Мұхсинаның махаббаты
08.10.2024
89
0

Менің бұл әңгімем өткен ғасырдың 20–30 жылдары тағдырдың талқысына түсіп, өзінің ғазиз басын бір адамға деген шексіз махаббаты үшін оққа байлауға дейін барған қазақтың бір аяулы әйелінің ауыр тағдыры туралы болмақ. Тарихтан білетініміз, қазақ халқының арасында кесек мінезді, өзінің алдына қойған мақсатын орындау жолында ештеңеден тайынбайтын, керек болса асыл өмірін де қиюға дейін барған өжет қыздар аз болмаған. Олардың кейбіреулерін атайтын болсақ, ең алдымен, қыпшақтардың арасынан шыққан батыр әйелдер Рәзия мен Зарина, Кенесары ханның қарындасы Бопай ханым есімізге түседі. Ал өткен ғасырда болып өткен жойқын соғыста алабөтен ерлігімен кеңестік әскери биліктің көзіне түсіп, батыр атанған Мәншүк, Әлия, Хиуаз, Зура (Зура Досбергенова – майданда ерен ерлігі үшін Ленин орденімен марапат­талған) апаларымызды біз қалай ұмытармыз? Десек те, менің бүгінгі әңгімелеп отырған батыр апамыз Мұхсинаның жөні бөлек.

Бұл кісі өзінің жас өмірін ел арасында «банды» Аманғали деген атпен Нарын өңіріне белгілі болған ерекше адамға деген шексіз махаббаты үшін құрбан еткен еді. Сондықтан бізге «махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деген сөздің мәнісін осы он сегіз жастағы өжет қыз Мұхсинаның өмірі мен ауыр тағдыры дәлелдеп тұрғандай әсер қалдырады. Бұл ерекше жандардың бір-біріне деген махаббаты тұтанған уақыт Аманғалидың «банды» атанып, бүкіл кең Нарынға сыймай, басын тау мен тасқа соғып жүрген кезі еді. Ол кезде Аманғали жасы 40-тың үстіне шыққан, өмірдің ащысын да, тұщысын да татып үлгерген, елге серілігімен, ақындығымен, әншілігімен танымал адам болатын. Сол кездің өзінде Аманғалидың бірнеше әні көрнекті музыка зерт­теушісі А. В. Затаевичтің назарына ілініп, оның атақты «Қазақтың 500 әні» ат­ты жинағына енген еді. Аманғалидың «банды» аталуына оның бұрынғы құдасы Қайыр Қарынбаев екеуінің арасындағы тұрмыстық кикілжің себеп болған. 1926 жылы басталған осы кикілжіңді ушықтырмай, яғни кісі өліміне дейін жеткізбей, заңның шеңберінде шешуге сол кездегі кеңес өкіметінің жергілікті өкілдерінің ақылдары жетпей, жетсе де өздерінің бастарын ауыртқысы келмей, Аманғалиды «банды» атандырып, оның артына жарық күнде шам алып түскен болатын. Ал сол кезде, 1926 жылы он алты жастағы Мұхсинаны ата-анасы нағашылары жағынан бір жігітке күйеу­ге бермекші болған. Алайда Мұхсина ата-анасының шешіміне қарсы шығып, ол кісіге күйеуге шығудан бас тарта отырып, өзінен көп жас үлкен Аманғалиға деген ынтықтығын хат арқылы жеткізген көрінеді. Мұхсина туралы Аманғалидың үлкен қызы Рахила кезінде былай деп еске алыпты: «Көкем Мұхсина шешемізге Орал түрмесінен келген жылы жазда үйленді.
Мұхсина – Нарын құмының Айбас деген жерін қоныстанған Айбас-Жайық беріштің Сары атасынан тарайтын Әлімтай деген кісінің қызы. Естуімізше, Мұхсина үйінде отырыңқырап қалған қыз екен. «Отырған қыз орнын табады» демекші, байғұстың қайғы-қасірет­те жүрген әкемізді ұнатып, соған тап болғанын қараңызшы. Мұхсина бұрын нағашылары жағынан, Есен-беріштің бір жігітіне айт­тырылып қойған екен, оған өзі көнбеген деседі. Бір жеңгесінен көкеміз келгенде хат беріп, оның оңаша келіп кетуін өтініп, өзінің тұрмысқа шықпақ ойы барын білдіріпті.
Мұхсина шешеміз біздің үйге келін боп түскенде, өзім де бойжеткен қызбын. Әлі бәрі де көз алдымда, бәрі де есімде. Ауылымыз Халидолла ахун-хазірет атамыздың «шошақ үй» дегенінен (бұл балалар оқитын үй) он шақырымдай жерде жеті-сегіз үй жаз жайлауда отырғанбыз. Бір күні әкеміз үйге кіріп келіп: «Ал Мұхсина шешелеріңді алып келдім, қарсы алуға шығыңдар!», – дегені. Бәріміз үйден жүгіре-жүгіре шықтық. Ауыл жанындағы Көкалашағыл етегінде қасында 2-3 жігіт бар, олар ат­тарынан түсіп күтіп тұр екен. Біз алдарынан шықтық. Мұхсинаның үстінде алтын өрнектеп зер салған, қызыл мақпал мол бешпеті бар. Көк жібек кең етекті көйлектің астыңғы жиегінен көкшіл етігінің басы анда-санда бір көрінеді. Басында балтырына дейін түсетін күрең шашақты шарқаты бар. Шарқат­тың мандайына төрт елі қатырма етіп қат­ты қағаз қаптаған, ал мойнына жан-жағы құлаштай қызыл орамалды бос орай салған. Бет жүзіне дәлдеп қарауға дәтім бармады. Өткір көздері өзіне тіктеп қараған адамды шыдатпай тайдыра береді. Тек байқап үлгергенім, шешеміз өте ажарлы адам екен. Өзім де бойжеткен болған соң оның киіміне зер сала қарадым. Қызыл мақпал бешпетінің сыртынан салған қапсырма белбеу бау мүсінінің сәнін келтіріп, кең иығы мен омырауын айқындап тұрды. Оған қоса жуандығы ірі кісінің білегіндей қос бұрымы тілерсегіне түсіп, шолпысы сыңғыр-сыңғыр етеді. Бәріміздің бетімізден сүйгеніне біз дән риза болдық. Шешемізді ертіп үйге әкелдік. Той жасадық…
Тойдан кейін көп болған жоқ, екі-үш күннен соң, қасында үш-төрт адам бар, әкеміз Мұхсинаны ертіп ауылдан кетіп қалды. Осы кеткенде шешеміз өз киімімен кеткен болатын, ал келесі бір келгенде шашын түйіп, басында алшы бөркі бар, ер адамша киініп алыпты. Көк жорғамен ағызып келгенде қайсысы әкем, қайсысы Мұхсина екенін танымай да қалдық. Мұхсина әкеміздің салтанатын асырып жіберіпті. Осындай сәнімен ол өзімізге өте ұнап қалды».
Сол кезде 13-14 жастағы Рахила апайдың мына әңгімесі түсінген адамға көп нәрседен хабар беріп-ақ тұр. Біріншіден, Нарын құмын мекендеген біздің аталарымыздың тұрмыс деңгейлерінің өте тәуір деңгейде болғанын Мұхсинаның үстіне киген сәнді, сапалы киімдерінен, екіншіден, сол кезде құмдағы ауылда балаларға мұсылманша білім беретін оқу орнының болғанын осы естеліктен біліп отырмыз. Кәмелетке тола қоймаған жас өспірім қыздың естелігіндегі оқиғалар, кезінде Кеңес өкіметі тарапынан ірі байларды тәркілеу және одан кейін іле-шала артынан жаппай ұжымдастыруға байланысты қатаң шаралар қабылдағанға дейін, біздің аймақтағы адамдар өте жақсы өмір сүрді. Осы айтылған оқиғалардан кейінгі жағдай көрсеткендей, бұл жас әйел өзінің сүйікті адамына, яғни Аманғалиға тек адал жар ғана болып қоймай, нағыз жауынгерлік досына айналып, онымен бірге барлық жорықтар мен басқа да ат үстіндегі қауіпті өмірінің барлық қиындықтары мен қиыншылықтарын бірдей бөліскен көрінеді. Аманғалидың қасында болған аз уақыт­тың ішінде, Мұхсинаның сол кездегі оқ-дәрімен атылатын қару-жарақтың барлық түрін пайдалануды жетік үйреніп алып, үкімет әскерлерімен болған барлық шайқастарға асқан ержүректікпен қатысқаны туралы деректер баршылық.
Осындай шайқастардың бірі Терлікбай қыстауында болған. Ол туралы Аманғалидың кіші қызы Рахила апай былай әңгімелейді. Бұл оқиға 1926 жылы тамыз айында болған.
«Бір күні түсте Терлікбай қыстауы жағынан мылтықтың дауысы шықты. Үйде – көкем, Мұхамберлі, шешеміз Мұхсина, ас пісіретін бір әйел бар, балалардан Нағымжан, Қадыржан және мен. Әкем Нағымға: «Шықпа», – деді. Қадыржан екеуін үй ортасындағы қазылған шұңқырға түсіріп, үстіне алаша жауып, текемет төсеп тастады. Әкемнің мұнысы қалайда ұл балаларды қауіптен сақтағысы келгені болса керек. Мұхамберлі мылтықтарды алып, әкемді ілестіріп үй жанындағы орға түсті. Мұхсинаны да ала кет­ті. Ас пісіретін әйел маған бие сауатын кішкене шелекпен су беріп тұрды. Мен оны ордағы атысып жатқан әкеме тасимын. Атылған оқтар менің алдымнан да, артымнан да құмға түсіп, бұрқ-бұрқ етіп жат­ты. Кейде шелектегі суды төгіп алам, кейде әрең-әрең әупірімдеп жеткізіп берем. Сол екі арада әкем мені қайта жүгіртеді.
Мұхсина шешеміз мылтықтардың ұңғыларын сулы шүберекпен таңып байлап әрі оқтап үлгереді. Қимылы өте шап­шаң. Өзі көкемнің екі жағына кейде зып беріп шығып, келіп түсіп жатқан бораған оқ пен әкемнің арасына қалқан болғандай, денесімен жауып, әкемді қорғаумен әлек. Көбірек ататын Мұхамберлі. Атқан сайын ышқынып қояды. Күн сондай ыстық. Мылтықтар шыдамайды, ұңғысы ысып, суды көп керек етеді. Сөйтіп жатқанда Мұхамберліге оқ тиді. Оған Мұхсина бір-ақ қарғып барып, қан ағып жатқан жарасын шүберекпен таңып тастады.
Мұхамберлі атуын қайта бастады. Сол кезде үй жанында бір ат байлаулы тұрған, оған оқ тиіп, аяғын бір-ақ серпіді.
Әйтеуір түс ауа атыс тоқтады, екі ара көкпеңбек мұнартып кет­ті. Әлгі келгендер кетіп қалды. Кейін көкем мен Мұхсина қыстаудың ішін, айналасын аралап қарады. Мен арт­тарынан еріп жүрдім. Естуімше, екі адам шығын болған. Атқа сүйретіп алып кеткен, екі жерде қанның іздері жат­ты. Әкемдер мені қорадан қайтарып жіберіп, өздері бір жаққа кетіп қалды. Қайда барды білмеймін, тек кештетіп келгенде әңгімелерінен естігенім, келген топ бір жерге барып сусын ішіп, әрі кетіпті. Сонда әлгілер: «Бұл Аманғалидың ырысы қайтпаған екен, өзі мен қатынына, тіпті құрт­тай қызына да оқ тигізе алмадық, ол су тасып жәрдем жасады», – депті.
Аманғали отрядының үкімет қарулы күштерімен болған тағы қақтығысы туралы Индер ауданының тұрғыны Мұрат Ахмедияровтан мынандай мәлімет алынды: «Жиырмасыншы жылдардың аяғына қарай Кеңес үкіметі өз бет­терімен жеке шаруамен айналысып отырған халықтың мал басын есепке алып, ұжымдық шаруашылықтарды құру ісін бастаған кезде, біздің әулетіміз отырған жері Мәмбет­тен үдере көшіп, Орал өңіріне қарай бет алыпты. Менің әкем Қабдолхамит­тің айтуынша, бұлардың меншігінде бірталай ірі қара, ұсақ жандықтар болыпты. Шамамен, 1927 жылы болса керек, бұлар Орал облысының аумағындағы бір қамысы, ықтыны көп жерге келіп тоқтап, сол жерден жеделдетіп жер қыстау қазып, бүкіл отбасымен сол жерде қыстап шығыпты. Жазға қарай сол жерге киіз үйлерін тігіп отырыпты. Күндердің бір күнінде бұлардың ауылына суыт жүріспен бір топ салт ат­тылар келіп тоқтаған. Үйде әкемнің әжесі Жамиға мен әкем Қабдолхамит болған. Қабдолхамит­тің әкесі Ахмедияр малдың шаруасымен үйде болмаған.
Салт ат­ты адамдардың бәрі үстеріне қару мен патрондар асып алған. Іштерінде екі бүйіріне екі наган таққан бір жас әйел болған. Үйге тақап келгеннен кейін, салт ат­тылардың екеуі, біреуі жаңағы әйел ат­тарынан түсіп, үйге кірген. 7-8 жастағы Қабдолхамит пен оның әжесі Жамиғадан басқа үйде ешкім болмаған. Үйге кірген ұзын бойлы, түсі суық ер адам әжеме қарап: «Апа, сәлем бердік! Сендер қандай ел боласыңдар, немен айналысасыңдар, совет­тің адамдары емессіңдер ме?» деп сұрады, – дейді менің әкем. Әжем: «Қарақтарым, біз – бір кеңестің зорлығынан қорқып көшіп жүрген жандармыз, жел айдаған даладағы қаңбақ сияқты. Негізі, біз – Мәмбет­тің қаратоқай руынан аққұлылармыз», – депті. Сонда, ер адам: «Е-е, белгілі болды, сендерден қауіп жоқ екен ғой», – деген. «Ал мен естулерің болса, себек Аманғали деген боламын. Мынау – менің әйелім Мұхсина, сырт­тағылар – менің жігіт­терім», – депті. Сол кезде үйге атам Ақмедияр кіріп келіпті. Аманғали оған алая қарап: «Сен кімсің, Совет­тің адамы емессің бе?» – деп ақырыпты. Сонда әжем: «Бұл менің балам, Советке ешқандай қатысы жоқ, одан да сырт­тағы адамдарыңды үйге шақыр, барымен қонақ боласыңдар», – депті. Содан Аманғалилар біздің үйде барымен тамақтанып, қонаға қалған көрінеді. Әкемнің айтысы, таңға жақын бұлардың ауылында Аманғалилардың қонып жатқанын біреулердің көрсетуімен білген Ішкі істер халық комиссариатының әскерлері тұтқиылдан шабуыл жасап, үкімет әскерлері мен «банданың» арасында кескілескен шайқас басталған. «Таңертең елең-алаңда басталған шайқас екі сағатқа созылды», – дейді менің әкем. Аманғали үйдегі көпшіктерді шынтағының астына қойып тұрып, өзінің жауларымен атысқанда, әйелі Мұхсинаның көз ілеспес шапшаңдықпен сүйіктісінің мылтығын оқтап беріп отырғаны аздай, арасында өзі де керегеден сығалап, наганмен жауларына оқ жаудырғанын менің әкем көзімен көріпті. Бір мезгілде атыс аяқталып, екі жақтан шығын болғаннан кейін, Аманғалилар тірі қалған өз адамдарымен сол жерден іздерін жасырып үлгеріпті. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай, біздің үйге милициялар келіп, менің атам Ахмедияр Құлмағанбетұлын Оралдың түрмесіне алып кетіп, қамаған көрінеді. Одан кейін атамнан тек бір рет қана хат келген. Артынан жөн білетін сауат­ты туысқандарымыз Орал түрмесіне жолығамыз деп барғанда, ол кісінің өлігін носилкаға салып, үстіне өзінің ескі бешпетін жауып жерлеу үшін алып шығып бара жатқандарын көріп, ауылға кері қайтқан көрінеді».
Мұхсинаның Аманғали тобы құрамындағы іс-әрекеті туралы Орал мемлекет­тік мұрағатында ОГПУ-дың қау­лысы сақталған. Осы қаулының кейбір үзінділері мынадай: Қожахметова-Әлімтаева Мұхсина, 17 жаста, ұлты қазақ, Қазақ АССР азаматы, сауатсыз, кедей, тұрмыста, Орал губерниясы, Гурьев уезінің, Сартөбе болысының, Шолан ауылының тұрғыны.
1. 1926 жылы маусымда ата-анасының келіспеуіне қарамастан, Аманғали
Кенжахметовті батыр және әділет үшін күрескер ретінде пір тұтып, оған тұрмысқа шықты.
2. Сол жылдың қыркүйегінде 10 мылтықпен, 2 наганмен Аманғали тобы, ішінде Мұхсина да бар, өздерінің басты жауы Қайыр Қайымбаевтың ауылына шабуыл жасап, 15 жылқысы мен 4 түйесін алып кет­ті, алайда адамдарға тиген жоқ.
3. 1927 жылы сәуірде 9 адамнан тұратын Аманғали тобы, оның ішінде, Мұхсина да бар ІІХК отрядымен шайқасты. Ұрыс кезінде Мұхсина қарсыластарына қарсы соңғы патронына дейін тоқтаусыз атқылап ерекше белсенділік таныт­ты. Нәтижесінде, банданың жетекшісі Аманғали, Ұлдан, Мұхсина, Аманғалидың ұлы Нағым, Сүлеймен Ғабдуллин аман-есен ұрыс даласын тастап кет­ті.
4. 1927 жылы маусымда бірнеше адамнан тұратын Аманғали тобы, оның ішінде, Мұхсина шайқасқа кірді, бірақ күштер тең болмағандықтан Аманғали мен Мұхсина ұрыс даласынан қашып үлгерді, атыс орнында 14 жасар Аманғалидың ұлы Нағым өзінің құрал-жабдықтарымен және жауынгерлік атымен тұтқынға түсті.
«Мұхсинаның сүйген жарына адалдығы мен көзсіз батырлығы тап осы Нағым тұтқындалатын шайқаста көрінді. Мұхсина Аманғалидың басынан қандай ауыр қиындықтар өтсе де, соның бірде-бірінде де сағы сынып, тәсі қайтпастан әр кез жанынан табылып, нағыз сенімді серігі бола білген. Тіпті кезекті бір қуғын кезінде, яғни 1927 жылы маусымда үкімет әскерлерімен болған шайқаста, атына оқ тиіп, ауып құлаған Нағымға ерлердің бірі де көмектесе алмай, төбені асып бара жатқанда, жалғыз әйел Мұхсина атының басын кері бұрып барып, баланы атының артына мінгестіріп алуға тырысып, екі рет қолын ұсынып, оны құтқара алмай, өзі әрі қарай жауға ұстатпай кетуге мәжбүр болады. Бұған Аманғалидың төмендегі өлең жолдары да айғақ бола алады:
Үстіме кидім бешпет қыл қарадан,
Түймесін қыл қараның қыз қадаған.
Нағымжан қапияда қолға түсті-ау!
Жан тәт­ті ол шіркінге кім қараған.

Ақбоз ат жау көрмеген еліреді-ай,
Мұхсина өзімізге серік еді-ай.
Шырқырап Нағым ат­тан құлағанда,
«Алам!» – деп, кері айналып келіп еді-ай!
– деп өлең арнаған екен, Мұхсинаның осы ерлігін дәріптеп.
«Өзі әйел біткеннің көріктісі бола тұра өркөкірек, ер мінезді, кім-кімге де тіке қарап, тура жауап қата алатын қатал да қайсар мінезді екен», – дейді кейбір көзін көргендер. Бірақ Аманғалидан құрсақ көтермеген. Совет заманының 50-60 жылдарында атақты ұстаз болған, Жаңақалалық (Орал облысы) Ленин орденді мұғалім Құдайбергенов Рақым деген ақсақалдың бір айтқан естелігінде: «Мен бала кезімде көрдім Мұхсинаны. Ол кезде Новая – Казанка аудан орталығы болатын. Бір күні жұрт «Аманғалидың әйелін ұстап әкеле жатқан көрнеді!» – деп сол кездегі прокуротура мен милицияның (НКВД) ағаштан салынған екі қабат­ты үйінің алдына жиналды. Мұхсинаны ат­тың үстіне екі қолын байлап, жайдақ отырғызған екен. Сол жердегі топтың алдына шыққан шала сауат­ты прокурор қолы байлаулы әйелге едірейіп:
– Әй, қатын, жұрт сені Аманғалидың екінші әйелі деп айтады ғой! Осы рас па? – деп сұрағанда:
– Иә, әйелі екенім рас! Аманғалидай азамат еркекке екінші тұрмақ, оныншы әйелі болсам да мақтанар едім! – деп, прокурорға тіктеп қарағанда, ботаның көзіндей жайнаған әп-әдемі қос жанарынан ұшқындап от шашып тұрғандай болды. Өзі көп-көркем екен. Мен сол оқиғаны көрдім, бала кезімде», – дегені бар-ды.
Осы әңгіменің шындығына жазушы Ләтифолла Қапашевтың «Банды», Аманғалидың ісі» кітабындағы нақты деректерді оқығанда көзім жет­ті. «Мұхсина сол Новая – Казанкада ұсталғаннан сот­талып, бәлен жыл түрмеде отырған. Түрмеден шыққан соң, Оралдың Тасқала (ол кезде Каменка деп аталатын) деген аудан орталығында тұрады. Сол кездері өзінің «Жаман Жәутік» повесін жазып жүрген жазушы жерлесіміз Есенжол Домбаев ол кісіні іздеп Тасқалаға барыпты. Ол кезде Мұхсина Жайық бойындағы ауылдардың біріне қоныс аударыпты. Араға тағы да жылдар салып артынан барса, Мұхсина өмірден озып кеткен екен. Сондағы ауыл адамдарының айтуынша, Мұхсина түрмеден келген соң кәдімгі ер адамдарша ел ішінде бала піштіріп, сүндетке отырғызған көрінеді. Бұл деректер менің ел ішінен әр кезеңдерде естіп, еске ұстап қалғандарым», – деді белгілі өлкетанушы Сәтқали Әуелбаев.
Кейінірек билік Нағымды балалар үйіне орналастырып, одан 1941–1945 жылдары соғысқа қатысып, жараланып, бір аяғынан айырылып елге оралды. Аманғалидың ұлы Нағымның Гурьев қаласындағы өмірінің өзі ерекше тарих. Ал Мұхсинаға оралсақ, ол кісінің тағдыры 1927 жылы үкімет әскерлерінің қолына түскеннен кейін былай өрбіген.
Ол 1927 жылы тұтқынға алынып, біраз уақыт Аманғалидың құдасы Әбдірахман Жүсіповпен, күйеуінің інілері Сүндетқали және Үмбетқалимен бірге Орал түрмесінде үш жыл отырғаннан кейін, 1929 жылы сот шешімімен Мурманск облысындағы тұтқындарға деген ауыр азабымен теріс атағы шыққан СЛОН лагерінде жазаларын өтеді. Кеңестік сот билігінің әділетсіздігі мен қатыгездігін жасы тек 18-ге жаңа толған Мұхсина бір кісідей-ақ көрді. Мұхсинаның Орал түрмесінде соңғы жауап алу кезінде өзінің жүктілігін ескере отырып, түрмеден босатуды сұрап берген арызын түрме әкімшілігі кереңдікпен жауапсыз қалдырды. Сөйтіп, Мұхсина ана болудың қызығынан біржола айырылды. Мұхсина Кенжахметова Мурманск лагерінде 1933 жылға дейін күйеуінің інісі Сүндетқалимен жазасын бірге өтеген. 1933 жылы Мұхсина мен Сүндетқали лагерьден босатылғаннан кейін Мәскеу арқылы өз Отанына оралады. Алайда Мұхсина өзінің ата-анасына оралуға батылы бармай, Орал облысының Казталов ауданында тұрып қалады. Белгілі өлкетанушы Мұрат Бектеновтің мәлімет­тері бойынша, Мұхсина апамыз 70-жылдарға дейін Орал облысында өмір сүрген. Ол 1994 жылы наурызда ақталды.
Ішкі істер органдары Кенжахметовтер отбасына байланысты асқан қатыгездіктің үлгілерін көрсет­ті. Аманғалидың өзі, 1928 жылы 11 қаңтарда өзінің немере інісі Тайырмен бірге Астрахан облысына қарай өтіп бара жатқанда Үштаған жеріндегі бір қыстауда болған қанды шайқаста өлтірілді. Осы оқиғаға байланысты мынадай сұрақ туындайды: бұл жерде күштік ұйымдардың әрекет­тері қаншалықты заңды болды, олар неге бұл адамдарды келіссөз жүргізбестен, бейне бір айдалада шаруаның малын қырып жүрген бөрілердей бірден атып өлтірді? Бұл сұрақтар мәңгі жауапсыз қалды. Кенжахметовтер барлығы 5 ағайынды болатын. Аманғали қаза болғаннан кейін көп ұзамай оның інілері Әндірғали мен Мұқанғали ОГПУ отрядымен шайқаста қаза тапты. Тағы екі інісі – Сүндетқали мен Үмбетқали Орал қаласына түрмеге қамалды, сол жерден 1929 жылы СЛОН лагеріне (арнайы мақсат­тағы Солтүстік Лагерь) жіберілді. Сүндетқали мен Үмбетқали ешқандай жазықтары болмаса да, бәрібір тек Аманғалидың інілері болғандықтан түрме мен лагерь азабын бастарынан кешірді, яғни жергілікті тілмен айтқанда, бұлар «қосақ арасында босқа кеткен» жандар еді. Тағдырдың қалауымен Үмбетқали Финляндияға тап болып, онда ол 80 жасқа дейін өмір сүрді.
Сипат­талған оқиғалардан бері көп уақыт өт­ті, халық айтқандай, содан бері көп су ақты, көп нәрсе өзгерді. Алайда Аманғали мен оның жауынгер жары Мұхсина Кенжахметованың тағдыры адамдардың санасы мен жүрегін әлі күнге дейін толғандырып келеді. Десек те, адамдардың олардың іс-әрекетіне қатысты пікірлері алуан түрлі. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Себебі бұл оқиғалар өте көп адамның тағдырын шарпыды. Біз үшін бір нәрсе анық: Аманғали өзінің қауіпті жолына еріккеннен немесе ерекше бір қанішер адам болғандықтан түскен жоқ. Сол кезде қалыптасқан жағдай оны осы қауіпті жолға түсуге мәжбүр етіп, ақыры Аманғали ажал құшты. Бұл оқиғалардың басты трагедиясы – бұл іске оның сүйікті әйелі Мұхсина да қатысты. Өкініштісі, ол өзінің ерекше қасиет­терін адам қызметінің басқа лайықты түрлеріне жұмсай алмай, ақыр соңында өзінің туған жерінен жырақта қайтыс болды. Тағдыры ауыр, ыстық махаббат­тың құрбаны болған апамыз Мұхсинаны қанша аясақ та болар іс болды, бояуы сіңді. Сондықтан қиын да, бірақ жарқын өмірдің иесі – жерлесіміз Мұхсинаның есімі ұмытылмау­ға тиісті. Өйткені оның тағдыры – біздің тарихымыздың бөлінбейтін бір бөлігі.
Мақаланы Мұхсинаның жанындай сүйген жары Аманғалидың бірнеше өлеңімен аяқтағанды жөн көрдім. Себебі осы өлеңдерден біз Аманғалидың қандай адам болғанын білеміз.

1923 жыл
Қолымда бір қамшым бар сәліңгірдей,
Атандым елге тентек кәдімгідей.
Бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен,
Соңыма неге түстің бәрің бірдей?!.

Оқымай жас күнімде қара таныдым,
Қарпін келтіре алмай шала таныдым.
Аралап кең Нарында жүргенімде,
Себектен «Аманғали банды» атандым.

Нарынның сырты – айдала, іші –
пана,
Ат міндім өзі-ақ моншақ, көзі-ай қара.
Сыртымнан мені қазақ– «банды»
дейді,
Банды боп қамшы ойнат­тым
қайсысына?

1925 жыл
Ақ берен, алты қарыс ата алмадым,
Қайғы жеп өз үйімде жата алмадым.
Үйіне Отарғали екі барып,
Хайуанды өлтіруге қия алмадым.

Тәңірім, жәрдем бергей адасқанға,
Шығады қара жердің шаңы аспанға.
Хабар жоқ, көптен бері
Мұқанжаннан,
Берейін бес жүз теңге бал ашқанға.

Келеді Жайық суы тасыйын деп,
Барамын арғы бетке асайын деп.
Дініме бір кеселдік шылым тартам,
Күйігін Мұқанжанның басайын деп.

1926 жыл
Астыма мінген атым күреңім-ай,
Біткен-ді күреңіме бір елі май.
Тәңірім әлде болса берер-дағы,
Қайғырып қапаланба, жүрегім-ай.

Үстіме кидім бешпет қыл қарадан,
Түймесін қыл қараның қыз қадаған.
Елімнен нақақпенен
«банды» атандым,
Болады деп мұндай заман кім ойлаған!

Әкесі Мұхсинаның Әлімтай ғой,
Мұхсина әзір менің қасымда ғой.
Әтірет мені ұстап, жалғыз қалсаң,
Жарқ етіп жоғаларсың жасындай-ақ!
Ш. НАҒЫМҰЛЫ,
Атырау университетінің профессоры,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір