Оқан ата

Біздің ауылдың үлкен-кішісі түгел құрметтейтін ақсақалы Оқан қария қазақ тарихын, шежіресін оның ішінде, ел мен жерге қатысты деректерді, аңыз, әңгімелерді өте көп білетін. Ұлы Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіров біздің елдің өткен-кеткені туралы және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы көп мәлімет алған кезде Оқан қария 25–26 жаста екен. Бұл жөнінде өзі мақтанып айтпаған соң, өзгелер «бір жерін дұрыс айтпай қаламыз ба» деп қаймығатын. Өзім сол кісіге «барсам, әңгімелессем жақсы болар еді» деп аңсағанмен, оның ыңғайын келтіре алмай әрі жасқаншақтап та жүргенмін.
Бір күні екі кештің ортасында доп ойнап жүріп жығылып, сол білегімнің ұршығын тайдырып алдым білем, жан ұшыра үйге келгенімде әжем түк болмағандай сабырлы қалпымен қолымды жұқа шүберекпен таңып, мойныма асып берді де:
– Бидайшы Оқанға көрсет. Оның оташылығы да бар. Шығып кеткен болса, орнына салып береді,– деді.
Ол кісінің үйлері қырғыз еліне апаратын күре жолдың арғы жағында, ауылдың сыртына таман болатын. Біздің үйге алыстау. Оның үстіне Оқан атаның менен бір класс төмен оқитын және одан да жас қыздары бар еді. «Солар көріп қойса, ыңғайсыз ғой» деп тартыншақтанып, әкеме қарасам:
– «Тышқан к… ін көріп жаралы болды» деп, о несі? Оқан атаңа барсаң болды, қылт еткізіп орнына салып бере салады әшейін,– деді. «Әшейін оп-оңай болса, өзі неге қылт еткізіп салып бере салмайды екен»,– деп іштей ыза болып шықтым да кеттім.
Бардым. Тәлейіме қарай Оқан атаның өзі үйде екен, әлгі қыздары көзіме көрінбеді. «Жоқ болса екен» деп қоямын іштей. Есіктің алдында отыр Оқан ата.
– Ассалаумағалейкум, – деп оң қолымды соза алдына барғаным сол еді:
– Уәліксалам, балам. Кел, отыр,– деп қасына отырғызды да қолымдағы әжем байлаған шүберекті алып тастап, бір қолымен шынтағымды, екінші қолыммен алақанымды қысып тұрып тартып қалды. Сөйтті де, алақанымды қылтасынан жоғары көтеріп, төмен түсіріп:
– Ауыра ма?– деді.
– Жоқ,– дедім.
– Енді, келген шаруаңды айта ғой,– деді.
Мен не дерімді білмей қалдым. Келген шаруам шығып кеткен білегімді салдыру ғой. Оны бұл кісі «шаруа» деп отырмаған секілді. Маған сұрақты көзімен барлай қарап, жауап күткендей пейіл білдірді. Мен Оқан атаның кейпіне қарап, «білегімді салдырайын деп келдім» дегенді айта алмай:
– Әңгіме естиін деп келдім сізден,– дедім.
Оқан ата разы болған әлпетінен мейірі төгіле, ерекше сүйсіне жымиды да:
– Онда үйге жүр,– деп үйге алып кірді. Мен жан-жағыма ұрлана қараймын әлгі қыздары «қайда екен» деп. Бөлмесіне келген соң: «Жайланып отыр», – деді де керегеде ілулі тұрған қоңыр домбырасын қолына алып, қағып-қағып қойды. Құлағын бұрап, күйге келтіре ме десем, өйтпеді. Аз тыңқылдатып отырды да, бір күйді шерте жөнелді. Мен мектепте Есбосын Оспанбеков ағайдың домбырашылар үйірмесінен үйреніп жүрген күйлерден мүлде бөлек күй. Естімеген күй. «Құрманғазының күйі» деп төкпелей жөнелетін «Балбырауынның» да, «Адайдың» да, «Сарыарқаның» да», «Түркештің күйі» деп екпіндете құйындататын «Көңілашардың» да ырғақтарына мүлде ұқсамайды екен. Ойлана тартатын күй секілді. Оқан ата осындай күй ырғағымен «әңгімені неден бастасам?» деп ойға шомып кеткендей біразға ұзады. Мен бар зейініммен тыңдауға көштім. Бір нәрсе түсінгім келді ме, еміне қалдым. Соны сезді ме домбырасын қасына сүйей салды да:
– Жеті атаңды білесің бе?– деді. Басымды сенімсіздеу изедім. Өйткені мектепте бізге ешкім жеті ата туралы сабақ өтпейді ғой. Тек көшедегі шалдар ғана сұрап жатады. Білгеніңше айтасың шатып-бұтып. Дұрыс айтсаң қоштап, ал бұрыс айтсаң, өздері түзеп жатады. Оны жаттай қояйын деген менде ой да болған жоқ. Дәл қазір айтып шық десе, «жеті атамды түгел жаңылмай айта алам ба?» деп састым. Соны байқап қалды ма Оқан ата:
– Мен Албанның ішінде Айт деген руданмын. Оның ішінде Бидайшымын. Бидайшыдан Ерназар туады. Одан Жасыбай, Жасыбайдан Сәуірбай дүниеге келген. Сәуірбай – менің атам. Әкемнің аты – Жолдасбай…
– Мына Шөладырда «Жолдасбайдың сайы» деген бар. Ол сіздің әкеңіздің атымен аталған ба?
– Біз әу бастан Қарқараны мекендегенбіз. Қыстауымыз Кегеннің шығысындағы Сарытау, күздеуіміз бен көктеуіміз Құмтекей, ал жаз жайлауымыз Мыңжылқының етегі, Құрқарқара, Басқарқара, Желқарқара болған. Әкем би болып тұрған кезінде Ақтастыдағы Аламан Дәркенбай баймен құда болып, үлкен ұлы Қанапияға Дәркенбайдың Рәзия деген қызын алып берген. Қазіргі Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Қанапияев Бекен – әкеме шөбере. Әкем 1906 жылы 39 жасында қайтыс болып, Сарытауға жерленген. Ол кезде мен алты жаста едім. Мына Шөладырдың Үшінші Ащысында әкем үйші орыстарды жалдап, Мыңжылқыдан шанжа алғызып, бірінші рет ағаштан үй салғызған. Қазір де сол жер «Жолдасбайдың ағаш үйлі сайы», «Жолдасбайдың сайы» деп аталады…
Атамнан естігенім бар еді. Осы Қарқарада би сайлауы өтіпті. Ол кезде, Оқан ата бар-жоғы он алты жаста екен. Елден ерекше зерек, алғыр, ақылды болған соң, оның үстіне шар салғанда түтін саны көп Бидайшы руы көп дауыс алып, Оқан ата би сайланыпты. Сайлау ерте көктемде өтсе керек. Одан көп ұзамай, жазда көтеріліс басталып кеткен. Қарқарада болған бір шежіре айтысында «Оқан бас бәйге жеңіп алыпты» дегенді де құлағым шалған.
Оқан ата:
– Жеті атаңды сен де сұрап біліп, жадыңа сақтап ал,– деп менен көзін тайдыра терезе жаққа қарады. Сасып қалдым. «Мына кісі жеті атамды жетік білмейтінімді біліп қойды-ау» деп ойлап үлгермедім, сөзін әрі жалғады:
– Сендерді «Сары бидің ұрпағы» дейді,– деп сәл үнсіз отырды да еңсесін көтеріп, көзінің астымен маған бір қарап қойды. Бет-әлпеті, сақал-мұрты және мұрны, маңдайы, басына киген тақиясы, желбегей жамылып отырған шапаны бұл кісіні кітаптардан көрген Абай Құнанбаевтың суреттегі бейнесіне тым жақындатып жіберді. Қасын бір керіп алып, жымиып қойып әңгіме бастады:
– Бозымның ұлы Сары Тәуке ханның заманында өмір сүріпті. Жас шағында жаугершілікке араласып, қол бастап, бірнеше жекпе-жекте жеңіске жетіпті. Сендердің ата-қоныстарыңда «Ағанас» деген жазық бар. Ағанас – жоңғардың қонтайшысы екен. Олар біздің жерді жаулап алып біразға дейін қоныстанып отырыпты. Сол уақта Сары батыр «жерді жаудан тазартамыз» деп қол бастап келгенде Ағанас:
– Сен, алдымен, мені жеңіп көр,– деп жекпе-жекке шақырыпты.
Екі батыр, алдымен, анадайдан шауып келіп найзаласыпты. Алғашқы қақтығыста-ақ Сары Ағанастың найзасын қағып түсіріпті. Келесі қарсыласта қылыштасыпты. Ағанас та мықты екен. Сары айласын асырып, Ағанастың дулығасын ұшырып жіберіпті. Сол сәтте Ағанас:
– Ер кезегі үшке дейін. Енді кел, садақтасайық,– депті. Сары бұған да келісіпті.
Әудем жерге барып біріне-бірі қарсы тұрып садақтарын кезеніпті. Ол кездегі батырлар «келсең, кел, өлсең, өл!» деп қасқайып тұрады екен бір-біріне қарсы қарап, кеуделерін тосып. Бірінші кезек жеребе бойынша Ағанасқа тиіпті. Ағанас адырнасын шірене тартқанда, атының белі қайқайып кетіпті. Жіберіп қалғанда, жебесі ысқырып келіп Сарының оң йығына тиіп тұрып қалыпты. Бірақ құлатпапты. Сары дереу иығына қадалған жебені суырып алып, өз садағына оқтап, «өлер жерің осы» деп кіндіктің тұсын көздеп шірене тартқанда, астындағы аты артқы екі аяғын бүгіп барып қайта серпілген сәтте Сары да оғын жіберіп үлгеріпті. Ысқыра ұшқан өз оғы өзінің кіндігінің үстінен өтіп, арт жағынан бір-ақ шыққанда, Ағанас аттың жалын құшып қалыпты. Бірақ өлмепті. Сары жасағындағы оташы Абытаны, Абыта – біздің атамыз қасына шақырыпты. Абыта:
– Жебені суырмаймын, суырсам бірден өліп кетеді. Бұған қылсуырма жасау керек,– депті. Сонда Ағанас:
– Мен бұл жекпе-жекте бір емес үш рет өлген адаммын: қапыда найзам қолымнан ұшып кеткенде бір өлгенмін. Сары батыр қылышпен дулығамды ұшырып жібергенде екінші мәрте өлгенмін. Міне, енді өз жебеме өзім қадалып, үшінші рет өлгелі жатырмын. Мені емдеме. Осы жерде өлтіре сал,– депті. Сонда Абыта:
– Сары батыр маған сені «өлтірме, емде» деді. Мен сені өлтірмеймін, емдеймін,– деген сәтте Ағанас тәніне қадалған жебені өзі суырып алғанда ішек қарыны бірге ақтарылып кетіп, сол жерде жан тапсырыпты.
Сары батыр жау тобының алдына айғайды салып ақыра шыға келгенде Ағанастың жауынгерлері аттарынан қарғып түсіп, басын иіп қолын қуысырыпты. Осы жекпе-жектен кейін Сарының даңқы аспандап, «Сары батыр» атаныпты. Соны естіген Көдек ақын:
Өркені тамырлаған бүрлі ағаштай,
Бозымнан Сары, Жаншық анық
өткен.
Сарыны батыр болған деген сөз бар,
Жаншықты Қызыр атаң
шалып өткен,–
деп бекер айтпаса керек. Үлкендерден жадымда қалған мына әңгімені сен де санаңа тоқып ал:
– Сары батырдың ақылы да өзгелерден озық екен. Табан астында тауып айтатыны, өзгелердің ақылы жетпеген нәрсені тез біле қоятыны, ойының ұшқырлығы, тілінің шешендігі «батыр» деген атына қосымша мәртебе үстеп, ел алдында беделі биік болыпты. Мұны естіген Тәуке хан сарайына шақыртып алыпты. Келбеті келісті келген, жамалынан ішкі нұры сыртына шашыраған ақшаң жүзді жігіт ағасын сынамақ болып:
– Екіншісі болмаған біреуді білесің бе?– дейді амандықтан соң бірден. Сары батыр:
– Білем,– дейді ойланып жатпай-ақ.
Тәуке:
– Білсең, айтшы, – дейді.
Сары:
– Ол – шыққан Күн; туған Ай; адамды өмірге әкелген ана; ананың құрсағына бала бітуіне себепкер болған әке; осылардың бәрінің жаратушысы тумаған да туылмаған иеміз – Алла тағала,– деп жауап беріпті.
Тәуке:
– Ал үшіншісі болмаған екеуді ше?– дейді.
Сары:
– Үшіншісі болмаған екеу дегеніңіз – күндіз бен түн ғой,– депті.
Тәуке хан одан әрі сынай түсіп:
– Ал енді төртіншісі болмаған үшеуді айтшы,– дегенде Сары батыр:
– Хан ием, ата-бабаларымыз төртіншісі болмаған үшеу деп ақыреттік кебіннің үш-ақ рет буылатынын; азаматтың өз жұртын, нағашы жұртын, қайын жұртын, немесе бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық деген үш байлықты және Ай, Күн, Жұлдыз деп көктегі үш шырақты; ол аз десеңіз, дүниенің үш тұтастығын – аспанды, жер үстін және жер астын айтады,– деп жауап беріпті.
Хан осымен тоқтамапты:
– Бесіншісі болмаған төртеу бар ма?– дейді.
Сонда Сары батыр:
– Бар. Ол көктен түскен қасиетті төрт кітап – Тәурат, Забур, Інжіл және Құран кәрім,– дейді. Сары бабамыздың тосылмай жауап бергеніне қызыққан хан:
– Алтыншысы болмаған бесеу деп нені айтады?– деп сұрайды.
– Бес уақыт намаз десем, қанағаттанбайсыз-ау, қазақтың өз ұғымында да алтыншысы жоқ бесеу бар. Қазақ бес қару дейді: бірінші – шабатын; екінші – түйрейтін; үшінші – кесетін; төртінші – соғатын; бесінші – ататын қаруды айтады, мұсылманның: «Алла – бір, Мұхаммед – оның елшісі» деуі – әуелгі парыз, бұларға қоса намаз, ораза, зекет және қажылық деген бес парызы бар. Бұлар да – алтыншысы жоқ бесеу.
– Ал онда жетіншісі болмаған алтауды аташы,– депті хан .
Сонда Сары:
– Мен егер «жетіншісі жоқ алтау» деп қыз-бозбала ойын-сауық құратын алтыбақанды; болмаса, алты қанат ақ орданы; әйтпесе алты алашты айтсам, хан ием, сіз қанағаттанбай қалып, мені айыпқа бұйырар едіңіз. Меніңше, сіздің сұрап отырғаныңыз бұлар емес. Сіздің сұрап отырғаныңыз, Алла тағала бірінші күні сәуле жаратты, екінші күні көкті, үшінші күні жерді жаратты, төртінші күні суды және астында жүзетіндерді, бесінші күні жер бетінде жүретіндерді, алтыншы күні көкке ұша білетіндерді жаратты. Меніңше, сіз жетіншісі жоқ осы алты күндік хикметі сұрадыңыз,– дейді. Сонда хан разы болып:
– Ақыры бастадық, соңына дейін барайық. Сегізіншісі болмаған жетеуді айтшы онда,– дейді.
Сары батыр мұның да жауабын тауып, былай деп шешіпті:
– Көнекөздердің айтуынша, сегізіншісі жоқ жетеу – бірнешеу: жеті атаға толмай қазақ ұрпағы бірімен-бірі үйленбейді; Жеті амал бар: біріншісі – күннің тоқырауы; екіншісі – қарашаның қайтуы; үшіншісі – Үркердің батуы; төртіншісі – мұздың қатуы; бесіншісі – киіктің матауы; алтыншысы – тоқсанның кіруі; жетіншісі – айдың тоғамы. Сондай-ақ, сегізіншісі болмайтын жеті жұт бар. Олар: құрғақшылық, топан, соғыс, өрт, зілзала, індет, созылған қатал қыс. Әлбетте, алғыр қыран, ұшқыр тазы, жүйрік ат, түзу мылтық, қара қазан, өткір пышақ, ақылды жар деп жеті қазынаны да айтқаным жөн. Бірақ сіз бұлардан да күрделі жеті қат жер үстін, жеті қат жер астын сұрап отырсыз-ау,– деп тоқтайды.
Хан Тәуке:
– Ал тоғызыншысы болмаған сегізді атай аласың ба?– деп сұрайды. Сары батыр аз ойланып:
– Сіздің білгіңіз келіп отырған сегізіңіз қиямет күні Аршты таситын сегіз періште ме екен деп қалдым. Әсте, хан ием, үлкендердің айтуынан білгенім, тоғызыншысы жоқ «сегіз» бірнеше. Алдымен, діни міндет сегіз: Парыз. Уәжіп. Сүннет. Зиянды нәрселер істемеу. Харамға жоламау. Мұзтаһаб болу. Мәкруһтен аулақ болу. Рұқсат етілгендер. Дәрет алудың да сегіз сүннеті бар, таратып айтсам уақытыңызды алармын,– дейді.
Тәуке хан:
– Сегізді білдік. Енді оныншысы болмаған тоғызды аташы,– дейді.
Сары батыр бұған да жауап тауыпты.
– Хан ием, сіз егер тоғыз жауды сұрап тұрсаңыз айтайын:
Бірінші, жамандығын көрсетсе – жақын жау,
Екінші, шабандығын білдірсе – атың жау,
Үшінші, кеткеншек болса – қатын жау,
Төртінші, көткеншек болса – түйең жау,
Бесінші, қыршаңқы болса – биең жау,
Алтыншы, құйаңқы болса – күйеу жау,
Жетінші, жымсыма болса – жиен жау,
Сегізінші, ұрлықшы болса – ұлың жау,
Тоғызыншы, ұятсыз болса – қызың жау.
Хан ием, егер сіз тоғыз ортақты сұрап тұрсаңыз, оны да айтайын: шешеннің тілі – ортақ; шебердің қолы – ортақ; қатындарға қалжа – ортақ; батырларға олжа – ортақ; торқалы той – ортақ; топырақты өлім – ортақ; өмір нәрі су – ортақ; әділ болса, хан – ортақ; ханға бұқараның бәрі – ортақ. Десем де адамның ана құрсағында пайда болған сәтін «мезет» дейді. Ал одан кейінгі шыр етіп дүниеге келгенге дейінгі мезіреті – тоғыз ай. Сіздің сұрап отырғаныңыз осы мезіреттік тоғыз ай болса керек, – дейді.
Разы болған Хан:
– Он біріншісі болмаған он бар. Сол онды білесің бе?– дейді.
Сары:
– Алла сізге сұрауды, жауап беруді маған нәсіп етіпті. Егер дұрыс жауап берсем, Алланың аузыма салғаны да. Сіз адамның екі аяғында он башпай, екі қолында он саусақ болатынын сұрап отырмаған шығарсыз, естуімше, қазақтың бұрынғылары он біріншісі жоқ деп он жетімді айтады:
Сөз жетім – тыңдалмаса;
Көз жетім – көре алмаса;
Бала жетім – анасыз қалса;
Ел жетім – панасыз қалса;
Жер жетім – жайлайтын ел болмаса;
Көл жетім – құс келіп қонбаса;
Ер жетім – қасында досы қалмаса;
Күн жетім – шуағы болмаса,
Ай жетім – шырағы болмаса;
Хан жетім – қарайтын қарашасы болмаса…
Бәлкім, сіз, хан ием, Алла тағаланың Ашура күні он пайғамбарға он жақсылық бергенін айтып отырған да боларсыз?– деп кідіргенде хан:
– Сен батыр, он екіншісі болмаған он бірді де білетін шығарсың?– дейді. Сары тосылмай:
– Хан ием, бізге дейінгі ақылмандар он бір қорқынышты айтып кетіпті.
Бірінші – Алладан қорық; екінші – шайтанның азғыруынан қорық; үшінші – қайтарылмаған қарыздан қорық; төртінші – күнәлі болудан қорық; бесінші – ғайбат сөзден қорық; алтыншы – желкөңіл жесірден қорық; жетінші – жетімнің ақысын жеуден қорық; сегізінші – аманатқа қиянат жасаудан қорық; тоғызыншы –атаға нәлет келтірудан қорық; оныншы – анаға қарсы шығудан қорық; он бірінші – өтелмеген парыздан қорық. Міне, хан ием, он екісі жоқ он бір осылар болар,– деп тоқтайды.
Тәуке хан:
– Саған бір сұрақ қоямын. Егер дұрыс жауап тапсаң, осымен сұрағым тамам. Егер қате болса, онда сынаудың басқасына көшемін. Ал онда он үшіншісі болмаған он екі дегенді айтып көрші,– дейді.
Сонда Сары батыр бабамыз:
– Он үшіншісі болмаған он екі деп қазақтың бүркітшілері бүркіттің: бір жастағы кезін – балапан; екінші жылға аяқ басқанын – тірнек; үш жастағысын – тастүлек; төрт жасындағысын – ана; бес жасқа келсе – мұзбалақ; алты жасқа толса – көктүбіт; жеті жасқа келгенде – құмтүлек; сегіз жасында – жаңа; тоғыз жасында – майтүбіт; он жасында – барқын; он бір жасында – баршын; он екі жасында – шөгіл деп он екі жасқа бөліп атайды. Бәлки, сіз адамның он екі жұп қабырғасын айтқан боларсыз? Мүмкін, бір жылдағы он екі ай – көкек, мамыр, маусым, саршатамыз, шілде, сүмбіле, мизан, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, наурызды сұрадыңыз ба, болмаса адам денесінің он екі мүшесін, әлде малдың етін он екі жілікке бөлетінін айтсын дедіңіз бе? Сірә, сіздің сұрап отырғаныңыз бәрімізге мәлім, бір мүшел он екі жыл: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз шығар? – дейді.
Сонда Сары батырдың жауабына дән разы болған хан:
– Бұдан былай албан тайпасына сен би боласың,– деп Бозымұлы Сарыны албанға төбе би етіп тағайындаған екен.
Оқан атама рақметімді айтып шыққанымда бойымды бір үлкен салмақ басып алғандай ауыр ойға шомып үйге қарай ұзақ жүріп келдім. Келдім де әжеме естіген әңгімемді қайта айтып беріп едім:
– Өйтпесе, Оқан – Оқан бола ма,– деп әжем сүйсінді де: – Құдай ерекше жаратқан жан ғой, Оқан,– деді.
Сол Құдай ерекше жаратқан жаннан кейін де көп әңгіме естігенмін.
Жарықтық 1986 жылы 16 желтоқсанда қаза болыпты. Есік қаласының жанындағы Қызылжар ауылының қорымына жерленіпті.
Жаны жанатта болсын!
Сағатбек Медеубекұлы
ПІКІРЛЕР3