«Мансапқорлар»
Орал қаласында 2021 жылы «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклімен шымылдығын ашқан «Ғасыр жастары» жастар театрының репертуары жаңа шығармамен толықты. Бұған дейін «Сыған серенадасы», «Желтоқсан түні», «Дүние-ғапыл», «Қиял» («Менің атым Қожа»), т.б. спектакльдері арқылы көрерменнің қошаметіне бөленген жас ұжым қоғамдық-саяси мәселелерге де батыл бара алатындығын Ж.Аймауытовтың «Мансапқорлар» драмасын сахналау арқылы байқатып отыр.
Премьерасы 18-19-маусым күндері болған пьесаның идеясы – қазақ психологиясы мен тұрмысын тереңінен жаулап алған дерт – жемқорлықты, ашкөздікті әшкерелеу. Автордың дәл осы мақсатын дөп басқан режиссер Гауһар Адай спектакльде Жүсіпбек Аймауытов пьесасындағы көріністер мен оқиғаларды сол күйінде көрсетуді мақсат етпеген. Драманың екінші бөлімінің сегізінші көрінісіндегі Күләнданың Қасқырбайға у беру сахнасын негізгі нысана етіп алған ол драматург ұсынған кейіпкерлердің ішіндегі Қасқырбай, Мүсілім, Әубәкір, Күләнданы ғана алып, оларды ойынға қатыстырады. Режиссер А.Артоның «қатыгездік театрының» тәсілдерін, Б.Брехттің «оқшаулану» («отчуждение») әдісін, К.С.Станиславскийдің кейіпкержандылығын бір арнаға тоғыстыру арқылы қоғамдағы ақсап жатқан, өзін ойландырған мәселелерді қисынды жеткізе білген.
Спектакль басталғанда әрқайсысының мұңы мен зары бар халықты білдіретін үрленген шарлардың арасынан шығарма авторының портретін көреміз. Түсірілген қызыл жарық жазушы тағдырының жеңіл болмағанын, ұрпағына мол рухани мұра қалдырған тұлға өмірінің тар жолын айғақтайды. Одан әрі авансценаға жақындап, Жүсіпбек Аймауытовтың ремаркасын көпшілікке түсіндіріп өткен Жасқайрат Валиуллиев бастапқыда дауыс екпінін, сөз саптауын сахналық нақышпен, пафостық сарында бастағанымен кейіннен тұрмыстық қарапайым тілмен-ақ тәптіштеп тұрып айтып береді.
Қойылымдағы Қасқырбай болыстың (Ж.Валиуллиев) майдалап отырып пайда табуды көздейтін ашкөздігін қызмет бөлмесінің еденіне төселуге тиісті кілемді үйіне алып кетуінен байқауға болады. Спектакльдің декорациясына бөлінген 2 млн теңгені байқамай айтып қалып, сол ақшаға анасының 70 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізгенін де жасырмаған Қасқырбай үшін бұл қаражат түк те емес.
Ол әрбір қадамы сайын табысын халықтың үстінен арттыруға әбден машықтанып, мұны қалыпты жағдайға айналдырған. Жымқырылған қаражаттың орнын өзіне таныс режиссерді шақырып, спектакль қойдыру арқылы жауып тастай салу – оңай іс. Қасқырбай – Ж.Валиуллиев өзінің сөзіне, бұған дейін жасаған әрекетіне риза, аса көңілді. Актердің ойынында Ж.Аймауытов меңзеген жемқорлық пен ашкөздіктің уыты бойына жайылған, жоқ жерден пайда табуды көздеген адамның кескіні шынайы жасалды.
Спектакльдің келесі сахнасында аса қуанышты көңіл-күймен кей кездері басқалар да отыра алатын унитаз-креслоға жайғасқан болыс-режиссер (Ж.Валиуллиев) «Мансапқорлар» қойылымына қатысатын актерлерді салтанатты түрде сахнаға шақырады. Сөйтіп, спектакль ішіндегі спектакль сахнаға шыққан тоғыз орындаушының рөлге таласынан басталады. Әсіресе, барлығын қызықтыратыны – Мүсілімнің рөлі, яғни олардың арманы – ел билеу. Демек, Мүсілім қайткенде де болыс болуы керек. Мүсілім-Ринат Сабырғалиев: «Мен болыс болсам өйтер едім, бүйтер едім, үйтер едім, жүйтер едім, фүйтер едім, күйтер едім», – деп көпшілікке өзін мойындатады. Сөйтіп, бұған дейін өзінің өктемдігі мен билігін жүргізіп отырған Қасқырбайды орнынан жұлып алып, унитаз-креслоға жайғасады. Мұның астарында халықтың «қалауымен» сайланған басшының сөзі мен уәдесінің билікке келгеннен кейін орындалмауы жатыр.
Ал, Күләнданың рөліне өзін ұсынған орындаушының (Ақжол Ихсан) үстіндегі ұзын, қызыл көйлек ессіз құмарлықты білдірсе, кейде басына қойып, кейде қолына ұстап жүретін ұзын сабақты гүл бірде үй сыпыратын, енді бірде адам өлтіретін құрал ретінде қолданылады. Демек, пьесада Қасқырбайдың ажалына себепші болған Күләнданың спектакльдегі орны салмақты.
«Мүсілімнің алдауына түсіп жүрген ақымақ Күләнданы қалай ойнаймын?» – деп өзеурейтін екінші Мүсілім (Наргиз Шадыева) сахнаның оң жағына ілінген Led экраннан бүгінгі күні көпшілік үшін қалыпты жағдайға айналған жол мәселесін ортаға салады. «Біздер жол саламыз, сол жолды салған кезде салушы компаниялар алдын ала дұрыстап, ұзақ мерзімге қолданатындай қылып салмаса, үкімет оған миллиондап ақша бөліп, шұрқ тесік жолды жамай береді, жамай береді. Өйткені, оларға жыл сайын ақша бөлу үшін сапасыз жол салу тиімді», – дейді ол. Бұл жерде режиссер өз мүддесі үшін Күләнданы арбаған Мүсілім мен бүгінгі қарапайым халықты алдаған биліктің әрекетінен ұқсастық тауыпты. Ешқашан шешімін таппайтын мұндай мәселелерден болашақтың трагедиялық хәлін анық көре аламыз. Демек, өткен ғасырдың басында (1922 ж.) жазылған Ж.Аймауытов шығармасындағы идея әлі күнге дейін өзекті. Сол сияқты қолына адамның бас сүйегін ұстап, Гамлетше толғанған екінші Әубәкір (Аманжол Сатқанбаев) пьеса экспозициясындағы Күләнда мен Мүсілімнің диалогын мысқылмен жеткізеді. Драмадағы Күләнданың: «Болыс болсаң мені аласың ба?» – деген сауалы қойылымда «Болыс болсаң мені рөлге аласың ба?» болып өзгерген.
Кейінгі көріністерде қойылым суретшісі Гүлдана Алина сахнаның ортасына жұқа ақ қағазбен қапталған бөлме тәріздес төртбұрышты кеңістікті орналастырған. Оқиға барысында қисынды қолданылатын бұл деталь өзіндік ойы, өзіндік сөзі, өзіндік мені жоқ, өзгеге тәуелді адамдардың бейшара хәлін көрсетуде маңызды қызмет атқарып тұр. Бұған мысал ретінде Әубәкір (Ақжол Ихсан) мен төртінші Әубәкірдің (Рамазан Камешов) осы бөлменің екі жақтауын жыртып, еңкейген күйде бастарын сол жерге тығып тұру мизанценасын айта аламыз. Режиссер мен суретшінің пайымынша, осындай вакуумда тұрғызып-ақ адамның сағын сындыруға болады екен. Екі Әубәкірді осындай күйге жеткізіп, өзін болыстыққа ұсынған менмен әрі тәкаппар екінші Мүсілімнің (Н.Шадыева) ұстанымы – қол астындағыларды еркін ұстамай, керісінше үнемі интрига жасап отыру арқылы өзіне тәуелді ету. Бұл дегеніміз – үнемі өзара араздасып, бір-бірімен жауласып жүрген халықтың билікте ісі болмайды деген сөз.
Спектакльде басына бұқаның маскасы мен жалаң денеге иық бау киген кейіпкер бар, ол – екінші Қасқырбай (Асланбек Жұлқашев). Актердің түр-тұлғасы бұқаға берілетін сипаттамаға сай келіпті. Өз кезегінде унитаз-креслоға отырған оған Мүсілім – Р.Сабырғалиев кредитке батқан көп балалы жас отбасында баспананың жоқтығын, тіпті отыз тоғыз жыл бойы бір үйге қолы жетпегендердің барын сахна төріне ілінген шарларды жарып жүріп, ашына баяндайды. Мүсілім жарған шарларды қазақ қоғамындағы әлеуметтік жағдайдың өте төмендігі, үзілген үміттер, арманына қол жеткізе алмастан өмірден озғандар деп қабылдадық. Осындай зарлы әңгімені естіп, тыңдап отырған екінші Қасқырбай: «Неменеге маған келе бересіңдер? Мені жоқ деп айтшы», – деп жылап отыр. Бір сәт өзіне көпшіліктің аяушылық сезімін оятуды көздегенімен ар жағында тек өз мүддесін ғана көздейтін екінші Қасқырбайдың бейнесі көрініп тұрады. Елдің айтуынша, қол астындағыларды су тасқынын жіберіп, көтеріліс жасап немесе жұқпалы ауру таратып, бас көтертпей жаншып ұстайды. Және үшінші Әубәкір (Құралбек Катшаев) мен төртінші Әубәкірдің (Рамазан Камешов) «жемқорлыққа біздің етіміз үйреніп кеткен, жемқорлық біздің ата-салтымыз болып кеткен, біздің ата-бабамыздан қалған аманат» дейтін сөздері бар. Бұлар да – өкінішке қарай, біздің қоғамда белең алып отырған құбылыстар.
Қара көлеңке сахнадағы режиссердің (яғни, Мүсілімнің) алдындағы ұзын ақ матаның екі жағынан ұстап тұрған екі орындаушының бірі – біреудің өмірін қолында ұстап, кей сәттерде үміт беріп тұрған адам. Ал, екіншісі – құрбан, бұл – екінші Әубәкір (А.Сатқанбаев). Режиссер қолындағы көлемі өте үлкен бокалдан қан ішкен сайын ол жаны шыға қатты қиналады. Бұл жерде әкесінің кегін алғысы келіп, болыстыққа түскен тілмаштың рөліне үміт еткен жігіттің кескінін көреміз. Бокалдан қан ішкен режиссердің әрекетінде халықты қанға батырған, қол астындағыларды теспей сорып, қинайтын билік өкілдерінің бейнесі бар. Дәл осы тұста француз теоретигі Антонен Артоның «қатыгездік театрының» теориясын қолданған Г.Адайдың мақсаты – сахнада болып жатқан қатыгездік немесе қантөгіс арқылы адамның ұйықтап жатқан санасын селт еткізу болған.
Г.Адайдың тағы бір сахналық ұтқыр шешімі ретінде Әубәкір мен төртінші Әубәкірдің бокалдағы қанмен ақ қабырғаға сурет салу көрінісін айта аламыз. Кейіпкерлердің (спектакльдегі ойынға қатысушы актерлердің) ішкі дүниесіндегі аласапыран күй, қан мен қатыгездікке толы өмірдің қатаң көрінісі А.Артоның жоғарыда атап өткен тұжырымына сай келген. Одан әрі жұқа әрі жыртылған төрт қабырғаның ішінен шыққан Қасқырбай – Ж.Валиуллиевтің: «Спектакль қойылмасын деп едім ғой, сен әртістерді рөлге қойып, неге интрига жасап жүрсің, тоқтат ойыныңды», – деген айғайын естиміз. Алайда қалай болғанда да режиссерге тәуелді актер (Ж.Валиуллиев) халықтың ақшасын жеген болыстың рөлін орындаудан бас тартып, сағы сынған Әубәкірдің рөлін ойнауды жалынып сұрайды. Қасқырбайдың мансапқұмарлығының, ашкөздігінің соңы жақсылыққа апармасын түсінген, сезген ол Ж.Аймауытовты, «Мансапқорларды», адамгершілікті іздейді.
Қойылымның шарықтау шегіне жеткенде Күләнданың еш қиналмастан Қасқырбай болысты (Ж.Валиуллиев) арқанға асып, екінші Қасқырбай (А.Жұлқашев) мен «Мансапқорлар» пьесасы біз туралы емес еді ғой, бұл жоғары жақтағылар туралы емес пе еді? Бізде не күнә бар дейсің, жұмаға барсаң шайылып кететін күнәлар ғой, біздікі. Мен ойнамаймын, мен ойыннан шығамын», – деп жылап, күйзеліске түскен үшінші Қасқырбайды (С.Рысқалиев) пышақтап өлтіруі, өзінің бейнесі салынған суреттің тұсын жыртып шыққан екінші Мүсілімнің (Н.Шадыева) ажал бейнесінде келіп Әубәкірді өлтіруі, сол сияқты дүниеге таласқан бақталастықтың кесірінен төртінші Әубәкірдің ажал құшуы сынды сахналар бірінен кейін бірі тізбектеліп өтеді. Мұндай зұлымдықтың барлығы жоғарыда атап өткеніміздей, пьесадағы екінші бөлімнің сегізінші көрінісінде автор шығарып қойған үкімнен туындаған.
Ал, немістің теоретик-режиссері Бертольд Брехттің «оқшаулану» тәсілінде шығарма оқиғасы, кейіпкерлердің мінезі мен әрекеті ойламаған, оқыс қимылдар арқылы беріліп, күтпеген әрекеттерге негізделеді. Режиссердің пайымдауынша, бұл әдіс көрерменнің таңқалу сезімін оятып, қызығушылығын арттыруы тиіс. Мұны Күләнда мен Мүсілімнің (Н.Хасанова, Р.Сабырғалиев) кездесу сахнасындағы олардың бір-біріне деген салқын қабақтарынан, екінші Мүсілімнің рөліндегі Н.Шадыеваның дауыс иірімдерінің өзгерісінен, көзқарасы мен мимикасынан байқадық.
Негізінен әрбір драматург, жазушы немесе режиссер өзі өмір сүрген уақыттың үні мен тынысын ашып көрсетуге міндетті. Г.Адай Ж.Аймауытов кейіпкерлерінің ішінен Қасқырбай болыс пен Күләнданы, Мүсілім мен Әубәкірді ғана алып, дәл қазіргі уақытта адам психологиясына мықтап еніп, аса шегінен шыққан мансапқорлық пен жағымпаздықты, ашкөздік пен атаққұмарлықты барынша ашып көрсетеді. Өмірде төрт түрлі мансапқордың болатынын алға тартқан режиссер аталған шығарманы сахналауда көздеген мақсатына жеткен. Яғни, спектакльдегі басты идея – өмірде ойын ойнағандар ғана тірі қалады екен, кімнің болмасын кез келген тығырықтан шығуы үшін ойын ойнай білуі маңызды. Қойылымның финалында осы тұжырымды көрерменге жеткізген режиссер-Мүсілім (Р.Сабырғалиев) пьесадағы екінші бөлімнің сегізінші көрінісінің басталғанын жариялайды. Демек, осы күнге дейін дерт болып келген мансапқорлық пен ашкөздіктің, зұлымдық пен арамдықтың жалғасы бар екен…
Қойылымның семиотикалық шешімдері Г.Адайдың айтар ойымен де, актерлік ойындармен де, сахна атмосферасымен де қисынды байланысқан. Мәселен, режиссер-Қасқырбайдың (Ж.Валиуллиев) қолындағы портреттік рама кейіпкердің мінез-сипатын, жалпы қоғамдағы Қасқырбайлардың болмысын ашып береді. Әрі бұдан дәл қазіргі өзін ғана аса құрметтейтін, өзінен басқаны көрмейтін пенделердің бейнесін көрдік. Сол сияқты спектакльде қолданылған унитаз былыққа батқан қоғамдағы лас дүниелерді, адами қарым-қатынастың таза еместігін байқатады. Сонымен қоса режиссер мен суретші бұл арқылы қазіргі қоғамдағы философиялық ойлар мен моральдың осындай лас жерде айтылатынын меңзейді.Тағы бір айта кетерлігі – сахнада негізінен үш: ақ, қара, қызыл түс қана орын алған. Бұл да Г.Адай мен Г.Алинаның айтар ой-тұжырымына сай сахна атмосферасын тудырып, кейіпкерлердің мінез-болмысы мен олардың атын атап, түсін түстеп-ақ тұр.
Қорыта айтқанда, Г.Адай авангардтық бағыттағы сауатты қойылымы арқылы драматургияның теориясына немесе сахнаның өзіне тән құрылымына бағынбайтын, ештеңеге тәуелсіз келісті дүние жасап шыққан. Спектакль барысында «Ғасыр жастары» жастар театрының артистері шынайы ойын бедерімен көпшіліктің көңілін баурады. Ең бастысы, аталған қойылым бүгінгі уақыттың ағымы мен заманауи таным-түсінікке сәйкес көрерменнің ой көкжиегін кеңейтіп, өмір мен өнерге өзгеше түсініктің қалыптасуына ықпал етері сөзсіз. Ендеше мұндай қойылымдар керек-ақ.
Зухра ИСЛАМБАЕВА,
театртанушы, өнертану кандидаты