БЕКЛЕРБЕГІ – ЖҰМАҒАМБЕТ ЖАНШОРАҰЛЫ
Жұмағамбет, Жұмағұл,
Хандармен болған табақтас,
Билермен болған сабақтас,
Асыл ердің данасы.
Халқының болған панасы,
Туар ма, шіркін, қазақта
Бұлардай адам баласы.
Сәттіғұл Жанғабылұлы
«Жамағат, біздің тарих – алтын
шынжыр,
Әр жерден жиі үзіліп,
көп жалғанған» –
деп Есенғали шайыр жырлағандай, қаймана қазақтың басынан қилы-қилы заман өткені белгілі. Әріге бармай-ақ өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы большевиктер төңкерісі, табиғи жұт пен ашаршылық, кәмпескелеу мен ұжымдастыру, ұлт-азаттық көтерілістер, саяси қуғын-сүргін, ІІ Дүниежүзілік соғыс 6 млн қазақтың тоз-тозын шығарып, есінен тандырып, жартысынан көбін жойып жіберді. Кемеңгер Әбіш ол кезеңді: «Малы менен дәулеті түгілі, ақылы мен әулетінің қайда қалғанын білмей қалған кез болды» деп суреттеді. 
Ал әрідегі Патшалық Ресейдің қазақты отарлау дәуірі өз алдына бір тақырып. Азаттықтан айырылған елдің азабы аз болған жоқ. Сол бір кезеңдерде өмір сүрген, аты-сойы тарих беттерінен көмескіленіп, ұрпақ жадынан ұмытылған талайлы тарландар өтті. Олардың қызметі заманында мыңдаған адамның өмірін сақтап қалса, жүз мыңдаған бүгінгі ұрпақтың өсіп-өнуіне себепкер болды. Сондай асыл тұлғаның бірі – Хиуа хандығының Беклербегі Жұмағамбет би Жаншораұлы еді. Құжаттарда есімі «Жұмамұхаммед», «Джумамогамед Джаншурин», «Жонмухамед», «Жұмахамет» деп кездеседі.
Шыққан тегі Адайдың Тәзіке арысы. Оның ішінде, Өтей-Төлек атлығынан тарайды.
Өмірзақ Қалбайұлының шежіресінде: …Төменгі тәзікелер ішінде өткен белгілі кісілерден білмейміз, ал жоғарғы Бесқала атырабында жүрген тәзікелерден Жұмағамбет, Жұмағұл деген зиялы кісілер, Қожатілеу, Нұрмұхан сынды біліктілер болғанын еске салып өтеміз» деп жазады.1
Өмірзақ ақсақаладың айтып отырған Жұмағамбет, Жұмағұлы – осы мақаланың басты кейіпкерлері. Ал Қожатілеу сол Жұмағамбеттің бел баласы.
1838 жылы Нарындағы Исатай-Махамбет көтерілісі жеңіліс тапқасын, Бөкей Ордасын жайлаған тәзікелердің де басына қара бұлт үйірілді. Қолына қару алмақ түгілі, көтерілісшілерді қару-жарақ жасап, оқ-дәрімен қамтыған әйгілі Шәкір ұста бастаған тәзікелер руының шеберлері қудалауға ұшырап, бас сауғалап кетеді. Оның ішінде Жұмағамбет, Жұмағалидың әкесі Жаншора да бар.
Күндердің күнінде ағалы-інілі Жұмағамбет пен Жұмағали Хорезм жағына қоныс аударуға бел буады. Жолда кетіп бара жатып, жол-жөнекей кездескен үйір жылқыны айдап кеткені. Жылқы Ожырай кетенің бір старшынының үйірі екен. Көп кешікпей арттарынан қуғыншы шығады. Жұмағамбет аса ірі кісі болыпты. Мініске бір ат шыдамайтын болған соң, жетегіне тағы бір атты ерттеп алып жүрген екен. Ірілігі соншалық, астындағы мінген атының тұяғы жерге тереңірек сіңіп түседі екен. Қуғыншылар жерге сіңіп түскен ат тұяғының ізін көріп, үркіп қалады. Ішінде жол бастап келе жатқан ақсақалы: «Мынау тегін адам емес. Асылы бұл жылқы енді бізге бұйырмайды. Сендер ауылға қайта беріңдер!» деп қуғыншыларды қайтарып, қасына бір адамды ертіп жолын жалғастырады. Жолда денесі лашықтың ішінде, аяғы лашықтың сыртында жатқан Жұмағамбеттің үстінен түседі. «Жігіттерді ауылға қайтарғаным дұрыс болған екен, мына дәу, сірә, адамды аман жібермес» деп абдырап тұрған биге Жұмағамбет: «Жылқыңды алуға келдің бе?» – дейді. Сонда ақсақал: «Апыр-ай, мына денеңмен барымта жасап жарымайсың. Маңдайың жазық, жүзің момын екен. Жылқымды алуға емес, алған адамды көруге келдім. «Сен енді бұл жүрісіңді қой, шырағым, жолыңды өзгерт.Саған ел бастау жарасар», – деп ақ батасын береді.
Содан Хиуа шаһарына жеткен соң, бұлар сол жылқыларды сатып, пұл қылып, түскен ақшаға етікшілік кәсіппен айналыса бастайды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ұсталық пен зергерлік өнер қанмен дарыған Жұмағамбеттің тіккен етіктері ел аузында аңызға айналады. Оның етіктерінің бір ерекшелігі – сексеуілдің тамыры мен киіктің терісінен тігіліп, күміспен әшекейленетінінде. Кәсібі гүрлеп, Хиуа базарында аты шыққан Жұмағамбеттің етіктеріне хан сарайындағы ханзада-ханшайымдардан да тапсырыстар түсіп жатады.
Бір күні Хиуа ханы уәзірінен:
– Сексеуілдің тамыры мен киіктің терісінен, күміспен көмкеріп тігетін етікші бұрын біздің елде жоқ еді. Бұл қайдан келген етікші? – деп сұрайды.
Уәзірі:
– Уа, хан ием! Бұл – бір қырдан келген дәу адай-қазақ. Етіктері әдемі, әрі арзан, әрі тез тігеді. Жұрттың бәрі соған ағылуда, – дейді.
Хан, атағы дүркіреп тұрған шеберді көзіммен көрейін деп, сарайға алдыруға пәрмен береді.
Жұмағамбеттің алып тұлғасына таңғалған хан:
– Сен мына денеңмен етікші болғаның дұрыс болмас. Бүгіннен бастап базардың бажбаны боласың. Сенің түріңнен қорыққан саудагер сарттар салығын уақытында төлейтін болады. Саған сенім арттым, адалдығыңды уақыт көрсетер, – деп, оны Хиуа базарының салық жинаушысы етіп тағайындайды.
Етікшіден бір күнде салықшыға айналған Жұмағамбеттің бұл қызметі де өрге домалай түседі. Аз уақыттың ішінде салық түсімі көбейіп, хан қазынасы молаяды. Хан Жұмағамбеттің адалдығына риза болып, бұрынғы бажбандардың қылмысын әшкерелеп, қазақ салықшыға деген сенімі арта түседі. Жұмағамбет енді Хан сарайында игі жақсылармен бірге отырып, қатар жүретін болады.
Бір күні сыйлы қонақтармен бірге ханмен табақтас болып отырғанда, ханның сақалына үш-төрт күріш жабысып тұрғанын көріп: «Хан ием! Бадай тоғайында үш мүсәпір адасып жүр. Соларды шығарып жіберсеңіз», – дейді астарлап. Хан «мына қазақ не айтып отыр?» деп мұның сөзіне түсінбей, сол қолымен сақалын сипап қалғанда, алақанына түскен күріштерді көреді. Сонда Жұмағамбет: «Рақмет, хан ием! Шығарып жібердіңіз», – деп палауын жей береді.
Шартараптан келген қонақтар аттанғасын, хан уәзірлерін жинап, Жұмағамбеттің ақылы мен әдебіне, сөз тапқырлығына, адал қызметіне риза болғанын білдіріп, оны беклербегі етіп тағайындайды. Алтын қынапты қылыш, белбеу және Бадай тоғайын иелігіне береді. Сөйтіп, баяғыда жылқысын алдырған қуғыншы Кете ақсақалдың батасы қабыл болыпты. Сыйға алған қылыш бүгінде Бұқара қаласының музейінде сақтаулы. Ал Бадай тоғайы Қарақалпақстанның Беруни ауданында, Әмудария өзенінің жағасындағы әсем табиғаты бар қорық. Ол жерде Хан заманында «Жұмағамбет қорығы» деп жазылған тақтайша болған екен.
Ал енді Жұмағамбет Хиуа жеріне қай жылдары барды? Өкінішке қарай, біздің қолымызда нақты дерек жоқ. Жұмағамбет шамамен 1842–1843 жылдары туылған. Жиырма жасында барды деген жорамалымыз бойынша, бұл – 1864 жыл. Ол кезде Сейт Мұхаммед хан өлгеннен кейін, билікке Мұхаммед Рахим хан II келген. Жұмағамбетті беклербегі етіп тағайындаған да осы хан.
Мұхаммед Рахим хан II тұсында Ресей империясы Орта Азияны отарлап, Хиуа хандығы тәуелсіздігін сақтай отырып, патшаға мойынсұнды. 1870 жылғы Маңғышлақтағы Иса-Досан көтерілісі жеңіліс тапқаннан кейін, патша әскері 1873 жылы әйгілі Хиуа жорығына аттанды.
XIX ғасырда Ресей империясы мен Хиуа арасындағы шиеленіс Орта Азиядағы Ресейдің кеңеюі, олардың қазақ даласындағы ықпалы үшін бәсекелестік және хиуалықтардың Ресей сауда керуендерін тонауы нәтижесінде өршіді. Хиуаны басып алу 1873 жылдың көктемінде Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфманның басшылығымен басталды. Наурыз айының басында Ташкент, Орынбор, Маңғышлақ және Красноводск қалаларынан (әрқайсысы 2–5 мың адам) жалпы саны 12–13 мың адам, 56 мылтық, 4600 жылқы және 20 мың түйе қатысқан төрт отряд жорыққа аттанды.
27–28 мамырда Хиуа маңындағы шайқастарда хан әскері жеңіліс тапты. Хиуа 29 мамырда алынды, ал Мұхаммед Рахим хан II Патшаға берілді. 1873 жылы 12 тамызда қол қойылған Гендемиян бейбітшілік келісімі хандықтың Ресей протектораты мәртебесін бекітті. Хан өзін Ресей императорының «бағынышты қызметшісі» деп жариялады және Әмударияның оң жағалауындағы хандықтың барлық жерлері Ресейге өтті. Бұл жерлер Ресейге тәуелді Түркістан өлкесінің Әмудария бөлімінің құрамына кірді.
Тәуелсіздіктің жоғалуы хандықтың ішкі өміріне әсер етпеді, бірақ Ресей билігі хандықтағы құлдықты жойды. 1873 жылы Ресей қарауына өткен жерлерде алғашқы әкімшілік Әмударияның оң жағалауында орналасты. Ол Әмудария округі аталып, 1874 жылы Әмудария бөлімі болып өзгертілді. Орталығы Төрткүлде орналасты. 1887 жылы Түркістан өлкесін басқару ережесін енгізгеннен кейін, бөлім Сырдария облысына бағындырылды. Әмудария бөлімін Түркістан генерал-губернаторлығына тікелей бағынышты, зор құзыреті бар бастық басқарды. Әмудария бөлімінің жалпы аумағы –
97 960 шаршы верст. Халқының саны — 194 473 адам. Басқару аппараты толықтай Ресей патшасының шенеуніктерінің қолында болды. Құрамында бөлім бастығына бағынған Шурахан және Шымбай приставтары болды.
1873 жылы Хиуа хандығы аумағында 5000 түтін немесе 25 мың қазақ мекендеген. Олар негізінен Қожелі, Көне Үргеніш және Қоңырат бектерінде өмір сүрді. Бұл жалпы халықтың үштен бірін құрады. 1873 жылы маусымда Әмударияның төменгі ағысында ғылыми зерттеу жүргізген А.Л.Кун көшпелі қазақтардың оазиске іргелес далалық жерлерді қоныстанғанын жазды. «Кейбір көшпенділер жартылай көшпелі өмір сүреді, олардың егістіктері мен жайылымдары хандықтың шетінде орналасқан» деп көрсетеді зерттеуші. Сондай-ақ отырықшы өзбек халқы арасында да көшпелі қазақтар мен қарақалпақтар жиі кездесетінін атап өткен.
1873 жылы А.В.Каульбарс Әмудария атырауының батыс шетінде Кіші жүзден шыққан қазақ тайпаларының өкілдерін былай көрсетеді: «Байұлынан адай, алаша, Жетірудан табын, сондай-ақ Әлімұлынан шекті тайпасының өкілдері Үлкендарияның жоғарғы және төменгі ағысында қоныстанған. Қоңыраттың оңтүстігінде, негізінен, адайлар өмір сүрген. Шоманай мен Қиятжарған арналарының жоғарғы және орта ағыстарында қарақалпақтармен аралас адайлар мен алашалар, Шортамбайдың сол жағалауында табын ауылдары, ал оңтүстігінде қаракесек руы болған. Лаудан бассейнінде (бұрынғы Айбүгір шығанағы) адайлар, алашалар, табындар мен шектілер өмір сүрген. Ең көбі — адайлар. Олар Маңғышылақтан Үстірт үстірті арқылы қоныс аударған. 500-ге жуық адай шаруашылықтары Көне Үргеніштің солтүстігінде, Айбүгір шығанағына жақын және Әмударияның батыс арналары — Шоманай, Қиятжарған, Ханарық арқылы көшіп келген».
Кейінірек, 1903 жылы Гиршфельд пен Галкин Хиуа хандығында тек Көне-Үргеніш пен Қожелі бектерінде 17 610 қазақ өмір сүрді деп жазды. Әмударияның оң жағалауы Ресейге қосылғаннан кейін қарақалпақ және қазақ шаруашылықтары бірнеше рет Әмудария бөлімінен Әмударияның сол жағалауына көшті. Әдетте, Хиуа хандығына көшіп өтетіндердің көпшілігі антиресейшіл діни үгіт-насихатқа бой алдырған адамдар болатын. Мұрағат материалдарында осы себепті Әмудария бөлімінің бастығы мен Хиуа ханы арасында бірнеше мәрте ресми келіссөздер жүргізілгені туралы мәліметтер бар.
Мәселен, 1876 жылы 12 ақпанда Әмудария бөлімінің бастығы Иванов Мұхаммед-Рахим ханға былай деп хат жолдаған:
«Я вновь сделал распоряжение, чтобы всякие перекочевки в пределы ханства были прекращены, людей же неблагонадежных и имеющих намерение откочевать приказал отдавать на поруки, с чем и предписал участковым начальникам объявить населению отдела».
Ал 23 ақпандағы тағы бір хатында ол былай деп жазады:
«Никаких перекочевок с правого берега на левый быть не должно. Мне частью известно, что некоторые из старшин левого берега занимаются сманиванием к себе здешнего населения; если это известие подтвердится, то мне придется поссориться со старшинами».
Осылайша, Кіші жүз қазақтары Маңғышылақ приставының, Әмудария бөлімі әкімшілігінің және Хиуа хандығының арасында көшпелі не жартылай көшпелі өмір сүріп жатты. Бұл тынышсыз, саяси ахуалы күрделі кезең еді. Қай әкімшілікке барса да, қазақтар салықпен қысыла берді, ал керуендері мен жолаушыларын түрікмен қарақшылары тонап, адамын өлтіріп отырды.
Осы шиеленіскен жағдайда Жұмағамбет би орыс пен қазақ, қазақ пен түрікмен, хан мен бұқара арасындағы араағайын, делдал әрі дипломат қызметін атқарды. Ол Маңғышылақтан Хорезм атырабына Адай рулары қоныс аударған соң, сол елге бас би болып тағайындалып, үлкен жауапкершілік жүктелді.
Жұмағамбеттің ресми қызметі туралы бірқатар архив құжаттары сақталған. Біздің қолымызға түскен алты құжаттың алғашқысы төмендегідей:
1-құжат
Әмудария бөлімінің бастығы
25 ақпан 1877 ж. №839
Петро-Александровск
Жоғары мәртебелі Хиуа ханына!
Маңғыстау приставы адай ауылының қазағы Жұмағамбетке өзіне сеніп тапсырылған приставтықтағы барлық қазақтарды басқаруды тапсырды, олар сіздің жоғары мәртебелі хандығыңызда тұрақты көшіп-қонып жүргендер де, әртүрлі істер бойынша уақытша келіп жүргендер де болады. Осы туралы хабарлай отырып, жоғары мәртебеңізден қажет болған жағдайда қазақ Жұмағамбеттің заңды өтініштеріне өз тарапыңыздан қолдау көрсетуіңізді өтінемін.
2-құжат
Әмудария бөлімінің бастығы
28 ақпан 1877 ж. №864
Петро-Александровск
Жоғары мәртебелі Хиуа ханына! (хижри 1294)
Бұл ретте маңғыстаулық Жұмағамбеттің хаты мен Адай болысының қазағы Айтмамбет Қожықов пен Қаратай Сатқановтың арызын жолдауды өтіне сұраймын.
Жоғары мәртебелі Хиуа ханына! (хижри 1294)
Осы жылдың 5-інде алынған Маңғыстау биі Жұмағамбеттің хатын жолдай отырып, сіздің Жоғары Мәртебеңізден өлтірілген қазақтың туыстарына кінәлілерден өтемақы өндіріп алу туралы өкім беруіңізді өтіне сұраймын.
Егер Жұмағамбет хабарлаған тонаушы түрікмендер туралы мәлімет рас болса, онда сізден, Жоғары мәртебелі хан, қайта пайда болған қарақшыларға қарсы қатаң шаралар қолданып, кінәлілерді жазалауыңызды өтінемін.
3-құжат
Әмудария бөлімінің бастығы
7 мамыр 1877 ж.
Жоғары мәртебелі Хиуа ханына!
Генерал-майор Иванов 1875 жылғы 23 тамыздағы хатында сіздің Жоғары мәртебеңізге Сафар бидің өлтірілген туысы үшін құнды кімнен қаласаңыз, содан өндіріп алуға рұқсат бергенімен, ол бұл кісі өлтіруге айыпталушылардың арасында орыс бодандары да болатынын болжай алмаған еді, қазір белгілі болғандай: сіздің Жоғары мәртебеңіз кінәлі ретінде құн төлеуге бұйырған қазақ Ниетәлі Маңғышылақ приставында тіркелген орыс боданы болып шықты, және ол өз биі Жұмағамбет арқылы бұл кісі өлтіруге қатысы жоқ екенін мәлімдеді, оның дәлелі ретінде Бұрынжықтар сияқты 20 қазақты ант беруге шақырғысы келеді. Мұндай ақталу туралы ол бұрын да мәлімдегенін, бірақ оның мәлімдемесі белгісіз себептермен қабылданбағанын айтады. Ниетәлінің осы өтінішін мен негізді деп санаймын, өйткені сіздің мәртебеңіздің хаттарынан оған да, Бұрынжықтар сияқты, 20 қазақты антқа келтіру арқылы ақталу құқығы берілгені көрінбейді. Сондықтан сіздің мәртебеңізден осы істі қайта қарастыруға мүмкіндік табуыңызды өтінемін. Бұл қажеттілік үшін, сондай-ақ би Жұмағамбеттің түрікмендермен тонау туралы дауларын түпкілікті шешу үшін, қазақтар әлі де қанағаттандырылмағанына шағымданып жатқандықтан, түрікмендер мен қазақтарға, бір-бірінде қарызы барларға съезд тағайындап, барлық істерді сіз тағайындаған лауазымды тұлғалар мен мен жіберген адамның қатысуымен дұрыс қарастыруыңызды сұраймын. Сіздің жоғары мәртебеңіз, Хожейлі қаласында жиналыс өткізуді ыңғайлы деп таппас па екенсіз? Сол жерге даулы істерге қатысы бар барлық түрікмендер мен қазақтарды, сондай-ақ істерді қарастыруға қатысатын лауазымды тұлғаларды шақыруды бұйырсаңыз. Жиналыс күні ретінде маусымның 1-ін белгілеуді жөн көрмес пе екенсіз? Сол күнге мен де істерді талқылауға қатысу үшін өз өкілімді жіберемін. Осы мәселе бойынша өз пікіріңізді маған білдіруіңізді сұраймын, жоғары мәртебелі мырза.
Бөлім бастығының міндетін атқарушы.
4-құжат
Әмудария бөлімінің бастығы
28 қараша 1877 ж.
Жоғары мәртебелі Хиуа ханына!
Мен Жұмағамбет биге өз тізіміне жазылған қазақтардан салық жинаудан бұрын, қазақтар өзімізге қарасты деп санайтын және сіздің қол астыңыздағы деп есептелетін нәзірлеріңізбен келісуді бұйырдым. Осы жайында, Жоғары мәртебелім, сізге хат арқылы хабарлап, денсаулық пен амандық тілеймін.
Бөлім бастығының міндетін атқарушы.
5-құжат
22 декабря 1877 г. №4344
Высоко степенному Хану Хивинскому!
Би Мангышлакских киргиз Джумамогамед явясь в колене заявил, что с 384 киргизских (казахских. – Н.Н.) кибиток о которых вы мне писали, взыскана была в прошлом году
подать генерал-майором Ломакином при содействии ваших людей. Если это заявление справедливо, то я покорнейше прошу Ваше высоко степенство, разрешить Джумамогамеду взыскать с означенных киргиз и в этом году подать в русскую казну. За тем что мне сообщить Начальник Закаспийского военного отдела мнение которого по этому поводу я спрашиваю, буду иметь честь уведомить Вас и донести генерал-губернатору.
И.Д. нач.отд.полковник (подпись)
6-құжат
17 января 1879 г. №159
Высоко степенному Хану Хивинскому!
На письмо мое, Начальник Закаспийского военного отдела уведомил мне, что соглашаясь с моим мнением он находит справедливым таких из киргиз (казах. – Н.Н.) которые кочевали в Хивинском Ханстве до 1873 года считать поданными Вашего Высоко степенства. А таких киргиз (казах. – Н.Н.) которые прикочевали в Ханстве с Мангышлака после 1873 года считат принадлежащими Мангышлакскому приставству. Уведомляя об этом Вам Высоко степенство покорнейше прошу сделать распоряжение, что бы Мангышлакские киргизы кочующие в Ханстве с 1873 года в полном подчинялись бию Джумамагамбету Джанчурину и исполняли вес законных его требование.
За тем вопрос о Мангышлакских киргизов кочующих в Ханстве должны считаться решенным. Об этом мною сообщено бию Джумамагамбету Джанчурину.

Беклербегі Жұмағамбеттің шөберелері, Ауған соғысының ардагерлері – Құралбай мен Сәндібай Көпжүрсінұлдары
Нач.отд.полковник (подпись)6 О. Жалилов өзінің ХІХ ғ. – ХХ ғ. басындағы Қарақалпақ тарихы туралы еңбегінде: «Бекларбеги мансабини биз Хоразм тарихчилари асарларидан ташцари архив ҳужжатларида кўпроқ учратамиз. Жумладан, ўзбеклардан Боғибек бекларбеги, Жамшидийлардан Абдулло бекларбеги, така туркманларидан Хўжамбердибек бекларбеги, Қулкелди бекларбеги, қозоқлардан Умар тўра, Жумаш, Мусулмон, Азизберган, Холмуҳаммад, Кўпюрсун, Шукур Муҳаммад, Шаҳарбой, Жонмуҳаммад каби бекларбегилари, қорақалпоқлардан Қўнғнрот қорақалпоғидан Қобил, Юсуф бекларбеги, Ун тўрт уруғ қорақалпоғидан Соҳибназар, Худойназар, Қутлуқ Мурод бекларбегиларни ҳужжатларда учратдик» деп көрсетеді.7
Бұл деректегі Омар төре, Жұмаш, Мұсылман, Әзизберген, Құлмұхаммед, Көпжүрсін, Шүкір Мұхаммед, Шақарбай, Жонмұхаммед деген кісілер қазақтардан беклербегі болғандығы айтылады. Осы жердегі аты қате жазылған Жонмұхаммед – Жұмамағамбет болу керек деп топшылаймыз. Ал Көпжүрсін деген беклербегінің құрметіне, немересінің есімін қойғанға ұқсайды. Әзизберген би мен Құлмұхаммед палуандардың есімдері 1866 жылы жазылған молда Ғафур бидің хатында кездеседі.8
Азизберген беклербегі – бұл әйгілі шекті руының батыры әрі биі Әзберген Мұңайтпасұлы (1813–1880). Есет Көтібарұлының серігі әрі туысы. Е.Көтібарұлы көтерілісі жеңіліс тапқан соң 1855 жылы руымен Хиуа хандығына қоныс аударған. Қоңырат қаласын билеген тарихи тұлға. 1870 жылы Иса-Досан көтерілісінен Хиуа хандығына босып барған адайларды құшақ жая қарсы алып, қамқорлық жасаған адам. Міне, Жұмағамбет бидің есімі осындай тарихи тұлғалармен бір қатарда аталады.
Жоғарыдағы архив құжаттарын саралайтын болсақ, Жұмағамбет бидің өлшеусіз еңбегіне куә боламыз. 1877 жылғы архив құжаттарының бірі – Жұмағамбет бидің Хиуа хандығы аумағындағы қазақ қауымына көрсеткен ірі қызметінің дәлелі. Бірінші құжатта Патша өкіметінің өкілі оны Маңғышылақ приставынан Хиуа жеріне көшіп келген немесе уақытша істерімен келген барлық қазақтарға жауапты басшы ретінде бекіткенін көреміз. Бұл – Жұмағамбетке ресми түрде сенім білдірілгенін әрі оның хан сарайы алдында қазақтардың арыз-шағымын жеткізіп, олардың мүддесін қорғай алатындай құзыретке ие болғанын көрсетеді. Мұндай мәртебеге кез келген адам ие бола алмағаны белгілі.
Екінші құжатта Әмудария бөлімінің бастығы Жұмағамбеттің хатына қоса Айтмамбет Қожықов пен Қаратай Сатқанов есімді адай руының өкілдерінің Хиуа ханына жолдаған арызы тіркелген. Арызда қарақшы түрікмендердің қолынан қаза тапқан қазақтардың құны туралы мәселе көтеріледі. Осы дерек Жұмағамбет бидің қазақтардың атынан құн дауына араласып, оларды қорғаушы тұлға ретінде танылғанын көрсетеді. Бұл оның тек әкімшілік өкіл ғана емес, сонымен қатар халықтың ар-намысы мен құқығын қорғаған би екенін айғақтайды.
Үшінші құжат – көлемді хаттың бірі. Мұнда ханның құзырындағы Сафар би дегеннің туысының өліміне күдікті Ниетәлі деген қазақтың антқа тұруына мүмкіндік беру туралы айтылады. Оның қорғаушысы тағы да сол Жұмағамбет би. Сондай-ақ Жұмағамбет бидің бастамасымен түрікмен-қазақ съезін өткізіп, барлық аяқталмаған дауларды шешу туралы ханға ұсыныс берілген. Ұсыныс беруші Ресей тарапының әкімшілігі. Бұл жерде Жұмағамбет бидің орыстарға өз сөзін өткізіп, қазақтардың арын арлап, жоғын жоқтап Ханға хат жазғызып отырғанын аңғарамыз.
Қалған хаттар қазақтардан жиналатын салықтар туралы. Онда да барша қазақ атынан жауапты Жұмағамбет би аталып өтеді. Соңғы хатта 1873 жылға дейін Хиуа хандығына көшіп келген қазақтар Ханға, одан кейінгі жылдары келгендер Патша өкіметіне салық төлейтіндігі туралы шешім қабылданғандығы және олар Маңғышылақ қазақтары толықтай Жұмағамбет би Жаншоринге бағынуы қажет екендігі баяндалған. Осы хаттың жалғасында «Уақытымен Хиуа әкімдігінде көшіп жүрген Маңғышылаққа табиғи қазақларының үй хаты» деген тақырыппен құжат сақталған. Тізім соңында: «Жәмғи 121 үйлі қазақ. Үшбу үй хатқа Әмудария мұзахаты Шәки үйі айбар екен. Кәкірә көп қол қойды Қожамағамбет Жаншораұлы мөрімді бастым. Хиуа хандығы айбар екен Қожанияз дуан, уә һәм Нұртаза би мөрлерін басты» деп бекіткен. Бұл тізімдегі 121 үй 1873 жылға дейін көшіп келген деп тізімдеген, яғни бұлар Хиуа ханына салық төлеушілер. Әмудария бөлімі тарапынан Жұмағамбет би, Хиуа ханы тарапынан Қожанияз дуанбегі, Нұртаза билер мөрлеген.9
Бұл тізімді бекіткенде Жұмағамбеттің есімі – «Қожамағамбет» деп қате жазылғанға ұқсайды немесе аударма кезінде қате кеткен.
Жұмағұл – Жұмағамбет бидің көмекшісі және ел ісіне араласқан тұлға. Жоғарыда аты аталған Жұмағамбет бидің қасында жүріп, ел ісіне араласқан Жұмағұл есімі де адай руына белгілі, беделді адам ретінде танылған. Ол – ағасының оң қолы, сенімді серігі һәм көмекшісі болған. Жұмағұл туралы дерек Ресей мұрағаттарында да кездеседі. Мәселен, «Материалы по переписи казахского населения в Хивинском ханстве №46 (1883–1886)» атты архив құжатында: «Түрікменадай Байбол руы, Бабан Рысқалиұлына қарасты» деп көрсетілген 77 адамның тізімінде №35 болып Жұмағұл Жаншораұлының есімі жазылған.
Бұл құжатта бізге беймәлім себептермен Жұмағамбет бидің есімі көрсетілмеген. Сонымен қатар Тәзіке руының Хиуа жерінде аз болуы себепті, Жұмағұлды уақытша Түрікменадай Байбол руының тізіміне енгізген болуы мүмкін деген болжам айтуға болады.
Ал «Мәмбетнияз биге қараған ауылдар (Жары руы)» деген тізімде 82 адамның арасында Мәтжан би, Жүнді, Есет палуан Тілеумағамбетұлы секілді тұлғалар көрсетілген. Бұл мәлімет Мәтжан бидің сол кезеңде Хорезм аймағында өмір сүргенін дәлелдейді және ауызша айтылатын деректермен де үйлесіп тұр.
Аңыз-әңгімелердің бірінде Жұмағамбет пен Мәтжан бидің кездесуіне қатысты қызықты оқиға баяндалады. Бірде Жұмағамбет Мәтжан биге сәлем беруге, бәлкім, бата алуға шығады. Жолда ол бір кісіге жолығады. Әлгі адам атып алған арқарын атына сала алмай әлек болып жатады. Жұмағамбет одан Мәтжан бидің ауылын сұрайды. Сонда әлгі кісі:
– Алдымен, мына арқарды атыма артып жібер, сосын, көрсетем, – дейді.
Жұмағамбет:
– Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлап нең бар еді, – деп көмектеспей, жүріп кетеді.
Әркімнен сұрастыра жүріп, ол ақыры Мәтжанның ауылына жетеді. Үй іші:
– Әкеміз аңға кеткен, келіп қалар, күте тұрыңыз, – дейді. Біраздан кейін келген аңшының өзі Мәтжан екенін Жұмағамбет енді аңғарады. Ол істеген қылығына кешірім сұрайды. Сонда Мәтжан:
– Өзімнің де обалым жоқ. Жөнімді айтпай, сенің жөніңді сұрамай ағат кеттім. Жұмеке, елге істеген қайырлы ісіңе қанықпын. Қонағасы мен сый-құрметіміз әзір, – деп Жұмағамбет биді құрметпен қарсы алып, разы қылып шығарып салыпты деседі көнекөз қариялар.
Жұмағұлдан Асан және Жұмабай атты екі ұл тараған. Асаннан Төлепберген, Әбдікәрім, Әбдіхалық және Әбдірахман есімді ұрпақтар өрбіген. Ал Жұмабайдан ұрпақ болмаған.
Жұмағамбеттен Қожатілеу, Ақмолда және Қасымтөре атты үш ұл дүниеге келген. Қасымтөре 20 жасында дүниеден озған, одан ұрпақ қалмаған. Ақмолдадан Рейім есімді ұл туған. Рейімнен Ыбырайым, Базарбай, Аманқос, Бақтыбай, Зылиха және Ағзибаш атты ұрпақтар тараған.
Қожатілеуден Көпжүрсін және Өтеп атты екі ұл тараған. Қожатілеу Жұмағамбетұлы Қазан және Санкт-Петербург қалаларында білім алған. Кейіннен Өзбекстан жерінде Кеңес өкіметінің орнауына белсенді түрде қызмет еткен. Ол Бұхара облысында Кеңес өкіметін орнату кезінде басмашылар қолынан 1922 жылы 54 жасында қаза тапқан. Қожатілеудің бейіті әйгілі Әйтеке би жерінде жерленген «Нұрата» қорымында. Кеңес өкіметі оның басына «Красный комиссар Джумагамбетов Хожатилеу» деген жазуы бар белгі орнатқан. Қожатілеу 1868 жылы дүниеге келген. Осы дерекке сүйене отырып, әкесі Жұмағамбет бидің туған жылын шамамен 1840–1845 жылдар аралығы деп топшылауға болады. Өкінішке қарай, Жұмағамбет бидің нақты қайтыс болған жылы белгісіз. Ол Хожелідегі Мәздімхан сұлу қорымына жерленген. Халық аңызында оның бейітінің басында алтынмен апталған құлпытас болғаны айтылады. Алайда кейін құлпытас ұрланып, мазар тоналған. Тіпті кейбір деректерде Хиуа хандығы адамдары оның қабіріндегі сүйегін де алып кеткені туралы әңгіме бар.
Жалпы, Жұмағамбет биге екі рет у беріліп, қастандық жасалғаны жөнінде мәліметтер кездеседі. Бұл әрекеттердің артында хан сарайындағы адамдар тұрғаны айтылған. Бірінші рет уланған кезде ол, Хиуадағы сүт сататын көшеге дейін жетіп, удың әсерін құсып тастап, аман қалған. Екінші рет те Жаратқанның қалауымен тірі қалған. Осыдан кейін Жұмағамбет би Тайсойғандағы өз нағашысы Шалбар руынан шыққан старшын туысына хабар жеткізіп, сол арқылы орыс үкіметіне өзіне қарсы жасалып жатқан қастандықтар туралы мәлімдейді. Патша өкіметі бұл жөнінде Хиуа ханына пәрмен беріп, содан кейін Жұмағамбетке қарсы қастандықтар тоқтаған. Алайда Шалбар руынан шыққан бұл старшын нағашысының есімі әзірге анықталмай отыр.
Енді Қожатілеудің балаларына кезек берейік. Кіші баласы Өтеп 1922 жылы туылған. САГУ-дің «орыс тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. 1942 жылы өз өтінішімен майданға аттанып, Калининградта ұрысқа қатысқан. Кенгисберг қаласын алғаны үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, Берлинді алғаны үшін 2-мәрте Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Жапон соғысына қатысқан. Өтеп батыр майор шенімен елге оралғасын 1947 жылы өкпе ауруынан 25 жасында қайтыс болған.
Үлкен ұлы Көпжүрсіннің өмірі шым-шытырман оқиғаға толы. Ол 1909 жылы өмірге келген. Бұқара қаласындағы «Көкілташ» медресесінде діни білім алған. Ташкенттегі САГУ-дің «Заң» факультетін бітіріп, Түрікменстанның Мары, Жолетен жерлерінде милиция бастығы, прокурор, сот қызметтерін атқарған. 1937–1938 жылдары қудалауға ұшырап, Ташкенттің түрмесіне қамалған. Сол жерде ескі досы, әйгілі өзбек революценері Файзулла Ходжаев оны ату жазасынан құтқарып, «Қожатілеуов Көпжүрсін» деген аты-жөнін «Ходжаев Молдабек» деп өзгертіп, жалған құжатпен Тәжікстан жеріне қашырып жіберген. Ол жақта есепші және басқа да әртүрлі қызметтер атқарып жүргенде, бұрын өзінің қол астында істеген түрікмен милиционер жігіт танып қалады.
– Сіз Мары облысында милиция бастығы болған Қожатілеуов Көпжүрсінсіз ғой, мен сізді танып тұрмын, – дейді түрікмен жігіт.
– Жоқ мен Ходжаев Молдабек деген адаммын. Сіз айтып тұрған кісіні танымаймын, – дейді Көпжүрсін. Түрікмен милиционер: «Сізді қамауға аламын, жекебасыңызды анықтаймын» деп оқтала бергенде, милицияның беліндегі наганын Көпжүрсін жұлып алып, түрікменді атып өлтіреді. Содан кісі өлімі бойынша істі болып, 1939 жылы Қарағанды түрмесінен бір шығады. Ол жерден майданға сұранып, 1943 жылы Власов армиясының қатарында немістердің тұтқынына түсіп, 1945 жылы соғыс аяқталғасын елге оралғанда тұтқында болғаны үшін тағы да сотталып кете барады. Содан Сібірде жазасын өтеп жүргенде Сталин өліп, 1953 жылы босап келеді. 1954 жылы үлкен ұлы Саудабай Түрікменстанда, 1956 жылы Назар мен 1958 жылы Қалыбай Тәжікстанда, 1961 жылы Сәндібай мен 1963 жылы Құралбай Қарақалпақстанның Хожелісінде, 1965 жылы Ақзер мен 1969 жылы Алпысбай Тамдыда дүниеге келеді. Балаларының бәрі де құжатта әкесінің жалған тегімен «Ходжаев» болып жазылады. Осылай шартарапты шарлаған Молдабек һәм Көпжүрсін 1981 жылы Бейнеуге көшіп келеді. Ходжаев Молдабек боп өмір бойы бүркеншік атпен өмір сүрген Көпжүрсін Қожатілеуұлы 1983 жылы 74 жасында Бейнеу селосында бақилық болады. Жаназасын шығарған имам бұл кісінің азан шақырып қойған есімін айтқанда, намазда тұрған жамағат таңғалып: «Апыр-ай, бұл баяғы Көпжүрсін бе?» «Бұл кісі осы күнге дейін тірі болған ба?» «Талай адамға қайыр-шапағаты тиген кісі еді, мына пәниде жоқ деп ойлаушы едік», – деп балаларына келіп алғыстарын жаудырған екен. Расында Көпжүрсін Мары өңірінде лауазымды қызметте жүргенде 1931–1932 жылдары «бай» болып, «банды» болып Маңғыстаудан босып келген талай адамға қамқорлық жасап, сотталып кетпеуіне септігі тиген. Жаңаөзенде байнеке Мәдірейім деген ақсақал болды. Өзі кезінде бай баласы болып, Маңғыстаудан ауа көшкен адамның бірі. Бірде үлкен ұлы Байғанинмен жұмыстас Көпжүрсіннің баласы Назар сол үйге қонаққа барады. Келген қонақтан Мәдірейім ақсақал: «Кімнің баласысың?» деп жөн-жоралғы сұрайды. Назар: «Тәзіке Көпжүрсіннің баласымын» дегенде, ақсақалдың көңілі босап: «Зобалаң жылдары Байрамалы, Марыға ауып барған байлардың малын әркімге бөліп-бөліп жазып, «кедей» деп құжат беріп, Көпжүрсін, ағамыз талай адамды құтқарып қалды. Үйсіз-күйсіз қаңғып келген елге қайыр-шапағаты тиіп, қамқоршы болды. Аман қалған біз өмір бойы үрім-бұтағымызбен ол кісіге қарыздармыз», – деп еске алыпты.
Беклербегі Жұмағамбеттің немересі Қожатілеуұлы Көпжүрсін өзбек, түрікмен, әзербайжан, қарақалпақ, орыс тілдерін жетік меңгерген, есеп-қисапқа жүйрік, заң саласында лауазымды қызметтер істеп, өз заманының зиялы адамы болды. Тағдырдың талауына түсіп, талайлы тауқымет тартқан ол астарлап сақ сөйлейтін, тілге шешен, өтімді, ер мінезді ақ көңіл кісі болған. Музыкалық аспаптарда шебер ойнаған. Кезінде түрмеде «писарь» боп істегені бар, жазуды да шиырып көркем жазған.
Жоғарыда Көпжүрсін һәм Молдабектің балалары қай жылы, қайда туғанын айтып өттік. Үлкен ұлы Саудабай жас күнінде мал шаруашылығында қызмет жасап жүріп, бәйге шапқан, көкпар ойнаған палуан болған. Кейін құрылыс саласында жұмыс істеген. Одан Ағзия, Айнұр, Ұлдай деген – үш қыз, Мақсат деген бір бала бар.
Екінші ұлы Назар мектепті озат бітірсе де, жоғары оқуға түспеген. Жастайынан еңбекке араласып, өндіріс саласында жүргізуші қызметін атқарған. Назар аға музыкалық аспаптарда шебер ойнап, «Жастар әуені» шығармашылық ансамблінде болған. Жұбайы құнанорыс қызы Анар да өнерлі жан. Олардан Марат, Мұрат, Мұхтар, Мәди, Нысанбек деген бес бала. Назардың Мұрат Қожа деген ұлы – республикаға танымал әнші. «Нұрлан мен Мұрат» дуэтінің мүшесі. Белгілі жырау Амандық Көмековтің шәкірті, Алматы театр институтының түлегі. Бүгінде мәдениет саласында қызметте.
Үшінші ұлы Қалыбай ағамен осы жолдардың авторы мен, Бейнеуде көрші тұрдық. Қалекең шаруашылық саласында механизатор боп істеді. Көп жылдар К-700 тракторын жүргізді. Жұмағамбет атасы сияқты жасында ер мінезімен, тентектігімен де аты дүркіреп тұрған. Қыздары Жанар, Гүлнар, баласы Қуанышпен бірге бір аулада ойнап, бір үйдің баласындай бірге өстік. Жұбайы балықшы қызы Салтанат апайымыз балабақшада істеді.
Көпжүрсіннен батыр туған бір баласы марқұм Сәндібай ағамыз еді. Ауған соғысының батыры, ардагері. Бала күнімізде «атыспақ» ойынын ойнасақ, Сәндібай ағамыз: «Соғысы құрысын, аты өшсін, соғыс ойнамаңдар, жаман ырым», – деп бізге ұрысып, өзі тапшанның үстінде жылап отыратын. Ойын баласы біз, ол кісінің жан күйін қайдан сезінейік, аулаққа кетіп қалушы едік. Оны есейгесін түсіндік ғой. Сөйтсек, Сәкең нағыз қанды қасаптың ішінде болған майдангер екен. 1979 жылы қарашада Өскемен қаласының әскери бөлімінен алғашқы дайындықтан өтіп, Термез қаласы арқылы Ауған жеріндегі Пулихумбри губерниясындағы Саланг перевалында тунельді қорғап тұрған 3-батальон, 177-полктің 7-ротасына БТР жүргізушісі болып майданға кіреді. Черекар жерінде минаға түседі. 1980 жылы «Зеленная долинада» қоршауда қалып, жаудың жойқын соққысына тап болады. Осы қырғында бар-жоғы 4-5 адам тірі қалады. Соның бірі Сәндібай аяғынан ауыр жарақат алған. Қосымша келген көмектің күшімен қоршаудан шығып, Ташкент, Самарқан, Тахиаташ госпитальдерінде емделіп, елге 1981 жылы мүгедек болып оралады. Ходжаев Сәндібай – Ауған соғысында көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған батыр! Сәндібайдан – Жеңіс, Ләззат.
Сәндібай 1981 жылы майданнан оралғанда, Тәджендегі танкілі әскери бөлімінде дайындықтан өткен інісі Құралбай да соғысқа аттанады. Ол Ауғаныстанның Газни губерниясында 101-танкілі батальонында қызмет етті. Құралбай аға майданда қаза тапқан қаруластарын еске алып шығарған «Қиын сәттер» деген әні бар. Өзі елге аман оралғасын АКПУ-ді бітіріп, өнер саласында қызмет жасады. Бейнеу мәдениет үйінде методист, клуб меңгерушісі, директор қызметтерін атқарды. Облыстық халық шығармашылығы орталығында, Форт-Шевченко қаласында мәдениет саласында қызмет істеді. 1987 жылы Москва қаласында өткен ВДНХ лауреаты. Болгар, Беларусь, Украина елдерінде сахнада өнер көрсеткен. Құралбайдан – Қамар, Гаухар, Асқар, Қамбар.
Көпжүрсіннің алты ұлының арасында өскен жалғыз қызы – Ақзер. Тұрмыста, балалы-шағалы. Кенже ұлы Алпысбай мұнай саласында. Үш қыз, бір ұлы бар.
Міне, оқырман беклербегі Жұмағамбет бидің өмірдерегі мен әулетінің қысқаша баяны осындай.
Пайдаланған әдебиеттер:
Ж.Жылқышиев, «Сегіз арыс Адайым», 1 том, 484 б.
НА РУ, ф.И-125, о.2, д.16, стр.140
НА РУ, ф.И-125, о.2, д.16, стр.25
НА РУ, ф.И-125, о.2, д.16, стр.36
НА РУ, ф.И-125, о.1, д.16, стр.11
НА РУ, ф.И-125, о.1, д.19, стр.165
О.Жалилов. ХІХ–ХХ аср бошларидаги Қорақалпақ тарихидан (Хива давлат хужжатлари асосида). УзССР. Ташкент. «Фан» нашриёти, 1986 й.
– 107 б.
НА РУ, ф.И-125, о.2, д.208, стр.1,2
НА РУ, ф.И-125, о.1, д.19, стр.
165–167
НА РУ, ф.И-125, о.1, д.526, стр.
110–126
Нұржігіт Нұрболатұлы,
өлкетанушы