УӘДЕ
19.08.2025
143
0

Қайырбек Асанов ағамыздың 80 жылдық мерейтойы 2025 жылдың ­­ 19 ақпан айынан бастап мерекеленіп жатыр. Ақынның мерей жасқа шығуы әлеумет­тік желі арқылы жан-жаққа таралып та үлгерді. Туған өлкесі Сыр бойының Қызылорда облысында, Тереңөзек ауданында, сондай-ақ Жамбыл облысында, Тараз қаласында, оның әртүрлі аумақтарында мерейтойлық шаралар бірінен ке­йін бірі аталып жатыр.

Мен Қайырбек ағаны Алматыда 1968–1973 ж.ж. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекет­тік Университетінде (қазір әл-Фараби) бірге оқыған кез­дерден бастап білген едім. Екеуміздің Сыр бойынан екеніміз, жеріміз де, еліміз де, жұтқан ауамыз да бір екенін білген соң аға үнемі мені «қарындасым» деп іш тартып, үнемі жып-жылы қылып «Өрісжан» дейтін.
Аға кеңестік кездің үш жылдық әскерлік борышын өтеп келіп, оқуға түскен екен. Біздің курстағылардан бес жастай үлкендігі бола тұра, сымбаты келіскен нағыз «жігіт сұлтаны» дейтіндей көрікті еді. Киген киімі өзіне қонымды көрініп, толқынды қара бұйра шашы өзіне ерекше жарасып тұратын. Жасының ересектігіне қарап па, әлде басқадай ерекшелігі болды ма, жоқ деканның ұйғарымы солай ма Қайырбек Асанов курстың «А» тобының, ал ақтөбелік қыз (ол да әдемі) Жұмагүл Саухат «Б» тобының старостасы болды. Алматыдағы басқа оқу орындары ЖенПи, ҚазПи, Мед иниститут т. б қыздарын білмеймін, білетінім өзіміздің курстағылардан бір қыз (есімін айтпаймын) Қайырбек ағаға өлердей ғашық болды. Бес жастай үлкен Қайырбек аға ақыл тоқтатқан кезі ғой, өт­ті-кет­ті «жел» махаббатқа берілген жоқ. Ішіміздегі ақылды қыз, әрі ақын қыз Күләш Ахметованы таңдады. Сөйт­ті де, қазіргі жігіт­тердей ананы көріп, мынаны көріп жүріп алмай бірден үйленді. Екеуі үй болды. Сөйтіп, көз салған қыздарға орысша айт­қанда «мен занятпын» деп кеудесіне крест қойып шыға келді. Өл! Сүй! Өртен! Жан! Биіктен құла! У іш! Құм жұт! Суға бат! Енді өздері білсін. Қайырбекті армандаған қыздар сөйтіп жолда қалды.
Ойпой-ой! Бұл кез ақындарды аспанға шығарған өте қызық кез еді. Фариза Оңғарсынова, Фаризадан қалыспай Күләш Ахметова поэзия әлемінде дүрілдеп берді. Газет­ бетін бермеді. Олардың лирикалық өлеңдері «Түф» десе жерге түспеді. Өлеңге ғашық, өмірге ғашық, сүйген жігіті мен сүйген қыздарына ғашық жастар қағып алып жат­тап, блокнот­тарына жазып алды. (Мен бұл жерде ақын қыздарды бөліп алып отырмын). Республикалық «Лениншіл жас» газетін ашып қалсаң жарқ етіп солар шығады. «Қазақ әдебиетін» ашып қалсаң, тағы да солар. «Қазақ­стан әйелдері» журналы ол да сондай. Ай сайынғы нөмірлерін де құрғатпайды.
Өстіп жүргенде оқу бітірдік те жан-жаққа тарап кет­тік. Күләш пен Қайырбек Алматыда мекендеп қалды. Күләшқа ақындық танылар жолды алдымен беріп алған Қайырбек аға ке­йіннен ақындық болмысы, талант қуаты толығып, «Кімсің Қайырбек, кімсің Асанов» болып өлең деген өлкеде өз туын тікті. Қайырбектік өз бейнесін көрсет­ті, өз қолтаңбасын жасады. Сол жылдардан бері бір үйде қос ақын күні бүгінге де­йін жарасып өмір сүріп келеді.
Екеуінің бар жазған өлеңдері көз алдымда өткен. Қайырбек ағаның 80 жылдық мерейтойы басталғанда бір ауыз сөзбен құт­тықтауға мойын бұра алсамшы. Білмеймін, әйтеуір тежеле бердім. Оның себебі мерейтойын бір ауыз сөзбен құт­тықтай салу жас баланың туған күнін құт­тықтағандай лайықсыз көрінді. Құт­тықтаудың да жөнін, былайша айт­қанда, ерекше тиімді әдісін (формасын) іздедім. Бір ойым, «уатсап арқылы мерейтойға құт­тықтау өлең жіберсем ше?» Екінші ойым «каспий счетына той шашуын салсам ше?» болды. Артынша Рамазан айы келді. Ораза ұстадық. Күн артынан күн желдей есті. Уақыт солай өте берді.
Сөйтіп жүргенде, Алматыда біздің курстасымыздың басына кез­дейсоқ ауыртпашылық жағдай түскенінен хабар жет­ті. Бірге оқыған курстастар бұл жайға сенер-сенбесімізді білмей абдырап қалдық. Енді ортамыздағы үлкеніміз Қайыр­бек ағаға «дұрыс хабар осы кісіге жетуі мүмкін» деп телефон шалуға тура келді.
Бастапқы білгім келген жайсыз хабардан бұрын, амандық-есендік сұрадым. Әп дегеннен сөзім ағаны биылғы мерейтойы­мен құт­тықтаудан басталды. Сөзден сөз туындады. Осы уақытқа де­йін хабарласпай жатқаныма, құт­тықтаудың өзім ойлаған тиімді, ең жоғары әрі лайықты формасын ойластырып жүріп, кешігіп қалғанымды баяндап, бәйек болып жатырмын. Сабырмен тыңдап отырған Қайырбек ағамда маған деген өкпе-реніші байқалмайтын сияқты. Қайта отбасымның амандық-саулығын сұрап елпілдіп жатыр. «Уһ! Ренжімепті ғой, әйтеуір» деп кеудемнен жүк түсіп, жеңілдеп қалғандай сезіне бастадым.
– Өрісжан, – деді аға, баяғыдай сөзін жалғастырып, – бір білсең, сен білесің мені. Қандай ақын, қандай азамат, қандай адам екенімді. Мен туралы жазылып жатыр. Алда жазатындар да бар шығар. Мен үшін олардың орны бір бөлек, сенің орның бір бөлек. Құт­тықтауға еш кешіккен жоқсың. Маған айт­қың келген лебізіңді БАҚ газет­терінің бірінен білдірсең болады. Телефон шалғаның дұрыс болды сенің жазғаныңды дұрыс көрем, – деді ағам бірден.
«Мәссаған!» дедім өзіме-өзім тыңдап тұрып. Сексеннің сеңгіріне шыққан аға туралы құт­тықтау өлең жазу ойымда жүрсе де, мақала жазу үш ұйықтасам ойымда болмаған. «Ұсталатын жерде ұсталдым да қалдым-ау. Не деуім керек?» болды басыма сап еткен ой.
– А, аға, иә.. ым .. иә, иә онда көре­йін. Қолымнан келгенше… – дедім күмілжіңкіреп, жарқылдап сөйлесіп тұрған дауысым өзгеріп, міңгірлей.
Қайырбек аға телефонның арғы жағында мені көзбен көріп тұрғандай:
– Өрісжан-ау, несіне күмілжисің? Курстағы қыздар арасында қазір қаламын тастамай жүрген, жазғыш қыз өзіңсің ғой, – деп маған дем беріп желпіндіріп жіберді. Енді шегініс қайда? Осы мақаланы жазуға сол сәт­те уәде бердім.

МАҚАЛА – ТИІМДІ ӘДІС

Жалпы, мерейтойлық мақала жазудан бойымды аулақ салам. Біле білгенге мерейтойлық мақаланың жүгі ауыр. Оның ішінде рухани өресі биік қаламгерлер, жазушылар, ақындар болса ше?
О-Һ-о! Бұлардың жүгін адам түгілі баяғы «К-700» тракторы көтере алмас. Жазған барлық шығармаларын електің көзінен өткізіп талдап, сипат­тап, «мынаусы мынадай, анаусы анадай» деп, ал ақындардың әр шумақ өлеңін ұн елегендей елеп, барлық шығарған дүниелерін сала-салаға жіліктеп, бағасын лайықтап қойып, содан ке­йін ол қандай ақын, эпик пе, лирик пе, адасып кетердей ажыратып, түйіндеп барып ақындық тұлға жасау оңай емес.
Бұлай жазу менің табиғатыма қарсы. Жә, өздеріңіз қараңдаршы, 60, 70, 80 жастағы ақындар осы жылдар аралығында пәлен кітап шығарып, пәлен рет шығармашылық кез­десулер өткізіп, өлеңдерін халық танып біледі емес пе. Танымаса, өз обалы өзіне, сенің жазғаныңмен бәрібір танымайды. Енді кеп мерейжасқа шықты деп, олардың пәлен жылғы шығармаларын талдап, неменеге бесікке қайта бөлеп, әлдилеп тербетеміз? Көкейімде жақтырмайтын ой – осы.
Бірақ біздегі әдеби ортада әбден қалыптасып, жауыр болған бір әдет бар. Ол мерейтой иесін міндет­ті түрде ана басылымға, мына басылымға құлаштай мақала жазып мадақтау керек. «Пәленшекең қазақ поэзиясының көгіндегі теңдесі жоқ жарық жұлдыз. Пәленшекең анадай, Пәленшекең мынадай…» демесе көңілдері көншімейді. Мұны жазып отырған да, сол жазғанды оқып отырған да, «ұят-ай, асыра мақталыппын-ау, қойшы әрі» демейді. Қайта риза болып құптап отырады. Көріп жүргенім бұл. Бұған иманым ұйымайды. Негізінде, мінсіз мақталу Жаратушымыз Алла тағалаға ғана тән. Соған жарасқан.
Бір үйдегі қос ақын Күләш пен Қайыр­бекті (сөз басында айт­тым) осыдан 60 жыл бұрын көпшілік таныды, оқырмандар білді. Қайсысында қандай атақ бар, қайсысы қанша кітап шығарды жұрт жатқа айтады. Ал енді биылғы жылғы әлеумет­тік желіде не жазылып жатыр деңізші. Былай дейді: «…Екеуі бір-бірін қат­ты сүйеді», «Екеуі Қыз жібек пен Төлеген», «Қайырбектің ана өлеңі Күләшқа арналған, Күләштің мына өлеңі Қайырбекке арналған», «Мұндай ғашықтар өмірде болмаған»… тағы басқа теңеулер әрмен қарай жалғаса береді. Жазып отырғандар Күләш пен Қайырбек екеуін жақындатып-жақындатып келіп, екеуін бір ақын қылып жібереді. Поэзияның күрмеуі көп сан түрлі саласында Кайырбектің өз болмыс дәрежесі, Күләштің өз болмыс дәрежесі бары анықталмайды. Отбасы бір тұрғанмен өлең әлеміне жеке-жеке үлесі барын айтып, қос ақынды биіктетудің орнына төменге құлдилатады келіп. Желідегі мұндай сараптауларға қарасаң Күләш пен Қайырбек бірін-бірі сүйгені сонша, басқа тақырыпқа қалам тартып көрмеген лириктер, күндіз-түні бірінің бетіне бірі қарап 60 жыл бойы күнде ғашықтық өлең жазып отырған сияқты. Бұл бір жағынан күлкі туғызбай ма? Міне, кейбір мадақтау мен мақтаудың нәтижелері.
Өз басым мақтауды жаным сүймейді. Қанша жақсы болса да мөлдіретіп мақтай алмаймын. Өзімді де мақтағанды да еш қаламаймын. Сол себептен жазбаларымда әсірелеп мақтау, көпшік қою қолымнан келмейді. Мендегі шынайылық – жеткен тілмен қарапайым қалыппен жеткізу.
Осы жерде айта кете­йін. Хамит Ерғалиевтің шығармашылығы туралы Ғафу Қайырбеков ағамыздың жазғаны бар. Екеуі де классиктер ғой (Пейіште нұрлары шалқысын).
«Қалай қайталасаңда тозбайтын бір шындық – Хамит көрнекті әдебиет өкілі екені. Қазір «ұлы», «ақиық», «қыран», «тұлпар», «кемеңгер» деген теңеулерді оп-оңай айта беретін болдық. Бұлай айту бір жағы жақсы шығар. Алайда салмағы батпандай ауыр сөздерді жеп-жеңіл айта салудың артында өте үлкен дәлел керегін аңғара бермейміз. Бұлай айта берсек, небір қасиет­ті ұғымның жеңілденіп, мәнсізденіп кететінін білмейміз. Әсіресе көзі тірі адамға келіспейді-ақ. Менің ұғымымда «ақын» деген жалғыз ұғымнан артық аяулы сөз жоқ». Ғ. Қайырбеков «Алыс та жақын жағалаулар» кітабынан. 183-бет. «Білім» баспасы. 2001.
Ғафу ағаның осы сөзін менің құптағаным сондай, миыма қондырып, жат­тап алғанмын. Міне, сондықтан 80 жылғы өмірінде 60 жыл ақындықтың туын желбіретіп ұстаған, (ҚР Мемлекет­тік сыйлық алмасада да) шығармашылық алтын сандығын мол рухани мұраға толтырып, сөйтіп мерейлі жасқа әдемі келіп отырған Қайырбек ағам – нағыз ақын! Ғафу ағам айтпақшы «ақын» деген киелі сөздің құнын арзандатып алмау үшін көп мадақтау жазбауым содан.
Қалам ұстаған жұрт Қайырбекті жақсы біледі. Оның «Тұңғыш», «Сүйемін сені», «Ғашық ғұмыр», «Сен жанымда жүрсең», «Ағайынға ақ тілек», «Күннің нұры қуатым», «Махаббат», «Адалдық – асыл мұратым», «Бақыт­ты болыңдар!», «Күзгі шуақ», «Нұрлы дүние», «Ай мен Күннің сәулесі» (2023) ат­ты жыр жинақтары кезінде өз бағасын алған. Қайырбек ағаның өлеңдеріне әр жылдары дөкей-дөкей жазушы-ақындар, сыншылар, зерт­теуші ғалымдар: Шерхан Мұртаза, Кәкімбек Салықов, Сейфолла Оспанов, Сәрсенбі Дәуітов, ақын сыншы Сайлаубек Жұмабеков, ақын-жазушылар Сәбит Баймолдин, Әділғазы Қайырбеков, Қайрат Жұмағалиев, Болат Бодаубаев, Аян Нысаналин, Хамит Есаман, Құрал Тоқмырзин, Шәкизада Құт­тыаяқов, Сейілғазы Әбдікәрімов, Қатира Жәленова, Жұмабай Құлиев, Көпен Әмірбек т.б. лайықты пікірлерін білдірген. Осы атақтылардың пікірінен ке­йін мен не айтуым керек, а? Айтыңдаршы?! Үндемегенім абзал емес пе?
Қайырбек ағаның атқарған қызмет­тері де баяғыдан жұртқа таныс. Қазақ университетін бітірмей тұрып-ақ, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жауапты хатшының орынба­сары, ке­йін бөлім меңгерушісі болып 7-8 жыл істеген. Газет­ті көркемдік жағын безендіруде Қайырбек ағаның жұмысын редактор Сейдахмет Бердіқұлов: «Жігіт­тің сұлтаны біздің Қайроштай-ақ болар. Макет жасаудың маршалы ғой», – деп бағалаған екен. Міне, керемет баға. Содан ке­йін жұрт есігін ашып кіре алмайтын «Қазақ әдебиеті» газетінде 14 жыл жауапты хатшы болып жұмыс істеуі үлкен табандылығын көрсетпей ме? «Заман Қазақ­стан» газетінде редактордың орынбасары болған қызметі өз алдына бір төбе. «Престиж», «Талапкер» газет­терінің редакторы болуы тағы бар.
Қайырбек Асанов ағаның осындай талай тер төгілген қызмет­теріне 2014 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілуі дұп-дұрыс шешім. 2023 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапат­талу да еңбегінің жемісі.
Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Құрмет­ті азаматы, Тараз қаласының Құрмет­ті азаматы атақтарының берілуі де елі мен жерін сүйген азаматқа көрсетілген құрмет.
Сонымен айналып келіп мерейтойлық құт­тықтауымның тиімді әдісі осы мақаланы жазу болды. Ендігі кезек Қайыр­бек ағаға арналған құт­тықтау өлеңде:

Ағатай-ау!
Сөзді бітіп, мен өлеңге келе­йін,
Құт­ты болсын сексен жасың мерейің.
Мақталмадың мақаламда бір ауыз,
Өлең жаз деп бүлкілдеп тұр көмейім.

Құт­ты болсын сексен жасың, мерекең,
Таса берсін, аса берсін берекең.
Сексен жылмен жігіт­тіктің арасы,
Деп жүр ғой жұрт сексен қадам
жер екен.

Ағатай-ау!
Қанат жайған мақтаныш қой керегең,
Ұрпақтарың қасыңда жүр демеген.
Қай кез­де де хан тағындай төрдесіз,
Аға-іні, қарындас көп елеген.

Туыс-бауыр, айналаңда ағайын,
Көңіліңді деп жүр бәрі табайын.
Курстастар бірге оқыған тағы бар,
Жүрегіңнің желпіндірген сарайын.

Ағатай-ау!
Тастап жүрдің жүрген жолға көрікті із,
Мұның бәрін куә болып көріппіз.
Немерелер өсе берсін қуантып,
Немерені жеткізу де – ерікті іс.

Уақыт­тарды тоқтата алмас еш пенде,
Сені ешкім ойламас деп сексенде.
Қосағыңмен 100-ге жетші марқайып,
Анау-мынау ауру келсе, дес берме!

Ағатай-ау!
Елің сыйлар өзіңдей азаматын,
Жырыңменен шығардың қазақ атын,
Бұл ақындық – Алла берген үлкен сый,
    Талантыңды тоқтатпа жаза алатын.

 

Өріс Яшүкірқызы,
Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір