Сөз дегеніміз – самұрық құс
23.08.2024
559
0

Ұлт руханиятының шарайнасындай «Қазақ әдебиеті» газетінде (№27, 12 шілде, 2024 жыл) «Елім-ай» айдарымен жарияланған Иран-Ғайыптың «Аmаnаt» партиясына аманат» толғауы ойшыл оқырманның рухын сәулелендіріп, көңілін сүйсіндірді. Сәкен Сейфуллинше айт­қанда: «Газет оқу – адамның білімін арт­тырады», «Газет оқымасаң – меңіреу, құлақсыз, саңыраусың!»

Аталмыш жүйелі толғауда, біріншіден, әлеумет­тік мәдени-тарихи ақпарат­тар, ұлт­тық-символикалық құндылықтар мен көркемдік-психологиялық мазмұн бай. Екіншіден, жаһандану заманындағы геосаясат жағдайында, мыңжылдықтар бойында сұрыпталып, іріктеліп, сараланған халықтық дәстүрлер мен тәжірибелерді сақтап, қорғау, жетілдіру керегін ескертіп, түсіндіреді. Үшіншіден, «Жаңа Қазақ­стан», «Әділет­ті Қазақ­стан» қоғамын құруда, лидерлік, патриот­тық кесек істерімен «Amanat» партиясының тарих сахнасында жарқырап, халықтық көзқарас пен жұртшылық тілегі орайында көшбасшылық идеялардың барынша ойдағыдай орындалуына және ұлы бабалар аманатын ардақтауға, тағлиматын мемлекетіміздің өсіп-өну, көркею жолында шеберлікпен кәміл қолдануға қанат­тандырады, аршындап-шарықтап алға ұмтылуға мағыналы кеңес береді.
Ақынның тамыры терең дәуірнамалық мәртебелі, дәрежелі жырында Ұлы Даласы мен Ұлы бабаларына деген уыз ілтипат бар. Тілеуқорлықтан, ақындық құлшыныс-бұлқыныстан туған отаншылдық, мемлекетшілдік, қаһармандық рухқа суарылған толқынды, жалынды, от­ты сап толғау былайша басталады:
Ал дүние…
Аманат!
Аманат!
Ұлтым –
Ұрпағым,
Ұрқым –
«Қылқаным»,
Саған – Аманат!

Әл-Тарази –
Заңдылығым,
Мәңгілігім –
Аманат!

Адам-Затым
Қазақ-Атым –
Азаматым,
Аманат!
Аспани-Көгім,
Арғы –
Ғұн-Тегім
Аманат!
Сөз дегеніміз – самұрық құс. Сөз ғасырлар тұңғиығындағы бірегей мәлімет­терді, заманының тұңғиық қойнауларындағы құпия сурет­терді, бел-белестерді тірілтіп жеткізеді. Өйткені қазіргі қазақ елінің түп бабасы – ғұндар. Ғұн өркениеті, санасы, тілі, дәстүрі әлі күнге де­йін сақталған. Сондықтан Иран-Ғайыптың:
Арғы –
Ғұн-тегім
Аманат! – деуі, сөз атасын айт­қаны, яғни тек-төркінімізді байыптағаны.
Ел-Ананы, Жер-Ананы, барша ұлт­тық-рухани игіліктерді жат қолдан, пәле-жала, зобалаңдардан қору, қорғау – бабалардың асыл мұраты, аманаты. Иә, Иран-Ғайып толғауындағы философиялық идея былайша сипат­талады:
Қас-Сақ
Халықтығым –
Алыптығым,
Аманат!
Ұлан-Ғайыр
Жерім,
Рухани-Зайыр
Елім,
Аманат!
Көк-Байрағым,
Көк – Тәңірлі,
Көк-Бөрілі –
Аймағым,
Аманат!
Осы бір тарихи-әлеумет­тік, стилистикалық сарындар Мәңгітаста қашалған мынадай бейнелі тұжырымдарды ойға оралтады: «Қағандық мемлекет­те, хандықта қордаланған қазына, дәулет мол болса, әрине, халықта қандай мұң болмақ!»; «Халқыңды қалауынша киіндір, еріңді елді болдыр»; «Ілкімді (алғыр) биік орнаса, үкімет (мемлекет) қалыптасады»; «Бір құлаш денем жойылса жойылсын, Ұлы Билігім жойылмасын» (Қ.Сартқожаұлы, Ж.Қаржаубайұлы. «Орхон ескерткіштерінің толық атласы». Алматы,2019.34,39,96,201-бет­тер).
Ұлт­тың асыл мұраты – адал еңбек, ар тазалығы, жан тазалығы, кәсібім – нәсібім деп құмырсқаша қимылдау. Бұған ақынның:
Асыл-Мұратым –
Жеткен,
Адал еңбегім –
Еткен,
Аманат! – дегені дәлел. Ұлт­тық құрылтайдың елдік тұжырымдамасы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» еді. Адалдық – кемел адамның қасиеті.
Мемлекет­тің құты мен қыдыры, айбары мен қорғаны: 1) Тәуелсіздігі, 2) Территориясы, 3) Әскери әлеуеті, 4) Тілі, 5)Тарихы, 6) Даналық қағидат­тары. Осынау ұлы, киелі ұғымдар философиясын ақын былайша төндіре сурет­тейді:
А) Бостани-Азамат­тығым –
Тәуелсіз – Ғажаптығым,
Аманат!
Ә) Оң-Түстігім,
Сол-Түстігім,
Батысым-Шығысым –
Төрт-Құбылам,
Арқам-Атырауым –
Торқам-Топырағым,
Аманат!
Б) Асқар-Тауларым,
Бақша-Бауларым,
Аманат!
Өзен-Көлдерім
Барқыт-Белдерім
Аманат!
Бейбіт-Ұшқаным –
Қыран-Құстарым,
Аманат!
Қалың-Нуым,
Ауам,
Отым,
Суым,
Аманат!
Аққу-Қаздарым,
Гәкку-Саздарым –
Тағдыр-Таланым,
Жазымыш-Жазғаным,
Аманат!
Бұл-Бұл –
Сайрағаным,
Гүл-Гүл-
Жайнағаным,
Аманат!
Әділет – «Жаңа Қазақ­станның» басты тұғырнамасы, құбыланамасы! Әділет­ті сөйлеу, турашылдық, сыншылдық көзқарас таныту Иран-Ғайыптың ақындық, суреткерлік қолтаңбасына тән. Осы орайда:
Ұрандағаным –
Ғұмыр-Бойыма,
Құра-Алмағаным:
«Ұлы Отан» –
Партиям, аманат… – деп ағынан жарылуы да жөн.
Ежелден қазақтың қасиет­ті «Есік пен Төрі – Думан» еді. Отыз жыл ішінде тұтастай қазақ елі «Шұбырынды – Ақ табан!» болды. Енді қазақтың асыл сөзін суша сапыру, «ақаулы кәрі жорғаларды», «қиқу салған тырналарды», «құйрық сорған борсықтарды», «жорықшы түлкі мырзаларды» дат­таудың күні келмеске кеткен шығар.
Сондықтан да ақынның мысқалдай сынына төзімділік көрсетіп, серпіліп ширығу керек болар. Сонда ғана дұрыстық, ізгілік жолына түсеміз.
Задында, «Жаңа Қазақ­стан» өмірінде әділет­тің туы желбіреп, ақжарылғап сәулет­ті заман туып, мың өліп, мың тірілген» халқымыз молшылықтың, тоқшылықтың, бейбітшіліктің құшағында ғұмыр кешсе, ел, халық, мемлекет алдында аманатқа адалдық танытса әрі көшбасшылық, стратегиялық, патриот­тық идеяларды қолдануда лидерлік іс-қимылдарға жүгінсе, Қазақ­стан ғажапстанға айналар еді.
Міне, Иран-Ғайыптың «Аманат» турасындағы толғауының асыл түйіндемесі – осы.

Серік НЕГИМОВ,
Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір