БІР КЕЛІНШЕК
05.01.2026
137
0

ДОМБЫРА ДРАМАСЫ

   Біздің өміріміздегі тұлғалар. Біздің өміріміздегі абыз-аңыздар. Біз олардың заманында болдық па, болмадық па, кездестік пе, кездеспедік пе, ол маңызды емес екен. Мәселе оны  көрмесек те көргендей, кездеспесек те кездескендей етіп жазуда. Бұл енді таланттың, жазушының жұмысы. 
Осыдан отыз жыл бұрын  жазылған  Гүлзейнеп Сәдірқызының «Жамбылдың Тұқатайы» деген эссесін оқығанда осындай бір ойға  маңдай сүйеп отырып қалып едім.  Осылай да жазуға болады екен ғой деген бір ой және қылаң берді.  Эсседегі еріксіз назарымды аударғаны – домбыра, күй, күйші және екі кейіпкер арасындағы диалогтар, жылы ағыстар, сұрапыл сарындар, сарыала сағыныштар… Кейіпкері –  «ғасыр Гомері» әйгілі Жамбыл жәкем. Әулие шалды Гүлзейнеп, әрине, көрген жоқ. Бірақ сол топырақта өскен мұның естіп өскен екі  тақырыбы болса, соның бірі әрине тірі күнінде, одан соң да, күні бүгінге дейін де  аңызға айналған Жамбыл. Ал енді он үш жастағы қалқанқұлақ күйші  бала Тұқатаймен заманымыз бір болды,   мүбәрәк қолын алдық, ұлы өнеріне өлердей ғашық болдық, талантына таңырқап, таңдай қақтық. Бұл – Нұрғиса Тілендиев.
Алдымен, тақырыпқа тұздық болсын, әңгімемізді эссенің мына бір тұстарынан үздік үзіктер келтіріп алып барып, жалғастырған жөн-ау.
«Алғашқы күй тартылып, аяқталғанша Жамбыл сыр мінез танытып, салқын отырды. Өн бойына біткен қорғасындай сабырлығына маңғаздығы жарасып, қариягершілік бағасына сай сөз саптауы кімді болса да мойындатқандай. Әншейінде адамға көзін тіктеп қадайтын Жәкең, күй күмбірлеп тұрғанда қалың ойға шомған жанарын көлегейлеп, көрсеткісі келмегендей жербауырлатып, төменшектей бергенмен, қатпары домбығып ісінген қабағындағы қордаланып тұрған мұң-наланы жасыра алмады…»
Не байқадыңыз? Жұрттың бәрі тыңдап өскен ұлы  жыраудың өзі тыңдаушы болғандағы болмысы бұл.  Ұлы өнер алдындағы кішік кісі. Өнердің иесі мен киесіне бас июі, үнсіз мойындауы. Жүз кісі күй тыңдаса, соның ішінде тыңдармандық қабілетін   басым көпшілік жай қиқумен білдірсе,  әрі кетсе екі кісі түсініп, терең тұжырым жасайды. Көп ішіндегі Жамбыл осы халді кешіп отырған бір кемел.
« – Тұқатай, соңғы қайтарымындағы ырғақтан айырылып, астарлы дүниені бүлдіріп жібердің ғой, сол жерін қайыра тартшы, – деп Жамбыл жақтырмай жұтаңдау қолын көтеріп, домбыраны  нұсқады да, артынан күмістей жарқыраған қаба сақалын тарамдай сипап.
Бұл Байсеркенің дауылды «Ұран» күйі еді. Жұрттың кеу-кеуімен арқасы қозып, өзін ұстай алмаған қармақтай арық, қазаншадай басына қалқан құлақ біткен 13 жасар жасөспірімнің онсыз да шыбықтай нәзік саусақтары перненің асты-үстіне шыққанға талықсып, әбігерге түскенін білдіріп қойды…
…Осының бәрін сезініп, өзгеше күй кешкен баланың қысылғаны сонша, маңдайына шыны моншақтай тізілген тер шалт қимылдаған сайын жүзін жуып, тарамданып ағып түсіп жатты…. Тәтесіне қараса, өңменнен өтер өткір жанарын қадап, қимылын қалт жібермей бағып отыр екен.
– Неге асығасың, қай жау сені қуып келе жатқан? Күйші бала сол қайырымынан күйді қайта орындады.
– Әп, бәрекелді. Міне, міне… – деді қабағы жадырап сала берген Жәкең. Тұқатай, енді Әйемнің «Аққуын» ба, «Ақ көбік, қара көбігін бе» тартып жіберші…
Жәкең өзі – жұртқа ат қойғыш адам. Әйе деп отырғаны – немере інісі Тіленді-тін. Әйенің түбі «әйбат», «әдемі» деген сөзден шыққан…»
Әр күйді тыңдаған сайын дала дәптерін парақтап, даналық дәрісін жүргізген дала профессорындай Жамбыл ұстазы, атасы Тіленді дәулескер күйші болған  Нұрғиса да  тегін болсын ба? Ол қазіргідей техникалық тұрғыда  орындауында мін жоқ күйшілердей емес, алдымен мінез  мектебінен, Жәкеңдей құйма құлақтардың қолынан өтті. Өнер – жаның, жадың, қаның, арың. Міне Жамбылдар-Шаштайлар  бала шәкірттің  қанына сол рухты құйды. Өнердің ішіндегі ең кие­лі қасиеттісі де күйдің құдіретін ол осылай түйсініп өсті. Жылдар өткен соң біздің де кейіпкерімізге айналған Нұрағаны «Нотаға сыймаған Нұрғиса» деп жазуымның себебін де осы төңіректен іздеген абзал.
« – Тұқатай, қарағым, саған айтарым, осы қара домбыраға ие бол. Сенің атыңды да шығаратын, азығыңды да тауып беретін – осы қазақтың киелі домбырасы. Қасиетіңнен айналайын, ашаршылықта осы домбырамен бүкіл үрім-бұтағымызды аман сақтап қалмадық па?
Біраз үнсіздіктен кейін: –Маған анау тұрған кәрі жолдас, кәрі шөңгеме қол жалғашы, – деді Жәкең батасын берген соң. – Ол менің тілімді де, сырымды да жақсы біледі. Шырағым, мына күйді білесің бе, мұны Әйең саған тартып бермеді ме? – деп күйді бастап жіберді».
Бұл тартқаны Жамбылдың өз күйі «Ой, дүние-ай» еді. Сол  абыздың батасын алып, аманатын бүгінге бауыры бүтін жеткізген Нұрғиса Тілендиевтің күні кеше 100 жылдық ғасырлық тойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, дүниені дүр сілкіндірді. Ұлы рухтың қолдауы, оянуы деген осы.
Осындағы диалог, монологтарда ұлы жыраудың домбыраның қасиеті, оның қандай жердің ағашынан жасалғанына, дыбысына, тембріне дейін терең мән беріп айтқан кеңестері де  көп жайға қанықтырады. Бүгінде ел аузында жүрген  «Абай домбырасы», «Жамбыл домбырасы» деген атаудың түп төркіні де осы ойдан тамыр тартып жатыр. Сол  домбыра жайындағы тағы бір дерек еріксіз елең еткізді.
Он үштегі сол қалқанқұлақ бала К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепте Ахмет Жұбановтың класында оқиды. Баланың зеректігін, табиғи музыкалық қабілеті барын бірден байқаған  Ахаң атақты шебер Романенкоға айтып жүріп, домбыра жасатып, оны Нұрғисаға сыйға тартады. Жамбылмен кездесуде тартқан күйлерін сол домбырамен орындаған. Сол күндерден бастап ол Ахаңның қамқорлығына көшеді. 14 жасында Құрманғазы оркестріне қабылданады.
Кейінгі күндерде әлеужеліде осы ойы­мыздың дәлеліндей, кісінің көңілін толқытатын бір бейнебаян жүр. Сонда Нұрағаң 60 жылдығында болу керек: «Ахаң болмаса анау Құрманғазы, «Отырар сазы», мен болам ба,  анау Қаршыға, Қошқарбек бола ма? Ахаң менің сыйынар пірім, пайғамбарым! Мынау өз қолымен сыйлаған домбырасы, қасиетті жәдігер, кемеңгердің көзі», – деп тағы да сол домбырамен «Әлқиссаны» орындайды.
Міне, Жамбыл ұстаған осы домбырамен ол «Қыз Жібек» фильміндегі күйлерді де орындады. Қысқасы, Нұрғисаны елге демалысқа келгенде соғыстан алып қалған да Ахаң еді. Гүлзейнептің осы бір алақандай дүниесінің өзінде қаншама маңызды дерек бар. Ел өмірінің тірі шежіресі. Сахнаға, кино тіліне сұранып тұрған нағыз домбыра драмасы деуге болады. Тіпті Жәкеңнің «Аманкелді» фильміне қатысуының өзі бір бүтін әңгіме.
Ендігі жерде мына бір сөйлемді де бей-жай оқу мүмкін емес еді.
«…Жарықтық Жәкеңмен бұл
кездесу 1938 жылы Алматыда бұрынғы Сталин көшесі, 3-үйде, Тілендінің туған інісі Тілегеннің әйелі қыз туған шілдехана тойында болған еді», – дейді автор.  Сталин көшесі бертінде Коммунист проспектісі деп аталды. Қазіргі Абылайхан. Осы проспектінің соңы бүгінде екінші темір жол вокзалына барып тіреледі. Сол жерде Тілегеннің қоржын тамы болған. Бұл үйден жақсы, жайсаңдардың талайы дәм татып, мәжіліс құрған. Жамбыл Жәкем мұнда жиі ат басын бұрған. Кейбір дерек  көздерінде  айтылатынындай, Ахмет Жұбанов Нұрғисаны да сол үйден тапқан. Қайсыбір жылы «Алматы ақшамына» белгілі журналист Құттыбек Аймахановқа тапсырма беріп, бала Нұрғисаның осында өткен күндері туралы жаздырғаным есіме түсіп отыр.
Қысқасы, Жамбыл – Ахмет – Нұрғиса линиясы бойынша өрбитін мақаланың бір өзі әлгінде айтқанымдай, домбыра туралы бір драманың жүгін көтеріп тұр. Ендігі жерде автор егер бұл дүниесін тағы бір сүзгіден өткізсе, жетіп жатыр.

Белгілі ақындар А.Нысаналин, А.Бөкенмен.

МіНЕЗ МЕКТЕБІ

Гүлзейнептің мақала-эсселерінің басым бөлігінің оқырманға әсерлілігі сондай, ойы­ңа ой қосып, тосын пікірлердің туындауына, терең  талдауға сұранып тұрады. Сол қатарда «Ту ету мен тұл ету», «Перзентхана пердесі… талай сырды бүркеп тұр», «Аты ғана ардақты ма?», «Айдалада ақ отау», «Әкесі өлген қандай-ды», «Көш-керуен кері бұрылып кетпесе екен…» секілді атының өзі айқайлап тұрған еңбектері қоғамда дүмпу туғызып, оқырман назарын аударып отырды. Дүмпу дегеннен шығады, «Ту ету мен тұл ету» атты жазбасы да «Жамбылдың Тұқатайындай» талдауға тұрарлық дүние. 1991 жылы Ресейде ел атауларын қайта қарау  зор қарқын алады. Соның бірі Ленинградты Санкт-Петербург деп өзгертуге тоқтайды. Мұндағы Жамбыл Жабаев атындағы көше де ономастикалық комиссияның қырына ілігеді. Тіпті қоғам белсенділері «Лениградцы не дети твои» деген әнсымақ та шығарып жібереді. Ұлы  орыстық шовинизмнің шарпуы мұнымен тоқтасын  ба, осы шаһардағы №140 орта мектепте тұрған Әлия Молдағұлованың бюсті мен оның атындағы класты да құрбандыққа шалуға қызу кіріседі. Шовинизм шырқау шыңына жетіп, балалар ержүрек Әлияның бет-жүзін адам танығысыз  етіп, таптап тастайды. Бұған бас редактор Шерхан Мұртаза шыдасын ба, Гүлзейнеп Сәдірқызын жедел түрде жолсапарға жібереді.  Міне, тағылықтың бетін қайтарған да Гүлзейнептің осы сұрапыл мақаласы еді. Кейін ел аузында «Жамбыл Ленинградты қорғаса, Гүлзейнеп Жамбылды қорғап қалды» деген нақыл тарап кетті.
«Кешеден келдім бүгінге» деп Әбділда ақын айтқандай, Гүлзейнептің өмірбаяны мен өнербаяны да кісі қызығарлық. Ол  заманында стенографист кәсібін игерген сирек мамандардың бірі. Оның бастауында тұрған, осы сала туралы алғашқы оқулық жазған Данабике Байқадамованы (Әуезовтің жеке стенографисі), Мәриям Исаеваны (Ораз Исаевтің келіні) баспасөз тарихынан жақсы білеміз. «Социалистік Қазақстан» газетіне бүлдіршін кезінен стенографист болып қабылданған ол осы кісілердің мектебінен өтті. Содан қазақ баспасөзінің қара шаңырағында табан аудармай 45 жыл қызмет істеді. Бұл жағынан келгенде Балғабек Қыдырбекұлынан кейінгі рекорд жаңартқан санаулылардың бірі болуы керек. Бүгінде ол «Ақпарат саласының үздігі», Журналистер одағының лауреаты, Алматы облысы, Жамбыл ауданының құрметті азаматы. Шерхан Мұртаза атындағы «Ақиқаттың ақ туы» республикалық байқауының бас жүлдегері.
«Социалистік Қазақстанға» Сапар Байжановтың тұсында келді. Содан бері қаншама қазақ баспасөзі баһадүрлерінің  мектебін көрді. Ол кезде республикада 19 облыс болса, облыстарда да сонша меншікті тілші ұстайтын. Гүлзейнеп кілең сен тұр, мен атайын ақмылтық ақпаратшылардың  жедел жаңалықтарын стенография тіліне түсіріп, одан  машинкаға басып,  бөлімдерге тастап отырады. Осылайша мол тәжірибе жинақтаған оның тілші қызметіне ауысуы қашанда талантты тап басып танитын  Шерағаң келген соң жүзеге асты. Бұл ретте Шераға мен танымал журналист Қайнар Олжайдың  еңбегін айрықша атап өту керек. Гүлзейнеп бұл жайында «Шерағаңның қызыл шапаны»  атты эссесінде жеткізіп  жазады. Оның үстіне Шерағаның бұл қызбен сырттай  «ескі таныстығы» да бар еді. 1987 жылы «Қазақ әдебиетіне» «Әйел жаны» деген әңгімесін апарып тастайды. Ол заманда «Қазақ әдебиетіне»  шыққан адам таңертең танымал болып оянатын. Қаншама дүниенің кезек күтіп жатқанына қарамастан, әңгімені оқып шыққан бас редактор оны бірден нөмірге салдырады. «Мен  де қателесемін, бірақ кадр таңдауда қателеспеймін» деген екен  Черчилль. Біздің Шерағаңның да осы қасиетінің арқасында қаншама бұлақтың көзі ашылып, ұлт баспасөзінің  бір дара буыны қалыптасты. Соның ішінде Гүлзейнеп те ұстаз үмітін ақтады. Осы жазу үстінде мына бір ойдың да лекілдеп келе қалғанын қарашы.  Герольд Бельгер күнделіктерінде ізбасар інілерін де көбірек атап отыратын еді. Мәселен,  Аманхан Әлім туралы «өзінде асқарсүлейменовтік бірдеңе бар» деп, бірауыз сөзге көп мағына сыйғызып жібереді. Сол көп мағынаның бірі деп,  мінезді де меңзеп отыр. Қанша дарынды болса да жазудың адамына мінез де керек. Мінезсізден өнер тумайды. Оның үстіне ұлт баспасөзінде мінез мектебін қалыптастырған  Шерағаң  да шыншыл,  турашыл адамдарды алабөтен жақсы көрді. Әсіресе нәзік жыныстыларға журналистикада жолбарыс болуға тура келеді. Гүлзейнептің де кейде бетің бар, жүзің бар демейтін сөзбен атқыштығы, айтқыштығы да бар. Ал енді қалжыңы қапысыз, халтура болмайды. Осыдан барып қой, Шерағаңның «Қасқыр қыз» дейтіні. Бұған дейін үлкен де, кіші де «қара қыз» деп кеткен ол, осылай «қасқыр қыз» деген бейресми атақ алған.

Қазақтың тұңғыш стенографисі Данабике Байқадамовамен.

«ПРОЗАНЫҢ ЛИРИГІ»

Гүлзейнептің жоғарыда аталған журналистік жазбаларын қара мақала деуге қимайсың. Қазір ойласаң, кезінде баспасөздің жанрларының да бағы жанбай қалған ба дейсің. Эссе дегеніңіз еске түсе бермейтін. Жанрдың ең төресі очерк болатын. Келешекте жазушы болады-ау дейтіндер осы жанрға жақындау  жүретін және қара мақалаға келгенде жанын салмай, сипай қамшылап  ақпараттың тілін қолданатын.Қазіргі жазармандар жанр дегенді жанынан шығара беретін болды ғой.
Бірде Ұлқаң, әйгілі Ұлықбек Есдәулеттің  «осы Дәуреннің мақалаларын оқыған сайын қайран қара  мақалаға қор болған тіл-ай деп өкінетінмін» дегені бар еді. Талант тас жармай тұрсын ба, Ұлқаңның өкініші де көп өкіндірген жоқ.Қазір Дәурен Қуат қазақ прозасының көрнекті өкілінің біріне айналды. Біз де жазуы жібектей, мақаласының тілінің өзі тіккен кестедей Гүлзейнеп әңгіме жазса қайтер екен деп те ойлап қоятынбыз. Дейтұрғанмен арагідік болса да ол прозаға бет бұра бастады. Оның үстіне бұл сан қырлы талант. Ғажап әнші. «Кісінің жан дүниесін танығың келсе,  ән салдыр» деген сөз бар Хикметте. Ән салса, жазушы салсын. Кейде әжептәуір дауысы бар  бір әншілерді тыңдағанда осыларға жазушының жүрегін берсе ғой дейсің. Гүлзейнептің екі қанаты –  сөз бен саз.  Шығармашылығында осы синтездің сәтті үйлесім табуын аңғару да қиын емес.
Дейтұрғанмен де ерте-кеші жоқ, журналистиканы жаттығу алаңына айналдыра жүріп, С.Бақбергенов, Ш.Мұртаза ағаларының батасын алған ол жетпіске келгенде «Айбибі» атты тұңғыш прозалық жинағын шығарып, оқырман сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді. Онымен қоймай «Айбибі» повесі 2024 жылы әйел тақырыбындағы үздік туынды деп танылып, «Алқа» баспасы ұйымдастырған байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байлады.
Әдетте, поэзияда қыз-келіншектер басым болғанымен, прозада олардың қатары көп те емес. Сондай саусақпен санарлық прозашылардың бірі Гүлзейнеп Сәдірқызының шығармашылығы да көркемдігімен, терең танымымен,  сан қырлы қатпарымен ерекшеленеді. Классик Ғ.Мүсіреповтің өзі өмір бойы әйелдер туралы жазып келемін, бірақ әйел жанын түсінген жоқпын депті. Демек,  әйел жанын әйел ғана түсінеді.Осы тұрғыдан келгенде психологизм мен лиризмді шебер шендестірген оны «прозаның лиригі» (Қ.Сәрсекеев) деп те бекер атамаса керек.
Жалпы, біздің Гүлекең шығармашылықта ғана емес,  жар мен жанрдан да жолы болған адам. Өмірінің бай мазмұны мен мағынасы – қалам мен қазанды қатар ұстап, шығармашылықпен еркін айналысуына бар мүмкіндікті жасап отырған, ат баптап, арғымақ мінген, даланың дарқан қазағы, отағасы Еркінбек пен ұл-қыздары.
…Біз білгелі қазақтың  көркем  сөзінде өз өрнегі бар бір келіншек, бірегей қаламгер және оның көркемдік кеңістігі туралы қысқа қайырым осы.

Қали СӘРСЕНБАЙ

Солдан оңға қарай ( отырғандар): С.Абдрахманов, Б.Қыдырбекұлы, Г.Сәдірқызы. Солдан оңға қарай(түрегеп тұрғандар): Е.Смайыл, Т.Бекниязов, Ж.Сұлтанмұратов, Б.Ерімбетов, Ә.Әлібеков.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ШЫНАЙЫ

«Гүлзейнеп! Біздің әдебиетімізде күндестік жайлы әңгіме аз жазылмаса керек. Бірақ оны сенше шешкен ешкімді көрмедік. Әңгіме өте жақсы, өте әдемі. Кейде нағыз өнеркеш өзінің не жасап, не жазып, не қойғанын білмей қалатын жайлар болады. Сен – өнер иесі, қалам иесі екеніңді бұрын да айт­қан едім. Мынау «Ақтоқал» – шынында, «күндес» әңгімесі шыншыл, шебер жазылған жақсы дүние.
Жар сүйе білетін жақсы әйел болса, Күлғайшадай-ақ болар. Онда жарын сүйетін жүрек бар. Ол жай ғана сүйе білетін әйел емес, жардың болашағын, тағдырын ойлайтын қарапайым қазақ әйелінің тамаша бейнесін бергенсің. Зерде, қарапайым пенденің жар болашағы жайлы батыл ісі, қадамы әйелдің бүтін жан дүниесін айқара ашады. Әділ, шыншыл байлам.
…Жолың болсын деп бұрын да айтқанмын. Ендігі айтарым, осы тақырыптан – әйел, ана тақырыбынан айныма!
Ақылыңа көзім жетті. Адасып кетуші болма!?»

Ағаң Сәуірбек БАҚБЕРГЕНОВ,
03.07.1994 жыл

…Гүлзейнеп аз жазады, бірақ саз жазады және тақырыбын тауып жазады. Жазғандары – оқушы жүрегін тербеп, көңілін нұрға бөлеп, кісі жанын тазартатын таза жазу.
Сол біз білетін Гүлзейнеп бұл күнде – әдебиеттің проза жанрының лиригі, лирик болғанда да ойлы қаламгері. Әңгімелерінде нәзік сыр бар, кейіпкер толғанысы психологиялық ой-сезімге толы. Жазушының басты құралы тіл болса, ол жағынан да кенде емес, тілі шұрайлы, көркем, айтайын деген ойын шебер де жатық жеткізеді.
Гүлзейнеп әңгімелері ойлантады, толғантады, оқушыға осы реттен ыстық әрі қымбат.

Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ,
«Қазақ» газеті, 21.01. 2011

«Қадірлі Гүлзейнеп! Әңгімеңді шын қуанып, оқыған сайын шын елегізіп, тауыстым. Өте ұнады. Сен ел қатарлы көп жазғыштың бірі емессің. Еліктің баласындай ерке мінезің – тілдің де, сөздің де әрі асқақ, әрі ірі, әрі оқшау нағыз өз орнына құйыларын, таңдап-талғап ағызатынын сезіндім. Қарабайыр тіршіліктің бәрі бірдей адам өмірінің суреті бола алмайды, таңдап, талдап алу ғана көркем ойлауға бастайды. Тіпті сен бұл ретте нағыз оқшау тірліктің қойнынан шыққансың, сырт қарағанда кемдік танытатын, әлдебіреу қор деп қарайтын пенденің де «Адам!» екенін, ал оның адамдық сезімі әлдеқайда ірі екенін бейнелепсің. Байқайсың ба, бірі – бұл өмірге жүрежат, бірі – туажат болған екі мұңлықтың ғажайып қасіретін ашқансың! Сен – жазушысың! Ендігі жерде әйел тағдыры табиғатының оқшау қойнауынан он-он бес әңгіме жаз. Керек болса, кейбір еркектің ірілігіне дейін бар; табиғаты еркексіз бола алмайтын ғып жаратқан нәзік құпияларға да үңіл».

Сәбит БАЙМОЛДИН
09.03.94

«Гүлзейнеп Сәдірқызының әңгімелері мінезді. Соңғы екі ғасыр қазақтарының өмір сүру үрдісі, ұрпақ алмасуы, үлкендер алдындағы парыз секілді құндылықтар қаламгер сомдаған бейнелердің өзара тартысы арқылы көрінеді. Әңгімелердегі характерлер шынайы, шешімдер тосын. Бұлай болуының басты себебі – оқиғалар өрбуі, өмірдің өзінен сұрыпталып алынған. Автордың ұзақ жылдар бойы жинақтап әкеліп, ақырында кітап етіп шығару ізденісінің ерекшелігі ойланарлық жағдай. Қаламгерлік жауапкершілікті сезінудің нәзік жолына қоса, шығармашылық процесінің бір қорытынды кезеңі деп есептеуге болады».

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ

«Гүлзейнеп! Керемет әңгіме жазыпсың. Абыройың арта берсін! Абырой дегеннен шығады, мұндай әңгіме тек автор үшін ғана емес, әдебиетіміз үшін де үлкен абырой.
Әңгіменің атын («Момын») өте сәтті қойғансың. Біздің қоғамға байыпты көз салсаңыз, кешірім сұрауға тиісті сұмырайлар (Ризық, оның қарындасы және т.б.) ешуақытта кешірім сұрамайды және кешірім сұрау қаперлеріне де кірмейді. Керісінше, кешірім сұрайтындар – Сәткен сияқты момындар. Момынның, момындықтың (яғни «сабыр түбі – сары алтын» деп түсінетіндердің) қадіріне жетпеген, жете алмаған қоғам дерті. Сырқат қоғам. Осыны тұрмыстық, отбасылық мәніс-мәселелер арқылы ашып көрсетіп, үлк-е-е-ен ой түйесің. Әңгіменің өн бойы – тұнып тұрған философия, тұнып тұрған меңзеу, тұнып тұрған ескерту (әрине, әңгіменің құндылығы мен маңызын толық талдап-тарқату үшін арнайы мақала жазылуы керек).
Әңгіменің тілі – өте шұрайлы. Құнарлы. Нағыз халықтық тіл. Төгіліп тұр».

Әмірхан МЕҢДЕКЕ,
27.09.2023

«Гүлзейнептің жазу шеберлігі, тілінің кестесі мақтауға тұрарлық. Бұрынғы да, бүгінгі де мақалалары оқырманды тәнті етпей қоймайды. Қаншама жыл оқтаулы тұрып, ақыры атылған мылтық көздеген нысанасын мүлт кетпей қағып түсіреді.
Адам тағдыры кейде оның киелі затының тағдырымен тұтаса кетеді екен. Қарт жырау мен әлі жас, болашақ теңдессіз күйшінің кездесуін автор тура киноның көрінісіндей етіп суреттейді. Содан соң «Жарықтық Жәкеңмен бұл кездесу 1938 жылы Алматыда бұрынғы Сталин көшесі, 3-үйде, Тілендінің туған інісі Тілегеннің әйелі қыз туған шілдехана тойында болған еді» деп дәл дерегін келтіреді.
Жамбыл Жабаев туралы, Нұрғиса Тілендиев туралы кино түсіргіштер осынау ғажап дерекке неге көңіл аудармайды екен? Олардың сценариін жазатындар Гүлзейнеп сынды ізденіп, тарихты түрткілеп материал таппай-ақ, ойдан оқиға шығарып, саусақты сора салуға құмар-ау, сірә…»

Қайнар ОЛЖАЙ

«Гүлзейнеп, әңгімеңді оқып шықтым.
Құлақ-шекесінен құлаштап періп жібергенде, жалпасынан түсіретін қаныпезер… абьюзер екен өзі, кейіпкерің. Оқып шыққасын, «еріксіз «иә, иә… Бұ еркектер оңбайды. Шеттерінен сондай…» деген ойға тіреледі екенсің. Өте актуальды хикая. Әсіресе әйел психологиясы жақсы берілген.
Нағыз жазушы екенсің, Гүлеке».

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ
04.05. 2024

«Қазақ кісінің бітірген ісіне сүйсінгенде «Қыздың жиған жүгіндей» дейді. Гүлзейнептің жазғандарына сол айтылған теңеу әбден жарасады. Ол әр ненің басын бір шалып, бірде ойды, бірде қырды кезбейді. Газет бетінде күнделікті жарық көріп жатқан қарапайым мақалаларынан бастап, көркем дүниелеріне дейін екпіні мен тыныс алысы байсалды арнаға түскен қалам иесі екенін аңғартады.
«Егеменге» («СҚ-ға») ол келгенде, тұлымшағы желбіреген өрімдей қыз-тұғын. Өмір-өзен мен қалам-қайық оны басылымның небір толқынды ағыстарына салды. Қатайтты. Сөз қадірін сүюге үйретті».

Қарашаш ӘМЗЕҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір