Альпиниада
12.10.2025
230
0

Дінмұхамед СҰЛТАН, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және тілдер Университеті, 1-курс студенті

«Жастар шыңы – 2025»

2025 жылғы 30–31 тамыз күндері Алматы қаласында Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағында «Пик Молодежный» (4147 м) шыңына дәстүрлі альпиниада Жастар шыңы өтті.

Альпиниаданы Алматы қаласының Альпинизм федерациясы, «Shymbulak Development» және «SKALA BOULDER» ұйымдары бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында спорттық туризм мен тауға шығу мәдениетін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және командалық рухты қалыптастыру.

Бағыт және оның қиындықтары

Альпиниаданың бағыты әйгілі «Медеу» мұз айдынынан басталды. Осы жерден қатысушылар «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына көтеріліп, одан әрі Мынжылқы шатқалы арқылы Тұйық-су мұздығына дейін барды. Бұл жолдың жалпы ұзындығы шамамен 9 шақырым, биіктік айырмасы 2000 метрге жуық болды.

Жолдың алғашқы бөлігі салыстырмалы түрде жеңіл болса, биіктік артқан сайын ауа сиреп, тыныс алу қиындай түсті. 3000 метрден жоғары биіктікте ауа температурасы күрт төмендеп, жел мен тұман жиі соғып тұрды. Кейбір тұстарда қар мен мұз жабысып жатқандықтан, тепе-теңдікті сақтау мен аяқтың сырғанауы негізгі қиындықтардың бірі болды.

Соңғы кезең — Пик Молодежныйдың шыңына көтерілу, ең ауыр, әрі жауапты бөлік саналды. Бұл арада тау беткейінің тік болуы мен тар соқпақтар қатысушылардан ерекше шыдамдылық пен ептілікті талап етті.

Дегенмен, әрбір қатысушы қиындықтарға мойымай, шыңға қадам сайын жақындай берді. Бұл жол – тек физикалық төзімділіктің емес, рухани күш пен табандылықтың да сынағы болды.Тау баурайында орнаған атмосфера шынайы мерекеге ұласты.Күлкі, командалық қолдау, жаңа таныстықтар мен шынайы эмоциялар әрбір сәтті есте қалдырды. Қатысушылардың айтуынша, бұл тек спорттық сынақ емес, сонымен қатар табиғат аясында өз-өзіңмен және ұжыммен үйлесімділік табудың тамаша жолы.

Қатысу шарттары мен жабдықталу

Альпиниадаға 16 жастан асқан барлық ниет білдірушілер қатыса алды. Ал 14–15 жас аралығындағы жасөспірімдер тек ата-аналарының сүйемелдеуімен қатысуға рұқсат алды.

Тау жағдайында қауіпсіздік басты орында: қатысушылар арнайы қорғаныс каскасы, сақтандыру жүйесі, карабиндер, күннен қорғайтын көзілдірік, жылы және су өткізбейтін киім, трекингтік аяқ киім сияқты міндетті жабдықтармен қамтылуы тиіс болды. Сондай-ақ әр қатысушының өзімен бірге тамақ, су және биік тауда түнейтін жабдықтары (палатка, ұйықтайтын қап, газ плитасы, азық-түлік қоры) болуы қажет еді.

«Жастар шыңы – 2025» альпиниадасы қатысушылардың физикалық дайындығын ғана емес, рухани төзімділігін де сынаған айтулы оқиға болды. Алматының аспанын сүйген бұл шара тау спортына қызығушылықты арттырып, жас буынға табиғатпен үйлесімде өмір сүрудің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

Айта кетсек, бұған дейін 6–7 шілде күндері өткен Пик Алматы (4376 м) шыңына арналған альпиниада да ерекше әсер қалдырған еді. Ол шараға екі күн ішінде Қазақстан, Ресей, Абхазия, Канада, Египет, Корея, АҚШ, Эстония және Испаниядан келген 287 қатысушы қатысты. Ең жас альпинистер – Алматы мен Оралдан келген 16 жастағы жастар болса, ең тәжірибелі әрі жасы үлкен қатысушы – 64 жастағы алматылық альпинист болды.

Осындай ауқымды іс-шаралар қазақстандық альпинизмнің дамуына серпін беріп, халықаралық деңгейдегі қатынастарды нығайтады. «Жастар шыңы» – бұл тек спорттық жоба емес, ұлт рухын көтеретін, табандылық пен бірліктің нағыз символына айналған мереке.

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір