Жырау, шешен
«Ұлы даланың киелі абызы» атанған Мөңке би туралы айту әрі мәртебе, әрі қиын. Мәртебе болатыны баршаға түсінікті. Қиын болатын себебі неде? Біріншіден, Мөңке би тұтас бір дәуірдің сипатын жырлаған жырау әрі шешен болса да, бізге жеткен мұраларының толық болмауы. Екіншіден, әдебиет зерттеушілері тарапынан көрнекті жыраулардың толғауларын бірнеше жыраудың атынан берілуі.

Мөңкені жырау әрі шешен еткен өмір сүрген дәуірі. Ұлылар туралы айтқанда «Дәуір тудырған тұлғалар» деген афоризмді жиі қолданамыз. Мөңке бидің дүниеге келуінің өзі бір хикая. Жоңғар шапқыншыларының шабуылы өршіп тұрған кез. Мөңкенің әкесі Тілеу батыр мен оның онбасы Аманның күрсініп, «қай заманға тап болдық, өз жерімізде жүріп, тіпті от жағуға да қорқатын болдық қой» деген диалогының өзі осыны аңғартады.
Чорман Долоның жасақтары тыныштық бермей, жаудың шолғыншыларын бірін қалдырмай Тілеу мен Қабақ сарбаздары жойған күні дүниеге келген сәбидің бітімі де, қылығы да өзгеше болды. Ауылға асыға жетіп, дүниеге келген баласын қолына алған Тілеу батыр «Жұлдызың жоғары болсын» деп, баласын басынан асыра көтергенде сәби шалықтады. Тілеу жеңіл қағып, одан гөрі биіктеткенде сәби сықылықтады. Әкесі тағы әуелете қаққанда, Мөңкенің күлкісі үдей түсті. Таңданған ауыл қариялары «мына баланың болашағы зор болады екен» деп топшылады. Қариялар баланың атын атақты Мөңке ханның есімімен атады. Қариялардың айтқаны айнымай келді. Мөңкенің жарық жұлдызы Ұлы даланың барлық түкпірінде сандаған ғасырлар бойы жарқырап тұрды. Баланың жаратылысындағы өзгешелік тегінен берілді. Мұнымен қоса Мөңкенің анасының құрсақтағы сәбиіне берген жан жылуы, сыршыл сезімі және әуелете салған бесік жырынан да болуы мүмкін. Әттең, мұны біз біле алмаймыз, себебі Мөңкенің анасы туралы ешбір мәлімет қалған жоқ.
Мөңкенің шешендігі бала кезінен белгілі болды. Шешендік дұрыс ойлап, дұрыс пайымдаудан туындайды. Қазақ елі тағына Тәуке хан сайланғанда, Түркістанға барып келген әкесі Тілеу мен көкесі Қабақтың «Жеті жарғы» туралы әңгімесін тыңдап отырған бала Мөңкенің «Сонда ханға қарағанда заң маңыздырақ болғаны ма» деген сөзі таңғаларлықтай еді. Мөңкенің қылмысты дауға төрелік етуі 7 жасынан басталған. Жеті жасар Мөңкенің би атануы зеректігімен қоса, дала тарихын жетік білетін білгірлігінен де еді. Жеті атасының тарихын жетік білген Мөңке Ноғайлы Ордасының билеушісі Мұсаның үрім-бұтағынан екенін, тарихта аты мен ерлігі қалған Сирақ батырдың тұқымынан екенін білудің өзі оны ерте есейтіп, үлкен жауапкершілік артқанын болжау қиын емес. Бабасы Едігенің де жырын жатқа білген. Баба түкті шашты Әзиздің киесі қонған бала атанды. «Қаруың ақылың мен тілің болсын» деген әке аманатына адал Мөңке өзін толғандырған жайттарды қалт жібермей, жыр, толғау арнаған. Мөңкенің толғауы елдің төрт тарапына жетіп жатты. Сырым батырмен болған жыр сұхбаты, шеркеш Түрке және тама Нүрке билермен болған кеңесте айтқан шешендік сөздері, «Көлдегі көк үйрек» атты толғауы ел арасына тарап кеткен еді.
Мөңке би өз кезіндегі ел басына түскен әлеуметтік-саяси жағдайларға бей-жай қарай алмаған. Келелі істерге парасат пайымымен араласып отырған. Соның бірі – Әбілқайыр ханның ел билеу тарихында көп айтыла бермейтін бітімгерлік кеңесі. 1730 жылы өткен Кіші жүз билерінің үлкен кеңесінде екі мәселе қаралып, маңызды шешім қабылдау керек болады. Сонда Мөңке би: «Күшті жеңеді, ал ақылды ғана пайда көреді. Біз жоңғарларды Бұланты мен Аңырақайда екі рет жеңдік (бұл жеңістер де Мөңкенің «Елім-ай» әнінің негізінде қобызда тартқан күйінің сарбаздар рухын көтерген әсерінен. – авт. ), бірақ осы жеңіс не берді бізге? Ерте ме, кеш пе, олар қайта бас көтереді. Мұның соңы немен тынары бір Аллаға ғана аян. Сондықтан бізге жоңғарлармен соғысуды емес, келісімге келуді ойластыру қажет. Қандай азулы жыртқыш болмасын, алаулаған от басындағы адамдарға жоламайтыны белгілі. Жоңғарларға қарсы осындай оттың орнына біз Ресей көршімізді пайдалануымыз қажет», – деген екен. Бірақ билер кеңесі Ресеймен келіссөзді құптаған жоқ болатын. Кеңестің соңында Мөңке жаңа бір толғауды бастап кетті:
Түрлі-түрлі халық болар,
Күндіз-түні жарық болар…
Жердің бетін жол қаптар,
Темір сыммен шимақтар…
Ақысыз ешкім еңбектенбес,
Жер бетін өнерімен айшықтар…
Жыраудың осы шумақтағы айтпағы не болды? Күшті, өнерлі елдермен байланыс қазақ елін аман алып қана қоймайды, дамудың биігіне көтереді деген ой.
Әбілқайыр хан 1731 жылы, 10 қазанда Ресей бодандығын қабылдады. Қайтар жолда Әбілқайыр хан сыртқы істер коллегиясының мүшесі Тевкелевпен бірге Мөңке бидің ауылына түседі. Осы келісте олар Мөңке бидің болашақты болжаған жаңа бір толғауын тыңдады:
Қу моладай тас үйің болады,
Жас баладан биің болады.
Үйің кейбір жерге теңеледі,
Сиыр өгізге теңеледі,
Көл теңізге теңеледі.
Ақырзаман адамы,
Сағынып тамақ жемейді.
Ащыны ащы демейді,
«Алхам» білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Осында данагөй Мөңке басқа елдің салты мен дәстүрі қазақ халқына әсер етпей қоймайды деп, өз халқыңның әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін сақтаудың маңызы зор екенін тұспалдап жеткізген.
Мөңке тарихи маңызды оқиғаларға қатысты кеңес беріп қана қойған жоқ, оның әрбір толғауы тарихи оқиғаның сыр-сипатын жеткізген. 1738 жылы тамыз айында Әбілқайырдың бастамасымен тұрғызылған Орынбор қаласына Ресей патшалығына ант беруге жиналғанда Мөңке өзінің «Құрамалы қорғанды үйің болады» деген атақты толғауын айтқан еді. Осы толғауда айтылған әрбір сөз Ресей ұлығы Татищевке мірдің оғындай ауыр тиді. Себебі Мөңке Ресейге қосылғаннан кейін айнымалы, төкпелі биің, алашұбар тілің, дүдамалдау дінің, құны жоқ қағаз ақшаң болатынын тап басып айтты.
Мөңкенің шешендігі толғауларында ғана көрінбейді, кеңес түрінде берілген жай сөздерінен де аңғарылады. Мысалы, Жоңғар қонтайшысы Қалдан Церен он бес мың әскерімен Орта жүзге басып кіріп, Әбілмәмбет ханның қарамағындағы жұрт ауыр зардап шекті. Әбілмәмбет Ресейден Орта жүз жерінде бекініс салуын өтінді. Ал Ресей патшалығының Қазақ хандығына қатысты ұстанымы тұрақсыз болды. Ресей патшасы 1742 жылы қазақтар Жайық пен Ертіс өзендерінен бері өтпесін деген жарлық шығарғанда, Мөңке би Әбілқайыр ханға басу айтып, сабырға шақырған және Ресейдің түлкі бұлаңына төтеп беру үшін не істеу керек екенін айтқан еді: «Білесің бе, егер далада қоян көрсең, түлкі бола қал, ал түлкі көрсең, қасқырға айнал». «Ал қасқыр көрсем ше?» – деген Әбілқайырға: «Онда барыс бол, ал барысқа кезіксең, жылан бол, жыланға кезіксең, бүркітке айнал… Бірақ аң атаулының қай-қайсысы болмасын, айдаһардан қорқады! Айдаһар оңай емес, оның үш басы бар емес пе, бұл – қазақтың үш жүзі», – деп ауызбіршілікке шақырады.
Мөңке би Әбілқайыр хан өліп, таққа оның ұлы Нұралы отырғанда 73 жаста болған. Тарихи дерек көздерінде Мөңке би 1756 жылы қайтыс болды делінген. Сол кез үшін ұзақ өмір сүрген Мөңкенің бізге жеткен толғаулары мен шешендік сөздері аз ғана.
Нұржан Наушабайдың 1993 жылы 2 қыркүйекте «Ана тілі» газетінде Мөңке би сөзі деп берілген толғауында заман өзгеріп, өмір сүрудің жаңа тәсілдері орын алатынын, ақша алға шыққанда ата-баба жолынан айрылып, ұлттың мінез-құлқы да өзгеретінін, құндылықтар басқа сипатқа ие болатынын ескерткен:
Құбыладан шыққан күн,
Жанып шығар деп еді.
Балғын-балғын көлдерден,
Балық шығар деп еді.
Екі басы қайқайып,
Қайық шығар деп еді.
Қазақ, сенің сорыңа,
Ойда қоқан, қырда орыс,
Жарып шығар деп еді.
Жұртын сатқан билерің,
Төс құлағы думанға,
Барып шығар деп еді.
Ақшасы көп билерің,
Өз сауабын ала алмай,
Қараңғы үйдің ішінде,
Қалып шығар деп еді…
Қазық басты халқыңнан,
Хан шығады деп еді.
Ақырзаман адамы,
Қинауына дүниенің,
Жетік шығар деп еді.
Толғауы жоқ, күйі жоқ,
Жыр шығады деп еді.
Оқшантай жоқ, кісе жоқ,
Белбеу шығар деп еді.
Жүгініс жоқ, малдас жоқ,
Көлбеу шығар деп еді.
Ендігінің адамынан,
Менмен шығар деп еді.
Ақырзаман адамы,
Құлағына дүниенің,
Тегіс шығар деп еді.
«Қазық басты халық» деген тіркес басы байлаулы құлдықтың шеңберінен шыға алмаған билеушінің де жалтақ болатынына қатысты айтылған. Ақырзаман адамы дүниенің қинауына да бой ұсынады. Ата салты түбірімен өзгеріп, көнбістікке бой алдырған халықтан ерлік іс туындамайды, белінде оқшантай да, кісе де жоқ, бірақ сәнді белбеу бар. Ер адамдардың жүгініп немесе малдас құрып отыруының өзі үнемі ширығып, тосын жағдайларға дайын отыруды көрсететін, ал көлбей жату – тыныштықтың символы. Ендігінің адамдары менмен, өзі білемге салынып, айтылған кеңеске де құлақ салмайды деген пайымдар жатыр.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің 1992 жылы басылған шығармаларының 2-томында берілген Мөңке бидің:
Азарсың, жұртым, азарсың,
Азарыңның белгісі:
Заманақыр болғанда,
Ат қояндай болады,
Адам құмандай болады,
Кәдеге садағын ілер.
Бөдененің жатқан жері қыс болар,
Байғыз деген құс болар.
Оның ғаріптігінен,
Жатқан жері тас болар.
Ел шетіне жау келсе,
Қолға алғаны тас болар.
Қайда мәртпен дос болар.
Кембағал байғұс баласы,
Жиырма бесте жас болар.
Жастығының белгісі,
Ертеменен тұра алмас,
Беті-қолын жуа алмас.
Тепкілесең оянбас,
Белін қатты буа алмас.
Буса белі бос болар.
Сол жаманның көңілінде,
Есіл-дерті ас болар.
Ақырзаман болғанда,
Әр мешітте жақсылар,
Талтайған сопы көп болар, –
деген толғауы азған елдің баласы жиырма бесте жалқау, жатып ішер, аңдығаны ас, ұйқышыл, ел шетіне келген жауды да аңдай алмайды деген ойды жеткізіп тұр.
Мөңке бидің шешендігі даналық ойларға, толғанысқа толы тәсілдерге құрылған. Сондай-ақ шешендік толғауда кездесетін тәсіл – жауап беруді тілемейтін, мәселеге жұрттың назарын аударып, рухқа серпіліс беретін риторикалық сұрақ. Шеркеш Түрке және тама Нүрке билермен болған кеңесте Мөңке би:
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бір тоғанға қоныңыз.
Қарындаспен, туғанмен,
Бір туғандай болыңыз.
Өзіне кеңес салғанның,
Өрісі кең болмас па?
Жатқа кеңес салғанның,
Жазымға басы кетпес пе?
Жаманнан жесең бір қамшы,
Ол сүйегіңе жетпес пе? –
дейді.
Адам мінезіндегі құбылмалы сипатты Мөңке «Түлкім жоғары шық» деген шешендік сөзінде береді: мейманның үйге кіргенде түлкі құсап құбылып кіретінін, қонақ біраз отырған соң жан-жағына үңіліп сыншыл кейіпке түсетінін, ал үйден аттанарда көрген-білгенін жыр қып айта жүретін қалпын жыршым деген сөзбен береді.
Қанша ғасыр өтсе де қазақ халқы Мөңке бидің толғауларына жүгінеді, одан ақыл-кеңес сұрайды, оған мұңын шағады. Мөңке бабамыздың рухы шат болсын!
Гүлбану ҚОСЫМОВА,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы