ЕСТЕЛІКТЕР МЕН ЗЕРТТЕУЛЕР
07.10.2025
213
0

 

   ИСАМЕН БІРГЕ БОЛҒАН ШАҚ

1923 жылы август айында қазақтың халық ағарту институтына оқуға келдім. Институт ол уақытта Орынбор қаласында (қазіргі Чкалов) болатын. Осы институтта Исамен таныстым. Оқуға келген соң-ақ драма үйірмесін ұйымдастырып, ойын-сауыққа ептейлі жігіттердің басын қостық. Бұл үйірмеде Иса да бар еді. Осы үйірмеде Иса өзінің зор талантты екендігін көрсетті. Драма үйірмесінде жүргенде Исамен талайлар айтысты, бірақ біреуі де Исаға тең келіп, қатарласа алмады. Иса сахнаға шыға келгенде, оны жұрт сүйсініп қарсы алатын. Оған әртүрлі тақырып беріп, өлең айт­қызатын, Иса берілген тақырыптардың бәріне де іркілмей, саспай жауап беретін.
Өз жасымда Исадай ақынды көргем жоқ. Ол кезде жұмысшы факультеті, совет-партия мектебі және басқа да оқу орындарында ойын-сауық үйірмелері болды. Бірақ бәрінен күштісі біздің институт еді. Біз ойын қоямыз дегенде, кеңсе қызметкерлері де келетін.
Сол Исамен 1925 жылы Қызылордада қазақ театрын аштық. Бұл кезде Иса бұрынғыдан да күшейді. Үлкен сахнаға шыққанда, жел қайықтай есіп жөнелетін. Сөйтіп, концерттің жартысын Иса алатын.
Оның жасаған образы «Бәйбіше тоқалда» күйеужолдасы еді. Тағы бірнеше пьесаларда ойнаған рөлдері өте жақсы болатын. 1926 жылы жаз айында, біздің театр Қызылордадан Алматы, Қарқараға қарай гастрольға шықты. Бізбен бірге Иса да, Әміре де болды. Қарқараға кетіп бара жатып, бір елге қондық. Иса ақынды көргесін, ауыл адамдары «мұнда атақты ақын қыз бар, соны айтыстырамыз» деп ақын қызды алдырды. Ол қызды Иса алты ауыз өлеңмен жеңді.
Иса, Әміре дегендер театрдың афи­шасы болатын. Күн бұрын ел біліп оты­рады. Күндіз Иса мен Әмірені көреміз деп келгендер үйге сыймай кететін.
1931 жылы Исамен бірге Турксиб бойын аралап, Семей, Павлодарға қарай бардық. Бұл сапарда да Иса өзінің асқан шеберлігін көрсетті. Жол бойы Исаның өнеріне риза болмаған, оған алғыс айтпаған адам болған жоқ.
Сол Исамен 1934 жылы опера театрынан кеткенше бірге болдым. Концертке бірге шығып жүрдік. Менің айтып жүрген әндерімнің де сөздерін Иса жазған еді.
(1950 ж.)
1Байзақов И. Шығармалары. Алматы: «Қазақтың мемлекеттік қөркем әдебит» баспасы, 1956. – 455–456 б.

Елубай Өмірзақов,
Қазақ ССР-ның халық артисі

 

ӘНМЕН ОРНАТЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШ2

Былтыр қазақ драма театрынын қарлығаштары қатарында өнер көрсеткен, тұңғыш актрисалардың бірі болған Шарбану Ақымқызы Байзақованың дүниеден өткеніне жарты ғасыр толды. Ол кісінің аз уақыттың ішінде театр өсуінде қалдырған ізі және ойнаған рөлдері туралы тарихшылар білгенін жазып жатыр. Сонымен қоса, Шарбану атақты ақын, артист әрі композитор Иса Байзақовтың сүйікті жары еді. Аталған талантты екі адамның өмірі, өзара сыйластықтары өнер тарихының көрнекті бір бұтағына жатады. Солардың баласы ретінде көңілімде жүрген бірер уақиғалар туралы айтпақшымын, орайы келген жерде баспа бетіне шыққан қателіктерді көрсетпекпін.
Жазушы Сапарғали Бегалин ауруханада жатқан Иса ақынның өз аузынан жазып алған өмірбаянында мынадай үзінді бар: «Қалқа» деген әнді халық ақыны Қалқа айтты дейді. Бұл сөз қате. Оның өлеңін мен жазғанмын. Әні — халықтікі.
Мен алғашқы әйелім Шарбануды 1924 жылы алдым. Одан бір жыл бұрын көріп танысып, көңілімізде айрықша сүйіскен уәде болды. Алғашқыда қыз үйінен батып менімен еріп кете алмады. Бір жыл ермей үйінде қалып қойды. Бұл өлең сол кезде айтылған еді. Бірақ кейіннен ғана ел ішіне тарады».
Екі-ақ шумақты осы өлеңнен жас ақынның жарына деген жалынды сезімі, оны сағынғанда әнді алданыш еткені түсінікті болып тұрған жоқ па:
Бұл әннің кім біледі аты Қалқа,
Қалқаны сағындым ғой айта-айта.
Қолға алып домбырамды шырқағанда,
Тырнақтан сау қалған жоқ тарта-тарта.

Қалқаның сағынғанда салған әні,
Үзілтіп, елжіретіп толғағаны.
Сүйгенін, сүйінгенін есіне алып,
Жай таппас әнге салса кімнің жаны.
Бозбала кезімде бұл әнді папамның орындауында бірнеше рет естігем. Әрқашан бір түрлі толғанып айтушы еді. Мұның сыры кейін ашылды. Осы айт­қанға байланысты екі нәрсені ескертпекпін. Біріншіден, «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1986 жылғы 10-санында филология ғылымдарының кандидаты Ермек Өтебаевтың «Иса Байзақовтың хаты» деген мақаласында бір қателік жіберілген. Онда былай делінген: «Әдебиет зерттеушілер Исаның 1920 жылы ақылды, өнерлі Шарбануға үйленгенін біледі». Бұл олай емес. Шарбану ол жылы тек 12 жаста болған. Бұл хаттың көшірмесін архив қызметкерлері баяғыда Махпуза апайға жіберген, қазір ол менің қолымда. Бұл хатта айтылып отырған қыз сол ауылда тұрған, аты – Рәпия, бертінде қайтыс болды. Екі жастың ойларынан ештеңе шықпағасын, папам іле-шала Павлодарға жүріп кеткен.
Екінші ескертейін дегенім, өлеңдер жинағын шығарушылар осы күнге дейін «Қалқа» әнінің текстісі Исанікі екенін атамай келеді. Осы айтқаным тағы да бірнеше өлеңдерге қатысы бар, солардың ішінде – атақты «Назқоңыр». Бұл өлеңді сөз етейін деп отырғаным, оның да мамама қатысы бар.
Әлемге әйгілі болған жан досы Әміре Қашаубаевтың зор даусына әбден келіп тұрған «Назқоңыр» әніне ақын Иса ерекше шабытпен текст жазған. Оның да сырын ашайын: бұл өлең мамамның көркем бейнесі, папамның махаббат толқытқан жүрек тебіренісі:
Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін…
Бұл тұп-тура Шарбанудың бет-әлпеті. Мұны кезінде актрисаны көрген адамдар, солардың ішінде Қапан Бадыров, Сабира Майқанова, Қамал Қармысов сөзсіз мақұлдайды және суретінен де байқауға болады.
Базардан алып келген күміс құман,
Жігітті адастырған қалың тұман.
Соңғы жолдың мәнісін түсіну қиынға соқпайды.
Алыстан асығып келген бетте ғашығына бірден жете алмаған болар. Осы айтылғанның бәрі қалжыңмен аяқталады:
Арадан қыл өтпейтін тату едік,
Біздерге қастық қылған қай антұрған?
«Антұрған» деген сөзді папамның аузынан жиі еститінмін. Біреуге жеңіл-желпі ұрысса немесе жақын адамын күлкі етсе, ылғи «Ой, антұрған» деуші еді.
Қазақ халқының бай музыкалық қазы­на­сында «Назқоңыр» кұрметті орын алады. Кезінде бұл әнді Әміре мен Иса­ның өзі шарықтата шырқаған, кейін тамаша әншілеріміздің бәрі салған. Бүгінгі таңда атақты артистеріміз Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев және Роза Рымбаева әрқайсысы өзіндік шеберлікпен орындап, құлақ құрышын қандырады. Маған Розаның бірінші шумақты қайталап айтуы ұнайды.
«Назқоңыр» әні де, оған айрықша көрік пен маңыз беріп тұрған өлеңі де өнер­дің шыңына жатады. Осы шығарма­сының кейіпкері Шарбану Ақымқызы Бай­зақова 1937 жылы 28 сәуірде Семей қаласында қайтыс болды. Ол уақытта анамның қабырына темір қоршау да, мүсін тас та орнатылмады. Кейін де реті келмеді, бірақ ақын сүйген жарына өлеңнен өшпес ескерткіш орнатып кетті.
Өлмейтін өнермен бірге анамның бейнесі жасай бермек.
2«Мәдениет және тұрмыс». – 1988. — №1. – 18 б.

Ертіс Байзақов,
Иса Байзақовтың ұлы,
философия ғылымдарының кандидаты,
С.М. Киров атындағы ҚазМҰ-ның доценті

 

АРҚАЛЫ АҚЫН1

Биіктік пен тереңдікті, кеңдік пен адамгершілікті, махаббат пен сүйіспеншілікті ерекше қастерлеген қазақ халқы сол қасиетті ұғымдарды рухани әлемнің байрағы етіп желбіреткен парасатты ақындарын әрқашан да арқа тұтып, мақтаныш еткен. Олардан қалған асыл мұраларды көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа табыстап отырған. Табиғатынан зерделі де зерек жыр дүлдүлі, ғажайып тума талант Иса Байзақов та сол айбынды алып шыңдардың, арқалы ақындардың қатарынан орын алады.
Иса – халқының ізгі қасиеттерін ерекше қадірлеп, үлгі еткен сұңғыла ақын, ақындық өнердің телегей теңізі, ұлттық өнердің шамшырағы. Дала перзентінің мөлдірлікке, сұлулыққа іңкәр көңілінің ләззатты күйін кешемін десең Исаның шығармашылық лабораториясының ауасымен тыныста. Сонда ғана Иса өнерінің тамыры қазақ сахарасының тағдырымен сабақтасып жатқанын аңғарасың, сонда ғана шебердің кәусарына қанып, рақатына бөленесің.
Асылы, Исаның өнер дүниесіндегі мүмкіндігі алуан түрлілігімен, жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Сегіз қырлы, бір сырлы талант иесінің өнегелі өмір жолы соны аңғартады.
Ең алдымен, Иса Байзақов – суырыпсалма ақын, суырыпсалмалылық қасиет оның ақындық шабытының қайнар көзі, тума бастауы. Бұл ерекшелігі айтыс өнеріндегі табан астында тауып айтатын тапқырлық кернеген шабытынан ғана емес, өмір-өзеннің толқыны жан дүниесін сәбидей әлдилегенде, қызық пен қуаныш, сағыныш пен мұң-нала нәзік сезімін селт еткізіп, тебіренткен сәттердің бәрінде де жарқырай көрінді. Өйткені ақын тіршіліктің жұмбақ сырларының тереңіне құлаш ұрып, түйінін өлеңмен шешуге аса құштар болды.
Иса – ауыз әдебиетінің кең тынысты өкілі әрі жазба әдебиетінің қарымды қаламгері. Сондықтан да болар әдебиет зерттеушілері Исаның әдебиеттегі күші таразының қай басына молырақ ауарын салмақтауға көп көңіл бөлді. Ал біздің ойымызша, ол – таразы басын тең ұстаған өнер адамы. Ол ауыз әдебиетінде жеткен жетістіктерін жазба әдебиеттің көркемдік қуаты мен маңызын арттыруға шебер пайдалана алды. Осынау бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ өзіндік белгілері мен ерекшеліктері де көп әдеби құбылыстардың бірінен екіншісіне өту жолындағы күрделі сыннан ақын сүрінбей өтті. Бұл тарапта ол, халық поэзиясы тілінің байлығы мен көркемдік қуатынан алған тәлімі мен біліміне сүйенді. Ұлы даланың өзіндей кең, мұхиттай терең, шыңдағы шынардай асқақ рухта, халық поэзиясы рухында тебірене білді.
Иса талантының тағы бір қыры – таңды таңға ұрған, күннен аптаға, аптадан айға ұласатын қара жаңбырдай толассыз, керемет жыршылдығы. Естеліктер «Ертеңнен салса, кешке озған тұлпардай ұшқыр қиялды ақын жыры — тартылмас теңіз еді. Халық тарихындағы небір дастан-жырларды («Рүстем-Дастан», «Алпамыс», «Арқалық батыр» т.б.) мүдірмей ұзақ уақыт жырлағанда шаршау орнына ширыға түседі» дейді.

Өнерлі Иса – қазақтың профессионалды театрының бастауында тұрған тұлға. Оның Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев т.б. сынды өнер жұлдыздарымен бірге қазақ театр өнерінің уығын қадасып, керегесін кеңейтуге қомақты үлес қосқаны белгілі.
Иса кемелдігінің бірі – оның әнші-композиторлығы. Бұл дара біткен қасиеттің негізі де туған топырағының нәрі мен халқының қазыналы болмысында жатыр. «Назқоңыр, «Ақерке», «Жонып алды», «Бір бидай», «Кербез сұлу», «Желдірме» т.б. тәрізді ән-өлеңдері отандық поэзия мен музыкамыздың алтын қорына қосылды. Алайда, Исаның ән өнерінде қалдырған мұрасының арнайы зерттеліп, жете бағаланбай келе жатқаны өкінішті-ақ.

Иса Байзақов шығармалары – өзі өмір сүрген уақыттың айнасы. Олай дейтініміз, ол өз мезгілінің жүрек лүпілі мен тамыр соғысын тап басып, тани білді. «Күндер бар күн ішінде күннен де ерек, Тарихта өшпейтұғын қалған дерек», — деп өзі айтқандай, ел басынан өтіп жатқан оқиғалардың бірде-бірін назарынан тыс қалдырмады. Сұңғыла ақын шығармасына өзек етер тақырыпты таңдауда талғампаз болды, оның мазмұнын жоғары деңгейде ашып көрсетуде кемеңгерлік танытты. Ерлік пен ездік, даңқ пен дақпырт, шаттық пен қасірет секілді қарама- қарсы құбылыстар шиеленістерінің шешімдерін тыңдарман мен оқырман санасына шебер де жеңіл жеткізе білді. Өнерге ғашық ұлы тұлғаның ел жадында жұлдыздай жарқырауының сыры сонда болса керек.
Ақын Иса асқан сезімтал, ғажайып ұғымтал болған. Шығармаларында, әсіресе поэмаларында лирикалық тереңдік пен эпикалық кеңдік сабақтасып, ұштасып жатады. Қазақ поэзиясының даму, толығу, тарамдалу тарихында Иса поэмаларының алатын орны ерекше. «Құралай сұлу», «Ақбөпе», «Алтай аясында» поэмалары ақынның тарихи-танымдық білімін, көркемдік түйсігін, эстетикалық сараптау білігін, өнердегі қарымын танытады, халықтың өткен жолына тарихи пайыммен қарауға меңзейді. «Халықтың қасиетін жанымен ұққан, Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды» деген ақын үні сөз өнеріне, ел мүддесіне деген жауапкершілік пен жанашырылыққа толы. «Ақын орны – қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде. Ондай орын әсіресе биікте көп» дейді ғұлама сөз зерегері Ғабит Мүсірепов. Демек, ол биіктен көріну бірдің бірегейінің пешенесіне ғана бұйырады. Иса Байзақов – сол бірегей ақындардың легіндегі тұлға. Сондықтан да оның қазақ қоғамындағы оқиғаларды толыққанды көркем туындыларға айналдырған, эстетикалық әсері мен тағылымы мол, бояуы қанық, сөз суреттері мен сырлы дүниелерін туған халқы құмарта оқып, қадір тұтады.
Иса Байзақов — азаматтық тұлғасы мен ақындық дарыны әсем үйлесім тапқан өнерпаз. Жан дүниесі даналық пен бауырмалдыққа толы ұлтына тартып туған тектілігі — кейінгі толқынға үлгі, келер ұрпаққа темірқазық. Соның бір белгісі осы ұсынылып отырған жыр жинағы. Бұл біздің ұлы Исаға деген құрметіміз, ұрпақтық парызымыз.
Дүниеге небір асылдарды, өнердің мәңгі сөнбес жарық жұлдыздарын берген халық тағы бір ұлы перзентімен, ғажайып та ғаламат өнер иесімен жүздесіп отыр.
Сарғая күткен, сағына күткен күн келді. Ел күтіп еді Иса жырын! Ұзақ күтті! Ел еркесі, өнер серкесі ескерусіз қалып бара жатса да, халық жадында жүруші еді. Ақиық ақын ұлың бүгін алдыңнан шықты! Қарсы алыңыз, әлеумет!
1Байзақов И. Ақбөпе: Таңдамалы. – Астана: Елорда 2000. – 5-8 б.

Амангелді Құсайынов,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақ Білім академиясының, ЖМ ХҒА-ның академигі

ИСА БАЙЗАҚОВ ЖӘНЕ АБАЙ ДӘСТҮРІНДЕГІ ДАСТАНДАР

Дәстүрлі қазақ поэзиясында сюжеттік оқиғаларды арқау етіп, тарихи кезеңдердің шындығын биік көркемдік деңгейде, тартымды суреткерлік шеберлік аясында жинақтап көрсете алған эпикалық шығармалар молынан кездеседі. Поэзиямыздағы осынау арналы көркемдік ізденістердің арғы бастауларына назар аударатын болсақ, бірінші кезекте Абай поэзиясының көркемдік тағылымы, шеберлік мектебі ойға оралады.
Ал енді поэзиямыздағы сондай көркемдік үлгілерді тудырған, қазақ әдебиетіндегі ақындық жаратылысы бөлек, тума дарын Иса Байзақов шығармашылығы да дара көрінеді. Аса дарынды өнер иесінің басқа бір, өзі қатарлас өнер иесі туралы сөз толғауы, образ сомдауы, сол арқылы киелі қазақ өнерінің тұлғаларын әдебиетімізге көркем бейне ретінде қайтадан алып келуі, әрқашан да оқырман ықыласына бөленіп отырған. Иса Байзақов қаламынан әр жылдары, әр кезеңде туған өнер туындылары да оқшау көркемдік бояуымен, сирек кездесетін ұтымды теңеулерімен, сюжет тартымдылығымен оқырман назарын аударды.
Иса Байзақовтың әдебиетіміздің алтын қорына қосылған «Құралай сұлу» мен «Алтай аясында» атты поэмалары тарихи оқиғаларды көркемдік тұрғыдан жинақтаудың жаңа үлгілерін танытты. Бұл шығармаларына арынды ақын, алдымен, қазақ тағдырындағы айрықша орны бар ірі-ірі тарихи оқиғаларды арқау етеді. Халықтың бостандық, тәуелсіздік жолындағы мақсатты күресі алдыңғы қатарға шығады да, осынау оқиғалардың ел өміріндегі, жекелеген адамдар тағдырындағы әлеуметтік-рухани салмағына назар аударылады. Ақынның дүниетаным тереңдігі, тарихи көзқарасы, поэтикалық, көркемдік жинақтау әдіс-тәсілдері өзінің кең ауқымдылығымен, шынайылығымен оқырманын баурайды.
Ақындық диапазон, тарихи-деректік оқиғалар шоғыры туған жер туралы идея­ны және халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан батырлық рухын асқақтата жырлауға жол ашқан. Жау­жүрек, батыр жігіт Келденнің қалмақтарға қарсы күресі мен Құралайдай сұлу да парасатты қазақ қызының тағдыры қатар өріле сюжет арқауын ширата түсетіндігі, алдымен, суреткерлік шеберлігінен бастау алады.
Қазақ жүрегінде «Есім ханның ескі жолы» деген аңызға бергісіз қанатты сөз қалдырған, ел бірлігі, ұлттық мұрат жолында баға жеткісіз тарихи еңбек жасаған әйгілі Есім ханның заманында тағдыр кешкен, елінің жоғын жоқтаған, әділдігімен, турашылдығымен көпке жаққан Монтай бидің тұлғасы да поэманың құнарлы тұсы десек, қателеспейміз.
«Құралай сұлу» поэмасында туған жерді қасық қаны қалғанша қорғай білетін батырлық болмыс пен адал махаббаттың жолында басын бәйгеге тігетін азамат тағдырының арасындағы рухани сабақтастық, жүрек қуаты қылаусыз поэзия тілінде сөйлейді. Автор осынау адам бойындағы ізгі қасиеттерді нақты көркем тұлғалар арқылы, олардың жан дүниесіндегі сезім толқындарын жарқырата аша отырып, оқырманына терең тебіреніспен жеткізеді. Жаугершілік замандағы қазақ тұрмысы, сол кезеңдердегі алмағайып тіршіліктің тарихи келбеті поэтикалық айшықты суреттермен боямасыз, шынайы түрде көз алдымызға келеді.
«Алтай аясында» атты поэмасы да ақынның осынау ұлы идеясын басқа қырынан алып, оны ары қарай тереңдете түсетін туындысы. Бұл шығарманың да алтын арқауы – тәуелсіздік, бостандық, яғни еркін өмір жолындағы ержүрек жандардың бойындағы күрес рухын, қажыр-қайратын құдіретті поэзия тілінде кестелеу болып табылады. Адал махаббат, шынайы сүйіспеншілік жолында басын бәйгеге тігетін, биік мақсат-мұрат­ты армандайтын, осы жолда қандай да қауіп-қатерден тайсалмайтын қазақ жастарының тұлғасы типтік көркем бейнелер деңгейіне көтеріледі.
Поэманың орталық кейіпкерлері Балағаз бен Еркежанды өмірдің қиын өткелдеріне салатын автор сол кезеңдегі дала өмірінің сан қатпарлы тарихи-әлеу­меттік шындығын жалаң алмайды. Керісінше, кейіпкерлер тағдыры арқылы сан қатпарлы тарихи шындық көрініс табады. Оқиға желісінде әрқилы әлеуметтік топтар өз әрекетімен, өз мінез-құлқымен шынайы танылады.
Әлеуметтік күрес үстінде шыңдала түсетін қазақ жастарының сан қилы тағдыры, күрес жолдары қоғамдағы көпқатпарлы сюжеттік желілерге арқау болады. Әрқилы мақсатты көздеген, сол жолда беріспей тоқтамға келмейтін сандаған кейіпкерлердің рухани әлемін іштей ашып көрсетудегі ақын шеберлігі өзіндік сан түрлі көркемдік бояумен көз тартады. Тарихи оқиғаларды қамтып көрсету, тұлғаның көркемдік қуатын аша түсетін іс-әрекеттерді бір желінің бойында шебер қиюластыру, табиғат суреттері, психологиялық иірімдер – барлығы түптеп келгенде, ақынның суреткерлік шеберлігінің терең құнарынан бастау алып жатады.
Иса Байзақовтың ақындық болмысында сандаған өнердің біте қайнасып жататындығын аңғарар едік. Ақын ең алдымен сан қырлы өнер иесі болған. Оның қалың елге кеңінен жайылған, талай өнер саңлақтарын тамсандырған, таңғалдырған актерлік, артистік, әншілік, жыршылық өнерінің өзі бір бойына осыншама дарын қуатын тоғыстырған қайталанбас талант иесі екенін көрсетеді. Онын табан астында қалың қауым алдында, сөз маржандарын ақ жауындай төгілтіп алып кететін суырыпсалмалық өнері де тыңдармандарын таңғалдырған.
Өлеңнің өткел бермес теңізіндей әсер қалдыратын арқалы ақынның өнер айдынында қалдырған қолтаңбасы қазақтың қай түпкірінде болмасын ауыздан-ауызға аңыз болып тараған. Қанаты талмас қырандай парлаған ақынды барлығы бір рет көріп қалуға, бір рет үніне құлақ түруге асыққан. Осының бәрі кездейсоқтық емес, тума таланттың алдымен сүйегіне біткен, содан соң сан ғасырлық тарихы бар халық шығармашылығының бай мұрасы нәр беріп, қанаттандырған асыл арналар болатын.
Өнер жарысында ешкімге есе жібермеген, алқалы топтың алдында алмастай жарқырап, қырандай самғап өнер құдіретін танытқан ақынның шығармашылығы сондықтан да сан қырлы, сан қатпарлы болып келеді. Жоғарыда сөз болған туындылардағы тарихи оқиғалардың жанды тұлғалар арқылы жарқырап шығатындығы да алдымен ақын талантының осынау қасиеттерінен бастау алады.
Өнердің барлық жанрындағы классикалық үлгілеріне құлаш сермеген және солардың бірде-бірінде осалдық танытпаған төкпе ақынның барлық тақырыптағы туындылары төрт аяғынан тең тұрған дүниелер ретінде оқырман жүрегіне жол тапты. Оны қазақтың ең бір сүйікті, ардақты ақынына айналдырған дүниелері де осы мәңгі тозбас құдіретті поэзияның арқасы еді. Солардың ішінде, тағы да қайталап айтсақ, тарихи тақырыпты, әлеуметтік-рухани мәселелерді арқау еткен туындылары алыстан менмұндалап, айшықты көрінеді. Осылардың қатарында «Құралай сұлу», «Алтай аясында», «Ақбөпе» сынды поэмалары көркемдік талаптарының ең биік шыңына көтерілген туындылардың қатарына енді.
Жалпы ақындық шеберлік туралы сөз қозғағанда Иса Байзақовтың өлеңдері, толғаулары, дастандары және ән мәтіндері алдымен көзге түседі. Осынау көркем туындылар несімен көз тартады, қандай қасиеттері арқылы қазақ поэзиясына жаңалық болып қосылды? Оның шығармалары алдымен көркемдік сапасымен, кең тыныстылығымен, жаңашыл өрнегімен көзге түсті дегенде ақынның қай бағыттағы ізденістері бірінші кезекте аталуға тиіс? Бұған жауапты, ең алдымен, ақын туындыларының көркемдік бояуынан, суреткерлік болмыс-бітімінен іздеуіміз абзал.
Суреткер қаламгер Мұхтар Әуезов Иса Байзақовтың шығармашылығына бір жағына, сүйсіне қызықтап, екінші жағынан шынайы ақын талантына оқырман назарын аударып: «Иса желпініп үзілмей соққан сар даланың желі сияқты, сол даладай кең, мол ақындықтың иесі. Еуропа Исаның ақындығындай суырыпсалма, желермен, тұтқиыл ақындығын, ақындық теңізі деп түсінер еді… Бүгінгі қазақ сахнасында Иса әлденеше ғасырларды жиғандай, мәдениет тарихының әлденеше дәуірлерін бітімдестіргендей.
…Жақсының сарынындай құбылтып, бүктетіліп толқынған желдірменің әніне қосылғанда шалқыған ақындық сөзін ту ғып ұстап, заманды қазып келе жатқан өнер желмаясының шабысы елестегендей болады» дегенде теңіздей терең талантын, сан қырлы өнерпаздығын, парасат биігін дөп басып айтқандай.
Парасат биігі дегеніміз, шын мәнінде, ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов меңзегендей шығарманың ішкі көркемдік қуатынан бастау алатыны даусыз. Иса Байзақовтың әр алуан, тарихи маңызы терең тақырыптардағы туындыларын сөз еткенде алдымен ақын парасаты, яғни соған сабақтас, астарлас танылатын суреткерлік дүниетаным, көркемдік жинақтау, тіл кестесі, барлығы жиылып келгенде бір арнаға тоғысады. Ол арна – ақындық талант деген бір сөзге сияды.
Ақын талантының тағы да бір қайталанбас қыры «Ақбөпе» поэмасындағы Ақбөпе тұлғасының көркемдік қуатымен сабақтас көрінеді.
Кім көрді көктің жерге құлағанын,
Кім көрді күннің жарық сұрағанын,
Кім көрді Ақбөпедей қыршын жастың,
Шомылып қанды азапқа жылағанын.

…Кім ұқты махаббатты Ақбөпедей,
Жүрегі жанулы тұр әлі сөнбей,
Аспанда ай, жұлдыз шашу шашар еді,
Егер де тірі жүрсе арманда өлмей.
Аруды Ақбөпедей ел жырлайды,
Бес кепе, бес арналы көл жырлайды,
Ертек қып, тауда қыран түзде тоты,
Ғашықтың өмірінен сыр жырлайды.

Халықтың қасиетін қанмен ұққан,
Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды?
Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің,
Жандары бізді де айт деп сыбырлайды, –
деп басталатын дастанның тұтастай сюжетті желісі, ішкі композициялық құрылымы, кейіпкерлер жүйесі – барлығы жиналып келгенде бір идеяға тоғысады, бір мақсатқа қызмет етеді. Ол идея – мәңгілік махаббат идеясы.
Сүйіспеншіліктің биік тұғырынан бір елі шегінбейтін қазақ жастарының қайсар мінезін асқақтата жырлау мақсатын көздеген автор суреткерлік талғам мен көркемдік талаптың биік деңгейіне көтеріледі, яғни адамгершіліктің, кісіліктің, азаматтықтың айнымас өлшемі – адал махаббатқа деген тұрақтылық екенін ақын барлық шығармаларында өмір бойы жырлап өтті.
Қаламгердің халыққа кеңінен танылған лирикалық, эпикалық шығармаларының дені осынау тақырыпқа құрылатындығы да тегін емес. Сондықтан да махаббатқа деген адалдықтың ар жағында ерлік, туған жерге деген сүйіспеншілік, батырлық, яғни адамның бойындағы барлық ізгі, асыл қасиеттер тұратындығын көркем тұлғалар арқылы бейнелеп беру Иса Байзақовтың күллі шығармашылық тағдырын анықтайтын басты арна деуімізге болады. Осы арнада ақын шеберлігінің барлық көркемдік қырлары, яғни тұтастай алғанда қазақ оқырманының жүрегіне жол тартқан, ілтипатына бөленген қаламгер шығармаларының сан қырлы суреткерлік қасиеттері жарқырап бой көтерді.

Қансейіт Әбдезұлы,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы,
филология ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры

ДАНЫШПАН АҚЫНҒА

Құдіретімен өнердің,
Өзгертіп
халық санасын.
Өлеңменен биледің,
Дарқан қазақ даласын.

Атам менің ардақты,
Өшпес мәңгі жұлдызың.
Көтердің ғой қазақтың,
Биік шыңға тұғырын.

Көкке ылғи ұмтылдың,
Елдің асыл дарыны.
Кетпес естен ұлыңның
Оттай жанған сарыны.

Күн шығардай таң едің,
Таза бұлақ жан едің.
Деңгейіне жетпестей,
Қыран едің, тау едің.

Даңқың шарлап әр елді,
Қайта өрлеп жетеді.
«Ақын өлмес» – деп едің,
Парызыңды өтедің.

Өлең жайса өрісін,
Ел өзіңмен кеңеспек.
Домбыраңның желісі,
Жүрегімде елестеп…

Жұлдыз Байзақова,
Исаның шөбересі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір