ЖИЕНҒАЛЫМ… ЖИЕНҒАЛЫ… ЖИЕНҒАЛИ
02.12.2025
81
0

Жаңа ғасырмен жарыстас жас ұрпақ бұл қаламгерді жақсы біле бермеуі мүмкін. «Тарих бәрін ұмытып кетеді» дегендей, өткен кезең өн бойындағы барша болмыс өскелең буынның зейін-зердесінде сақталмауы ықтимал. Бірақ ұмытып кеткеннің бәрін еске салатын да – сол тарих. Ендеше, «жасап болмай, жас кеткен» Жиенғали Тілепбергенов есімді қаламгердің өмірі мен шығармашылығының аясында сонау бір өткен шақты ортаға салып көрейік.

«Социалды Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің 1933 жылғы 28 сәуірдегі нөмірінде Қазақ­стан Жазушылар одағының Ұйымдастыру комитеті мен газет басқармасы «Тілепбергенұлы жолдас қайтыс болды», «Тілепбергенұлы Жиенғалиды еске алу кеші өткізіледі» деп хабарлады (ол кезде «Қазақ әдебиеті» газеті әлі шықпаған, сол себепті қаламгерлердің тоғысатын жері «Социалды Қазақстан» басқармасы еді). «Жолдас Жиенғали жаңа әдебиетіміздің жақсы қаламының бірі еді. Жиенғалидың өлімі бізге ауыр жоғалту болды», – деп жазды газет. Бұған қоса, «Тілепбергенұлы Жиенғалидың өмір тарихы» деген редакциялық мақала жариялады. Аталмыш мақаланың сол кезден бері қайта жарияланым көрмегені әрі әдеби-ғылыми айналымға түспегені оның кейбір дерегін ортаға салуға мүмкіндік береді:
«Жиенғали Темір ауданы кәзіргі 19-ауылдағы Әділ деген кедейдің баласы. 1895 жылы туған, 7 жасынан 16-ға дейін елдегі дін мектебінде оқиды. 1913 жылы Орынбордағы татар мектебінде, онан соң «медресе Құсайнияға» кіріп оқиды. Бұл мектептердің беретін біліміне қанағат­танбай, Уфа қаласындағы «Медресе Ғалияға» да кіріп оқып, 1918 жылы бітіріп, орта дәрежелі оқытушылық атақ алады… Жиенғалидың басшылығымен «Ғалиядағы» қазақ оқушыларының күшімен «Садақ» атты жаңа жорнал шығады. Алғашында осы жорналдың шығарушысы болып істеп, Жиенғали өзінің қалам қайратын көрсетеді», – деп басталады мақала.
Бұдан кейін газет: «1919 жылы Темір уездік халық ағарту бөліміне келіп, Қандыағаш мектебіне оқытушы болып жіберіледі. 1920 жылы Қонжарда ашылған 4 айлық мұғалім дайындайтын көрісте ана тілінен, тіл оқытудың әдісінен сабақ береді. 1921 жылы Темірде ағарту інспектірі болып істеп, қазақ жастарын ұйымдастырып, халыққа сауық, ойын көрсетуге үлгі етеді. Сол жылы партияға кандидат болып алынады. Ауылдағы мектептерді аралап, басшылық етіп жүріп, суық тиіп қатты ауырып, айыға алмай, елде ұзақ жатады. Бүгінгі Жиенғалидың түбіне жеткен өкпе ауруы осыдан басталады», – деп жалғастырылған. Жиенғали науқасынан айыққан соң мұғалімдік қызметіне 1923 жылы қайта оралып, әуелі жетіжылдық мектептің оқытушысы, 1924 жылдан бастап Темір уездік ағарту бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді.
Ақтөбе губерниясының 1925 жылғы саяси өміріндегі бір құжат арқылы Жиенғалидың есімі көпшілік назарына ілінді. Уақыт архивінің қойнауында жатқан «өте құпия» деген айдары бар көпшілікке белгісіз бұл құжат жайында бұрын ешқашан сөз болған емес. Жиенғали бастап, бір топ жауапты қызметкер қол қойған мәлімдеме-арыз кезінде «Заявление 14-ти киргизских работников из Темирского уезда» деген атаумен Өлкелік партия комитеті мен Орталық атқару комитетіне дейін жетіп, Ақтөбе губерниясының ішкі партиялық-саяси өміріне елеулі әсер етті.
Құжаттың мәні сол тұста Қазақстанның ішкі саяси өмірінде кеңінен өріс алған партиялық және атқарушы билік органдарында лауазымды қызмет атқарған жауапты кадрлар арасындағы өзара айтыс-тартыстың, бас араздықтың, жікшілдіктің, рушылдықтың, жершілдіктің, т.б. осындай қылықтардың жергілікті жерге дейін жеткен мысалдарымен ұштасулы еді. Жиенғали бастаған жауапты қызметкерлердің «Темір уезінің болашақ тағдырына әсер етуі мүмкін саяси маңызы бар» хат жазып, қарсылық білдіруінің сыры кадр саясатына байланысты болды. Темірлік қызметкерлердің хаты 1925 жылғы 10 наурызда Қырғыз (Қазақ) өлкелік партия комитетінің жабық бюросында қаралды.
Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың («ОГПУ») губерниялық бөлімінің осы кездегі баяндауында екі идеялық топ туралы айтылып, бұл топтардың губерниядағы, Темір, Шалқар сияқты ірі уездердегі мүшелерінің аты-жөні тізіп көрсетілді. Бірінші топтың Темірдегі өкілдері арасынан Жиенғалидың аты-жөнін кездестіреміз. Кеңестік дәуірдің бастапқы кезеңінде пікір алуандығына, мемлекеттік органдар құрамында партиялық фракциялардың жұмыс істеуіне жол берілгенін ескере келіп, бұл өз көзқарасын, өзіндік идеясын берік ұстанған партия мүшелерінің тобы еді десек те, осыдан кейін-ақ топ мүшелерінің «ОГПУ» назарына іліккені анық еді. Оның салдары ақыр соңында отызыншы жылдардың қуғын-сүргініне келіп тірелді. Жоғарыдағы топ мүшелерінің көпшілігі отыз жетінің ойранын айналып өте алмады.
Жиенғали 1925 жылғы 17 мамырда Темір уезінен Халық ағарту қызметкерлері одағының бүкілқазақстандық өлкелік съезіне делегат болып сайланады. Съезд қорытындысы бойынша Ақтөбенің «Кедей» газетіне «Қазақстан ағарту қызметкерлерінің 1-тойы ашылды» деген мақала жазды. Онда оқырман үшін маңызды екі ойды жеткізді. Біріншіден, бүгінгі таңда «кеңес қызметінің негізін ойдағыдай қылып орнатушы, ел арасындағы сүйеніш-таяныш қанаты күміс құмай ағарту іскерлері» екенін баса көрсетті; екіншіден, бұл іс-шара «Қызылорда астана болғалы өткен жиын», сол себепті «Қазақстанның шын орталығы, қазақ елінің шын астанасы Қызылордаға көшіп келгеніне сеніміміз шынымен тұрақтады» деп хабарлады.
«Съезде, – деп жазды Жиенғали. – Қызылорда пионерлері атынан Тәжібайұлы деген жас ұлан жұртты таңғалдырғандай керемет қызықты түрде жұртшылық қанын қыздырып құттықтау сөз сөйледі». Жиенғали ілтипатпен атаған бұл пионер қазақтың көрнекті ақыны Әбділда Тәжібаевтың 15–16 жастағы кезі еді.
Саяси тұғыры мықты, шығармашылық мүмкіндігі мол, қай іске де қабілетті Жиенғали 1925 жылдың қазан айында Ақтөбенің губерниялық «Кедей» газетіне жауапты редактордың орынбасары болып бекітіледі. Қаз-қаз басқан жас газетке жан-жақты сауатты, жауапты қызметкер ауадай қажет еді. Жиенғалидың губерниялық баспасөздің басшылық құрамына таңдалуының бір себебі осы болса керек.
Жиенғали «Кедей» газетіне губерниялық атқару комитетінің төрағасы Әзімбай Лекеров редактор болған тұста оған орынбасар болып келді. Әзімбай Лекеров 1926 жылғы 19 ақпаннан басқа жұмысқа ауысқанда, жыл соңына дейін «Кедей» газетіне Жиенғалидың жеке өзі қол қойып, Жәнібек Жанұзақов тағайындалғанша уақытша жауапты редактор болды.
1926 жылдың соңына таман Жиенғали Қызылжарда шығатын губерниялық «Бостандық туы» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалды. Бұдан кейін маман оқытушы кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты Ақмола губерниялық оқу бөлімінің инспекторы, Қызылжардағы қазақ педагогика техникумының директоры қызметтерін атқарды. 1928 жылы Өлкелік партия комитетінің ұсынуымен Қызылордадағы Қазақ ағарту институтының әуелі оқу-тәрбие жұмысының меңгерушісі, кейін директоры болып тағайындалды.
1929 жылы Қызылорданың «Сыр бойы» газетіне редактордың орынбасары болып келді, көп ұзамай осы газетке редактор болып бекітілді. 1931 жылдың бас кезінде біраз уақыт Қазақ мемлекеттік баспасында редактор болып істеді. Ал 1932 жылы туған жері Темір қаласына келіп, «Социалды майдан» газетінің әуелі тілшісі, кейін жауапты редакторы болды. 1933 жылғы 11 сәуірде 38 жастағы Жиенғали Тілепбергенов «Социалды Қазақ­стан» газеті жазғандай, «Әлеумет алдында өтемеген көп борыштарын өмірдің соңғы минөтіне дейін сөз қылып, ұзақ ұйқыға кетті».
«Ауылдағы молдадан оқып шала-шарпы хат қана танып, байларға жалданып жүрген жерімнен, «жәдитшіл» (жаңашыл) мұғалім болып жүрген нағашым бар еді, соның «азғыруымен», қаржылай жәрдемімен Орын­бордағы «Құсайыния» деген татардың жәдит медресесіне кірдім», – деп өзі жазғандай, Жиенғалидың аз ғұмырындағы азаматтық қалыптасу кезеңінде ұстазы Абдолла Беркеновтің (1882 – 1971) тәрбие-өнегесі өзгеше орын алды. Абдолла Жиенғали жиенінің де өзі бітіріп шыққан «Медресе Ғалияда» білім алуына жағдай жасады.
1915 жылғы 11 ақпанда «Қазақ» газетінде «Жиенғали, Құдайберген» деп қол қойылып шыққан «Өнегелі мұғалім» деген хабар бар. Бұл жарияланым – Абдолла мұғалімге арналған әрі кейіннен қазақ әдебиеті мен тіл ғылымының белгілі өкілі болып тарих сахнасына шыққан екі оқушы – Жиенғали Тілепбергенов пен Құдайберген Жұбановтың тасқа басылған бірінші еңбегі.
«Темір үйезі, Темір-Орқаш болысының 3-ауылында өткен октябрьден бастап бір мұғалім төте жол – «Қазақ» емлесімен 30 шамалы бала оқытып жатыр. Бірсыпыра балалар бұрын оқығандықтан, екі-үш бөлім қылып, жеткенінше қазақша, жетпегеніне ноғайша кітаптарды қолданып жатыр. 3-4 айдың ішінде балалар тіпті жақсы болып қалыпты. Баста жәдид деп жақтырмаған адамдар осы күні дұрыстығын түсіне бастапты. Бұл мұғалім Ғабдолла Беркенов, ескіше оқыса да, пікірі түзу, зерек көрінеді. Ағайындарына айтып қараса да іс шықпаған соң, өзінің шағын дәулетімен ыждаһат етіп 50-60 сом ақша шығарып, балаларға керек кітап, саймандар алып, оларды өз үйінде оқытып жатыр», – деп жазды олар.
Абдолла Беркенов көп жыл бойы Ақтөбе облысындағы Ақкемер, Темір, Шұбарқұдық, Шілікті, Сабындыкөл, т. б.мектептерінде мұғалім, директор қызметтерін атқарды. Ұстаздық еңбегі үшін 1948 жылы Ленин орденімен марапатталды. Оның оқытқан шәкірттері деп Жиенғали Тілепбергенов пен Құдайберген Жұбановтан басқа, академиктер Ахмет Жұбанов пен Сақтаған Бәйішевті, көрнекті сәулетші Төлеу Бәсеновті, Социалистік Еңбек Ері Нәби Жақсыбаевты, Кеңес Одағының Батыры Мәлгаждар Бөкен­баевты және басқа да есімі елге танымал бірқатар азаматты атауға болады.
Ал Абдолла мұғалімнің әкесі Беркен – тілге шешен, беделді, ой-өрісі биік адам болыпты. Балаларының оқуына, білім алуына айрықша мән беріпті. Абдолланы Орынбордағы, Уфадағы медреселерде оқытады. Туыстық жағынан келгенде, Беркен – Жиенғалидың туған нағашысы. «Жиенім ғалым болсын» деген ниетпен, оған «Жиенғали» деп ат қойған да осы кісі екен
Батыс өңірдегі қазақтар арасында ертеректе арабтекті «ғали» (биік, жоғары, ұлы деген мағынадағы) сөзі ауызекі тілде көбіне «ғалы» деп, мысалы, Жиенғалы, Кенжеғалы деп айтылатын. Жиенғалидың қаламдас, әріптес замандасы, белгілі ақын Кенжеғали Абдуллин бір өлеңінде өзі туралы «Солай деп сөз бастады Кенжеғалы, Болған соң қорқынышты қазақ халі…» – деп толғанады. Мұндағы «Кенжеғалы» жай ғана ұйқас үшін алынбағаны белгілі. Жиенғалиды да өз ортасы, нағашылар ауылы «Жиенғалым», «Жиенғалы» деп әрі еркелете, әрі құрметтей атаған (Жиенғали қайтыс болғаннан кейін жетім қалған екі ұлы – Нариман мен Нұраш та осы түп нағашыларының қолында тәрбиеленіп өскен).
Әу баста «жиенім ғалым болсын» деп ат қойған ағайынның ақ тілегін ақтап, есімі елге танылған Жиенғали Тілепбергенұлы үшін де, оның ата-анасыз жетім қалған қос ұлы үшін де нағашы жұртының тілеуқор һәм бауырмал қамқорлығы ата қазақ дәстүрінің ізгілікті қасиеті, адамгершілік үлгісі ретінде ұрпақтар зердесінде жүргені артық болмайды.
Жиенғалидың өмірі мен шығармашылығының бастауындағы белес – Орынбордағы «Құсайыния», Уфадағы «Ғалия» медреселерінде оқыған жылдары. Бұрынғы қоғамда жалпы медресе-мектептердің жайы тікелей дінмен байланыстырылып, көптеген қазақ зиялыларының ауыл молдасынан кейін білім алған осындай оқу орындары жөнінде жарытымды жарияланым болмады. Дінге деген теріс көзқарастың салдарынан көптеген қаламгер өздері білім алған медреселер жайында жеткілікті ақпарат бере алмады.
Жиенғали «Құсайыния» медресесіне 1914 жылы Құдайберген Жұбановпен бірге келеді. Медресе мүдаристері шәкірттерді әлемдік классикалық әдеби шығармалармен кеңінен таныстырып отырған. Оқу орнының кітапханасы орыс, татар, араб, түрік, парсы және басқа тілдердегі көркем шығармаларға, философиялық, педагогикалық әдебиеттерге өте бай болған. Осы медреседе оқыған Құдайберген Жұбанов туралы айта келіп, академик Рәбиға Сыздық: «Мұнда болашақ лингвист ғалым математика, жағырапия, ботаника сияқты пәндерден жақсы білім алуымен қатар, араб, парсы, шағатай, түрік, татар, башқұрт тілдерін үйреніп шығады», – дейді. Жиенғали Құсайыния» медресесінде білім алып жүргенде, әсіресе татар әдебиетімен кеңірек танысқан. «Татар әдебиетін көріп, бізде де сондай болсайшы дейміз», – деп жазды ол кейін.
Ал Уфадағы «Ғалия» медресесінде Жиенғали Зия Камали, Ғалымжан Ибрагимов сияқты ұлағатты ұстаздардан дәріс алды.Болашақ қаламгерлік ой-өрісіне, әдеби танымына, жазуға деген ұмтылысына бұл тұлғалардың сөзсіз әсері болды. Кейін ұлт әдебиетінің көрнекті өкіліне айналған Бейімбет Майлин, Шайхзада Бабич, Сайфи Құдаш, Хасан Турфан сияқты жас қаламгерлермен қоян-қолтық араласып, қатар оқыды
Бейімбет екеуі басқа ұлттың жігіттерінен қалыспаймыз деп, қазақ жастары үшін «Садақ» атты қолжазба журнал ашты. Жиенғалидың осы журналға басшылық жасауы – төл шығармашылығына өріс ашылуымен бірге, өзге де қалам ұстаған әріптес шәкірттердің еңбектері жайында ұдайы пікір білдіруін, жетістік-кемшілігін көрсетіп отыруын талап етті. Бұл белгілі бір дәрежеде болашақ қаламгердің сыншыл көзқарасының қалыптасуына жол ашты. Редактор Жиенғали әдеби сынның көркемдік-әлеуметтік мәніне баса назар аударды.
Жиенғалидың «Садақта» қаз басқан қаламы оның сол тұстағы мерзімдік басылымдарға қатысуына мүмкіндік берді. «Қазақ», «Алаш» газеттеріне хабар-ошар, әңгімелер жаза бастауы осының айғағы. Бұлардың мазмұнын шолып қарағанда, Жиенғалиды жас кезінен-ақ халық өмірінің көкейкесті мәселелері толғандырғанын көруге болады.
Жиенғалимен медреседе бірге оқыған, «Садақ» журналын бірге шығарысқан, қолжазба журналдың авторларының бірі, кейін республиканың еңбек сіңірген мұғалімі атағына ие болған Зейнелғабиден Имажановтың: «Жиенғали біздің жетекшіміз, ұйытқымыз еді ғой. Халық ісіне, әлеумет мәселесіне жан салатын тамаша жан болатын…» – деген сөздері көп жайттың жүзін жарқырата алады.
Жиенғали медресе шәкірті кезінде көрнекті Алаш қайраткері, діндар ақын Ғұмар Қарашпен жақын қарым-қатынаста болды. Ғұмар Қараш – Алаш қозғалысының жандануына, Алаш партиясының құрылуына белсене араласқан қоғам қайраткері, бірнеше жинағы жарық көрген атақты ақын, ұлт пен елдің ұлы мақсатын ойшыл қаламымен өрнектеген кемел көсемсөзші, ұрпақ тәрбиесіне атсалысқан ата ұстаздардың бірі, қасиетті мұсылмандық жолынан таймаған діндар. Оның 1911–1913 жылдары жарияланған «Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел қажы» секілді кітаптары кез келген көзі ашық қазақтың жан дүние­сіне жақын тұрды.
Ғұмар Қараш 1917–1918 жылдары Уфадағы мүфтилікте жұмыс істеп, сол кезде мектеп-медреселермен тығыз ынтымақтастық орнатты, шәкірттерді оқыту, оларға жәрдем беру жайымен айналысты. Осы жылдары «Ғалия» медресесінде оқып жүрген Жиенғалидың өзінен 20 жас үлкен Ғұмар сынды белгілі адаммен жақын араласуы аталған кезеңге сәйкес келеді.
Жиенғали – оқытушылық пен шығармашылықты қатар алып жүрген жазушы. Шығармалары Уфа медресесіндегі қолжазба «Садақ» журналынан бастап, ХХ ғасыр басындағы «Қазақ», «Алаш», «Абай» сияқты басылымдарда, 20-жылдардағы «Кедей», «Сыр бойы», «Бостандық туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі», «Жұмысшы», «Ауыл» газеттерінде, «Әйел теңдігі», «Жаңа әдебиет», «Қызыл Қазақстан», «Жаршы», «Балға» журналдарында жарияланып тұрды. Шығармашылығының бастауындағы «Жазғы көш», «Қалижан жігіт», «Ескерткіштен бір бөлек», «Ат-тон айып», «Нағима», «Меруерт» секілді әңгімелеріне сол кездегі жазба әдебиет үрдісіне орай әйел теңдігі мәселесін, ел өмірінің әр қырын арқау етті.
«Төңкеріс кезінде ауылда мұғалім едім, – деп жазды Жиенғали. – 1918 жылы Түркістан қазақтары ашаршылыққа ұшырады. Ақтөбе, Орынборға қарай босып кетті… Бір қызын бір тілім нанға сатты… Ақтөбе төңірегінде мұғалім болып тұрғанда, тоқ елдегі байлардың аштарға істеген айуандық өмірінен, қыз-қатынмен алып-сатарлық еткені жайынан бір әңгіме жаздым. Оным Семейде шығатын «Абай» жорналында басылып шықты…»
Жазушының айтып отырғаны 1918 жылы «Абай» журналында жарияланған «Қайран елім-ай!» әңгімесі болатын. Қаршадай Бәтиманың аянышты қазасымен аяқталатын осы әңгіме – Жиенғали қаламының реалистік бояуын айқын танытатын шығарма. Көркемдік тәсілі жағынан сол тұстағы көптеген қаламгерге тән сыншыл бағытты ұстанып отырса да, жазушы бейкүнә қыз тағдырын өзінше баяндаған.
Көзі тірісінде Жиенғалидың үш кітабы – «Перизат пен Рамазан», «Тілші» пьесалары (араб қарпімен) және «Таңбалылар» хикаяты (латын қарпімен) жарық көрді. Бұған қоса, балаларға арналған екі аударма кітапшасы бар.
«Перизат пен Рамазан» пьесасы Ақтөбе өңірінде болған оқиғаның негізінде жазылған. Бұл пьесаны алғаш рет 1928 жылғы 1 ақпанда Қазақстанның мемлекеттік драма театры А.Абдуллиннің режиссерлік етуімен сахнаға шығарды. Бұдан кейін Жұмат Шаниннің режиссерлік етуімен алты жыл бойы қойылып келді. Сол кезде Перизат рөлін танымал өнерпаз Шарбану Байзақова (Иса Байзақовтың зайыбы) ойнады.
«Перизат пен Рамазан» пьесасы – Жиенғали Тілепбергеновтің елеулі шығармашылық табысының бірі. Пьесаның өміршеңдігі оның мағыналы мазмұнынан шығады. Тақырып жағынан келгенде көтеріп отырған мәселесі сол тұстағы көптеген шығармаға тән жағдай болса да, жазушының етек алған әлеуметтік кеселді айыптау әдісі өзгеше көрінеді. «Тілші» пьесасы Жиенғали 1928 жылы Қызылжар қаласында жүргенде жазылды, алғаш рет осы қалада сол жылғы 25 наурызда жергілікті өнерпаздар күшімен сахналанды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ілияс Жансүгірұлы 1934 жылғы тұңғыш съезде жасаған баяндамасында Бейімбет Майлиннің «Майдан», «Талтаңбай», «Шұға», Мұхтар Әуезовтің «Октябрь ұшқыны», «Тартыс», «Айман-Шолпан», Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», Жұмат Шаниннің «Шахты», «Забой», Ғабит Мүсіреповтің «Шабуыл», «Қыз Жібек», өзінің «Түрксіб», Жиенғали Тілепбергеновтің «Тілші» пьесаларын – «біздің жаңа драмамыздың үлгілері» деп атап көрсетті.
Жиенғалидың көркем прозадағы көр­нек­ті еңбегінің бірі – «Таңбалылар» хи­кая­ты (жазушының өз сөзімен айтсақ, «ұзақ әңгімесі»). Ол кеңестік заманда кеңі­нен танылған туынды. Хикаят 1930 жылы Қызылорда қаласында 5000 дана тара­лыммен жеке кітап болып шықты және бірден жазушының шығармашылық та­бысы деп бағаланды. Оның кейбір үзін­дісі оқу хрестоматияларына енді. Бірақ 1930 жылдан соң, 1997 жылға дейін қайта жарық көрмеді.
Шығарманың басты кейіпкері Қалман – Жиенғалидың басқа да көптеген шығармаларының геройы. Жазушылық жолында Жиенғали Қалманды әртүрлі жағдайда, әртүрлі пішінде көрсетті. Қалманды Бейімбеттің Мырқымбайындай «мықты» қылуға тырысып, Сәбит Мұқановтың Шоқпыты, Асқар Тоқмағамбетовтің Қойбағары тәрізді ортақ кейіпкер үлгісінде ұстады.
«Таңбалылар» хикаяты бас кейіпкердің түрмеге түсуінен басталғанымен, негізгі оқиға Қалман кедей мен Тұяқбай бай арасындағы тартысқа негізделген. Шығармадан төңкеріске дейінгі және одан кейінгі таптық күрестің ызғары айқын сезіліп тұрады. Автор Қалманды қанша қиындық көрсе де қаймықпайтын өжет, қайсар, ілгері күнге үміт артқан жігерлі жігіт тұлғасында суреттейді. Бұл авторлық сүйсінуді «Қалман туғаннан-ақ жұмысқа қайым шоқпақ қара болып, омырауы есіктей, ойынды еті бесіктей болып туды» деген жолдар аңдатады. Сол себепті жазушы шығарма оқиғасын қоюлата отырып, Қалманды әрқилы қақтығысты жағдайларда суреттеуге тырысады.
Жазушы, драматург Жиенғали сатиралық проза саласында да өнімді еңбек етті. Оның сатиралық суреттемелері, оқшау сөздері мен фельетондары әлі де әлеуметтік күшін жойған жоқ. Әсіресе авторлық жазу мәнері, жанрға лайық фактіні орынды пайдаланатыны, оқырманның ой түюіне лайық мағыналы қорытынды жасау әдісі, нақтылық пен шарттылықты қатар қолдана білетіні, кез келген туындысын жанрлық жағынан ұдайы жетілдіріп отыруға бейімдігі т.б. осындай қалами қолтаңбасы айрықша. Жедел журналистикадағы газеткерлігін ұлттық әдебиет пен баспасөздің дамуына белгілі бір үлес болып қосылған оқшау сөздері мен өткір фельетондары арқылы көрсетті.
Көсемсөзші ретінде проблемалық мәселелерді көпшілік назарына ұсынып отырған қоғамдық белсенділігі өз алдына бір төбе. Мысалы, «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Аудару туралы» (1927) деген мақаласында қазақша тәржіменің сол тұстағы еңсеріле қоймаған солқылдақ жайын сөз етеді, бұдан жазушының дербес ұстанымы мен сөз өнеріне деген көзқарасы айқын байқалады. Ал «Әдебиет мұраларын жинау туралы» мақаласы Сәбит Мұқанұлы «Еңбекші қазақ» газетіне жазған ашық хатқа байланысты туды. Жиенғали әдеби мұраларды жинауды жүйеге келтіру қажеттігіне назар аудара отырып, қазір өзінің қолында бір том ертегі, қазақ билерінің сөздері, бір томдай көргенсіз сөздер жинағы және біраз кітаптар, журналдар, хиссалар бар екенін білдіреді, осындай халық мұрасын мұқияттап жүрген жырауларды, қарияларды білетінін айтады. Өзі жинаған бұл материалдарды беруге әзір екенін де мәлімдейді.
Бір мысал: Ахмет Байтұрсыновтың әйгілі «Әдебиет танытқыш» (Қызылорда – Ташкент, 1926) еңбегінде ауыз әдебиетіне байланысты әртүрлі әдеби нұсқалардан мысал келтіріледі. Соның бірі ретінде қалып сөзіне жататын дерт – көшіру жайы баяндалады. Ахмет Байтұрсынов мұның мысалы ретінде төмендегі шумақтарды ұсынады:
«Айтамын айт дегеннен, айда күлап!
Жыландай сүйегі жоқ майда күлап!
Күләбі бұл баланың аяғында,
Қалмаса аяғында, қайда күлап?..
Күлапсан бұл баланың көзінде еді,
Көмекей көзінде емес, безінде еді.
Бір қиял айтпайын деп ойлап едім,
Бұл бала өлемін деп безілдеді.
Күлапсан көшер болсаң, қалаға көш!
Қаланың іші толған шанаға көш!..
Құлап құрғыр деген соң, құлап құрғыр!
Шоқайып жол үстінде ома тұрғыр!
Жеріне ома тұрған жасыл түсіп,
Оқ өтіп, тас төбеңнен Құдай ұрғыр!
Ұшына орамалым түйдім тары,
Кетпейді жаз болса да таудың қары.
«Көш! Көш!» – деп біз кетелік, жүр!
Кетелік!
Күлаптың көшіп кетсін қалмай бәрі»
Бір қызығы, осы өлеңнің соңына «Жиенғали жиғаннан» деп жазылыпты. Бұл кезеңде Жиенғали Тілепбергеновтен өзге әдеби өмірге қызу араласқан Жиенғали есімді басқа бір адам бола қойған жоқ. Ахаң сілтеме жасап отырған Жиенғалидың Тілепберген немересі екені дау тудырмаса керек. Бұдан Жиенғали Тілепбергенов жинаған ескі әдебиет үлгілері өз кезінде көпшілікке бейтаныс емес еді, «Жиенғалидың халық мұрасын жинап жүргенін жұртшылық білетін еді» деген қорытынды туады.
Өндіріп жазатын дәуірі енді туған шақта қаламын қапияда «қолынан түсіріп алып», өмірден ертерек өткен Жиенғалидың есімі мен шығармашылық мұрасы ХХ ғасырдың елуінші жылдарының орта шеніне дейін елеусіз жатты. Мезірет білдірген нақты зерттеушінің жоқтығы Жиенғали еңбектерін жұртшылық назарынан көп уақыт шет ұстады. Осы орайда көрнекті ғалым, білікті ұстаз Тұрсынбек Кәкішевтің Жиенғали есімін жаңғырту жолындағы айрықша жанашырлық танытқан қажырлы қайратына шексіз ықылас-ілтипат лайық. Жиенғали Тілепбергеновтің есімі мен шығармаларының халқына қайтып оралуына, шын мәнінде, алаштың осы асыл азаматы тікелей себепші болды.
1955 жылы сол кездегі жас зерттеу­ші Тұрсынбек Кәкішев «Әдебиет және искусство» журналында жарияланған мақаласында Жиенғали сияқты қаламгерлерге назар аударылмай келудің себебін ашты «…Біздің әдебиет тарихын зерттеушілеріміз белгілі бір кезеңде әдебиетпен айналысқан қабілетті адамдардың өмірбаянын анықтау мәселесіне келгенде жеткілікті мән бермей, күдіктене де, қорқасоқтай да береді. Мысалы, Жиенғали Тілепбергенов жөнінде орынсыз күдіктер болды. Ол өзі 20–30 жылдарда әдебиетке араласқан болса, қалайша жікшілдіктен, тіпті қала берді, ұлтшылдықтан аман болды дей аласың, одан да жабулы қазан жабулы күйінде қала берсін деген сияқты теріс, шалағай пікірлер айтылып жүрді. Осындай зиянды пікірдің салдарынан оның творчествосы осы уақытқа дейін зерттелінбей келеді», – деп жазды ол. Тұрсынбек Кәкішевтің құрастыруымен Жиенғалидан қалған елеулі мұраның бір бөлігі 1969 жылы алғаш рет «Ізбасар» деген атпен жарық көрді. Бұған жазушының қаламынан туған еңбектер түгел енген жоқ, ол шағын әңгімелерінің, оқшау сөздері мен фельетондарының жинағы болып шықты. Авторы дүниеден өткен соң 36 жылдан кейін шықса да, нақ осы жинақ ұзақ уақыт бойы Жиенғали Тілепбергенов шығармашылығына байланысты сөздің дәйегі ретінде пайдаланылып келді.
Педагог-ағартушы Жиенғали Тілепбергенов – оқшау сөз, фельетон, шағын сатиралық әңгімеден хикаятқа дейінгі көркемсөз жанрларында жалықпай қалам тербеген прозашы; драмалық жинақтары жарық көрген, пьесалары кәсіби сахнада қойылған, қазақ драматургиясының тарихында өзіндік орны болған шығармашы; баспасөз жұмысына тікелей араласып, белгілі бірнеше газетте редактор, редактордың орынбасары болған, соңына көнермейтін көсемсөздік көлемді мұра қалдырған журналист-публицист. Ақтөбе атырабының перзенті ретінде осы өңірдегі кәсіби журналистиканың төлбасында тұратын ата-тұлға; кітап шығару саласында еңбек еткен баспагер, аудармамен айналысқан тәржіман. Амал не, қырыққа жетпей дүние салған жазушы қалам қуаты мен шығармашылық дарынын толық жұмсап үлгере алмай кетті…

Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, жиенғалитанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір