ТАРЫДАҒЫ ТАҢБАЛАР
14.10.2025
86
0

Қаршадай қара баланың ойында бір-ақ нәрсе – «Қайтсем соңымнан ерген қарадомалақтарға тіске басатын бірдеңе табам?» деген алаң ғана бар. Қоғамның қақап тұрған кезі. Әкесі Берсе аң аулайды, құс атады. Анасы қара қазанның қасында, даланың тезегін теріп, қазандағы қара судан қаймақ айырады. Тіршілік бір күліп, бір түнерген аспан сияқты… Түсініксіз. Қара бала түсінем деп басын қатырмайды. Қобда байының малын бағып, егінін жинап күн көруі керек.

Ортада: Шығанақ Берсеұлы

Сол түсініксіз күндерде ол кейін әлем жаңалықтарына жаңалық қостыратын таңғаларлық бір көрініске тап болды. Ол – тарыдағы таңбалар. Ноқат сияқты, ру таңбаларына да ұқсайды. Шашақтағы шоқтанған дәндердің арасынан әмде бір көрініп қалады. Шығанақ көзін алмады. Тарыдағы таңбалар сиқырлап тастады. Ол өмір бойы сол сиқырдың құшағында болды. Басында жөн біледі-ау деген үлкендерге көрсетіп еді, олар кекесін күлкіден әріге бармады. Тасқа түскен таңбаның жөні басқа, эволюциялық даму жемісі, тағдыр мәжбүрледі. Тарыға таңба түсті дегенге, құдай-ау, кім сенеді. Баланың аты – бала. Қайтеді?.. Күрсінді. Бірақ сол күрсінуінің өзі оны кейін ұшпаққа шығарды. Ешқашан ұмытылмайтын, тіпті керек десеңіз, қара еңбектің құдіретін өмірлік мұратына жеткізген қасиетті сезімді кеудесіне мәңгі ұялатты.
Тағдыр Шығанақ Берсеұлын, көп малақайлы қазақтарша, теперіш төсінде мықтап шыңдады. Байға жалданды, берекет таппады. Белгілі Қазан төңкерісі ығымен кәсіпшілікке бет бұрды, балықшылар бригадасын құрды, бірлесе алмады. Ойылдың суын бұрып, егін екті, мұратына жетпеді. Содан тәжірибе жинаймын деп, бірнеше жыл Сыр мен Жайық бойын жағалап, мұраптық кәсіптің қыр-сырын үйренді. Елге оралды. Өзен суын бөгеді, Ойыл өңірінде ең алғаш түйе шығырды қолданып, ата дәстүрін жаңғыртқысы келді. Ол да діттеген жеріне жеткізбеді. Алайда қайтпады. Өйткені ол – нағыз адал еңбектің адамы еді. Ары да таза болатын және қара басқа кіре қоймайтын оғаш ойға табынатыны сонша, бүкіл ғұмырында таңбалы тары дәндерінің сиқырынан ажыраған күні болған жоқ. Бір жыл емес, екі жыл емес, ширек ғасыр бойы соның бесігінде тербелумен болды. Таңбалы дән ұлы диқанды ширек ғасыр бойы сынады, құпиясын ашпады, бірақ Шығанақ оның ерекше дән екеніне құдайдай сенді. Тағдыр мәжбүрлеп, Сыр мен Жайық жағалап, жылдар салып оралғанда тіршілік қамымен ұраға көміп кеткен бірер қап тарысының арасынан сол таңбалы дәндерді іздеді. Тапты. Көзтүрткі қылған күдікшілерге назар аудармады. Жалықпай сұрыптады. Күнге қақталып, маңдай терін ағызып, арық қаздырды. Ойыл суын қашан, қалай ағызу керектігін Шығанақтан артық білген ешкім жоқ. Арықты жер бедеріне ыңғайлап қаздыру, суды күннің, желдің ыңғайына қарап пайдалану сияқты толып жатқан диқаншылық құпия жайында табиғат-анамен тап Шығанақша сырласқан тірі жан болмады. Ақыры ширек ғасыр өткенде ғана, таңбалы дәндерді уыстап егіп, қапшықтап жинайтын күнге жетті. Жанкешті еңбек көп ұзамай Шығанақ Берсеұлын тарыдан өнім алудың дүниежүзілік шыңына көтерді. Далалық диқанға дүрілдеп тұрған одақтың ең танымал академиктерінің бірі Лысенко:
«Сіз ғылымнан да асып түстіңіз» деп таңдана телеграмма соқты. Неміс әдебиетінің ең көрнекті өкілі Бертольд Брехт бір сәт өз ұлтының өмірін кестелеген туындыларын қоя тұрып, қазақтың сайын даласынан жеткен ғаламдық жаңалыққа таңданысын жасырмай, «болмайтынды болдырған» диқанды көрмей, кездеспей-ақ поэмасында көсілте жырлады. Классик ақынның зерделі танымы мұнымен тоқтап қалған жоқ, оның немерелеріне көшті. Араға жарты ғасыр салып Шығанақ өскен өңірге сонау неміс даласынан ұлы диқанды ұлықтауға Енс Меерле мен Стефан Моннтойфель деген екі жас ғалым келді.
О, құдіретті еңбек! Бұ жер бетінде саған табынбайтын тірі жан жоқ шығар. Өйткені кім тірі жүргісі келмейді?! Кім еңбегінің жемісін көріп, бақуатты өмір сүргісі келмейді?! Әйтсе де еңбек біреуге темірдей қатты, біреуге мақтадай жұмсақ. Біреуге тіл үйіретіндей тәтті, біреуге өзегіңді өртейтіндей ащы. Фашизммен соғыста Ш.Берсеұлының маңдай терін төгіп, еткен еңбегінің арқасында өсірген тарысы, өсірген тарысының әр дәні «фашистерге оқ болып атылды». Фашистік басқыншылық ұлттық өктемшілікті орбитасынан шығарып, адамзатқа қауіп төндіргенде, дүние құпиясын ақыл-оймен, ғылым құдіретімен шешетін ғұламалар одан құтылу үшін атом бомбасын ойлап тапты. Екеуі де – Еңбектің жемісі. Менің бұлай салыстыруым абсурд болып көрінуі мүмкін, бірақ мойында-мойындама, адамзат соның арқасында бақыт құшағына бөленді, соның нәтижесінде қасірет шекті. Соның арқасында қазір де қарыштап дамуда, соның нәтижесінде қазір де табиғат-ананың омырауын қан-қасап алаңға айналдыруда.
Диқаншы да, ғалым да – құдіретті еңбек иесі. Ешкім таласпайды. Қолыма еріксіз қалам ұстатып, толғандырып отырған жайт басқа – сөз басындағы тарыдағы таңбалар. Бала Шығанақтың да, дара Шығанақтың да атын әлемге жайған тарыдағы таңбаларға ешкім онша назар аудармады. Шығанақтың рекорды «Шығанақтың ақ тарысы» деген атаумен әлемді кезіп кетті. Ал тарыдағы таңбаларды басқа – басқа, Шығанақтың жерлестері де сақтықпен есіне алды. Сыртта да, өзімізде де ақ тары ұлықталды, ұлықталып келе жатыр, ал тарыдағы таңбалар жақындасаң, жарылып кететін минадай жанына жолатпады, аты онша аталмады. Жақында, үкімет алқабында емес, кәдімге ауыл үйі ауласында осы тарыдағы таңбаларға қатысты елең еткізерлік оқиға болды. Ақтөбе қаласының іргесіндегі үйдің ауласында жарты ғасырдан кейін, сол таңбалы тарылар «мені ұмытып кеттіңдер ме, мен жоғалған жоқпын» деп жарық дүниеге жар салғандай сылаңдай өсті. Бар болғаны жиырма төрт түйір дән, бар болғаны үйішілік аула… Иә, ширек ғасыр бұрын Шығанақтың ақ тарысын қалпына келтіреміз деп, Ойыл болып, Ақтөбе болып, бүкіл республика болып азаматтық үнмен аттанысқа шыққанда, басқалармен бірге, сол кезде ұлы диқан атындағы совхозды басқарған Дәулетжан Доспанбетов деген азамат біраз игі істерге бастамашы болып еді. Ол дүниеден өтті, қазір оның есімі Ойыл өңірінде ыстық ықыласпен аталады. Тап сол жылдарда, кім түйгені белгісіз, ескі құжаттарды ақтарып отырып, Дәулетжанның әйелі Балзия жиырма төрт жылдан кейін, «Правда» газетіне түйілген жаңағы жиырма төрт түйір дәнге ойда жоқта кезігеді. Азаматымен бірге, даңқты диқан атасының аруағына сиынып, қолдан келгенше тер төккен күндер зымырап көз алдына келеді. Жүрек шымырлайды. Ұлы Ринатқа айтады. Ринат та толқиды. Диқаншы емес, мамандығы басқа. Не істеу керек?
Бәрі де қарапайым нәрседен басталады. Көлеңкеде ұйықтап жатқан Ньютонның төбесіне алма түсіп кетіп еді, шошып оянған ғалымның миын алма емес, әлемдік ғылыми жаңалық селк еткізді. Ринат та жаңағы ширек ғасыр бұрын «Правда» газетіне түйілген жиырма төрт түйір дәнді, бар болғаны жиырма төрт түйірді, ауласындағы бір ылғалды бұрышқа тастай салды. «Арада ширек ғасыр өтті ғой, дәнде не қасиет қалды дейсің, дегенмен нем кетіп жатыр, мүмкін, ұлы диқан қолының ізі қалған дәндер тегіне тартып, тебіне өсер» деп ойлады. Иә, өсті. Өскенде қандай?! Жайқалды дейсің! Қолмен үгітіп, деммен ұшырып, таңбалы дәндерді басқа дәндерден сұрыптап алды. Сол дәндерді ауласына қайта екті. Сары күзде сары алтындай жалтырап, теңіздей толқып, көз тартқан таңбалы дәнге енді қызығушылар қаптай бастады. Тілшілер келді, жас ғалымдар келді, музей қызметкерлері келді. Бірі – газетіне жарияламақшы, бірі – зертханаға әкетпекші, енді бірі – Семейде ауыл шаруашылығы көрмесі өтетін еді деп, сонда қоймақшы. Әкетем дегендерге Ринат көнбеді. Көнбейтіні, ақылшылар көбейді. «Шығанақ атаң жұмыр жерде тары дақылын әлемге танытып, жаңалық ашқанда, онысына патент сұрапты дегенді естіген жан жоқ. Қара мұртты қарапайым қазақтың миына ондай пендешілік ой кіріп те шықпады. Қасындағы қара халықтың мұң-мұқтажы қырық қабат, тер төгілсе, соның қамы, төгілген терімнің өтеуі қайда демеді. Қазір жағдай мүлдем басқа. Заман түзелді, жан сұранысы да, тән сұранысы да зымыраған уақытпен бірге зымырап, дүние шіркінге көзқарасты мүлдем өзгертіп жіберді. Енді жұмыр жерді емес, мың-миллион планеталарды шүлдіктей қағып, мұрнынан тізбелеген құмарлық, кейбіреулер оның шегінен шығып жатса да, ми еңбегіне де, қол еңбегіне де қылдай қиянат қылмай, қадірлей білуге үйретті. «Осындай сапырылыста, «ата даңқы – бала даңқы» деп құр даурыға бермей, жөнге кел. Мына тарыдағы таңбалар ұмытылып бара жатқан ұлы диқанның ұлағатты ісін қайта жаңғыртуға үлкен мүмкіндік. Сол үлкен мүмкіндікті көрінгеннің қанжығасына байлап жіберіп, сан соғып қалма. Ұмытылып, өмірге қайта келген жаңалықтардың бәрі – жаңалық. Мына сенің өз аулаңда қайта өсірген таңбалы тарылар да – жаңалық. Шығанақ атаңның аруағына сиын да, соның қолдауымен жаңалықтың жаршысы, өмірге қайта әкелуші екеніңді өзің мойындап қоймай, өзгені де мойындат» деген тәріздес «ақылгөй» әңгімелер қаулады. Әрине, мұндайға, жүрегіңді түрмесең де, құлағыңды түрерің анық, Ринат та сөйтті-ау деймін. Міне, бар болғаны үшінші жыл, «бөрікті аспанған атуға», әрине, әзірге ерте, дегенмен ұлтымыздың ұлықтар ерлігінің бірі ретінде ел есінде жүрген құдіретті еңбекке құрмет сезімі қиялдатпай қоймайды.
Бәрі бар, Шығанаққа мүсіндер қойылды, Шығанақты ұлықтаған мұражайлар ашылды, Шығанақтың тәжірибесін тарататын мектептер жұмыс істейді, қаламгерлер қарап қалмады, әншілер сызылтып әнге қосты, о, тек бір ғана және ең басты нәрсе жетпей тұр – рекорд жаңартылған жоқ. Алып таулардың аспан тіреген шыңдарына жанкешті саяхатшылар көтерілді, Шығанақ шыңына ешкім көтерілген жоқ.
Шығанақ Берсеевті ұмытуға бола ма?! Ыбырай Жақаевты ұмытуға бола ма?! Жазылбек Қуанышбаевты ұмытуға бола ма?! Кәмшат Дөненбаеваны ұмытуға бола ма?! Олардың әрқайсысы толық ашылмаған құпиялы арал сияқты емес пе? Шығанақтың ақ тарысы әлемді шарлап кетті, ал сол ақ тарының даңқын асырған дәндегі таңбаларды, тіпті бір қауызда екі бірдей дән кездесетін таңғаларлық құпияны кім біліп жатыр?! Жақсы хабарды естіп, құлағы елең еткендермен бірге Ринаттың үйіне мен де бардым. Иегімнен келетін тары шашағын құшақтап суретке түстім. Аяғым қағып кетіп, жерге төгілген дәндерден көзімді айыра алмадым. Дәнге де мұндай ғажап таңбалар басылады екен-ау! Бір қауызда екі бірдей дән болады екен-ау! Қайран Шықаң, соны жалшылықтағы балалық шағында көріп, рекорд жасаған даналық шағына дейін сол ғажайыптың ғажайып екенін дәлелдеу үшін күресумен өтіпті-ау! Жоқ, оған жай көзбен қарауға болмайды. «Бәрібір жерге шашылып қалды ғой, немерелеріме көрсетейін, бірер дәнін алуға бола ма?» – дедім. Балзия: «Жоқ, болмайды», – деді. Неге болмайтыны түсінікті.
Дара Диқан! Құдіретті еңбегіңе тамсанардай тамсандық! Рекордыңды жаңартайық деп қақсардай қақсадық. Тамсанғанымыз бойымызға қуат берді, бірақ қақсағанымыздан ештеңе шықпады. Кім біледі, заман өзгерді ғой, жаңалыққа құлшына кірісе алатын ұрпақ өсіп келеді. Ринаттың ауласынан сол ұрпақтың болашағына құмарта қараған сезіммен шықтым.

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір