Кекілбаев кеңістігі
16.07.2025
268
3

Жазушы көсемсөзінің тарихи-психологиялық көркемдігі және әдеби медиалингвистикалық ерекшелігі

Қаламгер өмір дүниесінің астарында жатқан қоғамдық зілді ерте аңғарды, сол ойдың жетегімен әлеумет­тік тіршіліктің тұрмыстық деңгейдегі көрінісіне ықылас қойды. Әлімжет­тік, оспадар­лық, әділетсіздік Әбіштің қаламын қарасөзге, шешен­сөзге, көсемсөзге бейімдеді. Университет қабырғасында жүріп, ұлы М. Әуезов сынды ұстаздардың алдын көруі, жазушылар басқармасын­дағы бас қосулар мен талқы­ға түскен тарихи туындылар – Әбіш Кекілбай­ұлының тынысын ашып, әдебиетке деген ынта-жігерін әлемдік кеңістікке тарт­ты. Шығармашылығының алғашқы жылдарында прозалық еңбектерін жаза жүріп, аудармамен де айналысты. Әркімнің тісі бата бермейтін Олжас Сүлейменовтің «Уа, Ақсақ Темір хан», «Нұрлы түндер», «Арғымақ», «Қыз қуу», «Қар қозағының ұлы Ришад», «Мәмбет батырдың дар алдындағы дұғасы» сынды тәржімелері 1963–1964 жылдары «Жұлдыз» журналында жарияланды. Сондай-ақ Карл Гоцийдің «Тұранбике ханшайымын» 1965 жылы тәржімалап, ұлтаралық әдеби мәдениетке, ел руханиятына үлес қосты.
Әбіштің лирикалық өлеңдері де, тәржімалары да көсемсөзгерлік денде жазылған. Мысалы, 1962 жылы жарық көрген «Алтын шуақ» өлеңдер жинағына зер салсақ:
«Уа мезгіл! Талай-талай жазың келді,
Қыр дөңін сап қайтара сағым келді.
Кекілім қайырылды шалқасынан,
Менің де жігіт деген шағым келді», – десе, «Әке» ат­ты өлеңінде ертеңіне сенім артқан бала Әбіштің сағынышы да жоқ емес;
«Әуре боп күні бойы күбінемін,
Жөн сұрап енді кімге жүгінемін?
Әкем жоқ ақыл айтар, жөн көрсетер,
Амалсыз көрші шалға жүгіремін», –
деп майданға кетіп, оралмай қалған әкесін еске алып, заманның салмағына амалдың қалмағанына налиды. Алайда бала жүрек әр күннен, әр сәт­тен қуаныш күтіп, алысқа жанарын қадап, жақынға құлағын тосып, үмітіне сәуле қосады:
«Мен де өстім, мектеп бардым,
жыр жат­тадым,
Жақсы әннің қағып алдым ырғақтарын.
Зерек, – деп ауыл-аймақ болды риза,
Сен оны естімедің, тіл қатпадың», – деп шағын поэмалық жолдармен әкесімен қауышып, ойша қауқылдасады. Сырын айтып, сырмағы тартылмаған күйін айтып, шертілмеген домбырасын, тарқамаған шерін айтып, мұңаяр сәтін де жасырмайды. «Көп пен көрген ұлы той» дегендей, бұл сұрапыл соғыстың салмағын Әбіш те көтеріп, азабын елмен бірге арқалады. Заман қиындығы, әлеумет­тік таршылық дәуірі «Әбіштің қоңыр даласына» зіл батпан зәрін төкті. Әбіш сол қоғамда шыңдалды, ертеңгі ел сеніміне қарап есейді. Қаламынан ел тыныш болсын, ұрпақ өсіп, халық қамын ойлайық, береке-бірлік кетпесін, молшылық дәурен, тоқшылық дәуір болсын деген тақырыптағы сөзгерлік еңбектері толассыз төгіліп жат­ты. Ал 1999 жылы жарық көрген «Дүние ғапыл» кітабындағы өлеңдері: «Алмас қанжар», «Гүл дүкені», «Туған жер», «Дастарқан жыры», «Алматыда, күзді күні, бульварда», сынды өлеңдерін 1959 жылы жазды. Расында, Әбіш – лирик.

«Әкемді аңсап, Баламды тостым.
Жадырар жаңа заманды тостым.
Бақ күт­тім, –
деген жолдарда лирикалық толғаныстар бар. Әбіш дүниеге келген сәт­тен ұзақ ғұмыр күтумен келе жатқан арман тілегіне жүгінеді. Өмір бойы тосумен келе жатырмын дейді. Нені? Жақсы күндерді, ел қуанған – мен қуанған күндерім қашан келер деп күтуден күдер үзбеген. Үміті ақталып, тәуелсіздік туы желбіреді, егемен ел боп еңсе көтерілді. Міне, Әбіштің бала арманы мен бағзы тілектің бауырласуы өлеңдерінен де аңғарылып, қоғамдық көрініс тауып отырады. Әбіш лирикасы өмірдің өзін жырлайды. Әбіш өлеңі – «өткен күн емес, есте қалған күндер». Айталық: «Сол жылдар әлі жадымда», «Танктер», «Әйел күлкісі», «Қарындасым Нұрайша», «Жүректе әлі жатыр мұң» ат­ты өлеңдерінің сырлы шумақтары жанарларында кешегі өкінішті өмірдің мұңы қалған аналарды ардақтайды, бірақ сол күндер ұзаған сайын жараның ұлғайып, тыртықтың өшпес таңбаға айналғанын дәуір белгісі, өмір айнасы деп білдіреді. Еске алу ауыр, алайда алыста қалып кеткен қимас бір бейнелер көз алдарында тұрады. Әбіш сол сезімдердің күрескерлік рухын өлеңсөзбен сөзгерлейді. Бұл да Әбіштің бір қыры. Әбіштің «кеңістікті шолу» дейтін ұғымы сол кез­ден қалыптасқан, яғни кешегінің көмбесіне қол салып, көз жүгірту, одан ұлт­тық сыбағаны аршып, елдік елгезекке беру, бүгінгі ұрпақты бүрістірмей ертеңнің лайықты жалғасты ізбасарлығына дәнекер болу – ол үшін парыз, міндет, борышқа айналды. Елі үшін ерлікке жол салған Әбіш ауыр тақырыптарды таңдады. «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» романдарын жазып шықты.
…Түні бойы басқа бір заманда дәурен кешіп, таңертең көшеге шыққанда, қапелімде қайда келе жатқаныңды білмей абдырап қалатын да кез­дерің болады». Аталған роман-повестерінде Әбіш тойымсыз жәдігөйліктен тарихи жәдігерлікті арашалап отырды. Қазақ топырағында туылған елді қорғаудың азамат­тық жолы мен дәстүрлі жөн-жосықтың тарту-таралғысына де­йінгі әлеумет­тік тартылыс заңдылығының философиялық құштарлығынан қол үзбей, құжатнамалық дәуірдің тарихи анықтамасын жазып шықты. Оның ішінде – ішкі айла-шарғының арпалысы, сырт­тай аңдысу, көзбе-көз арбасу, оймен ұстасып, сөзбен тоқтатысу, тағысын тағы психологиялық ықпалдасу­дың барлық формасы бар. Әбіш философиясының ақиқаты:
Бір анық – егемендікті елдестіруден іздеді.
Екінші анық – тәуелсіздікті татулықтан тапты.
Үшінші анық – бодандықтан бостандыққа барар бағыт­ты ұлт­тық болмыс пен кәсібиліктен тарт­ты. Гәп, Әбіш – кемел кезеңінде осы ғасырлық, халықтық арман-тілектің орындалуында биік мінберден сөз алып, көсемсөзділікпен атсалысқан айбынды автордың бірі болды, бірі болса – өзі болды. Олай болатыны сөзгердің алғашқы қалыптасу кезеңі дәуірлеу кезеңіне жасаған дайындық – шолу қаракеті болды. Сол арқылы әр кезеңнің кез­дейсоқ оқиғаларының себептерін қоғамдық қатынастан, мәдени аралықтан қарастырып отырды. Мәселен, ой мен қиялдың, шындық пен шырғалаңның өмір таразысына айналған еңбектері әлеумет­тік қоғамдық маңызы зор көркем көсемсөз үлгісінде танылды. Мәселен, «Аш бөрі» әңгімесінің әсерлі шығуы заман шындығының көрінісін айғақтайтын туынды екендігінде. Күйші Құрманғазының күңіренісі – заманға білдірген назасы еді. Сібірге айдалып азапты абақтыдан азат­ты кең далаға табаны тигенде, домбыраның қос шегі солқылдай жөнеледі. «Мұң шаққан әуез, бірақ егіліп төгілмейді. Бір түрлі өрекпіген өр күңіреніс». Домбыраның үні, қасиет­ті қос шектің тілі – еркіндікті аңсау күмбірі. Сонау ауыр кезеңді сипат­тау, бейнелеп баяндау асыл мұра домбыраның еншісіне тисе, орындаушысы – Құрманғазы, баяндаушысы – Әбіш. Рухы Алатаудай асқақ екі тұлғаның араға бірнеше дәуір салып сұхбат­тасуы.


Ал енді сөзгердің «Көз жасы» әңгімесінде өмір ағымымен қайталанып келіп жатқан орайлы сәт­терді, ұлы сезімді ұлтарақтай сөзбен әдемі жеткізеді. Ойдың қабысуы, шындық дүниесімен орайласа өрбиді де шынайы өмір көркемдігімен беріле отырып, шымыр сөздермен айшықтала түседі. Мысалы, «… – Апа-ау, ана Сәбит бар ғой, әкем Жанқожа десем, шын әкеңнің атын айт деп кітабымды бермей қойды. Анасы отырған орнынан тырп ете алмай қалды. Басын жуып отыр екен. Қып-қызыл жүзін ұлынан төгілген қою қара шашы ғана жасырып тұрды». Алайда Әбіш шындықты жасырмады. Ол адам тағдырын тәлкек еткен осы бір ауыр жылдардың көрінісін заманның келбетінен іздейді. Өмір шындықтың айнасы, сөзгер соны танып білу үшін оның себептерін халықтың басына түскен ауыртпалықпен байланыстырады. Уақыт өткен сайын қайғы мен қуаныш арт­та қалады да, еске алу кез­дері ұлғая түсіп сағынышқа айналады. Сонысымен өмір көші жалғаса бермек. Әбіш Кекілбайұлының еңбегіндегі ерекше сипатқа ие боларлық жайт, ол – өмірдің өзі. Сол заман кесірінен келген кесапат сезім Нұртай баланың жүрегінде қалып қояды. Алайда ол кімді жазғырарын білмейді. Бала намыс, бала жүрек, құпия көңілдің азабын тартып, азалы күндерді бастан кешіреді. Мәселен, «Ертесіне ол тағы мазақтар деп мектепке балалардың ең соңынан кешігіп келді. Класқа кіре бергенде мұғалім: «Неге кешіктің?» – деп сұрады. Өңі жылы. Нұртай үндеген жоқ. Мұғалім журналды алды. «Жарайды, атың кім?» «Нұртай». «Фамилияң?» Нұртай үнсіз. «Фамилияң кім? Көкеңнің атын айта қойсаң болады». Бала жалт бұрылып зыта жөнелді. Мұғалім аң-таң. Нұртайдың үстелдің үстінде қалып қойған дәптерінің бетінде екі тамшы мөлдірейді. Міне, асау өмірдің аумалы-төкпелі кезеңдерінен теперіш көріп, тепкі жеген жас ғұмырдың көз жасын Әбіш шындығы әділет тұрғысынан баяндайды. «Бір шөкім бұлт» шығармасының идеялық өзектілігі де динамикалық қуатынан өрбіп отырады. Ол турасында Сағат Әшімбаев былай дейді: «Автордың шығармадағы негізгі идеясы – бір шөкім бұлт­тай шағын отбасының басында болған қабырға қайыстырар трагедиялық өткір драмалық шиеленіске толы өмір эпизодтары, сол кез­дегі баршаны шарпыған, баршаның басындағы ащы шындық екенін көрсету». Демек, Әбіш қаламының дәуірлеуі қоғамдық шындықты көрсете білуімен өріс алды дей аламыз. «Күй» повесі әлеумет­тік әділетсіз көріністердің қоғамдағы белең алған кезеңдерін сөзгерлейді. «Ұя мен жебе» сапарнама очеркі «Өмірмен өрелес өмір», «Өрісін тапқан талант», «Жыр мерейі», «Мұратына жеткен адам», «Сын неге сынала береді», «Романдағы адам» секілді еңбектері Әбіштің тырнақалды туындылары делінгенімен, бұл тақырыптардың көтерер жүгі мен атқарар қызметі, берер тағылымы ұшан-теңіз. Жай сөз, жалаң сөйлемдер емес, сын, сараптау, талдау, салыстырмалы ретінде самғауға құлаш созып, қанат сермеген ізденіс ілкімі болып есептелді. Алғашқы сүрлеудің арнасы кеңіп, толғақты дүние­лер төңірегіндегі тақырыптар іріктеліп, толғандырған заман туындылары ақтарыла берді. Романдарға жол ашылып, арыны күшейіп, екпінге күш, қуатқа дес қосыла берді. Алайда мұның өзі ізденушіліктен келген табыс. Шалдықпаған шабыс Әбішті жаңылдырмай жаңа соқпақтарға тарта берді. Ке­йінгіге мұра, ұрпаққа ұлағат берер кесек туындылар, кемеңгер ойлар сөзгердің қарымын кеңейте түсті. Сөзгердің «Ор теке» еңбегіндегі табиғи жаратылыстың тауқымет тартып, қырғынға ұшырауын аянышты болса да айғақты жазған. Көсемсөзгер алмағайып заманның көрінісі мен күрделі күйкі тірлігін тамаша келтіреді. Бір топ киік. Жазыққа шықса да, жайылым жайласа да, суатқа түссе де, тіпті жан сауғалап биік аңғарлардан асса да екі аяқтылар тыныштық бермейді. Кәнігі кәрі теке қартайып, қалың қарда омбылап ол өлді. Жас теке – Ор теке үйір киікті игеруге тырысады. Алайда екі аяқтылар мен төрт аяқты азулыларға жем болып, озбырлықтың құрбанына ұшырайды. Енді қаламгер даланың келбетіне шырай кіргізген сұлу мүсін жаратылыстың психологиясын адамзат мінезімен арасалмақтайды. Олар да өмір сүргісі келеді. Еркіндікті, мамыражай тіршілікті аңсайды. Тыныштыққа аңсары ауады. Бірақ армандары алыстап кетеді. Осыны Әбіш идеологиялық тұрғыдан алады да адамзат дүниесінің ашкөзділігімен салыстыратын нысанаға айналдырады. Айталық, Ор текенің ойын былай береді. «Осылардың жайбарақат жайларына жайылып жүрген жабайы үйірдегі шаруалары қанша екен?.. Кең дүниені қарадай тарылтып, қарадай қараң суға алдыратын да жүретін бұл неткен кесір нәсіл еді?!» … Қара жердің бетінде қаптай жайылып өз төлдерім жүреді ғой деп еді. … Жақсы үміт­тің адымы неткен қысқа еді. … Неткен келте дәурен еді! …Тіпті алдындағы үйірін жаңа бауырына түгелдей қысып шығып та үлгере алмапты. …Үлгергендері де аяқ астынан жалп-жалп тыраң асты. Енді оларға бастарын қосып бір үйір, бір қауым боп бірге өріп, бірге түнеп жүрер дәурен қайда!» – деген ор текенің ішкі монологі – сыртқы дүние­нің қапысыз қайранына өкіндіріп, ғапыл өмірдің қапелімде қысқа тартып кеткенін шындықпен алмастырады. Көсем еді, көш бастай алмады. Көсіліп бауырын жаза алмады. Бас болғысы келген бала теке «… дымға түсінбей бейкүнә қос жанар айнала тосқан тажалдан басқа ештеңе ұсынбаған жарық жалғанды қимағандай тесірейіп жатыр…» Дала тағысының ішкі жан дүниесінің күйзелісі – табиғат ана тағылымының бұзылуын, тепе-теңдіктің, қоршаған орта жарасымдылығының ойран асыр алапатқа айналуының қоғамдық сипаты еді. Географиялық орта мен экологиялық және биологиялық түрдің тепе-теңдік мөлшерінің жойылуы еді. Айталық, «Екіаяқтылар сеңгір-сеңгір қара қошқыл таудың екі бөктерін де қасқыр тиген қотандай бөрліктіріп бірдеңелерді қазды, бірдеңелерді үйді. Күнде дүрсіл, күнде тарсыл» деген шалғайдағы шарасыз текенің жарық дүниеге деген құштарлығын, сөзгер тізбектелген ой өрімдерімен еңсеріп, кестелі жұмсақ сөйлемдермен жұмырбасты пенделердің түйсігіне салады. Сөзгердің «Құс қанаты» повесіндегі идеялық көркемдіктің қаншалықты салмақ көтеріп, қаншалықты кезең сүреңдерінің жүгін арқалап тұрғанын аңғарған сайын аңсарың ауа түседі. Мазмұны – қарт ана, жалғыз ұл, қыз тұрмыстанған. «Марқұм осы үйдің адамы осы баласы туғанда қолындағы жалғыз қашарын кіндік кесерге беріп еді». Баласы екіге толмай жатып майданға кет­ті. Сол кеткеннен мол кет­ті». Ұлы ержетіп, оқу бітіріп қызмет істейді. Қалаға шешесін қолына алады. Қарт ананың ауылдас құрбылары әзілдеп «қолыңды жылы суға маларсың» дейді. Ұлы үйленеді. Анасы көп жыл осыны арман еткен еді. Қар жауады. Қыстың соңы. Кемпір оны «Құс қанаты» дейді. Ке­йіпкерлердің аты аталмайды. «Осы үйдің адамы», «Әй біздің үйдің әйелі», Атасы, әжесі деп қана алынадыӘбіштің алғашқы шығармаларының арқауы – сұрапыл соғыстың зарары. Қоғамның көрінісі бағы ашылмаған жандар, зарлаған аналар, көз жасына малынған қыз-келіншектер, басқыншылықты басынан өткеріп отырған жұртшылық пен тұқыртқан тұрмыспен алысқан тұрғындар, тоқыраған шаруашылық, тоқмейілсіген дұшпанның басымдығы бәрі тұтасып келіп топалаң түзге айналған дәуір жүгін ел иығына аса салған. Міне, Әбіштің көрегенділігі мен пайым-пішімділігі кезеңдер кесапатын, адам жанының ішкі күйзелісін психологиялық әлеумет тану тұрғысынан танып білуінде. Сөйлемдері тік шаншылып, ашуға батпайды, тезге берілмейді. Арзанға ұтылып, мінезге жеңілмейді. Бұл Әбішке ғана тән қасиет. Шайқалған дүние, шашылған ел-жұрт, сүреңсіз сұрғылт заман, адамдар төзімінің төрешісі болған уақыт шіркіннің ұзақтығы бәрін қалжыратып тастаған. Өйткені азапты күнің жылға парапар, ал қуанышты сәтің түс көргендей-ақ. Сондықтан алыстағы арманың қыр асқан сайын жақын көрініп, таяған сайын ұзара түсетіні де содан. Ақыры онымен қауышарың хақ.
Қоғамның өзгермелі кезеңдеріндегі орын алған адамдар санасындағы күйзеліс, қиналысты тудырып, табиғи тұрмыс салтына қайта оралудың жолдарынан алшақтай береді. Уақыт дүрбелеңі әкелген қым-қуыт бұралаң белдерді басып, жазыққа шығып жансақтау тәсіліне көшкен қарапайым ауыл адамдарының ішінде Әбіштің жан дүниесі де қоса қабат жүруі осындай заңдылықтың ережесіз қабылдануында еді. Көсемсөз иесінің қисынды ойларының негізі де осындай шындық шеңберіндегі кәсіби тұжырымға жетуі. «Құс қанаты» еңбегінде қаламгер кейіпкерлерінің аты-жөнін атамайды. Оның екі жақты себебі бар. Біріншісі, Герольд Бельгер айт­қандай, «ол көшпенділер өмірінің қазір ұмытыла бастаған этнографиялық детальдарына ерекше мән береді. …Сол детальдардың әлеумет­тік-философиялық мән-мағынасына үңіліп халық өмірін, адам жанының ішкі иірімдерін ашуға тырысады». Бұл пікірді құптай отырып, қазақтың бабалар салған дәстүрлі үлгі-өнегесінің заман шындығының айнасы екендігінде шүбә жоқ. Екіншіден, қаламгер кейіпкер атауының бәлендей маңыздылығын айт­қалы тұрған жоқ. Мәселе, әңгіменің бас-аяғы аралығындағы қоғамдық тарихи құбылыс тудырған тағдырлар тақсыреті. Жүздерінде мұң, көкіректерінде шер, тек ертеңгі күнге деген үміт ұшқынын жоғалтпаған ауыл адамдары бір-бірімен тағдырлас еді. Әр таңды «аһылап» атқызып, әр кешті «үһілеп» батыратын сол бір шыдамды да төзімді қарапайым жандардың жүдеу жүздері әр сәт қуанышты күт­ті, әр сәт күлімдеп жанарына жалт етіп, сәуле шашар шуақты минут­тарды аңсады. Тек ертелі-кеш еңбекпен ғана еңселерін түзеп, есірік заманның епсіз күндерін сенімділікпен серпіп, сергектілікпен жеңе білді. Күнде атың өшкір «қарақағаз», күнде бір отбасы күңіренуде, үлкен-кіші үдірейіп, бала-шаға үрпиіскен қарасы батқыр қара заманның ақыры барма екен деп күйзелгенімен, күңіреніп кетпей, ұйымдасып, ұйыса түседі. «Осы ауылда жалғыз қорқатыны – пошташы Түсіп. Бұл күнде бұл ауылдың Китлері – Түсіп болды ғой», – дейді Теңге кемпір. Аласапыран айқастан қан төгіліп, қылыш сермер, оқатарлар оқиғасын көрмейсің. Ол сыртқы дүние. Алайда Аққаймақ, Шайзада, Жаңылсын, сынды кейіпкерлерді жеке-дара тану үшін дидарласып отырасың. Қаламгер шығармашылығының тақырыптық идеясы бір текті тұжырымдылығымен ашық мазмұнда дами түседі де жұмырбасты пенденің басындағы жұмбақ дүниені емес, Аққаймақтың және оның төңірегіндегілердің ішкі жан құбылыстарындағы терең толқынысты тарихи тауқымет шындығымен сабақтастыра отырып, қоғамдық көріністің динамикасын поэтикалық сурет­теумен өзіндік қолтаңба қалдырады. Ізденіс аясындағы Әбіштің тапқырлығын аңдыр болсаң, Аққаймақ жоқ іздеп шығады. Құбыла жолмен жоталардан асып, әртүрлі ойдың жетегінде кетпей, арт­та қалған «мың күнді» көз алдынан тізбектейді. «Бұрнағы күні шығарда ашу үсті абайламай күйзеліп кетіпті. Ермекжан: «Апа, қайда барасың?» – деп жабыса берген соң – «Түйе іздеп… Осы үйде ол жамандатқырды мен іздемегенде, кім іздейді?» – деп қонып еді атқа. Осы арада автор өз кейіпкерімен үзеңгілес қатар келе жатқандай. Оның көңіл күйі де, іс-әрекеті де сөзгердің мінез құлқымен ортақтасып, қарама-қайшылықтың заңдылығынан жапа шегеді. Аққаймақтың «көңіл күнделігінде» шерлі заман шежіресі жатыр. Осы шығарманың психологиялық тұрғыдан өрбуі сол кезеңнің ауыртпалығын, адамның жан-тәніне, тіпті санасына әсер етіп уайым-қайғының құрсауында қалдырғаны шындық дүниесі еді. «Көз жасы» еңбегіндегі күйеуі майданнан қайтпай қалған Ажардың тағдыры Әбенмен байланғанда «жігіт қызуы бірте-бірте молайып денесі де жақын сезілді» деп шынайылық сюжетімен әдемі келтіргенде, оның нәтижесі, «қып-қызыл жүзін ұлынан төгілген қою қара шашы ғана жасырып тұрдыға» әкеп соқтырды. Алайда бүгінгі көзқарас тұрғысынан алынған таңдау таразысы мен талдау талабына ден қояр болсақ, Әбіш Кекілбайұлының, «Ең бақыт­ты күн», «Аш бөрі», «Көлденең көк ат­ты», «Есболай», «Ор теке», еңбектері бір қолдан шыққан бірыңғай типтес, мазмұндас болғандықтан, дәуір панорамасын кең ауқымда көз алдыңа елестете аласың. Себебі заман шындығын боямасыз бұлтартпайтын астарлы ақиқат. Әрі философиялық ұғымды өмірдің өзінен алып береді. Өйткені тіршілік – ғұмыр философия. Қалтарыс қамбылына малтыққан тірінің күні үнемі қимыл-қозғалыс, іс-әрекет үстінде сомдалады. Қиырдағыны көріп, қиядағыны шалады. Секемшіл, сонысына қарай сақ. Қиындықты қарсы алып, қайырымдылықпен шығарып салады. Осындай көсемсөзділікпен жазылған Әбіш философиясы тулаған толқындай шабыт алады да заман тербелісінің тетігін тапқандай кейіпкерлерінің жан дауысы – дәуір дүбірі, тән жарасы – заман сызаты деген ой түйсікке түйінделеді.
Жалпы, Әбіш Кекілбайұлының тәуелсіздік, егемендік тақырыбындағы көсемсөзділігі кез­дейсоқ дүние емес. Қаламгер идеясының түп мақсаты халықтық драмаға айналады да оның төркінін тағы да жалпы халықтық, қоғамдық тенденциядан іздейді. «Елең-алаң» «Үркер» тарихи романдарында дерекнамалық ахуалдарды көркемсөзбен өре отырып, оның маңызды әлеумет­тілігін арт­тыра түседі. Сатыр-сұтыр сойылдар мен қынсыз қылыштардың жарқылын үнемі көз алдыңа әкелмейді. Әлеумет­тік қатыгездікті адамдардың, би-сұлтандардың мінез-құлқымен, айла шарғысымен ашады.
Дәуірлеу кезеңі 1970–1990 жылдар аралығы деп айта аламыз. Әбіш Кекілбайұлының жазуға қат­ты ден қойған жылдары. Өмірдегі беймәлім құбылыстарды сол кезеңнің өзінен, оқиғаларынан, адамдардың көңіл күй сезімінен іздеді. Тіршілік дүниесінің ұңғыл-шұңғылына терең үңіліп, оның психологиялық құпия сырларын ашуға ақыл-жігерін жұмсады. Сөйтіп, философиялық па­йымдауларға қол жеткізді. Күнделікті қабысқан күрделі қозғалыстан, уақыт ағымын, өзгеріс бағытын аңғарып отырды. Алайда мұндай жетістіктерге төзім мен табандылығының арқасында қол жеткізді. Сөйтіп, оның қаламынан «Бағзы мен бақиды жалғастырар сара жол деп атап айта аламыз. Ұлт тағдырының ауыр да қилы кезеңдеріндегі тарихи оқиғалар желісін бүгінгі тәуелсіздік аңсаған елдің ұлы арманымен ұластырып жатқан қоғамдық идеясын аңғарып отырасың. Әділетсіздікке жұтылған қаншама бейбіт адамдар моральдық, материалдық, саяси-әлеумет­тік құлдыққа ұшырап, қаншама жан құрбан болды. Бұл тарихи прогресс емес, тарихи жұтаңдық, тарихи озбырлық ойраны. Сол заманның әт­тегенайын бүгін жөнге келтірсе, бүгін қолға алса, бүгін тәуелсіздік туын көтерсе, тарихи әділдіктің орнағанына әлемнің көзін жеткізер едік деген аңсау тілегін ұғынасың. Намыс пен күрескерлік рухымыз қайта жанданып, жадымыз жаңарып, бабалар аруағына тағзым еткенде ұрпағының мақтанышын айтып, еңсемізді ел қатарлы биік ұстар едік деген сөзгердің тереңде жатқан ой-ниет тұтастығына өзің де оқырман ретінде кірігіп кетесің. Әбіштің кейіпкерлері қоғамдық, елдік деңгейде ой ұзата білетін тарихи тұлғалар. Олардың өздерінше ойлануы, белгілі бір мақсат пен сапарға шығуы, сөйлеген сөздері мен істеген іс-әрекет­тері қоғамдық сипат алып отырады
Әбіш Кекілбайұлының романдарындағы деректілікке мән оның фактілерді қолдана отырып, көркем шығарманың құнын көркем-деректі публицистикалық әдіспен де көтере алған дейміз. Себебі, осылайша, құжатпен айғақтау, дәлелмен сөйлеу, дерекпен келтіру сөзгердің еңбегіндегі шынайылықты арт­тырып, ойлау, жетілдіру, қисын (логика) формаларын жоғарылата береді. Әбіш Кекілбайұлының көсемсөзгерлік шеберлігі турасында айт­қанда, оның романдар желісіндегі негізі үйлесімділік – мемлекетаралық, еларалық келісім-қатынас оқиғаларының аумалы төкпелі кезеңдегі алар орнын айтпасқа болмайды. Өйткені қоғамдық байланыс пен ел бірлігі, жер тұтастығы, бодандық пен бостандық тартысы үлкен бір дәуірді қамтыған тарихи-құжат­тамалық, көркем көсемсөзгерлік көрінісі бар еңбектің эпопеялылығы да осында. Бұл тұтас бір дәуірдің қатынасын, әлеумет­тік тұрғысын, ел тұрмысын, саяси экономикалық пиғылын зерделеген сараптама еңбек.

Молдахан АБДРАЕВ

ПІКІРЛЕР3
Аноним 16.07.2025 | 20:01

76 жасында кетіпті. жазушы болу азап қой миыңды жеп қояды

Аноним 17.07.2025 | 04:16

Ө Оралбаев әлі атағына мастанып, ел тарихын былғап жүр ме екен Ершуовтың сыйынған пірі Аралбай ақынды қалай білмей қалды екен, таң қаламын

Аноним 17.07.2025 | 12:07

Өтеген Оралбаев 2016 жылға дейін Президент Әкімшілігінде қызмет істеді. Онысы бір болмашы қызмет, болмашы жұмыс болатын. Соның өзіне мәз болып, Назарбаевқа алыстан, сырттан жағымпазданып, жалтақтап жүрді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір