МАЙОР ШЕНДІ ШЕШЕ

Саягүл – өр әйел. Ақ-сұр өңі қысқы күндей шаңытып қабағынан қар жаудырғанда, бір үйлі жанның үлкен-кішісі түгелімен толайым ықтап кетер еді. Биік қабақ астындағы уытты көзі шанда бір күлімсірегенде, әлгіндегі бұғыңқы жандардың арқа-басы жазыла түседі. Алдымен, үлкен келін Бидайыққа тіл бітеді.
– Енетай, мен жұмысқа кеттім.
– Сені кім ұстап отыр?
– Жай айтқаным ғой, – дейді ол назарын төмендетіп. – Кеңсе қожайыны – қырыс адам. Жұмыстан кешіксем, қырына алып жүргізбейді.
– Бетің жылтыр болғасын қызығады да саған, – деп суық томсарды енесі. – Менің де басымнан өткен жағдай.
– Әне, бұ кісі сөйтеді!? – деді әдеміленіп тарана бастаған үлкен келін құдай аманаты теріс лағып. – Киінгеніміз де ерсі бұ кісіге, күң еткек боп жүргеніміз керек. Баласы бір жағынан әкіреңдеп…
Кіші келін Тәмпеш те жинала бастған. Балабақшада тәрбиеші боп істейтін ол бой-басын қымтанып жүреді. Енесінің назары кіші келінге түсті.
– Қымтанғаннан не шығарасың-ей!? – деді оған. – Бетіңді тұмшалағанда басқа жағыңды қайда жасырасың?
Келіндерін қусырмалауға жаны құмар тынышсыз ене балаларына да мазасыз.
– Әй, Бейсен боз! – деді үлкен ұлын өзіне қаратып, – сенің не ойлағаның бар, қашанғы арбакеш боп жүре бересің!? Ондай кәсіп қай атаңда бар еді? Көлігіңді сатып, кәсіпке бейімдел дегенім қайда саған?
– Осыным тыныш, шешей.
– О, жігерсіз ынжық!
– Мелиса қатын атанып сіз де жер басып жүріз ғой, шеше!
– Менің шенімнен нендей зиян таптыңдар? – деді бір кездегі майор Саягүл ана. – Мына дағарадай жайды кім сендердің бастарыңа көтеріп берген? Әкелерің көк сумен болды. Сендерді итше тістеп жүріп жеткізген мен емеспін бе?
– Арам табысыңды бұлдама, шешей! – деді үлкен ұлы. – Әйел басыңызбен көлденең олжаға құмар едіңіз ғой.
– Адалдан ақша тапсаң, саған біреу қой деді ме?
– Өйдесеңіз, мына үйді сатамыз да өз бетімізше кетеміз, шешей, – деді үлкен ұл ішкі ойын ашып салып, – қашанғы омаламыз бір күркеде!? Оның үстіне, сіз де бір жағынан міндетсіп… Күн көрсетпей…
Сөзге кіші ұл Сұлтан килікті.
– Жолымды қу деп полицияға тығып… Ақырында нансыз қалдым.
– Өзіңнен көр! – деді майор шенді шеше. – Әкеңе тартқан қызбалығыңа мен жауап бере алмаймын. Тентекті жағадан алып сілкілейтін өркөкірек мінез бұрынғы кезеңмен бірге кеткен.
– Заң бұзғандарға өздері айтақтайды да, жеме-жемде кінәні төменгі шенділерге аудара салып, нанымыздан айырады, – деп қитықты кіші ұлы.
– Басқа да жұмыс бар ғой, – деді шешесі қисық ұлын шыжымдап өзіне тартып, – қарап жүргенді қой. Тәртіп сақшысы болған сендейлер күзетшілікке таптырмайды.
– Соған тұру үшін де бірдеңе беруге тиіссің, – деді Сұлтан жыларман болып, – кірмеген есік, бас сұқпаған тесік қалған жоқ.
– Олай десең, саудаға шық.
– Ақшаны қайдан аламын?
– Менің зейнетақымды жарат.
– Сіздің пенсияңыз ауыз шаюға да келмейді, – деді Сұлтан қытымырланып, – үйді сатқан жөн.
– Қара шаңырақ қой бұл деген! – деді майор шеше сәл босаңсып, – беделіммен, ақыл-айламмен арзанға түсіріп алған жоқпын ба!
– Бұрынғы сауда үйінде не қасиет бар дейсіз!? – деді Сұлтан тақыстығына бағып, – үйді сатып ақша жасағанымыз жөн.
– Ә-ә, солай деймісің?
– Қисыны соған келіп тұр.
Үй сатылатын болғанда отбасының үлкен-кішісі бір ауызды боп шықты. Ененің адуын ызбарынан мезі боп жүрген қос келіннің іші біледі. «Иә, сәт-ай!» – десті қас-қабақтары жазылған емескі үмітпен. Қос ұлдың да құдайы жарылқап арқа-бастары кеңіп сала берген. Оңашаланған екеуі бір шөлмекті тауысып тастады. Есі кіріп қалған балалар да: «Алақай, үйді сатып ақша ұстаймыз!» – деп мәз болды.
Қос қабатты үйдің ауласы тал-терекпен көмкерілген бау-бақшалы болатын. Құтты ұяға қызыққандар кең жайды көтеріңкі бағамен алды. Мол ақша әулеттің би анасы майор шешенің қолына тиген еді. Қанша дегенмен ана аты бар емес пе, жеме-жемде жұмсақсып сала берген ол үлкен ұлға үш бөлме, кіші ұлға екі бөлме пәтер сатып берді де, өзіне бір бөлмелі шағын жайды таңдады. Артылған ақшаны екінші ұлдың саудасына ыңғайлады.
Сәл мүлт кеткенін кейінірек байқаған адуын шеше жалғызсырай бастаған. Іргесі тиіп тұрған қос ұлдың үй-жайына бас сұғудың өзі Саягүлге қияметтей көрінген еді. Кезіндегі ысқырық-ызбарын ұмытпаған қос келін мазасыз енені салқын қарсы алатынды шығарған. Немерелері де шешелерінің қырпымен болып, «майор әжесіне» еркелей қоймайды. Қос ұлдың құдайы жарылқаған еді. Арбакеш Бейсен сатылған үйден алған үлесін жең ұшынан жалғасуға жаратып, таксопаркке орналасып алды. Кіші ұлда да өзгеріс бар. Саудаға жүгіргенде жолында кім тұрса да қағып өтуге бар. Қытымыр шешеден ықтағанды ұмытқан.
Майор шенді шешеде бұрынғы екпін қалмаған еді. Аудандық деңгейде үштің бірі боп құқық қорғау саласында мінсіз қызмет атқарған Саягүл отбасылық күйбеңде мүлт кеткенін мойындауға мәжбүр. Қызмет бабындағы қатаңдық үйішілік жағдайға үйлеспейді екен. Меселі түсіп, тауы шағылған ол: «Әй, тұқымың өскірлер-ай!» – деп шарасыз мұңаяды. Болып-толып тұрғанда «маматайлап» алды-артын орағыштайтын ұлдары мен келіндерінің салқынсыған қалыптарына себепкер өзі екенін іштей сезінгенде, қасарыспа мінезі күрт сынып, сәтте жұмсақси қалатыны бар.

ЛЫПАСЫЗ ҚАЛҒАН ӘЙЕЛ
Бұлар тізгін тартқанда бас қаланы шілденің ыстығы буып тұр еді. Осыдан ай бұрын қала теңселіп, тұрғындарды қос үрей жағдайда қалдырған-ды. Ескі ғимарттарға аздаған сызат түскенімен, шаһар тыншу қалыпта. Профессор – тәртіптің адамы. Қонақүйге түспей жеке пәтерден орын алды. Тоғыз қабат ауқымды үйдің айналасы, бау-шарбақты ауласы тап-тұйнақтай жинақы екен. Қоналқада Тоқан мәшинені сағалап, сыртта қалды. Арқар кеуделі, піл сауыр иномарка бұған тарлық ете қоймады. Жайма төсекте киімшең жатып көз шырымын алды. Ояна келген ол бір қолайсыздықты байқады. Таң рауандаған ала-көбеде Тоқан өз-өзінен қозғалақтаған мәшинеден сыртқа шықты. Дәу үй теңселіп тұрғанын ол алғашында байқай алған жоқ. Теңселіс пен тербеліс көріп келе жатқан құқайы емес пе, шайқалақ жүріске көндігіп алған оған жер сілкінісі – үйреншікті жағдай. Әншейін бір ауытқыма теңселіс тәрізді көрінеді. Өздері тұрақтаған үйдің ырғатыла шайқалғанынан секем алған ол жер сілкінісін анық байқады. Бақырып, шыңғырған дауыстан құлағы тұнды. Сыртқа шыққан үлкен-кішіде ес жоқ. Дүрліккен топ ашық алаңқайға қарай ойысты. Бала бақырып, ит шәуілдеп, есі шығып еліргендер бір-біріне жабысып, жанталаса жанұшырды.
Тоқанға жердің сілкінгені аса қорқынышты көрінбеді. «Әлгі кісі қайтты екен!?» – деп түйілді іштей. Біреу міне жөнелер деген сақтықпен мәшинеден ұзамауға тырысты. Көлікке қарайлаған Тоқан бір тоқтап, бір жүріп бей-берекет дүрліккендерге жақындады. Сыртқа шыққандардың дені іш киімімен жүр. Әйелдер мен балалар да лыпасыз, ашық-шашық. Шаштары жалбыраған қыз-қырқында өң-түс жоқ. Ақ төсі ағараңдаған әйелдерді де үрей буған. Еркектерді қара тұтып соларды ықтайды. Бір-біріне жармасқан үлкен-кішінің көздері шатынап аспанға шығып кеткен.
Тоқан жайсызданды. Сау аяғы тербеліске шыдамай бүгіліп барып оңалды. Біреуді-біреу біліп болмайды. Сондай жанталаста ол бір қолайсыз жағдайды байқап қалды. Ашық-шашық бір әйел жанұшыра жүгіргіштеп жүр. Тыржалаңаш оны ешкім ығына ала қоймады. Қол сөмкесін кеудесінен айырмай дызыққан әлгі әйел қапелімде Тоқанға жармасты. Жабысып айырылмай қалған оны Тоқан көлікке бейімдеді.
Жер сілкінісі біраздан соң тоқтады. Үрейлі көздерге қуаныш жасы үйіріліп, дүрліккен тобыр сабасына түсе бастады. Солардың арасында профессор да жүр екен. Тоқан үлкен кісіні құшағына алды.
– Аманбысыз, ағатай?
– Бармыз ғой.
– Мен сізді уайымдап…
– Өзің қалайсың?
– Бұндай жағдайда неге екенін қайдам, сіресіп қаламын.
– Сірескенің осы ма!? – деді профессор оны қолтықтап, – сұрың қашып тұр ғой.
– Бір қолайсыз жағдайға килігіп, соған алаңытып тұрғаным.
– Не боп қалды!? – деді профессор оқыс тіксініп, – мәшине орнында ма!?
– Көлігіңіз дін аман, – деді Тоқан біртүрлі бүгежектеп, – ішіне бір әйелді отырғызып қойып едім.
– Не, көңілдесің бе!?
– Әншейін біреу, – деп міңгірледі ол, – бірақ өзі тыржалаңаш.
– Ондай-ондай бола береді, – деді профессор мән бергісі келмей. – Алаң-далаң кезеңде ашық-шашық жүру сәнге айналып барады. Жер сілкінісінен есі шығып кеткен біреу ғой, сірә? Айтпақшы, сенің бұйымтайыңа ұяттымын. Өзіңе ыңғайлаған балдызым тұрмысқа шығып кетіпті.
– Оқа емес, бір мәнісі бола жатар, – деді жігіт бүгежектеп, – онда қайтамыз ғой.
– Жолға жиналайық, – деді профессор алаңытып. – Жер сілкінісі қайталанып жүрер.
– Нәрсе-қараңыз өзіңізде ме?
– Ә, менің бұл жаңа көрген құқайым деймісің! – Профессор ауыр теткіді. – Ғұмырымның дені осы қалада өткен жоқ па?! Қала тербелісі бала күнімнен маған үйреншікті. Жалған дүние, түптеп келгенде, тербелістер мен теңселістен тұрады, бауырым! Жағалас-жанталассыз ғұмыр-тіршілікте мән болмақшы емес.
– Сол жағаласқа мезгілсіз тап болдым ғой, ағатай! – деді Тоқан балаша мұңайып, – қатарымның озғыны едім, ит мұжыған асықтай боп жүрісім мынау!
– Жастық желік қой сенікі, – деді профессор өзіне мәлім жағдайды жайып-шуып, – «Артық қайрат жанға қас» деген сөз бар халықта.
– Олар – үшеу, мен жалғыз едім, – деді Тоқан жыламсырап, – мертіктіріп кеткенімен қоймай, айдай аруды шарай көзге тартып әкетті. Бір кісілік әлім бар, қарымды едім, күреспен біржолата қоштасып, рөл ұстап қалған жоқпын ба! Өзіңізге белгілі жағдай, маған қатын құтаймай қойды.
– Қайырсыз ғашығыңды аңсайтын шығарсың?
– Одан емес, тағдырыма налимын.
– Тағдырыңа себепкер әлгі сұлу емес пе? – деді профессор ойын ашық білдіріп, – осы қалада жүр деген едің ғой?
– Жүрсе, жүрген шығар, бірақ соны толық көз алдыма елестете алмаймын. Сойқан сұлу болатын, дидарынан күн көрінуші еді.
– Мына тығындың сол боп жүрмесін!?
– Ғажап емес! – деді Тоқан біртүрлі алаңытып, – тыржалаңаш қалғасын аяп кеттім өзін. Әрі көзіме біртүрлі жылы ұшырап…
– Заманның амалынан ба, осы күні ашық-шашық жағдайдан көз сүрінеді, – деді профессор ауыр теткіп. – Жалаңаштану үйреншікті дағдыға айналып кетті.
– Өзім де шошып тұрмын содан! – деді Тоқан мол денесін қозғалақтап, – жабысып айрылмай қалған соң, қол ұшын берген едім.
– Тонаушы боп жүрмесін! – деді профессор оқыс тіксініп, – осы күнгі адамдарға сенім жоқ, жансақтаудың амалымен небір қитұрқыға барады.
– Онда білейін өзін.
Әйел тыржалаңаш қалыпта сіресіп қалған еді. Екі қолын бұтының арасына жіберіп, аузы сәл ашылып, көзі жұмылған бойында қыбырсыз жағдайда жатыр. Шошып кеткен Тоқан шалқалай берді. Оны кеп профессор сүйемелдеді. Есі ауып барып оңалған серігіне:
– Мықты едің ғой, шыда! – деді профессор. – Тағдыр тәлкегіне қарағанда, жер сілкінісі әншейін бір ойын жолы, бауырым!
– Өлді анау, өлді! – деді Тоқан үлкен ала көзі үрейден шатынап.
– Қорықпа, ол өлмейді, – деді үлкен кісі жолсерігін жұбатып, – менің бір еңбегім «Қиналыс жағдайдағы адам санасының ауытқуы» деп аталады. Бұл әйел тыржалаңаш қалғанына төзе алмаған. Соның себебінен өлім мен өмірдің аралығындағы сәттік талықсуға ұшырауы ғажап емес, ұйықтап та кетеді.
Әйел аздап есін жиды. Шатасқан сәттегі алың-бұлың елес көз алдынан өтіп жатты. Бір құбыжық үстіндегі көйлегін дар-дар айыра бастағанда, бұған біреу көмек қолын созады. Өң мен түстің аралығындағы жағдайдан серпілгені сол еді, көз алдында бір таныс бейне тұрды. Әлгінде өзіне қол ұшын беріп жалаңаш тәнін мәшинеге жасырған қолапайсыз еркек қапелімде бәлен жыл жоғалтып алған баяғы қимасы сияқтанып кетіп еді… Аты аузына түспей сәл бөгелген ол:
– Сен әлгімісің!? – деді бір шешімге келе алмай.
– Иә, солмын! – деді Тоқан көзін шатынатып.
– Баяғыдан бері бір көрінбей қайда жүрдің!? – деді жалаңаш әйел кемсеңдеп.
– Не бетіммен көрінемін!? – деді ол иығын қушитып, – мертіктіріп кеткен жоқ па бұзақылар.
– Мені де жетістіргені шамалы! – деді әйел жыламсырап, – жалаңаштанумен өтті ғұмырым! Ендгі жағдайым мынау. Бұдан гөрі өлгенім қайырлы!
– Өлмей-ақ қой! – деді Тоқан оны мүсіркегендей болып, – сені кім көзі қиғандай еді.
– Шынымен солай деймісің!? – деді әйел жәудір көзінен қат-қат жас төгіп. – Бір жақсылығың сол болсын, маған лыпа жеткізіп берші.
– Сонымен бітісеміз бе!? – деді Тоқан шұғыл ширығып, – ендігі беталысың қай жақ?
– Оны енді сен білесің! – деді әйел жасты көзіне уыт жиып, – басқа қайраным жоқ.
Өмір КӘРІПҰЛЫ
ПІКІРЛЕР1