ҚЫДЫР АТА, ҚОЛДАЙ ГӨР…
15.12.2025
342
0

Биылғы жаздың қалай тез өткенін білмей қалдым. Жылдағыдай Байжансай руднигінде тұратын Ұлбала әпкемнің немесе Алғабас совхозында тұратын Перизат әпкемнің де үйіне қыдырып бара алмадым. Сабақ бітісімен ауылдағы бригадир ақсақ Жақып мектептен қолдары босаған жоғары кластың оқушыларының аты-жөндерін үй-үйді аралап жүріп совхоздың науқандық жұмысына жазып әкетті. Соғыстан кейінгі жылдарда еркек кіндікті аз, барының өзі жарымжан не мүгедіктігі болған соң барлық науқандық жұмыстар, негізінен, әйелдер мен осы жоғары кластың балаларының иығына түсетін. Жылда қоңыр күз жақындай бастағаннан-ақ көрші Сайрам ауданының отар-отар меринос тұқымды жібек жүнді қойларын қырқымнан өткізіп, терісі жып-жылмағай боп жеңілдеген соң біздің Бозбұтақтағы, мен ес білгеннен бермен қарай жұмыс істеп тұрған қой тоғытатын тоғанға топ-тобымен айдап әкеледі. Ауылдағы тірсегінің әлі, білегінің күші бар-ау деген оншақты баланың қожайыны ақсақ Жақып бригадир десе болады. Күн сайын таң атпастан есіктің алдында атын ойнақтатып, қамшысын үйіріп, ертеңгілік тамағымызды да дұрыстап ішкізбестен алдына салып, жұмысқа шығарады. Аспан жерге түсіп, жер қақ айырылып кетсе де үкіметтің жұмысы бірінші кезекте орындалуы тиіс. Ал баласына жаны ашып, жұмысқа жібермеген үйге совхоздың жерінен бір арба шөп те, бір қап жем де берілмейді. Қорасындағы жан бағып отырған оншақты мал мен бірер ірі қарасының бетіне қарап отырған ауылдастар сосын да оған қарсы келе алмайды. Қырдың шүйгін шөбіне тояттап, үстіндегі пысынатқан қалың жібек жүннен арылып, әбден семірген, сүйтіп күйектен шыққан отар-отар қойлар бірінен кейін бірі креолин толған тоғанның бас жағындағы үлкен қораға қамалады. Қасымдағы Әліпбек, Сейітбек, Бекмырза, Анар, Серік, Орынтай және араларындағы ең кішкентайы мен осы қойларды кешкі бесінге дейін жанталасып жүріп тоғанға тоғытамыз. Семіз саулықтарды бір-бірлеп артқы сирағынан сүйреп тоғанға түсіру оңай емес. Кейбір асаулары жұлқынғанда өзімен бірге сүйреп әкетеді. Қол мен аяқтың талмаусырағаны былай тұрсын, аш өзегің шұрылдап, көзің қарауытады. Аяқтағы киген кебіс-бәтеңкелер жыртылып, тоз-тозы шығады. Саулықтардың тұяғы езіп, көк ала боп көгерген аяқтарымыздың қанаған жерлерін шүберекпен байлап алып, екінші отарды майға шомылдыруға кірісеміз.
– Алдымызға келген әрбір отарды, немістің шабуылдаған бір батальоны деп ойлаңдар. Әкелеріміз бес жыл қан майданда жүргенде жауға қалайша төтеп берсе, біз де, бұл қиындыққа шыдаймыз. Солай ма, жігіттер?! – деп, ішіміздегі бізден үш жас үлкен Сейітбек бізге дем беріп, анда-санда жігерлендіріп қояды.
– Сейітбек, осы жүрген алтаудың ішіндегі, сенен басқа, бесеуміз де, қоймен бірге бір мәртеден тоғанға сүңгіп, креолинге шомылып шықтық. Үстімізге қарашы, малмандай май сасып тұр!.. Сәбеттің солдатының, бет-әлпеті де дәл осындай сорақы болмаған шығар? – деп, Әліпбек оған жыламсырай сұраулы жүзбен қарады.
– Қойды сирағынан сүйреген күйі тоғанға жеткенде айналдырып жіберіп, мойнынан құшақтап итеру керек. Қарындарың ашса, қазір ақсақ Жақып анау асхана жақта тамақ әзірлетіп жатырмын деді. Тамақ ішкен соң бойымызға жаңадан күш қосылады, – деп Сейітбек бәріміздің көңілімізді бір көтеріп тастады. Қарнымыз шұрылдап, бәріміз сәлден кейін ішетін майлы сорпаның дәмі мен иісі мұрнымызға келгендей сілекейімізді жұтып, асхана жаққа телміре қарадық.
Біздің ұзағырақ үзіліс жасап, отырыңқырап қалғанымызды алыстан байқап, жанымызға келген ақсақ бригадир Жақып қамшысын шошаңдатып, сөзге килікті.
– Жігіт деген шыдамды, қиындыққа төзімді болады емес пе? Неменеге ұзақ демалып отырсыңдар? «Креолинге түсіп, май сасып қалдық» деп уайымдап жүрсіңдер ме? Енді есесіне, денелерің шынығып, қотыр, қышыма, теміреткі деген жаралар өмірі шықпайтын да, жұқпайтын да болады. Екі отар қой ғана қалды. Сол біткен соң анау өзендегі иірімге бір малтып алсаңдар, денелерің сергіп, бойларыңа түк те жұғып қалмайды. Қане, отыра берместен, тез іске кірісіңдер. «Тайдың мінгені, баланың жұмсағаны білінбейді» деген, – деп қодыраңдай бастады.
Түске дейін іске құлшынып кіріскен балалар қазір анау қойлар иіріліп тұрған қораға беттегісі келмейтін тәрізді. Май төгілген еденнен ірі саулықтарды сүйреп, тоғанға сүңгіту барған сайын ауырлап бара жатыр. Басқаны қайдам, әсіресе менің әл-дәрменім түгесіліп, кейде көзім қарауытқандай. Бір рет қоймен бірге терең тоғанды аяғына дейін жүзіп шыққан мен тағы да креолинге батсам, соңына дейін малтып шыға алар ма екенмін? Ішегім шұрылдап, сол сасыған майыңды еріксіз ішіме жұтып қоятын сияқтымын.
Асырып айтты дей көрмеңіз, он бестегі балаға үп-үлкен саулықты, май төгіліп, бетінен аяқ тайып жығылатын еденмен төрт метрдей жерге сүйреп апарып тоғанға лақтыру анау айтқандай жеңіл шаруа болмай бара жатқандай. Ары кетсе, он бес минут жұмыс істеп, он минут үзіліс жасаймыз. Соған әрең шыдаймыз. Намыс бәрінен де жоғары тұрады екен. Өзімнен бір-ақ жас үлкен Әліпбек құрлы жоқпын ба?.. Көзімнің астымен оған қарап қоямын. Ендігі менің шамамды теңестіріп, жарысып қимыл танытар адамым сол ғана секілді. Орынтай тентекті суқаным сүймейді. Әкесі майданда өліп, жесір қалған Бөпеш шешеміздің ерке-шолжаңына жақын жүрмеген абзал. Сәл тиіп кетсең, қып-қызыл бәлесі жұғады. Әбден төбелесіп, екеуміз «ата жауға» айналғандаймыз. Тек, Әліпбектен ғана аздап аяғын тартады. Оның үнемі менің досым боп, сөзімді қолдайтынын көре алмай, өліп кете жаздап жүр. Оның үстіне мен шаршадым деп, шетке жығыла кетсем, ақсақ Жақып айтқан, совхоздың жәрдемге беретін жем-шөбінен біздің үй құр қалмай ма?.. Жоқ, жұмыстың аяғына шамалы ғана жақындап қалғанда шаршадым деп сыр бергенім болмас. Қолыма ілінген саулық бұл жолы да ірі, қауқары дилы боп шықты. Күштілігі сондай, мені тоғанға жете берерде өзімен бірге ілестіріп, сүйреп әкетті. Тоғанға қалайша, екінші мәрте сүңгіп кеткенімді сезбей қалдым. Біткен жерім осы деп, жанталасып, терең тоғанда, қойдың мойнына жармасып, әрең дегенде аяқ жақтан сүйретіліп бір-ақ шықтым. Сейітбек қолымнан шап беріп ұстап, жиекке көтеріп шығарды.
– Аяғыңды ауыртып алғансың ба?.. – деген дауысқа қарасам, шынында да, орнымнан тұрайын десем, тобығым бастырмайды. Май төгілген ағаш едендегі тесікке сол аяғым кіріп, тайғанып жығылғанда аздап жарақаттап алғандаймын. Ақсаңдай басып жерге отыра кеттім.
– Жігіттер, соғыста, алғашқы солдатқа немістің оғы тиіп, жараланып, мұрттай ұшты!.. – деді, қасыма кеп жантая кеткен, Орындай тентек, маған сығырая қарап, жаны ашыған сыңай білдіріп.
– «Күлме досқа, келер басқа» деген, басыңа келсін!.. Тұра тұр, бәлем… – деп Әліпбек досым маған болысып, Орынтайға шүйлікті. Жаныма келіп, тобығымды ұстап, ары-бері аударып тексеріп, – Сіңірің созылған, шығып кетпегеніне шүкір! – деп қолдау көрсетті. – Ауырып тұр ма? – деді қайталап сұрап. Көзі мұңға батып, енді болмаса Орынтайға тиісе жаздап, шын жаны ашып тұр. Оның көзі, әсіресе мені аяғанда қасіретке толып кетеді.
– «Жығылсам, жер көтереді» емес пе?! – деп басымды шайқадым. Орнымнан бірден түрегеп кете алмадым..
– Зәрем зәр түбіне кете жаздады ғой!.. Орынтайдың сыбағасын өзім берем. Сен жазылып кетесің, – деді Әліпбек досым. Осы кезде бір қызық оқиға болды. Қораның ішінен «Ойбай!.. Ойбай!.. Аяғым-ай!..» деген дауыс естілді. Әліпбекке ілесіп, ақсаңдай басып, қора жаққа ұмтылдым. Әліпбектің айтқаны дәл келді. Ендігі кезекте Орынтай тентектің де, аяғы менің аяғым кірген тесікке кіріп, оңбай сүрініпті. Кәдімгідей, тәп-тәуір жарақат алған секілді. Жерде домалап, екі бүктетіліп, аттанға аттан қосып жатыр. Балалардың бәрі үрпиісіп қалды. Осы кезде шойнаңдап ақсақ Жақып та жетті.
– Қызталақтар… Бір қойға шамаларың жетпей жатыр ма!?. Сендерді де жігіт дейді ғой?.. Әлі жұмыс бастан асады. Жаз жылжып өтіп барады. Сендер болмаса, кім істемек, осының бәрін… Ертеңнен бастап қырдағы шөпті орымға, сосын, жинауға шығамыз!.. – деп ақсақ Жақып қарсы айқайға басты.
– «Жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын» деген, – деп Әліпбек кіжініп құлағыма сыбырлады.
Бес жігіт ортамыздағы Орынтайды кезек-кезек арқалап, тамақтанып әлденіп алған соң, бір белден асып, ауылға қайттық.
Біздің аулымызда бір түрлі, есі кіресілі-шығасылы адамдар көп. Олар ауыр тұрмыстан қажыған ба дерсің, бір қарасаң, ақымақ та, енді бірде қарасаң, шетінен ақылды. Шетінен тілін безеген, сөз бермейтін шешен. Демек, бір жағынан – олаймыз, бір жағынан – былаймыз. Үлкендер де кейде өте бауырмал, тату боп көрінсе, енді бірде бір-бірін өсектеп, ауыл үй отырып, бір-біріне біраз уақыт бас сұқпай кететін де кездері болады. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Өзіміз от тастаймыз, артынан өзіміз ағайын боп, су себеміз. Бірақ бұл біздің ақымақтығымыздан да емес. Біздің көңіліміз ойлаған ойымызға емес, сөзбен сөзге жауап беріп, қызбалыққа салынғанымыздан ба деп те ойлаймын. Бар кілтипан, осында!.. Кеше ғана біздің туысқан Беркімбай атамның үйіндегі Өсеркүл әжем үйге келіп, ауылдың жоғары жағында тұратын керең құлақ Палаш ұстаның қылығын айтып, жаға ұстатты. Әншейінде бүкіл ауылдастарының өтінішін жерге тастамай, көмектесіп жүретін, мейірімді, сөзге жоқ, саңырау ұста кеше жас бұқасын базарға жетектеп бара жатып, онысы жетекке көнбей қо­йыпты. Ары сүйреп, бері сүйреп, әбден ыза болған атамыз «Әй, иттің ғана баласы-ай!.. Сен биік пе, әлде мен биік пе?!» – деп, жуан жұдырығымен қақ маңдайдан бір періп қалса, жас бұқа сол тұрған жерде тіл тартпастан мүрдем кетіпті. Өсеркүл әжем аузы аузына жұқпастан осыны өсектеді де, артынша біреу қуғандай, тез үйіне кетті. Соңынан ауыз үйге ілесе шыққан апам оның кебісін «ұмытып» кеткенін айтты.
– Өсеркүл қазанға салған еттің иісін сезіп, калошын әдейі қалдырып кеткен шығар!.. – деп төрде төсекте жатқан әкем әзілдеді. Айтқанындай, ет пісіп, дастарқанға қойылатын кез жақындады-ау дегенде, Өсеркүл әжем де үйге жетті-ау.
–Үйбүй, қараң қалғыр… қартайған кісіде ес болушы ма еді? Кебісімді таба алмай, іздеп бармаған жерім жоқ. Содан, әзер дегенде, осында қалды ма деп келсем… жатыр екен ғой! –деп, дастарқанның шетіне қисая кетті.
Бригадир ақсақ Жақыпты алайық. Бүкіл аулымызда оны жақсы көретін адам жоқ шығар. Әйтсе де, бір қызығы, ол осы ауылдағы әрбір шаңыраққа көмектесіп, шаруаларына қол ұшын беріп жүреді. Жетім-жесірге отын-суын кіргізісіп, қысқа малдың жем-шөбін түсіріп алу да осы ақсақ Жақыптың құзырында жүзеге асады. Бәрінің күні соған түсіп тұр. Есесіне ақсақ Жақыптың айтқаны екі етілмей орындалады. Енді қайтсін, мынадай елге қаталдық танытпасаң, басыңа шығып кетпей ме. Жаман атына жарбиып мініп алады да, әр үйдің алдына кеп, көшеден айқайлап, әмірін беріп кетеді. Осы шағын ауылдың бала-шағасы былай тұрмақ, үлкендеріне дейін қожайын.
Бүгін де таң атпастан ауыл ортасындағы жалғыз көшені басына көтеріп, өріске шыққан малмен жағаласып, үй-үйді кезіп жүр.
– Ертеңнен бастап, қырдағы орылған шөпті жинауға, маялауға шығамыз. Қолына айыр ұстай алатындар түгелдей жұмысқа шығады. Алдымен, совхоздың шөп планын орындап алайық, сосын, әр шаңыраққа тиесілі үлесін бергіздіремін,– деп дауысы қарлыққанша сөйлеп, дікеңдеп барады. Біздің үйде бас көтеретін жалғыз мен. Апам мен әкем екеуі де жасы келген соң, есік алдында еңселерін әрең көтеріп жүр. Жасым он бесте болса да еңбекке жарап тұрған өзім. «Жүгірген тазының табаны тозбас» деп апам айт­қандай, кішкентай болсам да намысқа тырысамын.
Күн әлі шықпаған. Ауылдың бас жағынан сиыр мөңіреп, қораздың шақырған үні естілді. Күндегі әдетпен ерте ояндым. Көшенің қарсы бетіндегі, үйі есікпе-есік отырған досым Әліпбек екеуміз оңаша отырып, бригадир ақсақ Жақыптың қандай жұмысына жарайтынымызды ақылдастық.
– Анау, атпен сүйреп жүріп шөп оратын дөңгелекті ораққа отырып көрсек қайтер екен, ә?.. Бір жағы, рөлде шіреніп, отырып ап жұмыс істеген жеңіл шығар?.. – дедім.
– Атай көрмегін оны. Аттың сырын да білмейсің. Оның үстіне, орақтардың жүзі қылыштың жүзінен бетер лыпып тұр. Құдай оның бетін арман қылсын, егер де байқамай, қалың шөп арасында жасырынып жатқан бір тасқа соғылып, орағың тіреліп сынса, шаруаң бітті дей бер!.. Орағың сынғаны былай тұрсын, орындықтан ұшып кетіп, орақтың жүзіне бір-ақ түсесің. Ана Қарағайдағы ауылда былтыр бір дардай кісі осындай ораққа туралып, мерт болған жоқ па?» – деп Әліпбек табан астында қайдағы-жайдағыны еске түсіріп, менің төбе шашымды тік тұрғызып, иманымды ұшыра жаздады.
Бригадир ақсақ Жақып бәрімізді Шоқан төбедегі орылып қойған алқаптағы шөпті жинауға алып кетті. Үлкендер төбенің басына арбамен тасып әкеп, жиналып қойған шөпті маялауға кірісті.
– Тұрымтайдай тұрқыңмен мына, сені… қандай жұмысқа жұмсасам екен? – деп, ақсақ Жақып маған бақшиған көзімен жақтырмай қарады. – Шалғы тартуға шамаң жетпейді, айыр ұстауға білегің шыдай алмас…
Кенет ол бір шешімін тапқандай, сөзін шорт кесті.
– Ат жегілген темір тырма бос тұр. Қол тежегіші мен аттың шылбырына ие болсаң, жетіп жатыр. Жүйекке тақағанда тежеуішті көтеріп, педалды басасың. Жүйектің тұсына тырма толы шөпті ағытып, тастап кетіп отырасың, жарай ма?.. – деді. Бұндай тоқтамға мен де қуанып қалдым. Әйтеуір, бір жұмысқа жарасам, оған да шүкір. Қанша дегенмен, ыстық күнде айыр ұстап, белің майысып шөп көтермейсің. Бар болғаны аттың тізгініне ие боп, тежеуішті басып отырсаң болды емес пе.
Бір рақат сезім лезде буын-буынымды жүгіріп өткендей болды. Әйтеуір, қамшы мен тізгін қолымда, анда-санда тырманың жүзіне шөп толғанда тежеуішті көтеріп, педалды шірене басып, жиектің шетіне тастап кетіп отырармын. Көз алдыма газеттерден оқып, жадыма мықтап сақтаған, жақында ғана ғарышқа жол салған Юрий Гагариннің күлімсіреген шырайлы жүзі елес берді. Менің мынау, ат жеккен тырмамның, оның космос кораблінен несі кем?.. Иә, шаттықтан шалқыған бір сәт еді, бұл. Көптен бері, сонау креолинге қоймен бірге тоғытылған күндердегі қорқыныштың орнына, алыстағы ұмытылған батылдығым, әлдеқайда адасып қалған қуанышым қайта оралды. Мен бір өзім ғана бақытты емеспін, қаласам, үйдегі апам мен әкемді де өзімнің үлкендерден қалмай атқарған еңбегіммен бақытты ете аламын. Менің қолымнан келмейтін іс жоқ. Мен кеудемді керіп көтерсем, басымды шайқасам, көк аспанның өзі теңселіп кетеді. Ойыма қайдан түскені белгісіз, біздің көшенің төмен жағында тұратын Жалмырза көкемнің мүләйім түрі көз алдыма елестеді. Кей күндері ол араққа сылқия тойып алғанда, бір сөзді үнемі қайталайды:
– Өмір деген… бір рет қана адам баласына беріледі. Бір күні, мен де Гагарин сияқты, аспанға ұшамын!.. Қазақтан да, Жалмырза деген космонавт шығады! Көрерсіңдер әлі!.. – дейді.
Жалмырза көкемнің бір ерекше қасиеті сау кезінде, өмір бойы көзін ашқаннан техникаға үйір. Есігінің алды совхоздың кішігірім гаражы дерсің. Ескі сынық соқаның жүзі, тырма, темір-терсекке толы, аяқ алып жүргісіз. Төмендегі жазықтау жерде сонау Сталин заманынан қалған, арса-арсасы шыққан, атамзаманғы «Зил» машинасы тұр. Оған ешкім мән беріп көз де салмайды, мұражайдағы зат секілді балалар ғана қызықтайды. Жалмырза көкем жаз бойы оның кабинасын тақтай мен панерден төрт бұрышты етіп құрастырып, жап-жасыл етіп бояп шықты. Қазір ешкімді де маңайына жолатпайды. Аудан, совхоз орталығынан бөлшектер әкеп, жөндеумен болды.
Жеңіс күні – 9 майда көкелерің Гагариннің ерлігін қайталайды! Сөз беремін!.. – деді Жалмырза көкем, бір күні біздің үйдің іргесіндегі шағын дүкеннің алдындағы тапшанда араққа сылқия тойып отырып. Біз балалар, оның сөзіне мәз боп күлдік. Сол, өзі уәде берген 9 май күні келгенде Жалмырза көкем машинаны түгелдей жөндеп бітіріп үлгере алмады. Бір бөлшегі табылмады. Арада бір ай өткесін дүкеннен Жалмырза көкемнің тағы да күндей күркіреген дауысын естідім. Көптен ойына алған үлкен шаруаны аяқтап, соны жуып отыр екен. Бүгін, ол аса қызу еді.
– Ауылдастарым, ағайындар, балаларым!.. Құлақ қойып, мені тыңдаңдар!.. Бүгін, Жалмырза көкелерің… өзінің көптен күткен арманына жетеді!.. Қазақтан да бір Гагарин көк жүзіне көтеріліп, аспанға самғап ұшады… – деп, жанындағы жиналып қалған кісілерге айқайлады. Шарбаққа асылып, қызықтап тұрған балалар, оның мына сөзінің мағынасын толықтай түсіне алмасақ та, бір шыжықтың болатынын сезгендейміз.
– Мен білсем, Жалмырза көкем, машинасын жөндеп біткен секілді, – деді Әліпбек бұл жайдан хабары барын білдіріп. Жанындағы жұрттың басу айтқаны Жалмырза көкемді одан бетер ашуландырды.
– Қане, еріңдер, менің соңымнан!.. –деп, ол бір кезде орнынан көтеріліп үйіне қарай беттеді.
– Бақыт үшін… бүкіл өмір емес, бір ғана сәт жетіп жатыр!.. – деді ол тағы да айқайлап.
Ол бойын тік ұстап, тоғайдағы ескі машинасының жанына келді. Кабинасының ағаш есігін оп-оңай ашып, ішіне көтерілді. Талай жыл қоқысқа саналып, далада жатқан ескі машинаның енді бірде гүр етіп от алғанын көріп, жиналған жұрт таңғалысты. Жалмырза көкем машинасын орнынан қозғап, ауылдың қарсы беткейіндегі Шоқан төбеге шығатын ескі сүрлеуге салды. Әне-міне дегенше, түтінін бұрқыратып биік төбенің басына құ­йындатып бір-ақ шықты. Үлкендер: «Иә, Алла, мына баланы сақтай гөр!..» десіп, Құдайына жалбарына бастады. Жалмырза көкем төбенің ең биік шоқысына шыққан соң, төмендегі көздерін алмай қарап тұрған ауыл адамдарына шәпкесін бұлғап дауыстады:
–Уа, ағайындар!.. Мен осы төбеден анау тұрған көк аспанға ұшып кетемін!.. Ұшамын!.. – деп, енді бір сәтте, машинасының тежегішін ағытып, газға барынша басты.
Жұрт ары-бері жүгірісіп, не істерін ойлап үлгергенше болған жоқ, Жалмырза көкем машинаның тізгінін төмен қарай ағытты. Жолсыз, қалың шөп-қурай басқан беткеймен Сталин заманынан қалған соңғы машина төмен қарай құйғыта жөнелді. Енді бір сәтте жолай бір сайға түсіп, қалың шаңға көмілді де, көзден ғайып боп кетті. Адамдар шулаған боп, бірі атқа, екіншісі есекке жармасып, Жалмырза көкемді іздеуге шықты.
Жалмырза көкем, тепсе темір үзетін күші бар, қолынан бәрі келетін бесаспап азамат, сөйтіп, өзінің өмір бойғы армандаған асыл арманына жетемін деп жүріп, көкке самғаған қиял-ғажайып ертегілеріне сенемін деп жүріп, арақ деген әзәзілдің жетегінде кетіп, сол күні құзға құлап, қапияда мерт болды. Ауыл болып аза тұтты. Ол осы қылығымен бүкіл ауылдастарына еңбекпен келетін жетістігі мен жігерін танытумен бірге, баладай аңғал жүректі ішімдік деген зәрлі удың улап өлтіріп тынатынын көрсетіп кетті. «Жеңіс үшін!.. Сталин үшін!..» деп үлкендер, дүкенде тұрып тост көтерудің, ендігі жерде, мән-мағынасы жоқ екенін өзгелерге тағы бір дәлелдеді.

***

– Жә, жетер!.. Жетер енді!.. Жұрт көрмегенді көріп, жұрт естімегенді естіп қоятын қандай әдет, осы мендегі. Есім ауысқаннан сау ма?!.
Бір қолымда аттың тізгіні, екінші қолымда қамшы, темір тырманың биікте отырғанда құйрығыңа шап-шақ келетін орындығына жайғасып ап, аяғымды төмендегі педалға тіреп тұрып осындай ойға келдім. Нар тәуекел, қайдағы өмірден өтіп, бақилық боп кеткен Жалмырза көкемді есіме түсіріп, оған өзімді теңегенім не, сонша? Гагарин боп космосқа ұшпасам да, қанаты жүйрік ақ боз аттың тізгіні қолымда, темір жүздері жерді сызған тырма астымда, қамшы білегімде. Тежеуішті көтеріп, педалға аяғымды тіреп:
– Шу, жануар!.. Кеттік!.. – деп, қамшымен ақбоздың жонын ақырын сипап өттім.
Небәрі он бес жастағы балаға темір тырманың тежеуішін сан мәрте көтеріп, педалды басу оңай емесін біраз уақыт өткенде ақырындап сезіне бастағандаймын. Жүздері имек тырманың астына жентектеліп жиналған шөпті жиектің қатарына жақындағанда көтеріп, қалдырып кету керек. Артыма қараған сайын ұзыннан-ұзақ жатқан жал-жал жиектерді көріп, істеген жұмысыма деген мақтаныш сезімі кеудемді кернейді. Апам мен әкем менің осы ісімді көрсе ғой, шіркін, деп ойлаймын. Менің үлкендерден еш кем емес жұмыс жасап жатқанымды білсе ғой, шіркін, деп ойлаймын. Ақбоз да тізгінге көнбей, шаршап, болдыра бастаған ба қалай. Бірде кібіртіктеп тоқтай қалып, не оңға, кейде солға қарай басын бұрып, тізгінді тарта береді. Тізгінді тежеп, біраз дем алып алсам ба деп те ойладым. Бірақ алдымдағы атырапқа көз салсам, ендігі діттеген мөлшердің азғантай бөлігі ғана қалған секілді. Құлқайыр, топ-топ шайыр, қурайы бітік өскен ойпаттау жерде тырманың жүзі жерге тіреле берді. Не де болса, тәуекел деп, ақбоздың жонынан қамшымен қаттырақ осып жібергенім сол-ақ екен, аттың басы аспанға көтеріліп, бір жағына қисая берді. Енді бір сәт орнынан шалт көтеріліп, алға ұмтылды. Орындықта әрең қалт-құлт етіп отырған мен, қолыма оралып қалған тізгіннің жұлқи тартқан екпінімен төмен ауып, домалап кеткенімді білемін.
Есімді жидым… Түсім бе… қалай…
Аппақ сақалы тарам-тарам, түгелдей омырауын жапқан, ақ сәлдесі басында, үстінде киген аппақ көйлек-дамбалы көзімді қарықтырады, көзі аспан секілді көгілдір қария мені тізесінің үстіне алып, бас-аяғымды, денемді түгел қарап, басымнан ақырын ғана сипап отыр.
–Тіпә…тіпә!.. Құдай оңдап, туралап келген бір ажалдан аман қалдың, балам!.. Сені… құртақандай қалпыңмен, мынадай темірге кім отырғызып жүр? Орындықтан мұрттай ұшып, анау тырманың өткір жүздерінің ішінде, шөппен бірге жентектеліп жатқан жеріңнен тауып, әрең шығарып алдым, балам!.. Ана аттың, бір орнында, мен келгенше, тапжылмастан қанша уақыт тұрғанын, бір Құдайым білсін!.. Қорғап жүретін Қайыперен Қырық Шілтен мен Қыдыр атаң бар екен!.. Өмірің ұзақ болсын, балам!.. – деді де, қария үстін қағып, орнынан тұрып, кетуге жиналды.
Орнымнан тәлтіректей тұрып, мен де үсті-басымды түгендедім.
Мөп-мөлдір көк аспан тұнып қалған су сияқты. Көңілім біртүрлі құлазып, есімді енді-енді жинай бастағандаймын. Шындығында да, мына қырқаның басында, айдалада шөппен бірге жентектеліп, қарным жарылып па, көзім шығып па, өліп кетсем, мені кім іздеп табады деген суық ой басыма келгенде денем тітіркеніп кетті.
Ақбоз аттың ноқтасын ажыратып, тырманы қырдың басына қалдырдым. Әлгінде ғана жанымда сөйлеп тұрған ақ сақалды қарияға алғысымды айтайын деп енді жан-жағыма жалтақтап қарай бастадым. О, ғажап!.. Тұп-тура, өңімдегідей, қасымда тұрған адам, лезде, ізім-ғайым жоқ!.. Ғайып болған ба дерсің!.. Айнала теп-тегіс, сағым қуған жазықтан ештеңе көзге көрінбеген соң, оң қапталдағы Шілтерлі сайға атымен түсіп кетті ме деп, жүгіріп сай жиегін жағалай жүріп шолып шықтым. Алғыс айтуым керек қой. Қол-аяғым дірілдеп, ойым астан-кестен боп жүргенде ақсақалды атадан қалайша, көз жазып қалғанымды сезбей де қалдым. Құс боп, анау көктегі бір шөкім бұлтқа ілесіп кеткен секілді. Ең болмаса атын да сұрап үлгермедім-ау!.. Бұл маңайдан ондай аппақ сақалы омырауын жапқан, ақ сәлде орап, ақ көйлек пен дамбал киген адамды бұрын-соңды көрген де, естіген де емеспін.
Кешкісін үйге келгесін Қалыш апама болған жайды шай ішіп отырып, құлағына сыбырлап қана жеткіздім. Менің басымнан өткерген, күндіз көрген-білген оқиғамды әлдекім естіп қойса, анау мені ғайыптан кеп құтқарып қалған ақ сақалды қарияға зияным тиіп кетердей немесе қиялымдағы тәтті бір елесті шошытып алардай қатты қобалжыдым. Апам болған жайды сабырмен, бірқалыпты отырып тыңдады. Қатты қобалжығанын сездірмеу­ге тырысып бақты. Тек қана, әдетінше, су ұрттап, ұшықтап, дұғасын қайта-қайта оқып, айналып-толғанып, Құдайына жалбарынып жатыр.
– Ертең ертесімен, анау ақсақ Жақыпқа өзім арнайы барып, сені жұмыстан босат­тырып аламын, көкенайым! – деді.
Апамның тізесіне басымды сүйегенім сол, көзім ілініп барады екен. Апам, әкеме күбірлеп:
– Анау қорадағы бір тоқтыны сойып, көрші-қолаңға садақа берейік. Көкена­йым бір ажалдан аман қалыпты. Қыдыр атасы келіп, қолтығынан көтермегенде, нендей жағдайға тап боларымызды бір Құдайым білсін, – деп күбірледі.
– Қыдыр ата… Қыдыр ата, қолдай гөр!.. – деп жатып, тәтті ұйқының құшағына еніп кеттім.

Астана

Құдиярбек АҒЫБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір