаш мұратына адал Кенжеғалиды кеңес өкіметінің жауы ретінде көрсетуге себепші болған өте салмақты бір дерек бар. Ол тарихта қатталған, ақ пен қызылға бөлінген алыстағы аласапыран тұсындағы екіұдай кезге тән.
1929 жылы Николай Мартыненко құрастырып шығарған «Алашорда» жинағындағы (мәтін тілі бойынша): «Для сообщения о событиях, разоружения и уничтожения отряда был для связи со штабом отдельной Оренбургской армии командирован их представитель, некий Габдуллин Кенжегали, который явился в штаб армии 11 мая 1919 г.» деген жазу оны өле-өлгенше өкшелеп жүрді. Бұл 1929 жылғы 3 қаңтарда Міржақып Дулатовтан алынған жауаптың хаттамасында қамтылатын: «…Таранның отряды қарусыздандырылғаны және олардың көзі жойылғаны жөніндегі оқиға туралы мәлімет беру мақсатында біздің өкіліміз Кенжеғали Ғабдуллинді Дербес Орын­бор армиясының штабына хабарлау үшін жібердім, ол Армия штабына барды…» деген мәтінге негізделген еді.
1919 жылы Алашорда қозғалысына қатысушыларға рақымшылық жарияланды. Кенжеғали өмірінің бұл кезеңі туралы 1937 жылғы «Қылмыстық істе» (мәтін тілі бойынша): «…работал в Орен­бурге преподавателем Каз.института нар. Образования (КИНО), где преподавали почти исключительно алашординцы: Байтурсунов, Дулатов, Шонанов и др., а также он работал сотрудником молодежной газеты с явно националистическим направлением. Газета эта называлась «Уртенг» (1922 жылы Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасов, Ерғали Алдоңғаров үшеуi шығарған «Өртең» газеті. – С.Б.), ею руководили Абдрахман Байдильдин, разоблаченный 1929 г. и Беимбет Майлин» деп жазылған.
Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылордаға көшкен кезде Кенжеғали Ақтөбеге қоныс аударды. 1925 жылдан бастап Ақтөбе педагогика техникумының алғашқы ұстаздарының бірі болды. Сонымен бірге губерниялық «Кедей» (қазіргі «Ақтөбе». – С.Б.) газетінің жауап­ты қызметкері міндетін қоса атқарды, ал 1929–1930 жылдары газет редакторы болды.
Қаламгерлік қызметінің келесі кезеңі «Шымкент аудандық партия комитетінің, аудандық атқару комитетінің және аудандық кәсіпшілер бұйрасының тілі» – «Ленин жолы» газетінде жалғасады. Газеттің 1930 жылғы көптеген нөміріне Кенжеғали редактор Жанәлі Барқиевтің орынбасары ретінде қол қойды.
1932 жылы аудандық «Ленин жолы» газетінің негізінде бүгінгі облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті шыға бастады. Облыстық мәртебе алған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тұңғыш жауапты редакторы Бейсембай Кенжебаев газеттің 1932 жылғы 9 сәуірдегі нөмірінен бастап қол қойды. Газеттің сақталған, сарғайған парақтарын саралағанда, 1933 жылғы ондаған нөміріне уақытша жауапты редактор (15 мамырдан 10 шілдеге дейін), редактордың орынбасары Кенжеғали Абдуллиннің қол қойғанын көруге болады.
Түркістан облысының Кентау өңірлік мемлекеттік архивінің құжаттар қорында Созақ аудандық кеңесінің отызыншы жылдардағы отырыстарына аудандық редакция меңгерушісі (аудандық редакция бастығы, газет редакторы, аудандық баспахананың редакторы) Кенжеғали Абдуллиннің төралқа мүшесі ретінде қатысқаны туралы деректер хатталған.
1936 жылғы партиялық құжаттарды тексеру науқаны кезінде Созақ аудандық газетінің редакторы Кенжеғали Абдуллин «Алашорда сапында болғаны үшін», «ұлт­шылдық топқа қатысқаны үшін», «билетін ұқыпты сақтамағаны үшін» деген айыппен партия қатарынан шығарылды.
Созақтан осылай соққы көрген Кенжеғали содан кейін амалсыз Алматыға қоныс аударды. Құдайберген Жұбановтың көмегімен 1936 жылғы наурызда Ұлттық мәдениет институтына жұмысқа тұрды; институт Ғылым академиясының филиалымен біріктірілгеннен кейін аталған филиалда жұмыс істеп жүрді. Сонымен бірге Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебінің оқытушысы болды (отбасымен бұрынғы Ленин даңғылы бойындағы жатақхананың 110-бөлмесінде тұрған екен).
Ғылым академиясының филиалында жұмыс істеп жүрген Кенжеғалидың 1937 жылғы жазда кенет қызметінен босатылуы сол кезде болып жатқан жаппай қуғын-сүргіннің, алда күтіп тұрған алапат азаптың хабаршысы еді. Өз басына бір тықырдың таянғанын анық сезінсе де, Кенжеғали осы кезде дәстүрлі ұстаздық ісін жалғастырады. 1937 жылғы 20 қарашада аудандық оқу бөлімінің бұйрығымен «Сталин колхозы жанындағы №7а мектеп меңгерушісі» болып бекітілді.
Кенжеғали Абдуллин 1937 жылғы 22 желтоқсанда ұсталды. Алматы облыстық НКВД басқармасының үштігі бірден «халық жауы» деп танып, 1937 жылғы 29 желтоқсанда ату жазасына кесті, 30 желтоқсанда үкім орындалды.

***

Кенжеғали Абдуллиннің 1912–1914 жылдары Қазан қаласынан «Ислам негізі» атты аударма (татар тілінен) еңбегін, «Қазақ балаларына жәрдем» деген қазақша әліппені, «Өнеге яки нәмуне» деп аталатын дауыстап оқуға арналған оқу құралын, «Қазақша самоушитіл» жинағын, сондай-ақ «Қазақтың қамы» және «Ұран» деген атпен екі өлеңдер жинағын жеке кітап етіп шығаруы – құбылыстық тұрғыда назар аударатын жайт.
«Қазақ балаларына жәрдем» жарық көрген кезінен бастап он жылға дейін, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында да қазақ мектептері үшін өзекті оқу құралы ретінде пайдаланылып келді. Алайда уақыт өте келе, әсіресе дінге деген коммунистік көзқарас күшейіп, бұрынғы қазақ қоғамының құндылықтары басқа сапада бағалана бастаған тұста әрі емлелік ескіруі байқалған соң, «Кирглавлит», яғни цензура 1923 жылғы 27 қарашадағы отырысында бес кітапты бұдан әрі таратуға жарамсыз деп тапты, соның бірі – Кенжеғалидың «Қазақ балаларына жәрдем» әліппесі еді, ресми құжатта «букварь Абдуллина» деп нақтылай жазылды.
Бұл – емле жағынан ХХ ғасыр басындағы қазақ әліпбиінен кейбір өзгерістері бар екеніне қарамастан, қазақтың ағартушы азаматының қазақ баласын қазақша оқыту үшін қазақ тілінде әзірлеген әліппесі мен оқу құралдары әрі осы бағыттағы алғашқы ұлттық оқулықтардың бір үлгісі.
Қазақ шәкірттеріне арналған аталмыш алғашқы оқулықтар Кенжеғали Абдуллиннің ұлттық педагогика саласында өзіндік әдістемесі мен тәсілдемесін қалыптастырғанын көрсетеді; сол заманда-ақ білім беруді жай сауат ашу деңгейінде қалдырмай, ғылыми-шығармашылық негізде дамытуға ұмтылған жәдитшіл-жаңашыл тұлғасын көз алдымызға әкеледі.
Бүгінде бойтұмардай бойға тартып жүрген «Қазақтың қамы» және «Ұран» деген екі кітап – Кенжеғалидың ХХ ғасырдан жинақталып жеткен жырлары. Жалпы саны аз болса да (тоғыз), «Қазақтың қамы» жинағына, негізінен, ұзақ өлеңдер енгізілген. Беташардағы кітап атына сай келетін «Қазақтың қамы» өлеңінде ақынның күллі толғанысы халықтың сол таңдағы халіне («Болған соң қорқынышты қазақ халі…») бағышталған.
Уайымсыз біздің қазақ тоқ болған соң,
Білмейді алдын ғылымы жоқ болған соң.
Білгендер күні-түні қорқынышта,
Дүние жанып тұрған шоқ болған соң.

Бұл оттан сақтау керек әркім жанын,
Өкінер сақтанбаса соғып санын.
Білгенге қарсы келіп болсақ дұшпан,
Дүниенің көре алмайсыз жарық таңын, – дей келе, шоқтай жанып тұрған мынау алмағайып дүниеде – білген адамның пайдалы тілін алу, сол айтқанмен өнер табу, ұл мен қызды іске баулу, солардың бостандығы мен келешегі маңызды екенін білдіреді және ойын былай түйеді:
Ей, қазақ, ойласайшы елдің қамын,
Айырмай партия мен елдің жамын.
Болғанша қиямет күн дұға еткендей,
Жағыңдар нәсіліңе ғылым шамын.
Бұл ғасыр басындағы ағартушылық идеяны ұстанған көптеген қалам иесіне тән қолтаңба болса-дағы, Кенжеғалидың тебіренісі қазақтың қамын алдымен, «Ел қамын ойлайтұғын асылдар» ескеруі қажеттігіне барып тіреледі. Ол халықтың алдағы жаңаша тынысының кілтін дәл осыдан көреді. Алаш көшін бастаған арыстардың ізімен жүрген кейінгі жолы осы өлең мұратымен де үндесулі деп пайым­дауға болады.
Жинақтағы «Жиырмасыншы ғасырдың жастарына» деп аталған өлеңі мезгілдік қайырылуы тұрғысынан қарағанда оқырман үшін бек мәнді.
Ей, жастар біз жатпайық қарап текке,
Оқиық әр ғылымды талап шетке.
Оқуға бір жақсы үлгі біз де іздейік,
Көз салып газеттегі түрлі кепке.
Үлгісіз, тәртіпсіздік, надандықпен,
Дұшпанға ұрғызбайық күнде бетке.

Әр пәннен хаза алайық ғылым іздеп,
Халықтың қор болмайтын жолын іздеп,
Оқытып түрлі пәнде дін-дүниені,
Айтайық осылайша болыңыз деп.
Сөйлейік жинап халықты уағыз-құтпа,
Осылар шырағ(ы) дағы жолыңыз деп … – осылай басталған өлеңінде «айқайлап сөздің туын тіккен» ақын «жарық болған таңды көріп», «тегістен ұйқыны ашса», «мағлұматты жанды көріп, содан үлгі алса», «жастар өнерге тартып өссе», «әр шаһардан оқып білім алса», мәдениетке теңелмеген қазақ та өнерлі жұртпен қатар болып кетер еді деп толғанады; «ғылым шашқан бір елден үлгі алмасақ», «көлденең бір зауалға ұшырармыз» деп ескертеді; «намысымызды, арымызды қазақ болып қозғайық», басқаларға мазақ болмайық, «дін менен өнер біліп», «ғылым оқып, ғазаптан сақтанайық» деп «ғазиз еліне» сөз арнайды.
Кенжеғалидың «Ұран» жинағы «Қазақтың қамы» қозғаған замана жайын, әлеуметтік тыныс-тіршіліктің сын-сипатын одан әрі тереңдетіп ашты. Өлең сөз құрсаулы қазақ өміріне, заманы тілін алмай зарыққан жұрттың арман-мұратына қарай өрлей түсті. Көкіректі кернеген көңіл сөзін, жүректің дамылсыз үнін – осы жазғандарымды ел құлағына жеткізші, оқушы да көзін салсыншы деп Жаратқан иеге жалбарынады.
Соның бірі – «Аһ, күнім!» өлеңі. Ақын өлеңдеріндегі «күн» әдеттегі (шығатын, бататын, тоқырайтын, тұтылатын, күйдіретін, т.б.) көп мағыналы «күн» сөзінің ішінен уақытты, кезеңді, өмірді, тіршілікті бейнелейтін тұлғасында тұрып кең қолданылады; өткен шақта, осы шақта және келер шақта түрлене отырып, Кенжеғалидың «күні» біртіндеп лирикалық кейіпкердің түпкі ойы болып орнығады әрі әдеби тәсіл ретінде жетіледі. Әсіресе «өткен күн» мен «осы күн» арасындағы «айырмашылық» аталмыш өлеңде ақынның өзіне тән салғастыру мәнерімен одан әрі ашыла түседі.
Тілазар заманнан көңілі қалған ке­йіпкер «осы күннің» өзгеріп, жақсаруына «талаптылар» жәрдем береді, солар жұртын ойлап қайғырады деп сенеді. Бұл – ХХ ғасыр басындағы барша шығармашыл зиялы қазақ баласының заманауи жырларының көбіне тән ғибрат. Сол дәуірдегі ұлтым деген санагөйлік аясындағы парасатты қауым Кенжеғали ақынның сөзінде «талаптылар» үлгісінде тіркеліп тұр. Жинақта сол кездегі қоғам жағдаятына орайласатын, ұлтқа жөн сілтейтін, дұрыс жолға бағыттайтын, жақсы мінез-құлыққа шақыратын, адамның рухын көтеретін, жарқын үмітке үндейтін өлеңдер аз емес.
Жастарды ағартайық дін білдіріп,
Қоймайық жат миллетке құр күлдіріп.
Орысша оқытпайық дін танытпай,
Алармыз қапияда дін бүлдіріп, –
деп жазған Кенжеғалидың ақындық сөзі арналған арнаулы тақырыптың бірі – ислам дінінің жайы болды. Соған сәйкес сөзстанында діни ұғымдар көп қолданылады. Бұл – ақын өмір сүрген кезеңнің тұлғасынан туатын заңдылық. Бұдан басқа да қазіргі қолданыс аясынан тыс жатқан сирек сөздер (жам, хаза, миллет, шаһбаз, адалат, шапағат, шапиқат, т.б.) кездеседі.
Кеңестік билікке бас имей, онымен идеялық күресте болған ұлтшылдық, байшылдық дәуір әдебиетінің көрнекті өкілдерін атап-түстеп берген Сәбит Мұқанұлы «ХХ ғасырдағы қазақ әдебие­ті» аталатын зерттеу кітабында (1931) Кенжеғалиды да осы сапқа қосады; оның өлеңдерінен мысал келтіреді.
«Сайыс» атты кітабында профессор Тұрсынбек Кәкішев: «…Мағжанның Ташкент дәуірі керемет жемісті болуы үстіне творчестволық бәсекеге жалғыз Сәкенді ғана емес, бүкіл қазақ ақындарын шақырып, көркемдік байрағындай желбірегенін теріске шығара алмаймыз. Әрине, өз шәкірті Бернияз Күлеевтің дүниеден өтіп кетуі өкінішті болғанмен, қау­лап келе жатқан өрендердің ішінен Кенжеғали Ғабдуллин, Ілияс Жансүгіровтің осы тұста «мағжаншыл» болулары тегін емес», – деп жазды.
«Қазағының қамын» ойлап, алашының алдағы арманы үшін «Ұран» салған қаламы жүйрік Кенжеғали ХХ ғасырдың 20–30 жылдарында кеңестік дәуірдің өлеңи шежіресін жасауға қатыспады (әзірге «Алақай!», «Жас ұлан» деген екі өлеңі ғана белгілі); өлеңді орта жолда тастап, бірыңғай педагогикаға бет бұрды, жазу өнерін журналистикада жалғастырды.
Ақынның өлең жазудан бас тартуының әр түрлі себебі болуы мүмкін. Оның біріншісі – сірә де жырдариядағы «еміле білмей жатып, еңіреп жыр жазған» (Қошке Кемеңгеров) өткінші нөсердей, ұраншыл науқаншылықтан сырт тұру арманы болса керек; ал екіншісін – «дыбыстан сөз тудырған, сөзге жан бітірген» (Жүсіпбек Аймауытов) «мағжаншыл» сипатты қазақ жырының басына келген нәубеттің тасыр тәсірі деп ұғуға болады. «Кешегі шешек жарған қазақ гүлі сарға­йып, бір су тимей солып жатқанда» (Мағжан Жұмабаев) өресі биік өлеңнің өріне не деп шабады?! Кеңестік баспасөзде көп көрінбеуінің бір себебін осылай пайымдап көргенде, екінші жағынан, Алашпен байланысты «қоңырауының» да құр жатпағанын сезгендей боламыз.
Кенжеғали да – Ахмет Байтұрсынұлы жазғандай, «қазақ баласын ұлтым, жұртым, бауырым деп үйреніп қалған» қазақтың бауырмал қалам қайраткерінің бірі. Оның кеңестік поэзиядан кенже қалуының ең басты сыры осы «бірден интернационал (бейбауырмал) болып өзгере алмаған» табиғатынан танылады. Өлең майданына қайта оралмауының себебін ұлтжанды сөз өнерінің заманның қызыл тезіне амалсыз көнген мәжбүрлігінен, елім деген ақтілекті ұланның елжандылық шебінен шегінуге тура келген кезеңінен іздей аламыз. Қызылға мойынсұнбасқа, ақтан шегінбеске табылар тәсіл жоқ болды ол кезде…
Зерттеушілер ХХ ғасырдың бас кезіндегі жазба әдебиеттің бірнеше бағытын тиянақтаса да, осы кезеңде өмір сүрген Кенжеғали Абдуллиннің есімі мен шығармашылығы бұл бағыттардың ешқайсысының аясына алынған емес. Кенжеғали ақын туралы жазушы Ғалым Ахмедовтың естелігінде, белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықовтың мақаласында ғана айтылды және, негізінен, біздің жарияланымдарымызда сөз болып келеді.
Шығармашылығы өткен ғасыр бас­тауын­дағы ағартушы ақындармен де, де­мократ жазушылармен де ұштасып жат­қан, оның үстіне отызыншы жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газеті басқармасында қатар қызмет атқарған Кенжеғали Абдуллинді көрнекті оқымысты Бейсембай Кенжебаев та «ХХ ғасыр басындағы әдебиет» еңбегінде атай алмады. Дүниенің біресе ағарған, біресе қызарған өзгеше бояулары Бейсекеңдей байсалды зерттеушіні сол заманның қатал шеңберінен шығармай, алашордашыл атанған басқа арыстармен бірге Кенжеғали әріптесінің есімін де хатқа түсіртпегені сөзсіз.
Қазір Кенжеғалиды көрген адамның табылуы екіталай; оның есімі қалың жұртшылыққа беймәлім; ол туралы, не­гізі­нен, әдебиетшілер қауымы ғана білің­кірейді; ал отбасы мен ұрпақтары (зайы­бы Фатима, қыздары Лена мен Сәуле, ұлы Нариман) туралы дерек жоққа тән.
ХХ ғасырдағы алағай-бұлағай саясаттың салдарынан қазағына аты-жөні кешігіп жеткен Кенжеғали Абдуллиннің туғанына 2026 жылы 130 жыл толады. Алаш ұранды азамат-ақынның бұл атау­лы күніне енді «кешікпей келетініне» сенеміз.

 

Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстанның құрметті журналисі,
кенжеғалитанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір