Пушкиннің «Пайғамбары» Құраннан алынған…
19.07.2024
766
0

Туғанына 225 жыл толғаны кең көлемде атап өтіліп жатқан Пушкин мұрасының зерттелу ауқымы кiм-кiмдi де таңғалдырмай қоймайды. Бұл заманда пушкинтану бөлек ғылым деңгейiне жақындап қалды десек, артық айтқандық болмайды. Пушкиннiң шығармашылығын сөз еткен адамның дәл қазiр қаншама талпынып, талмай-танбай ізденсе де, соныдан соқпақ салып, тыңнан түрен түсiрiп кете қоюы неғайбыл. Пушкин сынды әлемдiк ауқымдағы тұлғаларға тек өз тұрғымыздан қарап, әңгiме етсек ғана жаңалыққа жете алуымыз мүмкiн.

Көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі Сауытбек Абдрахманов сондай соны сөзді айта алғаны анық. Танымал ғалымның Ресейдегі «Литературная газетаның» соңғы нөмірінде (2024 жыл, 17 шілде) басылған «Читал я сладостный Коран» атты көлемді мақаласы – ұлттық мәдениеттанудың бүгінгі биік деңгей-дәрежесін тамаша танытатын туынды. Мақаланың басына «Филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов: «Пушкин «Пайғамбар» жырын жазғанда Құран сүрелерінен шабыт алған» деген редакциялық тақырыпша қоюдың өзі көп жайды аңғартады, яғни, басылым мақаладағы тұжырымдамалық ойды ерекшелеп, оқырмандарының назарын тың қорытындыға, тосын түйінге аудартып отыр.
Иә, айтса айтқандай-ақ, қазақ әдебиет­танушысы бұл еңбегінде Пушкиннің «Пайғамбар» жырының арқауы, бұған дейін талай жазылып, талай айтылып келгеніндей Библияда емес, Құранда жатқанын ғылыми терең талдаумен, берік ой қисынымен нақты дәлелдеп шыға білген. Пушкин жырларында Құранның 33 сүресінің сарыны қамтылғанын қолмен қойғандай етіп жазған автор: «Пайғамбардағы» «Содан кейін көкірегімді // Қылышпенен тіліп жарды. Дірілдеген жүрегімді // Суырды да жұлып алды», – деген жолдардың Құранның Шарх сүресіндегі: «Ей, Мұхаммед! Сенің кеудеңді ашпадық па?» – деп келетін 1-аятынан бастау алатынын, ал бұл сарынның Библияда жоқ екенін айшықты, айғақты түрде айтып өткен. С.Абдрахмановтың мақаласында Пушкиннің Құранның М.Веревкин жасаған аудармасын ғана емес, хадистерді де оқығаны, сөйтіп атақты «Құранға еліктеу» топтамасында орталық образ етіп Алланы алғаны да дәлме-дәл тұжырымдалған.
«Сонымен, біздіңше, Пушкин өлеңін құдірет етіп тұрған басты сарын Құраннан алынған деп сеніммен айтуға негіз бар» – деп жазған автор өз мақаласын: «Солай болғандықтан да «ұлы Петрдiң арабы» Ыбырайымның (Ибрагим Ганнибалдың) ұрпағы – данышпан Пушкин өзiнiң өлеңдер циклының болмыс-бiтiмiн «елiктеу» деп сыпайы ғана сипаттау арқылы да Құранды, сол арқылы бүкіл мұсылман мәдениетін қандайлық құрмет тұтатынын көрсетiп отыр. Мұның өзі әлем жырының жарық жұлдызы Пушкиннің кемеңгерлігін де, кеңдігін де кемел көрсетеді», – деп түйіндейді.
Абайдың 175 жылдығы тұсында Ресейдің «Независимая газета», «Литературная газета», «Комсомольская правда» сияқты брендке айналған беделді басылымдарында ұлы ақынның аудармашылығы туралы тағылымды мақалалар жариялаған қадірменді авторды шығармашылық тың табысымен құттықтаудың әбден-ақ жөні бар деп білеміз.

Қазақ әдебиеті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір