ҚҰРАЛАЙДЫҢ САЛҚЫНЫ
12.11.2025
312
1

Айнала көк желекпен көмкеріліп, шуаққа малынған мамырдың мамыражай күні. Жарықтық мамырдың майдақоңыр желі енді бой көтере бастаған көк шалғынды мақтадай үлпілдетіп, мақпал көрпедей бүлкілдетіп тұр. Бір-біріне жалғаса салынған төрт зәулім үйдің ортасындағы алаңқайдың бір кемшілігі, көлеңкеден арылмайды. Бұл үйлердің тұрғындары – көкжиекке көз талдырып көрмегендер. Көрсе де, ара-тұра қала сыртына шыққанда жанарлары шыққан күннің шұғыласын шалып, батар күннің шапағына шарпылған болар. Немесе пәтерінің терезесі сыртқа қараған тұрғындар әлемнің жылуын әйнек арқылы ғана сезініп жүр.
Бұл ауланың қары да кеш ериді. Дегенмен алаңқайы – кең. Балаларға арналған ойын алаңының дүбірі қысы-жазы толастаған емес. Арқасын қыздырып, маңдайын жіпсітер күнесі болмаса да, бірлі-жарым қариялар да аулаға шығып, әңгіме тиегін ағытуға пейілді. Кейбіреуі немерелеріне бас-көз болып, дамыл таппайды. Енді біреулері өздерінің өткен-кеткенін айтып, ауыз жаппайды. Бірен-саран орыстың шал-кемпірі болмаса, дені ауылдан көшіп келген қазақтар. Қалалық қария мен тас қаланы жерсіне алмай жүрген далалық қарттың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Өрекпіген өркениеттің ордасына ерте қоныстанған қазақтың шалбар киіп, шаш бояған кемпірлері мен ауылдан жуырда ғана көшіп келген әжелерді де оңай ажыратуға болады.
Оюлы бешпенті даланың кеңдігін аңғартып, басындағы орамалы рухтың байрағындай желбіреген Сақып әженің салиқалы сөз саптап, салмақты әңгіме өрбітіп отырғанының өзі жылуы аз мына ауланың ажарын кіргізіп, базарын үстеп тұрғандай. Қасын сүріп, шашын каштандатып алған қазақшасы шамалы Света апа танауын аспандатып отыр. Бұтына киіп алған қара шалбары арасы алшақтай бастаған қос тізесінің кемшілігін әшкерелеп-ақ тұр. Екі кейуана бірін-бірі жақтырмай отырғаны сырт көзге тайға таңба басқандай еркін байқалады. Сонда да әңгімелері түгесілер емес. Әсіресе Сақып әженің қалжыңмен қағыта сөйлейтіні өзіне жарасып-ақ тұр.
– Әй, Қызылбас! Немене, көшеден жанарыңды тайдырмайсың? Келініңнің жұмыстан келетін уақыты болып қалды ма? Әлде қосақ қылуға қолайлы шал тауып, сонымен кездесуге уағдаласып қойып па едің? – дейді, шалақазақ құрбысын тұқыртып.
– Ой, шал не надо. Өз шалым во болған. Такой шал жоқ! – деп шала бүлінеді қызылбас Света.
Осы кезде төртінші қабаттағы Төлеу­бала әже қосылды қатарларына. Ол осыдан бес жыл бұрын жалғыз ұлының қолына көшіп келген. Ауылда шалы екеуі тұрыпты. Ақсақалы өмірден озған соң, баласы көшіріп алды. Сақып әжедей емес, жанары – мұңды, күрсінуі – жиі. Екі сөзінің бірі – ауыл. Қаладағы тағдыр табыстырған мына кемпірлер танымаса да, абысын-ажындары туралы әңгімені бұрқырата береді. Осы жолы да Света мен Сақыптың жанына отырмай жатып:
– Ой, бүгін күн жарықтық тамаша болып тұр екен, ә… Осы кезде мал төлдетіп, мәре-сәре болып жататын едік. Қалима абысыным бестің шәйін самаурынға қайнатып, әгрәнөм қайнымның тұқымдыққа әкелген бидайынан қуырып, шайға шақырып жататын уақыты ғой дәл қазір. Терлеп-тепшіп шай ішіп, тербеп-толғап ескі әңгімеден жіберетінбіз, – деп, Сақып әжеге болмаса, қызылбас Светаға түк те қызығы жоқ өз тақырыбын қозғап кетті. Тақырыбы болғанда, сағынышы ғой байғұстың. Терең күрсінді де, Сақыпқа қарап:
– Қыз-ау, бүгін жалғыз шығыпсың ғой. Шалың қайда? Қыз Жібек пен Төлегендей жарасып отырушы едіңдер, – деп одан бұрын «шабуылдап» өтті.
– Е, мына Қызылбас екеуіңнен қызғанып, қамап кетті деймісің? Соңғы кезде ыңқыл-сыңқылы көбейіп жүр ғой. Қан қысымы көтерілді ме, түскі астан кейін бүк түсіп жатты да қалды.
Екеуінің әңгімесіне мүлде қызықпаған қызылбас Света ұялы телефонын шұқылап әлек. Ара-тұра өз-өзінен езу тартып, әлденеге мәз болады.
Төлеубала әже тоқтайтын емес.
– Осы ана профессор шал мен кемпірі көрінбей кетті ғой. Сырқаттанып қалмады ма екен? – деп ауланың шал-кемпірін түгендей бастады. Қаланың байырғы тұрғыны, осындағы университеттің бірінде оқытушы болып істейтін көзәйнегінің қалыңдығы бір елі Ермекті айтып отыр. Кемпірі де іргелі кәсіпорынның бірінде есепші болып істеген, боянып-сыланып жүретін кербездің өзі. Мына отырған қызылбас Светаның сыңары десең, мұқым ел ойланбай сенер еді. Өздері мынау Мұхит ауданының тумалары. Аулаға ауық-ауық шығып, осы төңіректің жаңалығын жіпке тізіп отыратын Сақып әже Төлеубаланың күдікті сұрағын жауапсыз қалдырған жоқ.
– Таңертең келінін көргенмін. «Сарыағашқа» кетіпті, демалуға. Екеуміз секілді анда-санда өлік-тірік, той-томалаққа барып тұратын ауылдары да жоқ, көрөрттамағанда қайтеді?!
– Е-е-е, қайран ауыл! Қыстай бір барып қайтпадық. Ұлға қақсай-қақсай, жағым талды, – деп, Төлеубала апа тағы аһ ұра күрсініп, мұңайып қалды. – Балалар каникулға шықсын, ауыл бие байлап, қымыз баптасын деп отыр ғой ұл. Оған да көп уақыт қалған жоқ.
– Иә, мектептің каникулына аз қалды ғой… Шыда! Біздің немерелер де тағат­тары таусылып, күн санап жүр. Ауыл десе, қаланың бар қызығын тәрк етуге дайын, иттің күшіктері. Мен де барып, абысын-ажындармен қауқылдасып, қыздардың үйін жағалап, бір жасап қалар едім. Шалдың да ауырып қалғаны содан, Құдай біледі бар ғой, – деп сөзінің басы Төлеубаланың көңілін демдеген болып басталған Сақып әженің әңгімесі өзінің де ауылға деген аңсар көңілін жария етіп қойды.
Қызылбас Света әлі жақ ашқан жоқ. Өз әлемі – өзінде.
Екі әженің де әңгімесі ұзаққа созылмады. Ең әуелі Сақып әже:
– Мына Қытайдың қамалындай үйлердің қабырғасынан күннің қанша еңкейгенін де байқамай қаласың, нәлеті. Сағат қанша болды екен? – деп, етегін сілкіп, бешпентінің өңірін қымтап, орнынан қозғалды.
Светаның телефонындай болмаса да, ауылдағы қыздарымен, абысындарымен хабарласып жүретін түймелі телефонына көзін сығырайта үңілген Төлеубала әже:
– Ойбуу, кеш болып қалыпты ғой. Қой, қозғалайық. Кешкі асты қамдайын. Ұл да, келін де жұмыстан сіркелері су көтермей шаршап келеді. Тамақтары дайын болмаса, қабақтары түксиіп қалады-ей, бәтшағарлардың, – деп орнынан ширақ қозғалып, есікке беттеді.
Қызылбас Света саусағының ұшымен телефонның алақандай экранын тары тазалағандай түртіп қойып, өз-өзінен мәз болып, мыналардың кеткеніне қуанғандай жайбарақат қалып барады.
Ұзақ отырып, әбден құрысып қалған белін зордың күшімен жазған Сақып әже де:
– Қой, мен де шалдың дәрісін беріп, тамақ дайындайын, – деп бүкшеңдей жөнелді. Бейне бір қария емес, мынау жалғанның мың-миллион құпиясына қойылған сұрақ белгісі қозғалып бара жатқандай…

***

Күні бойы доп қуалап, әбден діңкелеген балалар шоқтай иіріліп, демдерін алып отыр. Құйрығына допты басып, ұялы телефонына шұқшиған Сұңғат осы топтың ересегі еді. Енді ғана көктем лебін сезініп, ұштала бастаған шалғынға тізелерін құшақтай жайғаса кеткен аула балалары Сұңғаттың қабағын бағып, тым-тырыс отыр.
– Бір тыныстап алып, жалғастырамыз ба? Есеп қанша еді, өзі? – деді Сұңғат телефоннан басын жұлып алған бетте жан-жағына алақ-жұлақ қарап.
– Есеп – 3:2. Біз – алдамыз! – деп, Сұңғаттың командасының қақпашысы Мейір мақтанып қойды. Ол – Төлеубала әженің ауылға арманын айырбастап жіберуге дайын екінші немересі.
– Шаршадық, демалайық. Бүгін көп ойнадық.
Футболға аса зауқы жоқ болса да, аула балаларынан оқшауланғысы келмей, амалсыз ойнаған Бекарыстың уәжі осы болды. Оның да бар ойы – ауылда. Бұл – Төлеубала апаның үлкен немересі. Атасы қайтыс болғанша атасы мен әжесінің қолында болып, ауылда оқыған. Қалаға бойы үйрене қоймаған. Бес жылдан бері орысшаны да дұрыс меңгере алмай, тас қалаға сыймай жүрген тасмаңдайдың нақ өзі.
– Мә-ә-ә, күн бүгін күшті болып тамылжып тұр екен. Осы уақытта біз ауылда асық ойнап, асыр салып жатушы едік. Алтыатардан алдыма жан салмаушы едім, шіркін! Көршінің балаларын түгел ұтып алып, артынан әжелері келіп, жылауық достарымның ұтылған асықтарын қайтарып алып кететін. Көшенің ғана емес, бүкіл ауылдың сұрмергені едім, – деп, Бекарыс мүлде басқа әлемге қияндап кетсін.
– Асық деген қандай ойын? Қызық па? – деді Сұңғат ерекше қызығушылық танытып. Өйткені оған ауыл деген Марс планетасындай жұмбақ әлем еді.
– Пәлі, асық ойынын білмейсің бе, не? Оның қызығы деген керемет қой! Шіркін, каникул қашан басталар екен?! – деп Бекарыс өршелене түсті. – Менің ауылда бір шабадан асығым қалды. Көшкенде Нұрсұлу әпкемнің баласы Жұбанышқа беріп кеткенмін. Каникулда ауылға барсам, екі шабадан қылып, көбейтіп кетемін ғой…
– Ауыл деген қандай жер? Онда да осындай биік үйлер, супермаркет, дәл мынадай ойын алаңдары бар ма? Кинотеатр, футбол ойнайтын стадион бар ма? Балмұздақ сата ма? Компьютер клубтары ше? – деп Сұңғат Бекарыс пен Мейірді сұрақтың астына алсын.
– Сен не, ауылға барып көрмегенсің бе? Ауылда мына алдамшы қызықтың бірі де жоқ. Бірақ өз қызығы бар. Тайға мініп жарысамыз, өзенге барып шомылып, қармақпен балық аулаймыз. Компьютер клубың не, онда интернет те жоқ. Сонда да қызық.
– Сұңғат, сенің ауылың жоқ па, не? Біздің ауыл керемет қой, шіркін! Өзен жағасындағы қалың тоғайда жасырынбақ ойнағанға не жетсін?! Бір-бірімізді күн ұзаққа іздеп, мүлде таба алмай қалатын­быз. Тү-у-у, ауылды сағынып кеттім ғой.
Бекарыс пен Мейір жарыса жауап беріп, мақтанып жатыр. Ауыл қызықтарын айтқанда, екеуінің де делебесі қозып кетеді. Сұңғат мұңайып қалды.
– Иә, мен ауылды мүлде көрмеппін. Атамның туған жері бар екен. Ол да ғажап жер болғанын атам үнемі айтып отырады. Мұхит ауданының алыс ауылдарының бірі ғой деймін. Атам қалада оқып, осында қалып қойған. Әкем жалғыз ұлы ғой. Ол қаладан қозғалмаған. Қазір ауылда туыстар қалды ма, сендер айтып отырған қызықтар бар ма, ештеңесін білмеймін. Шынымен, ауыл сендер айтып отырғандай, қызық болса, менің де барғым келеді – деді аптыға.
Сұңғат – профессор Ермектің жалғыз немересі. Атасы Ермек ауылда туып, мектепті ауылда бітіргенімен, институт бітіргеннен бері қалада тұрады. Институтты үздік бітіріп, қаланың қызына үйленген. Бұрын ауылға ат ізін салып тұратын-ды. Кейін мүлде бармай кетті. Себебі – Сұңғатқа құпия.
– Шіркін, менің де ауылым болса ғой…

***

Сүріне-қабына үйге кірген Сұңғат:
– Әке, әке деймін! Осы біздің ауылымыз бар ма? Мейір мен Бекарыс каникулда ауылдарына кетеді. Ауладағы балалардың біразының ауылы бар. Барлығы кетеді. Жаз бойы мен жалғыз қаламын. Ауылымыз бар болса, мен де барайыншы! Ауылға барғым келеді, –деді аптыға.
Теледидардан жаңалық көріп отырған әкесі Талғат ләм деп жауап қатпады. Ауыр күрсініп, ол да ауылды ойлап кетті. Бекарыс пен Мейірдей кезінде бұл да ауылға барушы еді. Ол кезде әкесінің туған ауылымен қарым-қатынасы тығыз болатын-ды. Еңбек демалысына шыққанда, мұны ертіп ауылға барады. Бір ай ауылда қымыз ішіп, бағылан қозының етіне тойып, туысқандардың баласымен ойнап, арқа-жарқа болып қайтатын еді. Неге екенін Сұңғат тұрмақ, өзі де білмейді, кейінгі жылдары профессор әкесі ауылға емес, шипажайға тартып отыратын болып алған.
– Түу, әке, ауылымыз бар ма біздің? Бар болса, барайық та!..
Сұңғаттың даусы ойын бөліп жіберді. Жұмыстан шаршап келген отағасының мазасын алған ұлын жақтырмаған анасы Сәуле:
– Сұңғатик, не болды саған? Ауылы несі? Сен түгілі, әкеңнің ауылға бармағанына қырық жыл өткен шығар. Қи сасып, малдың шаңына көмілген ауылда не бар дейсің?! Сен интернеті жоқ ауылда бір күн де өмір сүре алмайсың? Жуын, тамақ ішеміз, – деп, алып-ұшқан баласын тыйып тастады.
Келіншегінің бұл сөзін Сұңғаттың әкесі жақтырмай қалған.
Ауыл! Ауыл! Қайран ауыл! Дегенмен зиялының баласы ғой. Ауыл жайлы ойлағанда жаны тебіреніп, жүрегін әлдебір сағыныштың сазы тербей жөнеледі. Марқұм әжесінің қымызы балдай еді ғой. Құрт-ірімшігін айтсаңшы! Бауырсағы ше! Жаңа піскен ыстық бауырсаққа жағып жеген сары майдың дәмі келді таңда­йына. Әр каникулға барған сайын, атасы марқұм бұған тай үйретіп қоюшы еді ғой. Тақымы тершіп қоя берді. Талдысайдың мөп-мөлдір суына шомылған күндер қайда? Қармақты салған бетте қабатын ашқарақ майтабанын айтсаңшы! Каникул кездерінде барғаны болмаса, Талғат та қалада туып, қалада өскен. Бірақ ауылдың киесін ұғынып, қадірін білетін еді.
Сонау тоқсаныншы жылдардың дүрбелеңінде уақыт жел уығын қиратып, шаңырағын ортасына түсірді ғой. Ауылға барыс-келіс тоқтаған содан бері. Қап-қап болып келетін соғым да келмейді. Атасы мен әжесі дүниеден өткелі құрт-ірімшік, сүр қазы толып жететін сәлемдеменің де жолы тұйықталды. Ауыл қаңырап қалған. Көнекөздер Талдысайдың жағасындағы қорымға, жастары қалаға көшкен. Осының бәрін асфальтта өскен шолжаң ұлына қалай түсіндірсін енді?!
Тұңғиық ойы тұйыққа тірелді ме, әлде ауылға деген сағыныш санасын сансыратып жіберді ме, келіншегі Сәуленің ауыл жайлы таяз ойы жанын жүдетіп жіберді ме, әйтеуір, Талғаттың көңіл күйі түсіп кетті. Теледидарды да өшіріп тастап, Сұңғатқа:
– Жарайды, балам, жуын, тамағыңды іш. Атаң келсін, бір сенбі-жексенбіде барып қайтамыз ауылға. Сонда түсінерсің әкеңнің атамекенінің жағдайын, – деді де, жатын бөлмеге беттеді.
Содан бері Сұңғатта дегбір қалмаған. Шешесіне:
– Атам мен әжем қашан келеді? – деген сұрақты жиі қоятын болады.
…Артынып-тартынып, атасы мен әжесі де келді. Өткендегі әкесіне қо­йып-қойып, мардымды жауап ала алмаған сұрақтарын атасына жаудырды.
Ауыл туралы әңгіме қозғалса, бұл үйдегілердің көңілі неге бұзылады? Әлде Мейір мен Бекарыстың ауылындай емес, бұлардың ауылы қызықтан жұрдай, қа­сиет-киеден ада ма? Ұзақ ойға шомып, үнсіз қалған атасы Ермек әлден уақыттан кейін:
– Жақсы, құлыным! Әкең апарып келемін десе, барып қайтайық. Әке-шешемнің басына дұға оқып, қайран туған жерімнің иесіз қалған тау-тасымен, орман-тоғай, өзен-бұлағымен сырласып қайтайын, – деді. Өзі диванға шалқасынан жатып, тұңғиық ойдың жетегіне ерді.
Мұхит дүркіреп тұрған аудан еді ғой. Ал өзінің туған ауылы ақтылы қой өргізіп, халқы еңбек ету мен адал пейілден айнымаған киелі мекен болған деп қалай айтасың бүгін?! Соңғы барғанында бөлімше тұрмақ, ауыл орталығында екі-үш үй ғана қалған еді. Қалқайған қабырғалар мен жерге сіңіп бара жатқан іргетастың орнын «Мынау – менің ауылым» деп кімге көрсетіп, кімге мақтанбақсың?!
Қызығы кемшін болды демесең, балалық балдәурені, түбіт мұрты тебіндеген бозбала шағы осында өтті. Мектеп бітіріп, арман жетегінде қалаға кеткенше, дүние­нің бар қызығы осы ауылда ұя салғандай көрінетін. Асқақ рухтың берік бекінісі де осы ауылдың іргесінен басталатындай болушы еді. Сұрапыл соғыс жылдарындағы бейнетті күндерді ауыл халқының бекем бірлігі мен ырысты ымырасы жеңіп шыққан. Боздағынан айырылып, «Қара қағаз» келген үйге өзі құралпы жас балалар әке-шешелерінің айтуымен қолғабыс етіп, колхоздың жұмысына да ерте араласты. Қайран, ауылдың аттылы кісі көрінбейтін шабындығының өзі берекенің басы, ырыстың ордасы екен ғой… Сол шабындықты қол шалғымен жусатып, бригадир бекіткен күндік норманы асыра орындағанда, жауды жеңгендей мағмұрланатын күндер қайда? Бәрі сағымдай бұлдырап, жүректі сыздатар сағынышқа айналды. Осынша терең тарихты ауылдың түтінін иіскеп көрмеген мына немересіне қалай шертпек? Қанша жерден әсерлі әңгімелеп, иландыра айтқаныңмен, мына Сұңғат атаның әңгімесін ертегі деп ойлайды ғой…
Жұма күні жұмыстан ертерек келген Талғат әкесі мен баласына:
– Ертең ертелетіп жолға шығайық. Сұңғатқа берген уәдемді орындап, ауылға апарып келейін, – деді. Сұңғаттың қуан­ғанын көрсеңіз… Аспанға секіріп, сол ауылда мәңгіге тұрақтап қалатындай шаттанып жүр.
Ермек қария мұңайып отыр. Осы Талғатқа: «Ауыл жаққа барып келейік. Әкем мен шешемнің басына барып, дұға жасамағалы қанша жыл өтті» деп, құдайдың зарын қылғанда, әке ыңғайына бір көнбеп еді. Үнемі «уақыты жоқ», жұмыстан босай алмайды. Енді өз баласының өтінішіне уағда қылып, бір сөзін екі етпеуін қарасаңшы… «Мына заман не болып барады, антұрған?!» деп күбір ете қалды да, орнынан тұрып, кемпірін іздеді.

***

Бұлар жолға шыққанда ауа райының бұзылар ыңғайы байқала қоймаған. Көктемнің күні құбылмалы келеді емес пе?! Оның үстіне, таңғы мезгілдегі ызғар ыдырайтын шығар деп те ойлаған. Олай болатын түрі жоқ. Көктегі бұлт қоюланып, жел күшейе бастаған сыңайлы.
Қаладан солтүстік-батысты бетке алып, оқша зулаған көліктің ішіндегі үш ұрпақтың өкілі әрқайсысы өз ойларымен әлек болып келеді.
Атаның ойы – тым тереңде. Сұрапыл соғыс жылдарындағы бейнетті күннің бедері, ашқұрсақ күндер, майдан даласынан үй аралап келіп жатқан қара қағаздың қасіреті, ананың зары, жесірдің жоқтауы, соғыс жетімдерінің жәудіреген жанары… Бәрі-бәрі ойына шырмалып, ет жүрегін жаншып келеді. Қазір баратын алтын бесік ауылының әр бұтасы мен әрбір қиыршық тасына дейін сол бір сұрықсыз күндердің суретін көз алдында көлбеңдетеді-ау…
Колхоз, колхоздан – совхоз құрылып, мектеп бітірген соң бір жыл өзі жылқы баққан сайын дала… Мұздыбұлақтың қырат етегіне жайыла аққан аңғарындағы көк шалғын… Жаңа туған құлындар осы аңғарда қос тәулік жайылса, қарақұлақтанып шыға келуші еді. Бұл төңіректе құнарсыз жер жоқ еді. Енді неге қаңырап қалды? Ымырасы жарасқан, бірлігі бекем ел еді, неге үдере көшті екен? Анау қырдағы қорымға барып аруақтарға дұға оқитын ешкім қалмады-ау… Дұға қылмақ былай тұрсын, өтіп бара жатып бет сипайтын жолаушы өтпегелі қанша уақыт болды екен?
Ермек ақсақал түбі жоқ тұңғиық ой толқынын малтып келе жатқанда, көлік асфальттан бұрылып, ескі жайдақ жолға түскенін де аңғармай қалыпты. Ауылға жақындап келеді. Ерекеңнің жүрегі атқақтап, бұрын-соңды мүлде басынан кешпеген құпия күйдің құшағына еніп барады. Бәлкім, елге деген сағыныш шығар.
…Талғаттың ойын оқыған адам таң қалар еді. Осы сапарға уәде бергеніне өкініп келеді. Әкесі де соңғы жылдары ауыл жайлы жиі айтып, апарып келуін қиылып өтінсе де, уақыт таппаған. Оған баласы қосылды. Каникул кездерінде ғана келгендікі ме, ауыл жайлы бұл көп ойламайтын. Иә, ара-тұра сағынып кететіні бар. Бірақ ойынан тез шығып кетеді.
Өткеннен бері жоспарлап жүрген талай жұмысы бар еді. Соның барлығын ысырып қойып, кейінге қалдырғаны әжептәуір шығын әкелетін шаруаларын да амалсыз тежеп, жақында ғана салоннан алған көлікті шаңдақ жол, тастақ грейдермен қинап келе жатысы – мынау. Бекер келістім дегені шығар, рульді сығымдай ұстап, басын шайқап қояды.
…Сұңғаттың бала қиялы тым шарықтап кеткен. Ол атамекенінде ат басын тіреп, ас-су ауыз тиетін ешкім қалмағанын білмейді. Өз ойынша барған үйінде ат болса, асық ойнайтын өзі құралпы бала болса… Атқа мініп, асық ойнап, фотоға түссе… Қалаға келген соң «Міне, бізде де ауыл бар! Мен барып, тайға міндім, асық ойнадым!» – деп, Бекарыс пен Мейірге мақтанар еді. Осыны ойлаған кезде бала көңілі алып-ұшып, көліктің жылдамдық өлшеуіш приборына бір, әкесіне бір қарап қояды. «Неге қаттырақ жүрмейсіз?» дегісі келеді. Бірақ ауылға апаруға бірден келісіп, атасы екеуін шексіз қуанышқа бөлегені үшін әкеге ескерту жасауды артық санайды.
Осылайша, үш ұрпақтың өкілі өздеріне тән үш әлемде ой өріп, қиял өрбітіп келе жатқанда, көлік ойпаңдағы ауылды алақандағыдай көрсететін қайқаңға шыға келген. Ата мен әкеге таныс жұрт, мәлім мекен болғанымен, Сұңғатқа бейтаныс әлем.
– Міне, біздің ауыл. Мына атаңның кіндік қаны тамып, балалық дәурен, бозбала шағы өткен алтын бесігі – осы, шырағым. Қайран, ата жұртым! Алтын сандық, асыл қазынам! Сенің ойраныңды шығарып, ордаңды талқандаған озбырлықты кім ойлап тапты екен?! – деген Ермек қарияның даусына діріл араласып, үні құмығып әрең шықты.
Алдыңғы екі орындықтың ортасынан жолға телміре қарап отырған Сұңғат:
– Қане, қане? Біздің ауыл осы ма? – деп, ұшып кете жаздады. Бірақ көзіне шоқ талдар мен қалқайған қабырғалардан басқа ештеңе шалына қоймаған соң, атасына болмашы үмітпен қарап: – Ата, бұл ауыл біздікі ме? Үйлері қайда кеткен? Ешкім тұрмайтын ауыл бола ма? – деп, өзі де ерекше толқып келе жатқан байғұс қарияға сұрақты қарша боратты.
– Иә, құлыным, біздің ауыл – осы. Атаңның ежелгі қоныс, ескі жұрты – бұл. Дәл осындай күй кешеді деп ел де ойлаған жоқ, мен де ойламағанмын. Бабамның мал өргізіп, ұрпақ өрбіткен қасиетті мекені еді. Кешегі Кеңес дәуірінде де дүркіреп, төрт құбыласында төрт түлігі мыңғырған, еңісінде егісі жайқалып, өрісінде өлең шөбі сарғайып көрмеген құнарлы далам құлазып қалады деп ойладық па?! Жонын жау баспаған, ел ішін дау баспаған қасиетті қара шаңырағым-ай! Қаңырап қалдың-ау… Кешегі базарлы елді мазарлы белге айналдырып, сол аруақтарға қол жайып, бет сипайтын ешкімді қалдырмаған қандай зауал екен? Анау Бұйратаудан бастау алатын Мұздыбұлақ пен Тұздыбұлақтың кәусары осынау киелі өңірден көшкен елдің көз жасындай көлкіп жатқан шығар…
Алғашында немересінің сұрағына жауап ретінде басталған Ермек ақсақалдың сөзі, осылайша, жан тебіренісіне айналып кетті. Жол бойы ішіне тұнған шер-шемен болып ақтарылып сала берді. Талғат көлікті жермен жексен болған ауылдың жұртына қаңтарды. Көліктен түскен үшеу­дің көңіл күйі дәл бүгінгі күн райындай бұзылып, қабақтары аспанды торлаған қара бұлттай түнеріп кеткен.
– Міне, мынау – біздің үйдің орны. Алғашында жал пешпен бөлінген қоржын үй болатын. Кейін әкей марқұм тағы екі бөлме қосып, кеңітіп алған. Іргетасы да жерге сіңіп, құм басқан екен. Мына жерде ошақ болатын. Анам байғұс күннің аптап ыстығында нан жауып, мейманға қазан көтеріп жатушы еді, – деген кезде Ерекеңнің жанарына жас тұнды. Көңілі босап кеткенін баласы мен немересіне көрсеткісі келмесе керек, аяңдаған күйі қалың қараған-шілік өскен сайды бетке алды. Бұл жай ғана сай емес, ауыл іргесінен күркіреп ағып жататын Талдысай өзенінің аңғары еді. Әкесі ұзап кеткенде, Талғаттың даусы шықты:
– Балам, осынша құмартып келген ауылың – осы. Қираған үйдің орынан басқа не көрдің, ал? Бар жұмысымнан қалдырып, алтын уақытты зая қылып келгенде, достарыңа не көрдім деп барасың?
Атасы тебірене толқып жүр, ал әкесі мұны табалап тұр. Бір әулеттегі үш ұрпақтың арасы аз ғана уақытта қалай алшақтап кеткен? Жасы алғашқы мүшелден енді асқан ерке Сұңғаттың ойына мынадай естияр ой алғаш рет келіп, өз-өзіне тұңғыш рет осындай есті сұрақ қойып тұр, әлде мына ескі жұрттың киесі есейтіп жіберді ме екен?

***

…Қайтар жолда ескі қорымға барып, ата-бабаларының рухына Құран бағыштады. Атасы жаттатқан жеті атасының үшеуі осы қорымда жатыр екен. одан арғы аталарының мәңгілік мекені туралы мәліметті сұрауға жүрегі дауаламады.
Тізерлеп отырып, Құлһу-Алланың үш қайырған атасы орынан ауыр қозғалып, төңірекке құмарлана көз тастады. Ызғырық жел өңменіңнен өтеді.
Бойының мұздағанын енді аңғарған Ермек қарт Талғатқа бұрылып:
– Бүгін нешесі? – деді.
– Он тоғызыншы мамыр, әке.
– Е-е-е, құралайдың салқыны басталған екен ғой. Бәсе…
…Қалаға келген бетте Ерекең мұрттай ұшты. Қан қысымы да, қызуы да көтеріліп, үй іші әбігер бола қалды. Құралайдың салқыны тиді-ау.
Ауылдан, ауылдан емес-ау, жолдан көңілсіз оралған Сұңғат аулаға шыққан. Достары көрінбейді. Олар да құралайдың салқынынан сақтанып жатыр-ау, шамасы. Есік алдына дабылы жүрек шымырлататын «Жедел жәрдем» көлігі келіп тоқтады. Атасын алып кетеді қазір, бірақ бұл көлік атасын ауылға емес, ауруханаға апарады.
Құралайдың салқыны өткір екен. Басылар емес…

Ерсін Мұсабеков

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.11.2025 | 09:42

Құралайдың салқыны қыстың аяғы, көктемнің басында болады деген жазушыны да көріп едік, Мынау оған қарағанда «құдайға шүкір» екен. Құрайлайдың салқыны мамырдың 23-28 аралығында 5 күн соғатыны рас. Әңгімеде сол бес күндік табиғат құбылысы, «Құралайдың салқыны» сыйпатталмаған. тек тақырып қоюмен шектеліп, терең зерттелмеген

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір