Біз бәрін жасаймыз!
21.06.2024
127
0

Министр мінбеден сөйлеп тұр:
– Біз өркендеп келеміз. Біз бәрін жасаймыз. Мәселен, автомобильдердің дискілерін жасап жатырмыз. «Домалақ» деген зауыт ашылды. Автобустарға орындық жасайтын «Мамық» деген зауыт­тың лентасын қидық. «Бойнг» ұшағына лайықталған ұшақ вентиляторларын жобалап қойдық…
– Отандық өнімдердің күрделі жобасы бар ма? Қазіргі гео­саяси жағдайда нендей нәрселер қолға алынып жатыр? – деп сұрақ қойды үкімет басшысы.
Министр міңгірлеген жоқ.
– Иә, бұл мәселені қолға алдық. Танктердің шынжырларын жасап тастадық. Танкшілердің астына төсейтін көрпешелер, шаршағанда жата кететін жастықтар өндіретін фабрика жұмыс істеп тұр. Дрондарды сырлау үшін бояу өндіретін алып зауыт іске қосылды. Алысқа ұшатын зымырандар жасадық. Әзірге он метр ұшады. Болашақта он бір метрге де­йін ұшуы үшін ғалымдар бас қатырып әлек. Той тойлап жүрген қазақтарымыз қуанатындай, ұзындығы он метрге жететін төрт үлгісі дайын болып қалды.
– Робот­тар бар ма? – деді үкімет басшысы.
– Иә, робот әйелдердің үлгісі дайын. Құдай қаласа, жалғызбасты еркектер мәз болатын күн алыс емес. Қазақ­стан теміржолы басшыларын қуантайын деп отырмыз. Шетелден сатып алынған вагондардың бүйірлеріне «Алматы – Астана» деп жазылған қаңылтыр көрсеткіштер керек-ақ. Соны дайындайтын зауыт­ты өзіңіз көріп қайт­тыңыз. «Быж-ж» деген кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
– Ол немене «быж-ж»?
– Сіріңке шығарады. «Быж-ж» етіп тұтанады.
– Сосын?
– «Ища-аай!» деген тоңазытқыш шығару ойымызда бар. Іші тек қыста ғана мұздап тұрады. Ол үшін есігін ашып қою керек.
Теледидарды өшіре салдым. Жақында келіншегім босанады. Айы-күні жетіп отыр. Құдай қаласа, адам жасап шығарамын! Адам! Сенесіздер ме, адам!

ТУРИСТЕР ТАЛЫП ҚАЛДЫ!

– Америкадан туристер, белгілі бизнесмендер келе жатыр, қаланың көрікті, сән-салтанаты келіскен жерлерін, демалыс орындарын тамашаламақ екен, қай жерлерге апарамыз? – деп сұрады қала әкімі орынбасарларынан.
– Қала шетіндегі зират­ты көрсетейік, – деді бірінші орынбасары.
– Неге?
– Евромолалар, үш-төрт қабат­ты зират­тар көздің жауын алады. Тіпті зират ішінде бассейн, аквапарк, су бұрқақтар бар.
– Біздің қаламыздан көш ілгері дамып кеткен десеңші?
– Иә, мақтаншақ, дарақы қазақпыз ғой, бай-бағландар жарысып әлек.
Не керек, төрт-бес туристі қала әкімі бастаған «шөпке іші өткендер» бағыт­тап, қала маңындағы зират­ты аралап жүр.
– О-о, олгендер томаша турады экен? – дейді қазақша шөп сындыратын америкалықтың бірі. – Мрамор, алтын жалатылган кабирлер… Мунда кафе бар?
– Бар, бар, – деді әкім қарсы бет­тегі кафені нұсқап. – «Скелет­тер» кафесі жұмыс істейді. Мұнда тек аруақтар тамақтанады. Бізге рұқсат жоқ.
– О-о, бассейн?
– Иә, скелет­тер шомылсын деп…
Бір кез­де, қала әкімінің шопыры зиратқа басын соққылай бастады. Жүгіріп келіп, тау текедей соққылады дейсіз! Туристер талып қала жаздады.
– Нэ істеп жатэр? – деп сұрады олардың басшысы.
– Е, басы қышып кеткен екен…
Әкімнің нөкерлері дереу араша түспегенде, масқара болар еді. Басы жарылған, мұрнынан қан сорғалаған шопырды ауруханаға жатқызды. Бас дәрігер:
– Не үшін зират­ты соққыладың? – деп сұрайды.
– Өлген адамдар қандай бақыт­ты? Супер молада өмір сүргім келді! Өлгім келіп кеткені… – дейді шопыр.
– Ойбай, өзіміздің де қызыққанымыз сонша, өлгіміз келіп кетеді. Өлейік десек, хит моламызға ақша жинап, әлек болып жүрміз… – деді бас дәрігер.
Шопырдың бұрыннан қан қысымы бар екен, ертеңіне жан тәсілім ет­ті… Ол қорымның елеусіз бір жеріне жерленіп, басына мүжілген тас қалқайды.

ОТАНДЫҚ АУРУЛАРЫМЫЗ ЖЕТІП АРТЫЛАДЫ!

Аман болайық, құдай сақтасын деп әзілдей салайын… Бірақ шындық бар!
Құдай жоқтан сақтасын! Құдайға шүкір, төрт жылдан бері түбіркүлезбін. Жөтелгенде, бетімнің бәрі ауыз болып кетеді… Кіші дәретім ұстамайды. «Резбісі» кеткен бе, шәй ішсем болды, ақылдаспай, ағып кете береді… Бүйрегімде бес киләдәй тас бар көрінеді. Құдай жоқтан сақтасын, бар ғой енді, менде бәрі бар! Тоқ ішегім тоңып қалған дей ме, «көз қуанышым» – остоехондроз, радикулитім менің! Жандарым сол! Ауырмасам, ас батпайды… Артроз, артрит, бронхит, ринит, тонзилит, ларингит, гепатит деген өңшең «ит­терім» де – бар «байлығым!» Тамағым қышиды, қолтығым ысиды, кірпіктерімнің түбі сыздап ауырғанда, ой бір «рахат­танып» қаламын!
Ке­йінгі кез­де құлағым шуылдап, кедейлер шеруге шулап шығып жатқандай ма? Миымда арпалыс. Кеше менингит болып, оны әжептеуір жуып тастадық… Достарым «қант диабетімен ауырғаның» құт­ты болсын!» айтып келді… Енді грыжа болсам ба деп жүрмін… Геморройды бастан кештік. Кеше үй кезегінде тұрып, тегін инсульт алдым. Алты сотық жерімді қала әкімшілігіндегі жұқсыздар басқа біреудің атына жазып жібергендіктен, қан қысымым көтерілді. Құдай көтергенге жеткізсін! Қоғамдағы небір әділетсіздіктерді көріп-біліп отырып, ойпырмай, құдайдың маған бас ауруы – сақинаны бере салғанын айтсаңызшы! Мемлекет­тік шенеуніктердің өзі бас қатырып, бастарын ауыртпай жатқанда, мына «абыройлы» ауру көңілімді көтеріп тастады! Біреулер қазынадан қарпып жеп, кедейдің малын тартып жеп, шіріген бай атанып жатса, мен пақырың Қазақ­стандағы бар ауруды бойыма жинап алып, іріген «бай» болып жатырмын! Енді Африкаға барып, эбола вирусын жұқтырып келсем бе дегем… Құрысыншы, отандық ауруларымыз жетіп артылады!

Мұхтар ШЕРІМ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір