РУХ ЖАНАШЫРЫ
Мемлекетіміз тәуелсіздігін алып, көгінде көк туын желбіреткеннен бері ел өмірінде болып жатқан оңды өзгерістер, әрине, көңіліңе жұбаныш ұялатары сөзсіз. Әсіресе дәстүр-салтымыз қайта жаңғырып, әдет-ғұрпымыз ұлт көсегесін көгерте бастады. Ұмыт бола бастаған танымдар мен ұғымдар ұрпақ санасына ұя салуға бекемденді. «Қиуадан шауып, қисынын тауып» (Абай) ұлттық үрдістер салтанат құруда. Қазақылығымыздың куәгеріндей, жеті атаңды білу – тексіздік емес, тектілік екені алдымызға көлденең тартылды. Іштей булығып жүрген жұрт әуелгіде ауыл, аудан, өңір, аймақ бола таратылып, шежіре жазуға бас қойды. Ел қорғаған батырларымыз бен солардың ерліктерін жырларына арқау еткен ақындарымыз көпшіліктің қозғауымен, ұлтжанды, қалталы азаматтарымыздың қолдауымен «қайта тіріліп», тас мүсін боп орнықты. Қастерлі тұлғалардың қараусыз, күтімсіз қалған мазарлары дін иелерінің Құран-Кәлімдегі тәртібіне сай уақыт ағымымен қайта жаңартылды. Қазақстанның о шеті мен бұ шетін жалғастырған осындай іс-шаралар қазақтығымызды тағы да бір дәріптегені рас.

Төлегетай баба мен Қылышты ата басында
Осы үрдістен тарихы тереңнен жыр-шежіре боп өрілген Семей өңірінің азаматтары да қалыс қалған жоқ. Өз аймақтарындағы дүниеден ертерек озған даралары мен даналарын ғана әспеттеуді місе тұтып қоймай, «қай жерде үзіледі қайран сапар» (Қасым) дегендейін топырақ бұйырған аймақтағы аталастарын да жұрт көкірегінде жаңғырту әрекетін қатаң ұстанды. Осындай, дегенін орындайтын, айтқанынан қайтпайтын, түкті жүректілердің бірі – барын сұңқарша айналасына шашып жеуге дағдыланған кәсіпкер-меценат Кәкен (Қалиден) Кәлімұлы Тоқтар. Өзі ың-шыңсыз аяғын нығыз басып жүргенімен, соңында дүйім көпшілікке қаржылай жасаған шектеусіз қолдаулары мен қайырымдылық, мейірімділіктерінің самалы ұйтқып тұрған Кәкенді, оның ыстық ықыласты мерейін көрмегендер кемде-кем-ау!..
Біраз жыл бұрын Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына 20-30 шақырымдай іргелес маңда «топырағын қырда қымтап» жатқан Найман Төлегетай баба мен оның атасы Қылыштың басын көтеріп, мазарлы кешенді орнату қолға алынады. Полицияның үлкен шенді тұлғаларының бірі Дәлелхан Сабуров бәрінің басын қосып, игілікті іске Қазақстанда тұратын күллі наймандар ақша жинап, жұмыла әрекет етіп, Төлегетай баба мен оның атасы Қылыштың кесенесін тұрғызады. Төлегетайдың төрт ұлы — Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуылдардан тарайтын, еліміздің көптеген өңірлерінде өсіп-өніп жатқан ұрпақтары біріге мұрындық болады бұл іске. Кесененің құрылыс жұмыстары ақсуаттық Қонысбек Ақжасаровқа тапсырылды. Ол екі жыл сол маңнан ұзамастан, кесенені орнатып бітіреді. Еңселі кесене басында жылда ас беріледі. 2020 жылы ата-баба аруағына бағыштап Құран оқытып, ас беруді жоспарлаған спорт шебері, түйепалуан Хамит Ысқақов сонымен қатар осы мекенде музей салатынын да тілге тиек етеді. Себебі кесене мемлекет қарауына өту үшін музей бой көтеру керек екен. Осы мақсатпен қомақты қаржы жиналады. Әйтсе де, 2021 жылы денсаулығы тың, ән айтқанда әуелете шырқайтын, өмір бойы спортты жанына серік еткен сері жанды Хамит Ысқақов коронавирустың тырнағына ілініп, дүниеден өтіп кете барады. Ас та өтілмей қалды, музей де салынбады, жиналған қаржы да өзгенің қолына түсіп, жоқ болады. Хамеңнің қырқы да таяп, Кәкен Кәлімұлы спорт шеберінің еңбек жолына арналған «Боз кілемнің баһадүрі» кітабын шығарады. Сол аста жары көзжасына ерік бере отырып, Хамеңнің өмірден өтер соңғы күніне дейін Төлегетай бабаның музейін салуды айтып, армандап кеткенін жеткізеді. Бұл Кәкенге ерекше әсер етіп, бабасының атындағы мұражай салу ісін өзі жалғастырмаққа бекінеді. Тағы бір алқалы жиын өткізіп, мұрат жолында иықтаса жұмыс істемекке Дулат Тастекеев, Аман Сембаев, Берік Әубәкіров, Еділ Дүйсенбаев, Жандос Тұрсынғалиұлы, Ақылғазы Алтыбаев, Ертіс Бұтабаев, Қайнар Дүйсенов, Алмас Әмірғалиев, Мақсат Ожанов сынды Ақсуаттың он азаматының басын қосып, музейді салып бітіреді. Ендігі жұмыс музей ішін ұлттық құндылықтармен жасақтау. Кәкеннің өзі о баста уәде еткеніндей бір жарым миллионға Төлегетай бабасының үлкен портретін салдырып, ол кешеннің төріне ілінеді, бертін келе екі қыш құмыра, Абылай мен Әбілфейіздің мөрін қояды. Белгілі меценат Дулат Тастекеев екі миллионға күміс ертұрман жасатса, Ертіс Бұтабаев күміс шоқпар мен қылышын, Естай Даубаев айбалтасын тарту етеді. Осылайша, музей іші құнды жәдігерлермен толығады. Жәдігерлер қатарының орнықты толығуына да манағы он жігіт барын салып, атсалысады.

Қожаберген ата басында
Қазақстанның кез келген түкпіріндегі ата-баба дәстүріне қатысты, өткізіп жатқан рухани мәселелерге қаржылай көмек беруден еш уақытта тартынбайтын, «ақырын жүріп, анық басатын» (Абай), осы материалымыздың тұлғабойғы кейіпкері – Кәкен Тоқтаровтың кім екеніне жіп таққысы келетіндердің баршылық екенін аңғарамын. Ендеше, оның арғы тегіне үңіле кетудің еш ағаттығы жоқ.
Кәкен – тарихы талай жыр-дастандар мен ұлттың ұлылығын арқау еткен романдарға өзек болған кешегі Семей өңірі, бүгінгі Абай облысының, Ақсуат ауданының ескі училище ауылының төл тумасы. Қалтасының түбі тесік кезінде оны көп ешкімнің елеп-ескермегені де рас. «Ақшаң болса, қалтаңда, талтаңда да талтаңда» деген кезіндегі нақылға бергісіз қалжыңның қазіргі таңда күні туып-ақ тұр. Тінтіне жүріп ізденгендерге, іздене жүріп көзін тапқандарға Жаратушы Иеміз жол ашатыны анық. Әлімсақтан белгілі «Еңбектенсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» мақалы да «салтанат» құрып тұр. Үнсіз жүріп тапқанын күнбе-күн еселей молайтуға машықтанған Кәлімұлы бизнестің құлағын дөңгелете айналдырғандар тобында. Тегіне көз жүгіртсе, алдында ғана сөз еткен Найман, Төлегетай, Қаракерей бабаларымызға қайтадан атбасын бұрамыз. Аяңдай басып, Мейрам, Байторы, Байыстарға бір тоқталсақ, бергі жағында Жолымбет, Жанболат, Назар, Жанай, Байшораларға тыныстап барып, Қожаберген, Тоқтар, Кәлімдерге келіп тірелгенде Кәкен (Қалиден) алдымыздан ат ойнатып шыға келеді.
Қалтасына қарап, Кәкенге иіліп сәлем бере тұрып, оның әкесі Кәлім туралы сөз қозғамау азаматтығымызға сын болар еді. Сұсына ісі жарасқан Кәлім Тоқтарұлы – Ақсуат өңіріндегі тұңғыш механизатор-тракторшы. «Жақсыға сөз ілескіш» демекші, көп ортасына тараған әзіл әңгімелер де Кәлімнің тұғырын биіктете түседі. Мал, жан асырағандардың тракторға ісі түспейтіндері бола қоймас. Іскерлігі, ақыл-айласы қалжыңға ұласа тұтасқан Кәлім колхоз бастықтарының, бригадирлердің шаруаларын тындырар тұста «Темір болса да, талғамы бар ғой, трактор өз майынан жалығып жүрмей тұр. Енді бұған «сары май мен ет керек» дейтін көрінеді. Шаруасын тындырғысы келгендер көнбей қайда барады. Әзілдің астарында Нұрыш анамыздың көкірегін жарып шыққан тоғыз баланың қамы да жатыр. Бертінге дейін «Кәлімнің тракторы сары май мен етсіз от алмайды» деген күлкілі жай жұрттың риясыз ықыласына іліккен.

К.Кәлімұлы отбасымен
…Кәкен Кәлімұлы туралы сөз өре отырып, Тана мырзаға да тұмсық тірерің даусыз. Тарихи шежірелердің кейіпкеріне айналған Тана мырзаның рухын асқақтату да ұрпақтарына парыз. Осы міндетті атқаруға семейліктердің бас көтергендері болған. Көпшіліктен қор жинау – аса ауырлау бейнет. Өйткені екінші келгенше біріншісі өз бағытын тауып кетіп жатады. Семей қаласынан бой көтермек мешіт үйінің құрылысы тоқтап қалады. Сол тұста Жанболаттардың есіне береген қолды Кәкен Кәмілұлы түседі. Бір-бірімен ілік-шатысты бұлар Семей қаласының бас имамы арқылы Тоқтаровқа қолқа салады. Мешіт құрылысын толық аяқтауға көмек берсе, осы Құдай үйіне Тана мырза есімін бекемдеуге уәде береді. Қазақ халқының әр аймақтағы игі істерін қолдауға қашан да буынып-түйіне дайын жүретін ұлтжанды азамат бірден келіседі. Құрылыс басындағылармен апталап, айлап араласа жүріп, бөркіне көркі сай ғимаратты жұрт игілігіне тарту етеді. Айналасын да қоршатып, ойдан-қырдан ниеттес, тілектестерді жинап, дәстүрлі ашылу салтанатын жасап, Құран-Кәлім бағыштатып, ас беруді де өзі атқарады. Істеткен ісінің шаңы білінбегенмен, қаржылық дабырасы бауырластары мен ауылдастарының көңілін желпінтіп-ақ тастады. Қашан да тарихтан тамыр тарта жүретін Кәлімұлы жетінші атасының жалғасты ұрпағы екенін шежірелерден сыр суыртпақтай жүріп анықтап, Тана мырзаның туғанына 220 жыл толу мерейтойын ақсуаттықтар ортасында өткізетін үлкен іс-шараға айналдыруды да алдын ала жоспарлап қойған. Ұрпақтарының қор құрып, қаржы жинауға ықыластары кәсіпкерлікпен көркейіп келе жатқан Кәкен Тоқтаровты ширықтырды. Ескерткіш орнатуға лайықты жер таңдалып, аудандық әкімдіктің шешімімен заңдастырылып, атшаптырым алаң қоршалды. Бірақ ескерткішті орнатуға республикадағы билік иелерінің шешімі қолбайлау болып тұр. Қашан да бітер іске – бір теріс қанымызға сіңді ауру ғой. Әйтпесе алақан жайып, өздерінен қайыр-қаржы сұрамай-ақ көпшілік көңіліндегідей ескерткіштің орнатылуына шенеуніксымақтардың қол соға қолдаулары қажет-ақ еді. Адымыңды аштырмас бойкүйездік деген, әрине, осы ғой. «Соқтықпалы, соқпақты», қылышынан қан сорғалаған ішкергі билік иелерін көрегендігімен де, шешендігімен де, саясаткерлігімен де мойындатқан мырзаны екі ғасырдан соң құрметтеуге бөгет болу – ұлт намысын қоздырудың бір түйткілі ғой. «Өлі разы болмай, тірі байымайтынын» ескеруден де қалып бара жатырмыз-ау!..
Осы тұста бір тыныстап алайық. Ары қарай айтыс пен тартысқа килігетін түріміз бар.
Көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтің Қаракерей Қабанбай туралы жазылған «Дулыға» дилогиясына жүгінер болсақ, батыр бабамыз қалмақтардың соңғы тұяқтарына дейін ат бауырына ала, найзамен шанши жүріп, Тарбағатай тауының қос аңғарынан ары асырып тастап барып, бел шешкен екен. Бұл шындық кеңес кезінде де мойындалған. Талмаурап атқан тәуелсіздік таңынан кейінгі жылдары қаншама әулиелер мен көріпкелдерді, ел қорғаған батырларды, даналар мен дараларды қойнауында сақтап жатып, Ақсуат жері еш бүлк етпеген еді. Жаңғырықтары жер жарғандардың бірі жер-көкті кезе жүріп керей Қожаберген бабамыздың сүйегін Ақсуаттың Қарғыба өзенінің бойынан таптым деп жаһаннамға жар салмасы бар ма? Қанша момын болса да жергілікті жердегілер бабалары жатқан зираттарға ойнақ салдырып қойып, қалай тыныштық сақтасын. Шежіреші ақсақал Ахметқали Құрманғожин бұл жерге қанысіңді болған Найман Қожаберген деп дәйекті түрде айтқанымен, құлақ асқан ешкім болмады. Қытай мен Моңғолиядан келген қандастарымыз Ахметқали қарияның сөзін тыңдамай, 1880 жылы әлдебір орыс зерттеушісінің «Могила Кожубергена» деп картаға сызып кеткенін тауып алып, сол жерге кесене соғыпты. Ал ол қорымда жатқан Қожаберген Кәкен Кәлімұлының алтыншы атасы екенін жергілікті жердегі ескі көздер растап отыр. Кеудесін жел кернеген керейлер тыныш жатқан жыланның құйрығын басып, аруақтың кім екенін заңды түрде анықтауға «жол ашып береді». Ас беріп, той тойлауға бет алған даурықпалық тоқтатылды. Керейлер жағынан Мерей, мына жақтан Байшора мен Сарттан (адам аты) тарайтын Кәкен мен генетик Нұрбол Баймұханов, археолог, Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының аға ғылыми қызметкері Төрәлі Жақсылықұлы — төртеуі аудан әкімінен, бас имамнан рұқсат алып, қабырды қазып, мәйіттің төрт тісін алдырып, сараптама жасауға Америкаға жібереді. Сараптама қорытындысы 2023 жылдың 29 қарашасында асыға күткендердің қолына тиді. Онда бұл аруақ Найман Қожаберген, яғни Кәкеннің ұлы бабасы екені 95 пайыз тайға таңба басқандай расталған. Бұл – бабалар тегін талассыз ғылыми дәлелдеуден өткізген Қазақстандағы алғашқы дәйектеме еді. Дау-дамай басылған күннен Кәкен Кәлімұлы қорымның қараған, шеңгелдерін отатып, ондағы жатқан аруақтардың кімдер екендерін анықтап, аты-жөндерін жазып, бастарын көркейтіп, 300 метр көлемінде қымбат түсті темірден қоршау орнатты. Жанай ата ұрпақтарының шежіре кестесі төбесі жабылған арнайы қабырғаға өрнектеліп, ескерткіш алаңқайға айналды. Қорымдағы Түсіп, Жантемір, Өтебек қажыларға ерекше құрмет көрсетілген.
Осы қайырымда ұлы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әніндегі хакім атамызды да тәнті еткен кейіпкер – Қаламқас ару туралы «Ақсуат» деген кітапта жаңсақ пікір жазылғанын кәсіпкер Кәкен, әдебиетші Кәкен ретінде сынап, тезге салады. Қаламқастың Жанай Тана мырзаның қызы екенін деректі дәлелдермен көпшілік көкейіне ұялатады.
Кәкен Тоқтаров таяуда аудан халқына ортақ тағы бір аталы іс атқарды. Сауын айтып ел жинап, Қожаберген баба кесенесінде жиын өткеріп, қорымда жатқан бүкіл аруақтарға да қатым түсіртті. Ата-бабалар туралы естеліктерді ескі көз қариялар мен ақсамайлы апалардың өздеріне айтқызды. Кешкілік Ақсуат ауылының үлкен мейрамханасында ас беріп, аталарға құндыз жағалы шапандар кигізіп, кейуаналарға ноқалы өрнекті камзолдар тарту етті. Өлілерді риза ете жүріп Кәкен тілектестердің алғысын арқалады. Бұл Кәкеннің ата-бабалар рухына тағзым ету төңірегінде атқарған жұмыстарының бір парасы. Оның ұлт руханиятына да қосып жатқан үлесі аз емес. Тарихи, тарихи-шежірелік кітаптар мен көркем әдеби шығармалардың баспадан жарық көруіне де қол ұшын беріп жатады. Әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлерінің мерейтойларының ортасында жүреді. Әнші, биші, күйшілер жағының Кәлімұлына өзімсіне салмақ салмайтындары кемде-кем. Өткен жылдан бері 90 жылдан астам тарихы бар «Қазақ әдебиеті» газетінің жазылымын молайтуға қаржылай ықылас танытып жүргенін де ұмытпауымыз керек. «Кәке» деп, сәлем бере келіп жақындасаң, телефон соға қалсаң:
– Мен таяуда өткізілмек Пәленше қайраткердің іс-шарасын талқылап, жасау үстінде отыр едім, – деп етқызулы әңгімеден хабар береді. Келесі бір соққан қоңырауыңда мемлекеттік мәдени тапсырыстарды қабылдау үстінде отырғанының куәсі боласың.

Қожаберген атаға берілген аста
– Еліміздің ана шеті мен мына бұрышындағы өз міндетіңе алған құрылыс жұмыстарын сырттай бақылау арқылы жүзеге асырасың ба? – деген сауал өз-өзінен бүйрегіңді түрткілейді.
– Жо-оқ, – дейді Кәкен. – Сол істің өз көңілімдегідей тиянақталуы үшін апталап, айлап басында боламын.
Қаржыландыруы бір басқа, құрылысшылармен жұмыстың ыстық, суығын бірге көтерісу – табиғатына сіңді еңбеккерлік.
– Атымтай Жомарттығын, сіңірген табан ет, төккен маңдай терін айтасың да өзі жайлы ақпарат беруге тым сараң екенсің, – деп түртпектейді қос бүйір.
– Қысқаша ғана қайырайық. Өйткені өзін дабырлата жарнамалауға жаны қас. Сөзден қашатындығы – істің нәтижесін тезірек болдыруға ұмтылатындығы. «AIDONI» сауда бірлестігінің негізін қалаушы әрі Бас директоры, қазіргі тілмен айтқанда меценат. Ғалия сынды аймаңдай ару жары, қол ұстаса жүріп өсірген балалары, солардан тараған немерелері бар. Халық алдында сіңірген еңбегі тиісті орындардан лайықты бағасын алып, Абай облысы, Ақсуат ауданының Құрметті азаматы атанды. Қазақстан Республикасы «Bilim – orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы қоғамға қосқан айырықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атты байқауының төс белгісімен марапаттап, куәлігін табыстады.
– Кәкен жайлы жазғандарың – нұсқалық сөз түйіні – қысқалық. Сонда ол, ұлт тұлғасы болды ғой.
– Иә, Кәкен – ұлт тұлғасы!
Еркін ЖАППАСҰЛЫ,
халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері