СЫНЫҚ СҮЙЕМ ӘҢГІМЕЛЕР
13.07.2024
1803
2

Неге өйтіп боқтайды?

–Аға, айтыңызшы, көңілі қалған адамды қазақ неге «Өй, бір мал екенсің ғой!» – деп боқтайды? «Өй, бір жаныуар екенсің ғой!» – десе де жетпей ме?
– Біріншіден, адам да жаныуар. Жер бетіндегі жаны бардың бәрі жаныуар. Жаныуардың бәрінде бір шөкім болса да сана бар. Адам – солардың ең жоғарғы саналысы. Сондықтан «жаныуар» деген соншалық ауыр сөзге жатпайды. Ал боқтау – ең ауыр сөз айтыу.
– «Мал» деген ауыр сөз емес қой, аға. Адамзат­тың бәрін асырап отырған сол мал емес пе? Сонда «мал» дегеніңіз боқтау емес, мақтау болып шықпай ма?
– Басқаны білмеймін, қазақты мал асырап келгені ырас.
– Ендеше неге оны ең ауыр сөз дейсіз?
– Қазақ «мал» деп өзі асырайтын, жейтін төрт түлікті ғана айтады: түйені, жылқыны, сыйырды және қой-ешкіні.
– Ешкіні неге жеке малға санамайды?
– Өйткені оның тәуелсіздігі жоқ, ылғый қойдың шылауында жүреді: қоралары ортақ, жайылымы бірге, құмалақтары бірдей, қой да маңырайды, ешкі де маңырайды, йағный екеуінің де тілі бір; ал тілі бірдің бәрі – бір, жүндері ұқсамағанымен, үндері ұқсайды. Тек қой көп, ешкі аз, сондықтан азшылық көпшілікке бағынады. Ал бағыныштылардың бағы ашылмайтыны бешенеден белгілі.
– Мұны түсіндім, аға. «Ешкі менен қой тең бе, сеніменен мен тең бе?» деп жатады ғой қазақ. Бірақ бір ешкіге бола бүкіл төрт түлікті жазғырыу обал емес пе? Малдың соншалық несі ұнамайды?
– Малғұндығы.
– А – а? Ол не деген?
– Ажалының кімнен, неден болатынын білмей, тасыраңдай беретіндерді бұрынғылар «малғұн» деген.
– Ал оның малға қандай қатысы бар?
– Тікелей. Мал өзін ійесінің асырайтынын, бағып-қағатынын – бәрін біледі, тек неге өйтетінін білмейді.
– Ал неге өйтеді?
– Ал неге өйтпейді? Өзінің қорегі, жейтін азығы болған соң сөйтеді. Мал оны – түптің түбінде ійесі өзін жеп тынатынын – білмейді. Сол үшін ғана төрт түлікті қазақ «мал» дейді.
– Құдай сақтасын, мұны мұншалық қәуіпті сөз деп кім ойлаған? Құдай бізді мал болыудан, мал қылғысы келетіндерден сақтасын!

Кім қазақ?

–Аға, той қалай өт­ті? Көңілсізсіз ғой, шаршап қалдыңыз ба?
–Ійә, шаршат­ты.
– Ауыз жаппайтын асабадан, гүрс-гүрс, гүлп-гүлп етіп құлақ тұндырған текнійкадан сіздер тұрмақ, біздер де шаршап шығамыз. Тағы не шаршат­ты?
– Біз, шал-кемпірлер, қазақша тілек айт­тық, батамызды бердік. Бізден ке­йінгілер де, біздің балаларымыз қатарлылар да қазақша сөйледі. Тойдың соңын ала той ійесінің немерелеріне, келіндеріне сөз беріп еді, бір-екеуі болмаса, бәрі дерлік басқа тілде сөйледі. Тіпті біреуі ағылшынша ән салды. Қазақ болыудан қашқан ұрпақты көріп, шошып қайт­тым. Осындай ұрпақты көргенде, шаршамағанда қәйтесің?
– Ал бұған кім кінәлі, аға? Халық па, халықты басқарғандар ма?
– Халықты қай тілде басқарсаң, сол тілде сөйлейді, оның несін сұрайсың? Ал, менің ұғымымда – қазақша сөйлейтін адам ғана қазақ.

Бала баққан ел едік, қалайша бала сатқан елге айналдық?

–Аға, ашық айт­қаныма ашыулан­баңыз, сіз жалпы, көп нәрсеге көңіліңіз толмай жүретін адамсыз ғой. Әйткенмен, айтыңызшы, тәуелсіз мемлекет болғалы бері жаныңызға, намысыңызға қат­ты тійген мәселелер болды ма?
– Жекелей жемқорлық, сыбайлас жемқорлық әлемдегі елдің бәрінде дерлік бар. Ал біздікі шектен шығып, бәрінікінен асып кет­ті. «Бұрын шыққан құлақтан соңғы шыққан мүйіз озыпты» дегенді естіуің бар ма?
– Бар, аға.
– «Дәнікеннен құныққан жаман» дейді халқымыз. Оны да естіген боларсың. Байлыққа құныққан адам мемлекет­тің қамынан гөрі өз байлығының қамын көбірек ойлайды. «Ананы апарып, мынаны жасырып, анаған қоссам; мынадағыны алып, ізін жауып, анаумен араластырып жіберсем», – деп, қалай байый түсіуін ойлап, күні бойы, түні бойы басы қатады да жүреді. Оның әлеумет­тік зардабын санмен мөлшерлеу, пайызға шағып бағалау мүлдем мүмкін емес. Олар бәнкіден ақша ұрлаудың, құрылыстан қаржы жымқырыудың, ең айағы балабақшадан, мектептен, жол салыу мен көшет отырғызыудан да жымқырып қалыудың жүйелі жолын жасап алды. Тек халықты білімді, мәденійет­ті, заңды бұзбайтын, қылмысқа бармайтын етіудің, йағный халықты бақыт­ты етіудің жүйелі жолын жасай алмады. Жеуден, жымқырыудан қолдары да тіймеді. Өйткені «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деген ғой Абай. Олардың байлықтан басқа мұңы болмады. Соның салдарынан басшылар байлыққа бат­ты, қатардағылар сансырасып жат­ты. Жан бағыудың кейбіреулер үшін жан түршігерлік жағдайға жеткені соншалық, олар өз баласын шет елдік байларға сат­ты. Оған мемлекет мүмкіндік берді, тыймады, көрмегенсіді, білмегенсіді. Жоқтықтан жаны күйзелген байғұс ата-ана: «Біз өлсек те баламыз өлмесін, қайда кетсе де көз алдымыздан аман кетсін», – деп, кез келген жаныуарға да жат деңгейге де­йін төмендеді.
– Түу, аға, тұлабойымды түршіктіріп жібердіңіз ғой, тегі. Жақсы бірдеме айтыңызшы!
– Тыңда! Қәзір енді балаларын бұрынғыдай шет елдік байларға емес, өз байларымызға жасырын сататындар шықты. Өзгешілігі сол: өз баласын сатқанды да, біреудің баласын сатып алғанды да қәзір сот­тайтын болдық. Жазаны қатайтып жатырмыз, қатайтып жатырмыз, бірақ бұндай сұмдықты болдырмаудың қамын жеп, мемлекет­тің өз халқын қорғай біліу қәбілетін әлемдік деңгейге әлі көтере алмадық. «Қатын-баласын қорғап қаза табатын қазақты қатын-баласын сатып күн көретін қазаққа кім айналдырды?» – деген сұрақ көкейімізде тұр. Бірақ оған жауап бола ма, болмай ма – белгісіз. Ал менің жаныма екеуі де – бұған барғанымыз да, оған жауап болмауы да – батады.

2023

– Аға, жылдың айақталыуына екі-ақ күн қалды. Айтыңызшы, быйыл сізге қат­ты әсер еткен қандай оқыйғалар болды?
– Біріншісі – осыдан үш жүз сексен жыл бұрын болған оқыйға – Орбұлақ жеңісі. 1643 жылы шілдеде қазақтың алты жүз, қырғыздың бір жүз, барлығы жеті жүз жауынгер екі қолаң таудың ортасына оқпана қазып қорғанып, қалмақтың еліу мың қолын жеңеді. Сол ұлы жеңісті жаңа Қазақстанды құрып жатқан халқымыз мемлекет­тік деңгейде атап өтпеді. Соғыс өткен жердегі аудан ғана, біраз мектеп пен кітәпхана ғана атап өт­ті. Осы жағдай маған қат­ты әсер ет­ті. Мұны мен өле-өлгенше ұмыта алмайтын шығармын.
Мектепте, жоғарғы оқыу орындарында тарыйхты оқытамыз; Тарыйх және этнологыйа іністітұтында, Ғылым академыйсында тарыйхты зерт­тейміз; Ғылым және жоғары білім міністірлігінде тарыйхқа басшылық жасаймыз, алайда соның нәтійжесі осылай болса, онда біздің мемлекет­тік жүйеміздің қандай болғаны? Мемлекетіміз халқын, ұрпағын отансүйгіштікке мұндай ұлы жеңісті, бірліктің ұлы күшін үлгі ете алмағаны жаныма қат­ты бат­ты.
Екіншісі – осыдан үш жүз жыл бұрын көкек айында халқымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталған ұлы күйзеліске ұшырады. Қазаққа қарақалпақтан басқа ешкім көмекке келген жоқ. «Қазақ біржола жойыла ма, жоқ па?» – деп, жан-жақтан бақылаушылар ғана болды.
Халықтың қанында бар қаһармандық қайта ойанды. Енді ойанбаса, ел болмайтынын білді. Қырғыннан қансырады, ойсырады; әлі жетпей жеңілді, қапы қалып бармағын шайнады; боздағынан айрылды, боз үйінен безіп кет­ті; «Ат­тан!» – деген арыуақты үн атқа қондырды. Ереуіл атқа ер салды, еріулі атқа жем салды; егеулі найза қолында, қайраулы қылыш қынында, жұмырықтай жұмылды, жұдырықтай түйілді, отыз бес жыл шайқасып, ақыры қытайменен ұштасып, Жоңғар мемлекетін жер бетінен жойысты. Сол қәсірет­ті ұмыт­тырмайтын «Елім-ай!» деген зар қалды. Соның бәрін бір жыйын жасап, бір күн ғана мемлекет­тік деңгейде атап өте алмағанымыз қалай жаныма батпасын?
Осы екі нәрсе быйыл – екі мың еліу үшінші жылы – менің жаныма қат­ты бат­ты. Сол үшін мені сөгесің бе, жек көресің бе, оны өзің біл!
– Апырмай, аға, құлазыған құу далада қалғандай қылдыңыз-ау!
– Құлазымау үшін артыңа қарама, алдыңа қара!

Қорқам ғой

– Тәуелсіз мемлекет болғалы бері елімізде қазақша сөйлейтіндер біраз көбейді. Оған қандай баға бересіз?
– Біраз көбейсе,«біраз» деген баға берем.
– Әй, қырсықсыз-ау, аға. Бір жақсы баға береді екен десем. Жарайды.
Ал енді қазақша білгісі де, сөйлегісі де келмейтін, өзге тілде өмір сүріп жүргенін мақтан ететіндерге қандай баға бересіз?
– Олар – көң.
– Көң? Ол не дегеніңіз?
– «Тыңайт­қыш» дегенім.
– Қандай тыңайт­қыш?
– Кәдімгі. Егінді, жемісті, көгөністі жақсы өсіретін қорек.
– Ал оның қазаққа қандай қатысы бар?
– Тікелей. Патшалық Ресейдің әйгілі қоғам қайраткері П.Сталыпин деген адам: «Ұлт­тық сана-сезімі жоқ халық – өзге халықты өсіріп-өндіретін көң», – депті. Енді түсіндің бе?
– О-ой, түсінгені құрысын-ай! Басқаны білмеймін, мен, әйтеуір, өлсем өліп кетермін, бірақ көң болмай өлем, аға! Қорықпаңыз!
– Мен сенен тек өліп кетесің-ау деп қорқам ғой.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ
ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 19.07.2024 | 23:42

Неге , граматикалық қате көп? Ешкім тексеріс жасамай жібере салған.

Қонақ 15.11.2024 | 22:36

Меніңше, ол қателер әдейі қалдырған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір