КҮМІСТЕН КІСЕ ТАҚТЫМ КӨШ-КЕРУЕННЕН
26.09.2024
749
5

Думан БӘЗІЛЖАН

Оу, Алматым
…Жарқыраған көк тасында көшеңнің,
Ізі қалған Сәкен бәтеңкесінің.

Төлеген Айбергенов

 

Самалы сағыныштың ескен қырға,
Еңку-еңку жер шалып көшкен куә.
Алматым!
Оу, Алматым ұлы шаһар,
Өзіңе жыр арнамай кетсем күнә!

Көз салып Алатаудан сұңғыла – Күн,
Кеудеңе тағушы еді гүл құрағын.
Тұмаңнан Тұманбайлар толқын атып,
Ағызған арнам едің жыр бұлағын.

Өзгеден жайып салып оза сырын,
Алатау шыңдарынан көз асырдың.
Мен кеше теріп алғам парақтардан,
Әдемі сен туралы сөз асылын.

Ай-ару іңірдегі жаңа туған,
«Айырды» бүгін мені бар ақылдан.
Мен кеше әндеріңді талып жеткен,
Тыңдаушы ем қайт­қан құстың қанатынан.

Өзіңді өле сүйген еркін беріп,
Сәулелі санам биік, сертім берік.
Жел сүйген боз шудаңды жайып салып,
Емірен боталы інген секілденіп.

Ұстаған ұлан-ғайыр қонақ атын,
Тіл қатам Сарыарқадан сонау, жақын.
Мен ертең бір сөз айтам естімеген,
Сене бер, ұлы шаһар, оу, Алматым!

Беу, Астана
Жат елде жағам – жыртық, қалам – кетік,
Базарым орталаған бағам кетіп.
Алашқа бесік болған, беу, Астана,
Шөгердім сары атанды саған жетіп…

Жан тартып жан бауырды, дос-қараны,
Көңілім көбеңсиді, хош болады.
Фариза көшесінде
Перуайым –
Тұрады Астананың жас қонағы.

Құлақ сап Құрманғазы күйге тұнық,
Кесімін жасайтын жер би бекініп.
Есігін Ақорданың ашпасам да,
Төбесін көріп тұрам үйде отырып.

Мамырдың мақамындай көк жасаңға,
Ыңылдап ән қосамын анда-санда.
Дәтімді дәрге­йіне жеткіземін,
Қасына хан ағзамның бармасам да.

Тұранның даласында төске өрлеген,
Күмістен кісе тақтым көш-керуеннен.
Уақытпен жарысамын кірпік ілмей,
Бақытқа басымды иіп кештеу келген.
* * *
Түгелдей көшіп түскендей көктегі жұлдыз,
Немесе қордың қызындай лағыл моншақты
Астана түні шақырса өлеңге құндыз,
Үздігіп сүйдім сұлулық жамылған шақты.

Асынған бүгін қаруым, жарағым – күлкім,
Қатулы бұлт­тар жолдаған хатыңды алмаймын.
Хан өзі ашып бергендей қаланың құлпын,
Жеңіспен қайт­қан жорықтан
баһадүрдаймын.

Елдіктің тұғыры еңселі есіл Астана,
Көк аспан күннің көзіне өрледі бүркіт.
Шарана толы қымыздай кешің тостаған,
Көтеріп көкке құямын кеудеме жыр қып.

Қабағым бір сәт ашылды күздейгі күннен,
Сарыарқа төсін кезе­йін ауылдасты алып.
Есілдің бойын ен жайлау ізгі ойы мүлдем,
Ағылған алыс-жақыннан
қауымдас-халық.
Беу, көркем менің Астанам!
Ақордаң бекем,
Анамдай қамқор орасын желегің жанды.
Жылқы-тағдырым,
Жерсінбей оралған мекен,
Жұртыңда жансын жүрегім, өлеңім мәңгі!

Бір жан бар келем
деген…
Бір жан бар келем деген Ханбалықтан,
Сезетін сағынышты жан бар ұққан.
Біздегі махаббат­тар маздап жанып,
Күздегі күрең белге ән дарытқан.

Бір жан бар келем деген Шығыс жақтан,
Тербеткен теңіздегі тынысты ақ таң.
Ойымен Оқжетпесті өлшеп қайтар,
Көргенде Көкшетауды пүліс жапқан.

Түрленген күміс рең, түсті кілең,
Әкелер ақсұңқардай құсты білем:
Жазылған ормандардың жиегімен,
Созылған қорғандардың үстіменен.

Келеді айқара ашып есікті асқақ,
Оқиымыз ұзақ өлең есіп бастап.
Тұнықты бір жұтамыз түнге сүңгіп,
Шұлықты баяғыдай шешіп тастап…

Осындай бір күн келер, күтем оны!
Көтерген Алатаудың тіке жоны.
Қауышар ыстық-ыстық құшағымыз,
Қазірше құпиялау кім екені!?

Ұл он беске толған күн

(Өсерге)
Бағдарынан байқатқан бөлек екпін,
Өмір, сенің көшіңе ере кет­тім.
«Ат байларың артыңда бар ма?» дейтін,
Ұл өмірге келген күн – керемет күн!

Бет түзеген Батысқа жылы ағыстың,
Толқынына қол создым, құрақ ұштым.
Ерсалуға жараған қазанатқа,
Ұл он беске толған күн – қуаныш күн!

Кешкен ғұмыр көз салсам аз аялдап,
Қанат қаққан кеудемнен ғазал – айғақ.
Егізімдей екеуі – ұл мен өлең,
Солар үшін сөзімді жазам әйбәт.

Солар үшін ертегі ғұмыр кешкен,
Дүбірлескен, бүгінге бүгілместен.
Әкелердің бақыты, ұрпақ сүйіп:
«Айналайын, құлыным, күнім» дескен!

Қиял ұшқыр озады қалқып құстан,
Келешегім, келе бер жарқын тұстан.
Әкелердің қызығы: «Атқа шапқан,
Үйде отырып ұлына тақым қысқан».

ПІКІРЛЕР5
Қонақ 27.09.2024 | 12:54

Тамаша өлеңдер, талантың арта берсін, елдің қалаулы азаматы бол!

Қонақ 27.09.2024 | 20:59

Жазар көп болсын! Ғажап!

Қонақ 27.09.2024 | 21:45

Ақ жайлау ағаның өлеңдері де өзіндей Аңқылдап-ақ тұр екен. Тамаша!

Қонақ 27.09.2024 | 21:48

Мөлдіреп тұрған жырлар екен، айтатын ойы анық ، көркемдік тілі бөлек، сұлу өлеңдер екен. ақынның қалам қуаты неғұрлым жоғары салмақты көрінеді👍👏

Қонақ 28.09.2024 | 00:18

Думан бауырым, сіздің ұйқастарыңыз мұндағы ақындарымыздың жыр толғауынан бөлек екен!! Қазақ әдебиетіне жаңа, тың самал ескендей болды!! Қаламыңыз ұшқыр болып, биікке самғай беріңіз!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір