«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел»
18.02.2025
565
1

«Сөз өнері – дертпен тең» (Абай). Сөз түзелмей, адам түзелмейді; ұлт ұлт болып ұйыса алмайды. Сөз бұзылса, адам да бұзылады; ел ішіне іріткі түсіп, тыныштық кетеді. Сондықтан да адамзат ойының алыптары адамды адам ретінде сақтап келе жатқан сөздің құдіреті алдында бас иіп, сөзді түзеуге шақырып отырған.

 «Әуелінде сөз болған» дейді. Сол сөз әлемді билеп тұр. Сөзі мықты адам – мықты, сөзі мықты ұлт – мықты. Сөзі мықты мемлекет­тің айт­қаны екі болмай тұр. Мұның сыры мықты сөздер мықты істерге айналады. Сөзі мықтылар, тіпті империяға айналып, әлемді биледі; сөзі қисайғанда, империя түгілі, тұтас бір халықтар тарихтың сахнасынан түсіп қалды. Абайдың поэзиясы, өлеңге көркемдік, әлеумет­тік тұрғыдан жоғары талаптар қоюы ұлт­тық сөз өнерін әлемдік деңгейге көтеріп, жаңа тұрпат­тағы қазақ әдебиетінің дамуына даңғыл жол ашуымен бірге «сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деп, халқын тура жолға бағыт­тады.
«Абайдың қазақ тілін дамытуға, әдеби тіл, поэзия тілін өрістетіп, жаңа сөз өрнектерін байытуға сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Абай поэзиясының тілі, сөз кестесі мен өлең өрнегі кіршіктей қоспасы жоқ саф таза халықтығымен, келісті қарапайымдылығымен, тартымды сонылығымен құнды» (Қазақ әдебиетінің тарихы. 2006. 202-бет). Абайдың сөзі – ұлт­тың рухы. Абайдың тілі – ғылымның тілі. Қазақ халқы да «мың өліп, мың тіріліп», тарихтың небір теперіштерін көріп, бүгінгі күнге аман-есен жетіп отыр. Бізді бүгінгі тәуел­сіздік дәуіріне жеткізіп отырған – қазақтың сөзі, сол арқылы ұлт­тың, қырық рудың басын құрап, рухани күш берген құдірет­ті сөз, қасиет­ті қазақ тілі. Қазақ тілінің құнары мен Абай меңгерген сөз құдіретінің салмағы, сапасы жөнінде кезінде М.Әуезов, С.Мұқанов,
Қ.Жұмалиев, Қ.Мұқамедханов, М.Мырзахметов, Р.Сыздықова, 3.Ахметов, Ж.Ысмағұлов, т.б. көрнекті абайтанушы ғалымдардың ғылыми монографияларында, одан бөлек Абай Құнанбайұлының шығармашылығы бойынша ғылыми тұрғыда пайымдауға арналған жекелеген зерт­теулер мен танымдық сипат­тағы басқа да кейбір еңбектерде құнды пікірлер айтылды.
Десек те, өмірдің өзгеріп отыруымен бірге ғылым да дамып, жаңа заманның қажет­тіліктерін өтеп отырады. Бүгінгі күні әлемдік аренаға шығып, тәуелсіз өмір сүріп отырған Қазақ­станның алдында да ғылыми тұрғыдан шешімін күтіп тұрған қыруар мәселелер бар. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, қазақи болмысымыздың кем-кетігін көрсетіп, алдағы уақыт­та не істеу керегін айтып кеткен, бүгінгі күндері ұлт­тық рухани дамуымыздың өзегіне айналып отырған Абай мұрасына дәуір биігінен көз жіберу рухани өміріміздің күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе болып отыр. Бұл рет­те қоғам өмірінде шешуші рөл атқаратын адам ақыл-ойының, сөзінің ақын шығармашылығында қалайша көрініс тапқанына назар аудармақпыз.
Түркі әлемінен шығып, төрткүл дүниеге танылған атақты ғұлама Әбу Нәсір әл-Фараби адам өміріндегі сөз туралы айта келіп, «Адамдар сөз арқылы айтылғалы тұрған ойды көшірмелейді, бейнелі түрде жеткізеді. Сонда олар оның атымен емес, идеямен ғана қанағат­танады… Ой жетерлік идея барлық халықтарда сөз болып табылады…
Адамдар сөздер мен өлеңдерді өткен және осы шақтағы өздеріне қажет­ті істер туралы мағлұмат­тар беру үшін пайдаланған болатын. Осылайша, халықта сөздер мен өлеңдерді ауыздан-ауызға мұралап беріп отыратын адамдар пайда болды… Олар көркем сөз өнерін игерген өз халықтарының шешендері болған, олар бастапқыдан данышпандар мен негізді қалыптастырушы болды, олар халыққа өз тілдерін қайтарған тұлғалар болды» (Әл-Фараби. «Таңдамалы трактат­тары». –Алматы. Арыс. 2009. 78 – 79-бет­тер). Міне, осындағы «Адамдар сөз арқылы айтылғалы тұрған ойды көшірмелеуде» «сөз өнерін игерген» «бастапқыдан қалыптастырушы» деген пікірлердің тікелей Абайға да қатысы барлығын аңғарғандаймыз.
А.Байтұрсынұлы сөз өнері туралы аса пайымды пікірлер айт­қан. Адам санасының қабылдау негізіне қарай: ақыл, қиял, көңіл деп топтап, ғылыми тұжырым жасайды. «Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау; қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, сурет­теп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау.
Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше жарау» (Байтұрсынов Ахмет. Шығармалары. –Алматы. Жазушы. 1989. 141-бет). Ғалымның пікірінше, сөз шығаратындар көп, бірақ келістіретіндер аз. Сол тұрғыдан келгенде, Абай өлеңдеріне жоғары баға береді.
Бай әдебиетіміздегі Абай арқылы жаңа мән, тың идеялармен астасқан қазақ сөз құдіретінің мәйегі жайлы пайым­даулар өте әріден жалғасып келеді. «Күлтегін» жазбаларындағы деректер халыққа қызмет етудің асқан үлгісі ретінде ғылымда өз бағасын алған. Айтулы жазбалардың дерегіндегі Тоныкөк пен Күлтегіннің «түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым» деп, ат үстінде халқын жиып, бас қылуды арман еткен мақсат жолындағы жырлары алғашқы қазақ сөз құдіретінің сәулесін ұғындырады. Халық – мемлекет­тің тірегі, басты байлығы. Онсыз мән де, мағына да болмайтынын мына жолдардың негізгі өзегінен аңғарамыз. «Түрік халқының аты, даңқы жоғалмасын деп, …түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым… Тәңірі жарылқап, (өзімнің) құт-бағым барлығынан, үлүк-үлесім барлығынан, (келешекте) өлмекші халықты тірілте көтердім, жалаңаш халықты тонды (киімді), кедей халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым, ығыр, егескен елдіктегілерді, (ығыр егескен қағандықтарды қайырымды, жақсы қылдым, төрт бұрыштағы) халықты түгел тату, бейбіт қылдым, барлығы маған бағынды» (Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы. 1 том. Жалпы редакциясын басқарған К.Матыжанов. –Алматы, 2019. 29 – 30-бет­тер.) деген асқақ жолдарды оқығанда, бойыңызды ерекше бір сезім билеп, терең ойларға батып, ел үшін ерен еңбек еткен ерлердің, қазақ сөзінің «кесек турайтын» құдіреті алдында бас игендей боласыз.
Тарихқа үңілсек, көпті көрген көсемдердің, елінің ертеңін ойлап, күні-түн ұйқы көрмеген ойшылдардың халқын бақытқа жеткізетін жолды іздеп, жанталасқанын көреміз. Ұлыларымыз оны тапты да. Ол адамгершілік қарым-қатынастардан туындайтын халықты ынтымаққа, бауырластыққа, ел бірлігіне шақыратын құдіреті күшті ұлы сөз еді.
Қазақ әдебиетінің өткеніне көз жіберсек, «ел бірлігі» – жезтаңдай ақын-жыраулар, сөз бастаған күміс көмей шешендер көтерген негізгі мәселе, сондықтан да олардың сөзі халық жадында жат­талып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Ке­йінгі ұрпаққа айтылған өсиет түріндегі терең ойлар уақыт сынынан мән-маңызын жоғалтпай өтіп, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерге, рухани қазынаға айналды.
Сөз құдіреті ерте кез­дерден бері жалғасқан ғұламалар мен орта ғасырларда өмір сүрген би-шешендердің шығармаларында терең тамыр алып, құнары мен құндылығынан бір ажыраған емес. Қазақ мақал сөздің атасы деп санайтын он екінші ғасырда өткен Майқы бидің: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін нақылын халқымыз ортада қанша ғасыр ауысса да, қалыбын бұзбай айтып келеді. Бұл арналы асыл сөз тұнығы «Ханның биі ақылды болса, қара жерден кеме жүргізеді» немесе «Би екеу болса, дау төртеу болады», «Парақор биге ісің түспесін, сараң үйге кісің түспесін» деген сипатымен әлі де өзектілігін, өміршеңдігін жойған жоқ. Ой ырғағы, сөз ағымы анық сезілу үшін сол Майқы бидің «Кімнен кім туады?» деген сұраққа былай деп жауап берген мысалын еске алайық: «Тұлпардан тұлпар туады, Сұңқардан сұнқар туады, Асылдан асыл туады, Жалқаудан масыл туады, Масылдан мал бақпас туады, Тілазардан қылжақбас туады, Таздан жарғақбас туа­ды, Сараңнан бермес туады, Соқырдан көрмес туады, Мылжыңнан езбе туады, Қыдырмадан кезбе туады» (Майқы би. 2011. 93-бет).
Тектілік мәселесіне ке­йін ғана шындап, назар аудара бастасақ, Майқы билер сонау көне заманның өзінде-ақ жоғарыдағы жырды жазып, «Жаманнан жақсы туады дегенге сену қиын, бірақ жақсыдан да колынан іс келмейтін жамандар туатын жағдайлар кез­деседі», – деп кеткен екен. Ұл атаға, қыз анаға қарап өсіп-өнген халқымыз текті, жақсы жерден қыз алып, қыз беріп, күні бүгінге де­йін осы дәстүрді жалғастырып келеді.
Он жетінші, он сегізінші ғасырдағы қазақ ақын-жыраулар поэзиясының негізгі тақырыбы, өзегі жерді, елді қорғап қалу, ол үшін татулықпен тіршілік етіп, ел бірлігін сақтау болды. Солардың бірі – әрі ақын, әрі батыр атақты Ақтамберді жырау «Балаларыма өсиет» ат­ты толғауында: «Татулық болар береке, қылмасын жұрт келеке. Араз болсаң, алты ауыз, еліңе кірген әреке…» деп, бақыт пен дәулет­тің бастауы да, байлауы да өзара ынтымақ, татулық екенін жыр еткен. Мұндай сөз құдіретіне сүйенген мысалдар әдебиетіміздің қай дәуірінен де жиі ұшырайды. Қазақтың соңғы биі атанған Шойынбет би: «Бірлік түбі – береке, біріккенді жау алмайды. Бір-біріңмен татулас, Ұлы жүз, ағалық қасиет сақта, басқа екі жүз, туыстық жолыңды сақта. Енші алмағаныңды есіңе түсіріп, атаң қазақтың үлкен сенімін ақта. Татулық – өмір көркі, бірлік – өскендіктің ұрқы» (Шойынбет Ж. Түркістан-Кентау белестері. «Қазақтың соңғы биі – Шойынбет». –Алматы, 2022, 134 – 135-бет­тер) деп, елін бірлікке шақырумен өткен екен.
Дала данышпаны ұлы Абай ел ішінде «Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ» дегенді ашына айтып, одан шығудың бірден-бір жолы «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» (Абай Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-том. –Алматы. Ғылым. 1977. 50-бет) деп, халқын ауызбіршілікке шақырумен болған; ел болу үшін, өсіп-өркендеу үшін, ең алдымен, бірлік керек дейді. Енді осы бұрынғылар барынша айтып, ке­йінгілерге өсиет­теп кеткен бірлікті қалай жүзеге асыру керек деген мәселе алға шығады. Осы тұрғыда Абай алтыншы қарасөзінде былай дейді: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда, байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Аға­йын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы – осы. Аға­йын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді, әйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір, бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?»
Бірлік – елдің елдігінің басты белгісі. Бірлік жоқ жерде елдің тоз-тозы шығып, мұның аяғы іштей ыдыраушылыққа, қантөгістерге апарып жатқанын бүгінгі өмір де көрсетіп жатыр. Демек, Абай өзіне де­йін ғасырлар бойы айтылып келген ұлы армандарды ары қарай жалғастырып, ұлт­тың ұлт болып ұйы­сып, халықтың халық болып өмір сүруінің бірден-бір шарты саналатын аса маңызды мәселені көтеріп, оған дұрыс түсінік бере білді. Абай көтерген ұлт­тық бірлік, оны жүзеге асыру мәселесі күні бүгінге де­йін күн тәртібінде тұр.
Әлеумет­танушы, психолог ғалымдардың анықтауынша, адамдардың, ұлт­тың бірлігі ойдың бірлігінен басталады. Ой бірлігі – жалпы бірлік атаулының бастауы. Идеялық бірлік болса, сөзде де, істе де бірлік жалғасып жатады, яғни ой бірлігі болмай, сөз бірлігі, іс бірлігі болмайды. Бірлігінен айырылған ел тоз-тозы шығып, ыдырап, тілінен, ұлт­тық рухани құндылықтарынан айырылып, түптің түбінде басқа жұрт­тарға сіңіп кетеді. Сондықтан да ниет, пиғыл, сөз дұрыс болмай, іс алға баспайды. Нағыз бірлікке ұлт­тық, яғни мемлекет­тік идео­логияның арқасында ғана қол жетеді. Абайдың ұлылығы сол, ғылыми жағынан да, жүзеге асыру жағынан да ұлт үшін аса маңызды болуымен бірге өте қиын осы бір мәселенің дұрыс шешімін осыдан бір жарым ғасыр бұрын айтып кетіпті. Дүниеде ең әділ бөлінген нәрсе ақыл болса, Абайдың «ақылға бірлік» деп отырған ой бірлігі, идея бірлігі бүгінгі қазақ қауымының алдына өткір қойылуда.
Бұл мәселені тәптіштеп отырғанымыз – отарландыру кезеңіндегі тоз-тозы шыққан халқының жағдайын көріп, күңіренген Абайдың бұл әлеумет­тік дерт­тің диагнозын дәл қойып, одан айы­ғудың жолын да дұрыс көрсете білуінде екеніне назар аудару.
Бұл жерде Абай неге ой бірлігі демей, ақылға бірлік деп отыр? Адамның миында жинақталған білім-ғылымның, ақпарат­тардың түрліше сипат­тарда болуына байланысты әртүрлі ойлар туындап жатады. Мидың негізгі қызметі – сол мәлімет­терді жинақтап, сақтаумен бірге солардың жақсы-жаманын, пайдалы-пайдасызын, зиянды-зиянсызын дегендей, әбден саралап, қорытып, соның тиімдісін адамға, қоғамға ұсынып отыру. Адамның қоғамдық-әлеумет­тік қызметіндегі ең маңыздысы осы – ойлау үдерісінің барысында дұрыс идеялардың өмірге келуі. Егер де осы мәселеге қатысты ақпарат­тар жоқ не жетімсіз немесе басқа бағыт­та болса, ойлаудың барысында теріс қорытындылар жасалуы мүмкін. Міне, мидың осы бір аса күрделі қызметі қажет­ті ақпарат­тармен толық қамтамасыз етілгенде, білім-ғылыммен қаруланғанда, жүрек жылуына оранғанда барып, дұрыс нәтижелерге қол жеткізеді. Адам өз қажетіне қарай осы дайын ой қорытындыларын пайдаланады, не болмаса, қажет еткен өзгелерге сөзге айналған «ақылды айтып», ұсынып жатады. Қорытылған қажет­ті ойды біз қазір «идея» деп жүрміз. Абайдың кезінде «ақыл» аталған. Қазір ауызекі тілде жиі айтылатыны да, көбіміздің қолымыздан келетіні де осы – сөзге айналған ақыл, ақыл айту.
Абайдың жолын қуған алашшылдар осы бір асыл ойды ары қарай жалғастырып, оны «Алаш» аталынған тұтас бір ұлт­тық идеологияға айналдырды. Абай ойдың түзелуі барысында «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дей келіп, «Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін, ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін. Ыржаңдамай, тыңдасаң нең кетеді, шығарған сөз емес қой, әңгіме үшін. Адасып, алаңдама, жол таба алмай, берірек түзу жолға шық қамалмай. Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ, ең болмаса кет­тің ғой, мал баға алмай» (сонда) деп, халқын дамудың тура жолына бағыт­тады. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы алашшылдар ұлт­ты жандандыратын осы сөздерді жаңғыртып, тұтас бір ғылыми жүйеге айналдырды, осындай асыл ойды іске, жүзеге асыру сендерге аманат деп, ке­йінгі ұрпаққа үлкен үмітпен қарады.
Ел тұтастығы ой бірлігінен, «ақылға бірліктен» бастау алады деп білген Абай осы идеяларды жүзеге асырудағы сөздің атқаратын қызметін аса жоғары бағалайды. Ең басты шарт – сөз түзу болу үшін ой түзу болу керек. Ақынның «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп, халқына үндеу айтып отырған себебі – адамды адам қылып, ел бірлігін сақтайтын идеялар жасалды; енді соны дұрыс сөз арқылы сыртқа шығарып, халықтың санасына жеткізіп, ары қарай жүзеге асыру керегін алға тартып отыр.
Абай оннан астам өлеңінде тілдің құдіреті, өлеңнің қалай болуы керегі жайлы пікір білдіреді. Ол, алдымен, өнердің өмірдегі орнына, ақынның қоғам алдындағы парызы мен қарызына айрықша маңыз береді. Өлеңді кәсіпке, мал табудың, күн көрістің құралына айналдырып, «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап» жүргендерге қарсы шығады. «Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан, нең кетеді жақсы өлең, сөз айт­қаннан. Сүйінерлік адамды құрмет қыл, аулақ боп жіп сатып, нәрсе алғаннан» (сонда) деп, ақындарға өтінішін айтады. Ал өзі болса: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, жоқ-барды, ертегіні термек үшін. Көкірегі сезімді, тілі орамды, жаздым үлгі жастарға бермек үшін. Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, наданның көңілін қойып, көзін ашпақ» деп, өлең жазғанда, алдына қойған әлеумет­тік мақсатын айқындай түседі.
Абайдың сөз өнері жайлы ой концепциясы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Туғанда дүние есігін ашады өлең», «Біреудің кісісі өлсе – қаралы ол», «Талай сөз бұдан бұрын көп айт­қанмын», «Базарға қарап тұрсам, әркім барар», «Сегіз аяқ», «Сәулең болса кеудеңде», «Адамның кейбір кез­дері», «Өзіңе сенбе жас ойшыл» т.б. өлеңдерінде мейлінше ашық айтылған.
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» қазақ поэзиясының өлеңмен жазылған теориясы іспет­тес. Айшықты, ойлы сөз болуы үшін оған қойылатын анық талаптың бәрін айта отырып, өзінің өлеңімен оның үлгісін де көрсетеді.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрт­тың сөз танымас бір парасы».
(Абай Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-том. –Алматы. Ғылым. 1977. 89-бет).
Мұнда айтушы мен тыңдаушы, шын дарын мен өлеңші арасындағы айырма таразыға түсіп, дәл көрсетілген. Бұл өлеңді, өлең сөздің теориясын өлеңмен жазған Еуропадағы атақты
Буалоның «Поэтикасымен» қатар қоюға, салыстыруға болады. Сонымен бірге бұл өлең – Абайдың сөз өнері жайлы айт­қан ойларының шыңы, өлеңмен жазылған манифест.
Абайды білгісі келген адам, алдымен, оның «Сегіз аяқ» өлеңін оқып, түсінуі керек сияқты. «Сегіз аяқ» – ақынның бүкіл адами, шығармашылық, дүниетанымдық болмысын аңғартатын философиялық толғау. Адамды бей-жай қалдырмайтын өмір жайлы терең толғамдар сырлы сөзбен салынған сурет­тер арқылы көркем кемелдікке ұласып, небір ғажайып ойларға жетелейді. Осы бір өлеңді қанша рет оқысаң да, оқыған сайын жаңа әлемге кіріп кеткендей әсерде боласыз. Қазақ сөзінің құдіреті терең толғанған «Сегіз аяқ» «мың өліп, мың тірілген» небір қиямет-қайым қырғындардан аман шыққан қазақ сияқты, қазақпен бірге мәңгі жасай беретін өмір философиясы секілді толғаулы ойларға жетелейді.
Ақынның сыршыл лиризм мен ғақлияға толы осынау «Сегіз аяқ» толғауындағы «алыстан сермеп, жүректен тербеп», адам бойына шымырлай енетін; «қиуадан шауып, қисынын тауып» тағыны жетіп қайырып, толғауы тоқсан тіл құдіретін, сөйлеймін десең, сүйкімі көп сөз сиқырын осы бір өлең жолдарынан терең түсінесің. Өйткені мұнда сөздің магиясы, құдіреті барынша көркем көрініс береді.
Бүгінгі тәуелсіздік күніне жеткізіп отырған – қазақтың сөзі, сол сөз арқылы қырық рулы ұлт­тың басын құрап, рухани күш берген құдірет­ті қазақ сөзі, қасиет­ті қазақ тілі болса, ұлы Абайдың сол өлең сөз өнеріне сіңірген тарихи еңбегі орасан зор. Қазақ тілінің құнары мен Абай меңгерген сөз құдіретінің салмағы, сапасына орай жазылған көрнекті абайтанушы ғалымдардың ғылыми еңбектерінің алар орны мен мән-маңызы аса жоғары. Қазақ сөз өнерінде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлт­тық ой-пікірді ұлы Абайдың ары қарай данышпандықпен жалғастырып, ұшар биікке көтергеніне көзіңіз жетеді. Ұлы ақынның шығармашылығында барынша жарқырап көрінген асыл ойлар өткен ғасырдың басында өмірге келген алаштық идеологияның өзегін құрап, бүгінгі күндері тәуелсіз Қазақ­станның ұлт­тық даму жолының шамшырағына айналып отыр.
Дүние жаралғалы бері жер бетіндегі саналы тіршілікте сөзден асқан құдірет жоқ. Дуалы ауыздан шыққан бір ауыз сөз адам тағдырын, ел тағдырын, керек десеңіз, жаһан тағдырын шешіп, әлем әміршісіне айналып жатыр. Сөз ақылдың өлшемі болып, сөзіне қарай кісіні танып келсек, енді сөзіне қарап, елін, ұлтын, халқын, мемлекетін танитын болдық. Сөйлей білу, көрікті ойды сөз арқылы орынды жеткізе білу – мәдениет­тілікті, кісілік пен кішілікті білдірумен бірге тәрбиеліктің де, ақылдылықтың да, керек десеңіз, ұлылықтың да белгісі.
Сөзі мықтылар әлемдік өркениет­тің көшін бастап, шешуші сөздерін айтып жатыр. Жүректен шығып, жүрекке жеткен ойлы сөздің өлмейтінін Абай он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ айтып кеткен. Ол халқының жай-күйі туралы ойланып, толғанып барып жазылған, ғасырдан ғасырға жалғасып, ұлтының жарқын болашағына қызмет ететін ұлы идеялармен суғарылған өлмес өлеңдерін қалдырды.
Абай ұлт­тық дәстүрдегі ақындық, жыраулық поэзияны жаңғыртып, әлемдік деңгейдегі жаңа тұрпат­тағы қазақ әдебиетіне жол бастады; бастап қана қоймай, оған қойылатын биік әлеумет­тік, эстетикалық талап-талғамдарды да анықтап, өміршең әдеби ой-пікірлердің бастауында тұрды. Жазу өнерінің, баспасөздің, баспаның пайда болып, әдебиет­тің дами түсуі барысында Абай салған сүрлеу ұлт­тық әдебиетіміздің ғана емес, қазақ әдеби сынының, әдебиет­тану ғылымының қалыптасуына да тікелей даңғыл жол ашты.

 

 

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлт­тық университетінің профессоры,

филология ғылымының докторы

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 25.02.2025 | 01:37

абайдың 180 жылдығына орай тәрбиелік мәні бар түрлі номинацияларды қамтыған әдеби конкурстар неге өткізбеске! мәдени министрлігі мен жазушылар одағы неге әрекетсіз отырғаны түсініксіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір