Мүйізді ата
30.09.2025
358
0

Нұрғисаның туған інісі Жапар туралы не білеміз? 

Біз о кісіні «Мүйізді ата» дейтінбіз. Өз аты – Жапар, сүйегі – Шапыраштының Екейі. Тура шекесінде бас бармақтың көлеміндей шодырайған сүйелі бар еді. Сонысын елге көрсетейін дегендей қысы-жазы шашын тақырлап алып жүреді. Жарықтық әңгімешіл еді. Желдей есіп, судай тасып сөйлегенді жақсы көреді. Не нәрсені болсын апыл-ғұпыл құйындатып жылдам істейді. Қолы қарулы, қай жұмысқа салсаң да жапырып жібереді. Атам: «Екейде елу бақсы, сексен ақын, гулейді жын қуғандай кешке жақын», – деп бұрынғылар айтып кеткен. Бұлардың байлығы – мал емес, өнер. Өлең қонған ру, арқасы бар атадан», – деп көтермелеп отыратын.

Мүйізді атаның әйелі Сұлушаш апа – әжемнің немере сіңлісі. Жалпы, әжемнің үш сіңлісі бар еді. Мағрипа, Балшаш, Сұлушаш… Үшеуі де үлкен ағасы Қашқынбайдың қызы екен. Алдыңғы екеуі туралы әжемнің әңгімесінен естігеніміз болмаса, түрін көрмегенбіз, біз ес білмей тұрып дүние салыпты. Ал Сұлушаш апа қараторының әдемісі еді. Сыбырлап сөйлейтін, анау-мынауға күйіп-піспес біртоға кісі еді.
Мүйізді атаны атам «бажа» дейтін, келген сайын төрге шығарып, құрақ ұшады. Әкем «жезделеп» жаны қалмай жалпақтайды. Біз «мүйізді ата» деп өлердей қорқамыз. «Мүйізді ата келе жатыр» десе, төсектің астына тығыламыз. Бір күні қарындасым Гүлнұр екеуміз бір-бір томпақ пірәндікті кеміріп, теледидардың алдында томпиып отырғанбыз. «Күндізгі телесеанс» айдарымен берілетін көркем фильмдерді жібермей көру бұлжымас дәстүріміз еді. Бір кезде сыртқы есік «сықыр» етіп ашылды да қыстың суық ауасымен бірге әлдекім алқын-жұлқын кіріп келді. Төркөрпенің үстінен тұрып үлгермедім, әлгі қонақ еденді ойып жіберердей тарс-тұрс басқан күйі тапырақтап қасыма жетті. Басынан қырау қатқан түлкі тұмағын сілкіп шешкенде таныдым, Мүйізді ата екен. Қарындасым «шар» етіп шыңғырып түпкі бөлмеге безіп кетті. Мен де қашуға ыңғайланып едім, қақпайлап жібермеді.
– «Алатау» арнасын қос, – деді бұйыра сөйлеп. Киномыз жаңа басталып еді, мұрын астынан міңгірлеп амалсыз теледидардың құлағын бұрап, «Алатауға» ауыстырдым. Әлдебір концерт болып жатыр екен. – Е, болды, осыған қой да бара бер, – деп қалтасынан бір уыс мәмпәси шығарып маған ұстата салды. Өзі ұзағынан отыратынын білдіріп малдасын құрды. Оның бір уыс мәмпәсиі менің екі алақаныма әзер сыйды. Кино қызығынан құр қалып, жылауға шақ тұрған көңілім жаңбырдан кейінгі жазғы даладай жадырап сала берген. Түпкі үйде үрпиіп отырған қарындасыма қарай жерден жеті қоян тапқандай жүгіре жөнелдім.
– Не болды, о кім өзі? – деп жамап отырған шалының шекпенін сүйретіп әжем де өз бөлмесінен шығып келе жатыр екен. Аңдаусызда соқтығысып қала жаздадық.
– Өй, тұқымың өскір, сен бе тарсылдатып жүрген? – деп, әжем маған кейістік танытып алып, Жапар ата отырған бөлмеге қарай кетті. Мен алып ұшып Гұлнұрға жеттім. Екеуміз тәтті-мәттіні теңдей бөлісіп алып, біріміздікін біріміз тістеп көріп, бір уыс кәмпитті біраз уақыт ермек қылдық. Артынан мәмпәсидің тәттілігін киноға деген әуестік жеңіп, теледидар тұрған бөлмеге қайта келдік. Кіруге жүрек дауаламайды. Есіктен мойнымызды қылтитып қараймыз, тезірек концерт бітсе, киномызды бел ортасынан болсын көрсек дейміз. Бірақ ол құрғырдың бітетін түрі жоқ. Ұзын бойлы біреу қос қолын ербеңдетіп, қарсы алдындағы қалың тобырды шырқ үйіреді. Қол сілтеген тұстан бірінен-бірі асып түсетін құйқылжыған күй төгіледі. Ол адамның дирижер екенін, ал оның алдында қаздай тізілген кісілердің оркестр екенін бертінде білдік қой, ол кезде алғаш көруіміз. Мүйіз­ді ата сол оркестр салған әуен сиқырына арбалғандай теңселіп әрі көгілдір экранға кіріп кетердей телміріп отыр. Әжем күйеубаласынан ара-тұра әлденені сұрап қойып, шекпеннің астарын айналдырып тастап жамауға кіріскен. Қас қылғанда концерт ұзаққа созылды. «Кино көрейікші», – деп қыңқылдағанымызға әжем құлақ аспады. Бізді мүйіздеп қуып шыққан мүйізді ата концертті тапжылмастан тамашалады. Концерт біткенде тап бір театр залында отырғандай қол шапалақтап шаттанды. Үй ішін кернеп кеткен сарт-сұрт ұрылған алақан дыбысына елітіп, жүгіріп келгенімізде көргеніміз – әлгі дирижер көпшілікке иіліп тағзым етіп жатыр екен. Қос қолын қапталына кезек-кезек сермеп айналасындағы өнерпаздарға құрмет көрсетті. Теледидардағы көрермендердің разы болғаны соншалық түрегеп тұрып, дуылдатып қол соғып жатыр. Мүйізді ата да орнынан тұрып кетіпті. Телеконцерттің шымылдығы жабылғанда ол да кілт бұрылып қалай тарсылдатып келді, тура сондай екпінмен далаға шығып кетті. Аттап-пұттап бара жатқан күйеубаласының сыртынан қарап тұрған әжем ақырын күрсінгендей болды. Біз дереу теледидардың құлағына жармасып, киномызды іздеп жатқанда әжемнің:
– Енді қайтсін, байғұс-ай, бауыр деген оңай деймісің. Бұл да бір жетім өскен тесік өкпе ғой, – деп күбірлеп жатқанын құлағымыз шалды. Ол кезде есіл-дертіміз киноға ауып әжемнің сөзіне оншалықты мән бермегенбіз, кешкілік естідік Мүйізді атаның әңгімесін.
– Әлгі Жапар неғылып жүр аласұрып? – деді атам асқа бата жасап болған соң нанға қол соза беріп.
– Нұрғисаның кәнсерті болды, соны көруге келіпті.
– Жамантыда телебізір жоқ па екен?
– Бар ғой, бірақ әнтендері «Алатауды» ұстамайды екен. Балалары кептер атамыз деп тоғын үзіп тастапты.
– Мм, Құдайдан қайтсын!..
Атамның бұл сөзіне біз түгілі бүкіл ауыл үйренген. Біреуден жақсылық көрсе де, жамандық көрсе де айтатыны сол бір ауыз сөз. Алайда бұл жолы «Құдайдан қайтсынды» не үшін айтқанын ешкім парықтаған жоқ. Жапар мен Нұрғисаның әңгімесі де атамның «Құдайдан қайтсынымен» тамамдалар ма еді, кім білсін, әңгімеге мен килікпегенде…
– Әже, Нұрғиса деген кім? Анабір ұзынтұра кісі ме, қалқанқұлақ? – дедім ұртымдағы сіңірді малжаңдай шайнап. Менің сөзіме қарындасым мен ағаларым тырқылдап күлді. Бірі ішіп отырған шайы­на шашалып қала жаздады. Артынша әжемнің «тә жоғал әрісі» мен атамның «тәйт» деген шаңқылдақ үні қатар шыққан.
– Аруақты адамға тіл тигізбе, – деді атам даусын бәсеңдетпестен. Әжем де біраз кейістік танытып:
– Беталбаты сөйлей бермегін, – деп аяқтады сөзін. Артынша қос қария екі жақтап, бірі ұмытқанын бірі толықтырып Жапардың отбасылық тарихын баяндап берген.
Сөйтсек, біз білмей жүріппіз, әлгі мен суреттеген кісі расымен де Нұрғиса екен. Иә, иә!.. Қазақтың марғасқасы Нұрғиса Тілендиев болып шықты. Ал ол Жапар атаның ағасы көрінеді. Бізді үнемі мүйізімен қорқытатын, қалтасына салып келген мәмпәсиімен «борбайдағы байлығымызды» сатып алып, насыбай атқандай түшкірініп-пысқырынатын болмысы қызық шал әйгілі композитордың туған інісі болып шықты.
Оқиға былай өрбиді: Екейдің ішіндегі Ботақара руының белді ақсақалы Атабай бидің кіндігінен үш ұл, бір қыз өрбиді – Тіленді, Тілеген, Тілебалды, Күленді. Нұрғиса мен Жапар Тілегеннен туған. Отызыншы жылдары қырғыздармен әлдебір қақтығыс туып, Тілеген жазым болады. Ерін өлтіргенімен қоймай қырғыз тобы Тілегеннің әйелін қоса олжалап кетеді. Үйелменді-сүйелменді Нұрғиса мен Жапар жетім қалады. Бірі алты-жеті, екіншісі төрт-бес жастағы қос бейбақ әуелгіде Қаракәстектегі балалар үйіне түседі, сонан ары Қарағандыға жөнелтіледі. Қарағандыға барған бетте Жапардың басына жара қаптап, шекесіне шодырайып сүйел шығады. Беймәлім дерт тұтас денесін алып кетеді. Өзгелерге жұқпас үшін балалар үйінің басшылары оны дереу алапес, қотырларға арналған арнайы мекемеге тапсырады. Кішкентай інісінен тірідей айырылып Нұрғиса қала береді.
Бұл кезде Алматыда тұратын Тілендіге де қаралы хабар жеткен еді. Інісінің өлгенін, келінінің қолды болғанын кештеу естіген ол, інісінен қалған жетімектерді қалай да іздеп таппаққа бел буып, атқа қонады. Қаракәстектегі балалар үйіне барады, ол жақтан сұрастыра жүріп Қарағандыға жетеді. Естияр боп қалған Нұрғисаны қиналмай табады, тек Жапардың дерегі жоқ. Ешкім ештеме айтпай діңкелетеді. Ақыры өлдіге жорып, Нұрғисаны ғана алып еліне қайтады. Өз атын фамилия ретінде тіркеп, әкесі Атабайдың баласы деп құжатқа жаздыртады, сөйтіп, «Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев» болып шыға келеді. Осы ретте айта кетер бір жайт – ел арасында Нұрғиса мен Жапардың бір әке, бір шешеден туатынына күмәнданатындар көп. Солардың қолымен шежірелік кітапқа Нұрғиса Тілендінің, Жапар Тілегеннің баласы деп жазылып кеткен. Алайда осы жерде заңды сұрақ туады: егер Нұрғиса Тілендінің баласы болса, неге ол жетімдер үйіне түседі? Әке-шешесі тірі жеткіншекті өкімет адамдары неге балалар үйіне берген? Осы жағы түсініксіз, яғни Нұрғисаның жетімдер үйіне түскені рас болса, онда оның Тілегеннің баласы екені де рас болғаны. Жапар екеуінің туған ағалы-інілі екенінің де рас болғаны!
Хош! Алмағайып заманда бір-бірінен адасып қалған екі ұл екі жақта ержетті. Ел тоғайып, ес жия бастаған тұста соғыс басталды. Нұрғиса әскерге аттанды, ал Жапар әлгі дерттен құлан-таза айығады. Тек басындағы сүйел кетпей қалады. Жасы толмады ма, әлде денсаулығындағы кінәрат әсер етті ме, әйтеуір, Жапарды әскер қатарына шақырмайды. Есесіне Қарағанды шахтасында қара жұмысқа жегіледі. Соғыс аяқталып, ел тынышталғанша қайла-күрекпен кен қазып, еңбек етеді. Осылай жалғыздықта жабығып жүргенде жиі-жиі түс көреді. Түсінде ақ сақалды бір қария келіп: «Еліңді тап, еліңді тап», – дейді екен. Ақыры өзі өскен балалар үйіне барып, сұрау салады. «Мен кіммін? Қайдан келдім?» – деп сұрастырады. Мұрағат құжаттарынан ағасы екеуінің Ұзынағаштың қасындағы Қаракәстек балалар үйінен жеткізілгенін біледі. «Не де болса сол елдің адамы шығармын» деген оймен Жетісуға қарай жолға шығады. Ұзынағаштың маңайындағы ауылдарды шиырлайды. Ақсақал, қарасақалдармен сөйлеседі. Атабай бидің үш ұлының бірі Тілегенді танитындар көп ұзамай табылады, осылайша, өзінің шыққан тегін, руын біледі. Әйтсе де Тілегенмен бірге туған Тіленді туралы мағлұмат аз. «Қайын жұртын сағалап Алматы жаққа кеткен» дегеннен басқа дерек жоқ.
Елін, жерін тапқанымен, бірге туған ағайындарын таба алмай жарым құрсақ, жарты көңіл болып жүргенде Алматы-Бішкек тасжолының құрылысына қатысады. Осы жерде жүріп өмірлік жары Сұлушашпен танысады. Екеуі бас қосып, біздің ауыл Ақтеректің бөлімшесі санатындағы Жаманты елді мекенінде тұрақтап қалады. Балалы-шағалы болады. Қайын жұрты Қасқараудың ішіндегі Таутеке руына түбегейлі сіңіп кетер ме еді, ойламаған жерден Нұрғисаны жолықтырмағанда…

***

Нұрғиса мен Жапардың кездесуі өмірде емес, сауатты сценаристің киносында ғана болатын тосын оқиғадай қызық. Ол туралы атам мен әжем әлденеше рет баяндап берген. Бертінде мүйізді атаның өз аузынан да естідік.
– Алматы-Бішкек тасжолының 119-шақырымындағы Дорбуткада* отыратынбыз ол кезде, – деді мүйізім орнында ма дегендей басындағы сүйелін бір сипап. – Ақпанның соңы болатын, жарым түнде үйге үш еркек сау етіп кіріп келмесі бар ма?! Балалар далаға кіріп-шығып жүріп есіктің ілгегін салмаған екен, есім шығып кетті бастапқыда. Біреуі – ұзын бойлы, басындағы бөркі үйдің төбесіне тиеді екен. Екіншісі – балуан денелі төртпақ, мұртына қырау қатқан шомбал. Үшіншісі – дембелше келген, шымырлау жігіт. Мекеніміз тоғыз жолдың торабы, ұры мен қарының жүретін жері. Дәу де болса солардың бірі шығар деп ойладым.
– Әй, жігіттер, – дедім батылданып. – Танымайтын адамға түнде есікті ашпаушы едім, рұқсатсыз үйіме кірдіңдер. Оған көндік. Енді не қалайсыңдар? Кессеңдер бас міне, алсаңдар мал әнекей қорада қамалып тұр. Тек бала-шағама тиіспеңдер! Жүріңдер, қатын-баланы ойбайлатпай сыртқа шығып төбелесейік, жекпе-жекке шығыңдар, – дедім. Осыны айтып, есікке қарай беттеп бара жатыр едім, әлгі ұзын бойлысы жылдам екен, иығымнан шап беріп ұстай алды. Өлсем, алысып өлейін деп жағасына жармаса кеттім. Көмір шахтасында талай орысты тоңқалаң асырған әдісіме салып, аяқтан қырқа шалуға оңтайланып тақала бергенім сол еді, ортамызға әлгі дембелше жігіт килікті. Жабылады екен десем, ажыратып әлек.
– Ағатай, қойыңыз, – дейді. – Біз қарақшы емеспіз, тимейміз, тиіспейміз. Боранға ұрынған жолаушымыз. Көлігіміз бұзылып жолда қалды. Жылтыраған жарықты байқап сіздің үйге омбы қарға малтығып әзер жеттік, – дейді. Олардың мүләйімсіген түрлерін көріп мен одан сайын оқыраңдадым.
– Үйіме баса-көктеп неге кіресіңдер, онда?! Кімді басынып жүрсіңдер? – деп қоямын өзімше сес көрсетіп. Бір кезде жаңағы ұзыны тіл қатты.
– Қодыраңдамай қоя тұршы, жарығым! Қондырсаң, құдайы қонақпыз, қусаң, кетеміз. Неткен сөз ұқпас дүлейсің өзің? Тек аз-маз бой жылытуға мұрсат бер, – деді. Дауысынан мына бәлеге қайдан тап болдық деген шарасыздық байқалады. Жағдайдың ушығып бара жатқанын сезген дембелше жігіт әңгімеге қайта араласты. Көліктің шопыры сол екен. Айтуынша, барлығы Қырғыздың астанасы Пішпекте өтетін үлкен бір жиналысқа кетіп бара жатыр. Қасындағылар Қазақстан тұрмақ бүкіл Кеңес Одағына танымал атақты адамдар көрінеді.
– Мына кісі, – деді жаңа ғана мен жағаласқан ұзынтұраны нұсқап, – атақты композитор Нұрғиса Тілендиев болады. – дембелше жігіт аз-маз кідіріс жасап менің бетіме бажайлап қарады. Шамасы «мына жаман қазақ қайтер екен?» деген болса керек. Мен де қырсықпын ғой, «енді қайтейінге салып» сазарып сыр алдырмай тұрмын. Анау қайта сөйледі. Ал ана кісі – Сәбең… Сәбит Мұқанов. – Осы кезде төбемнен біреу сойылмен салып қалғандай состыйып тұрып қалдым. Жүрегім дүрс-дүрс соғады. Беймезгіл уақытта келген қонақтарым да әліптің артын бағып үнсіз тұр. Балуан денелі мұртты кісі күнде етігімді киерде отыратын ағаш шөркеге бөксесінің бір бөлігін ғана іліндірген екен.
– Әй, ақымақпын ғой, ақымақпын, – деп Мүйізді ата осы кезде балғадай жұп-жұмыр жұдырығымен өз басын қойып-қойып жіберді. Жасымнан жетім өсіп адам баласына сенуден қалғанмын. Анау өтірік алдап тұр деп ойлаған болсам керек, аспалы шамды алып, әлгі екеудің бетіне үңіліп тұрып қараппын. Әрі бір емес, бірнеше рет. Мына жағына бір шығып, ана жағына бір шығып әбден зәрезап қылсам керек, бір кезде әлгі кісі қойнынан партбилетін суырып алып, алдыма лақтырып жіберді.
– Оқы! – деді жекіп. Хат танимын ғой, оқыдым. Өзімнің қылығымның ерсілеу болғанын түсіндім. Қызыл билетке қарап тұрып құлағыма дейін қызарып кеткенін сездім. Ұялған тек тұрмастың керімен: «Сұлушаш, әй, Сұлушаш», – деп айғай салыппын сасқанымнан. Түпкі үйден ішкөйлекшең атып шыққан оған: «Ойбай, қазан көтер, үйіңе бақ келді, қызыр қонды», – деп бақылдаппын. Қойшы, әйтеуір, қонақтардың жатамыз дегеніне көнбей жарым түнде ет асылды. Атақ пен даңқты қанжығасына байлап жүрген мықтылармен бір көрпенің үстінде шынтақтасып жатып, әңгіме соқтым. Сөздің соқпағы мәдениет, тарих, саясат секілді бүкіл дүниені шарлап шығып, бір кезде руға келіп тірелді.
– Қай туған боласыз? – деп шопыр жігіт сұрады.
– Екеймін, – дедім жұлып алғандай. – Шапыраштының Екейімін, – дедім. Даусымнан руымды білетініме масат­танғаным сезіліп тұрса да артым қуыс. Ары қарай сұрамаса екен деп отырмын. Жетім өскен байғұспын ғой, жеті ата тұрмақ екі-үш атамның атын мұнда білдім. Менің жауабыма екі мықты да елең ете қалды.
– Жәкеңнің (Жамбыл Жабаев) інісі болдыңыз ғой, – деді Сәбит Мұқанов қолтығындағы жастығын ыңғайлап алып.
– Қайсы Екей? Кәдімгі қызыл Екей ме? – деп сұрады Нұрғиса. Не болса да шындықты айтайын деп шештім. Көпті көрген бәлекеттер бәрібір бұлтаңдауға мұрша бермей бас салар…
– Қай Екей екенін білмеймін, әйтеуір, елім – Екей. Фамилиям – Тілегенов. Төрт-бес жасымда екі жас үлкен ағам екеуміз Қарағандыдағы балалар үйіне түсіппіз, сол жерде жүріп ағамды жоғалттым, содан ағайын-туғанды көрген жоқпын. Осындағы Жаныстарға күшік күйеу болып сіңгенмін, – деп тарихымды баяндап бердім. Байқаймын, мен сөйлеген сайын Нұрғисаның қос жанары жарқырап, көзімен ішіп-жеп барады. Түрлі сұрақтарын төпеп жатыр. Мен шамамның келгенінше есімде қалғанын айтып, жауап бердім.
– Әй, сенің ағаңның аты кім еді? –дейді.
– Білмеймін, – деп иығымды қиқаң еткіземін.
– Әй, сол Қарағандыдағы жетімдер үйінде мен де болдым ғой, – дейді.
– Қай кезде?
– Тап сол уақыттарда. Сен ағаңды жоғалтсаң, мен інімді жоғалтқанмын.
– Ә, солай ма? – деп мән бермедім.
– Әй, сен осы, үсті-басыңа жара қаптап ауырмап па едің?
– Ауырғам, – деп айтып үлгермедім, құрықтай ұзын қолын созып жіберіп, басымдағы тақияны жұлып алды. Шопыр жігіт тағы да төбелес басталып кетер ме екен деп атып тұрды. Сәбит ақсақалдың мұрты жыбыр етіп, елеңдей қалды. Мен түкке түсінер емеспін. Нұрғисаның салалы саусақтары басымды сипалап жатқанын сезіп, момақансып отырмын. Ол кезде қазіргідей емес, ұйыса өскен қою қара шашым бар. Сүйелді сол шаштармен қанша жасырғанмен орманның арасына біткен шоқыдай шошайып тұрады. Нұрғиса алғашқы сипағанда-ақ сол сүйелді тауып алды. Ары-бері ұстап отырды да айқай салды.
– О, жасаған ием! Құдіретіңнен айналдым сенің, – деп дауыстағанда құлағым шыңылдап кетті. Мені басымнан ұстаған күйі бауырына қысып, ал кеп еңкілдеп жыласын. Оның кеудесіне тұмсығымды тығып мен тұрмын, бір жағынан тұншығып барамын. Ары-бері бұлтақтап қоямын. Бірақ Нұрғисаның қолы қарулы екен, жібермейді. Арасында басымдағы сүйелден шөпілдетіп сүйеді. Сәбит Мұқанов пен шопыр жігіт «не боп қалды» деп шыр-пыр, мына жақта Сұлушаш жүр есі ауған адамша әркімге бір жалтақтап. Бір кезде өкіргенін дереу тыя салып, бетіме бетін тақады да. – «Қараңдар ұқсаймыз ба?» – деді. Сонда ғана Сәбит Мұқанов мәселенің мәнісін түсінгендей, дөңгелек қой көздерімен екеумізге алма-кезек қарады. Ақырын бас изеді де, көзіне көлкілдеп келген жасын саусақ ұшымен сүртті. Нұрғиса қайтадан құшақтап алып, өкіруді бастады. Жылап жатыр, әлдене деп сөйлеп жатыр. – Бауырымсың, сенің туған ағаңмын. Әлгі жоғалтып алған ағаңмын, – дейді. Оны естіген соң, енді мен жылауды бастадым солқылдап. Сол түні екеуміз таңға ұйықтаған жоқпыз.
– Неге мені іздемейсің? – деп ренішімді де айттым. Жолдан шаршаған Сәбең мен шопыр бала екі бұрышта қорылдап жатыр. Біз Нұрғиса екеуміз ананы-мынаны сұрасып, көз ілгеміз жоқ. Ертеңіне көліктерін жөндеген соң олар Бішкектегі жиналысына аттанды, қайтар сапарында соғып мені ілестіре кетті. Бірден Ұзынағаштың төңірегіндегі Екейдің шалдарына бардық. Сол күні әкеміз бен шешеміздің рухына бағыштап Құран оқыттық, мал құдайы бердік. Шекемдегі шодырайған сүйелдің арқасында, осылайша, бауырымды таптым, – деп Мүйізді ата әңгімесін аяқтады.

*Дорбутка – жол жөндеушілерге қызмет көрсететін қосын

***

Сол бір боранды түндегі кездесуден кейін Жапар мен Нұрғиса ағалы-інілі болып өле-өлгенше араласып тұрды. 1996 жылы Мүйізді атамыз қайтыс болды, араға екі жыл салып қазақтың Нұрғисасы да інісінің артынан жөнелді. Бірі – 69, екіншісі – 73 жасында дүние салды.
Жапар ата мен Сұлушаш апа Қыдырбай, Әділ, Қуанышбай, Қуандық, Кендебай деген бес ұл, Зейнеп, Зейнегүл, Зағила атты үш қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы – үйлі-баранды, өсіп-өнді. Бүгінде Алматы мен Ұзынағашта тіршілік кешіп жатыр. Ортаншы ұл Қуандық атажұрты – Жамбыл ауылына барып түтін түтетіп отыр. Осы жазбаның соңын сол кісімен болған шағын сұхбатпен түйіндесек.
– Қуандық аға, Нұрғиса мен Жапардың шешесін қырғыздар алып қашып кеткен деседі. Одан арғы тағдыры туралы қандай мағлұмат бар?
– Ол кісіні қырғыздар алып қашып кеткен соң еліне апарып біреуге қосады. Балалы-шағалы болып бертінде, 1986 жылы қайтыс болды. Ол кісіні мен көрмедім. Нұрғиса атам мен Жапар әкем шешелерін іздеп, Қырғызстанға әлденеше мәрте барып келді. Ол жақта да шеше жағынан бауырларымыз бар.
– Шежіреде Нұрғиса Тілендінің, Жапар Тілегеннің баласы деп жазылыпты. Неге олай? Не себептен Нұрғиса атамыз көзі тірісінде «Мен Тілендінің емес, Тілегеннің баласымын» дегенді айтып кетпеген?
– Ол кісі аруақты қатты қадірлейтін. Тіленді атамыз бен туған баласындай баптаған Сәлиха апамыздың аруағын сыйлаған соң осы тақырыпты қозғамаған секілді. Бірақ біздің үйге келгенде үнемі «бірге туғанбыз» дегенді айтатын. «Сенің көрмегенің жоқ қой», – деп әкемді құшақтап алып, бауырына басып отырған сәті әлі көз алдымда. Далаға, көк шөптің үстіне көрпе салдырып алып сонда жататын. Домбыра шертеді. Кей кездері екеуі сөзге келіп, тіпті төбелесіп қалған кездері бар. Әкем оған ренжиді: «Мені балалар үйіне тастап кеттің, өлі ме, тірі ме деп бір рет іздеп келмедің», – деп. Ол кісі мұрша болмағанын айтып ақталатын. Екеуі де мінезді адамдар ғой, қазір шекісіп қалса, біраздан соң қайта құшақтасып отыратын еді. Сырт көзге бірін-бірі қатты жақсы көретіні байқалып тұрушы еді. Әкем науқастанып қалғанда Нұрғиса атам қатты уайымдады. Әйгілі академик-дәрігер Мұхтар Әлиевті Алматыдан алдыртып тұрып қаратты. Ол кісі әкеме екі рет келіп, әлдебір күшті дәрі салды. Сол дәрінің арқасында әкем едәуір оңалып, үш жылдай арамызда жүрді. Алайда бәрібір жабысқан кесел қоймады. Ақыры алып тынды.
– Бүгінде сіздерді жұрт Нұрғисаның туған бауырының балалары деп қабылдай ма?
– Әрине, ол кісі көзі тірісінде-ақ біз осындағы ағайын-туғанмен араласып кеткенбіз. Атамыздың үйіне жиі барып тұрдық, шапағатын да көрдік. Шежіреде кеткен қателік түзелер, түзелмес. Бізді ол соншалықты мазаламайды. Ғылым үшін, тарих үшін керек болған соң ғана айтып жүрміз. Әйтпесе одан бізге келіп-кетер ештеме жоқ. Аталарымыздың аруағы риза болса, болғаны. Осы күні Нұрғиса атамызға арналған жиын-тойдың ешбірінен қалыс қалмаймыз. Мына тойланып жатқан 100 жылдық мерейтойға да қолымыздан келгенше атсалысып жатырмыз.
– Рақмет! Нұрғиса атамыздың ғасыр тойы құтты болсын!

Есболат АЙДАБОСЫН,
жазушы-журналист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір