Тәлім
08.04.2016
1879
1

Мүсілім ӘМЗЕ

12376298_592998897534815_1218561703794386209_nКөне кәсіпті бастағанына үш-төрт жыл толған бозбала үлкен ұстаздың шеберханасына келгелі жылдан асты. Бірнеше күнгі тапсырмаға көңілі толмаған қарт шебер жаңа дәріске көшті. Көнерген кәсіптің терең тарихы мен шеберліктің қилы амал-тәсілінен басталған естелік әңгімелер ұстаздың есіне өз әкесін түсірді.

қылқалам

Қиын кезеңде, аласапыран уақытта жарықтық әкесінің қолынан ескі аспабы түспеп еді… Күндегі саусақ ширату мен алуан жаттығулар әрі ермек, әрі аз ғана несібесін де айырған. Сөйте тұра, өзінің бағытын бағып отырған әкесін сағынып есіне алғаны сол еді, кеберсіген ернін еріксіз тістеп, даусындағы әлсіз діріл соңы жарықшақтанып, соңғы сөздің буынын жұтып қойды. Қара суық пен алапат аштық қарашаны қабат қысқанда да үмітін үзбеген кәсібі еді. Бүгіндері жұмысына жұрт таңданып, еңбекқор деп ел мақтаған үлкен шеберге айналса да әкесінің алдында өзін төмен санап, сөзінен пәс көңіл, ерекше құрмет сезілген. Қолдан-қолға көшкен кәсіпке өзгеше өрнек-сыпатпен үлес қосқан әке ықылас-батасын беріп шығарып салып еді. «Бағытың айқын, міндетің зор, абыройың асқақ, асың адал» деген. Міне, сол өмірден ерте озған шебер әкенің әрі ұлық өнерге баулыған ұлы ұстаздың өнері мен өнегесі мына екі қолда, жігітім, деп бозбалаға қос алақанын жая берді. Бірте-бірте күшейе түскен дауыс зорая келе «алсаң – осы, алмасаң – жолың әне» дегенде… қорыққаннан «бәріне дайынмын» деп саңқ ете қалды жас жігіт. Асығыс айтты, мүмкін үнсіз қалуы керек пе еді…

Тас қашау

Үздіксіз дайындық, жанкешті еңбек, тынымсыз қозғалыс талап етті. Қанша сырдың кілтін алған, әдіс-айлаға жүйрік болған өреннің күнделікті дағды шаруасына ешқандай себеп кедергі болмауы керек. Әуелгі бастау – жаңа келген жас талапқа қойылатын жаттығудан бастап кәнігі шебердің машығына дейінгі аралық. Бәрі бұрыннан білетін нәрсең болса да, ерінбей еске алу. Таңның  беташар тірлігі осы болмақ, шаршасаң қайта баста. Екі иығың түсіп қалардай болдырған, жон арқаң мойыннан төмен қозғалтпайды, көзің қарауытып бара жатса – бәрін уақытша деп біл. Маңдайдан аққан ащы тер бәрін жуып мұнтаздай етіп ілкі қалпына келтіреді. Осы қиындықтан аман өттің екен, алдың даңғайыр, балам. Әр ісің бойыңа ләззат, жаңа ісің ойыңа шәрбат сыйлайды. Қатар-құрбың күндіз көлеңке саялап, кешкісін көңіл көтеруге шақырады. Келіссең – бір апта жұмысың зая. Талантың қандай болса, талабың да таудай екен, қарағым… атадан балаға мирас өнердің жалғасы да өзің боларсың-ау! Дәстүр аманатын өзіңе жүктеу бар ойым! Іске сәт, тап бүгін, дәл қазір баста жұмысты. Дайындығың зор атаққа жеткізер, әке әруағы жебесін, әмин!

Ұстаз толқыған күйі шығып кетті. Бозбала бетін сипаған қалыпта қала берді. Бала бірнеше күн еткен қайраттан қажып, еркін тыныс алған сәті еді. Толассыз аққан тасқын әңгімені қорыту қиын соқты ма, бәлкім, жаңа жұмысты таңғы тыныштықпен бастамақ болды ма… әйтеуір, бозбала  заттарын түгендеп сыртқа беттеді. Ұстаз да бұл уақыт біраз жер жүріп кеткен болар ендігі. Көлденең кездесе қоймас, ертең де күн бар. Дегенмен, маған деген көңілі дұрыс екен деп масайраған күйі адымдай берді. Аманат астарын түсініп, ұзақ тәлімнің байыбына жеттім бе деген сан сауалдың шырмауымен күнбатыс дөңнен аса бергенде… өз ойымен оңаша қалған, батқан күнге қарап ойға шомған ұстазын көрді. Ол да жалт қарады.

Қарады да түнерді. Жанары мұнша сұсты болар ма! Екі көзі өңмен тесердей. Түңілгеннен түтігіп тұр. Есіл үміт, қайран уақыт, қор болған көңіл… Енді таптым ба дегенде, сен де көп баланың сапынан ұзамадың-ау дегендей қолын бір сілтеген күйі, қайрылмай жүре берді. Қазықтай болып бала қалды. Не ізінен ерерін білмеді, не орнында қаларын…

ою

…Арада он бес жылдай уақыт өтті. Мүмкін, жиырма… Бозбала шыңдалған шын шеберге айналды. Еңбегін көзімен көрген, талай туындысы жайлы жұрттан естіген, тереңдік деңгейін алыс-жақындағы қатарымен сынай салыстырған ұстазы «көргені жақсы кемелдікке бет алады» деп күбірледі. Көңілі толып мерейі асқан кейіппен «арысым, азаматым» деп шәкіртінен айналып-толғанған сайын өзінің абзал әкесі де ойына орала берді.

 

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір