Ініге – ізет
13.06.2024
252
0

(тарихи-публицистикалық көзқарас)

Сөзбасы

Дәстүрлі қазақ қоғамының табиғаты­мен біте қайнасқан әлеумет­тік құбылыс – үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету атадан балаға тамыр тартып, халқымыздың бұлжымас қағидасына айналған.
Алайда, соңғы жылдары қазақ зиялы­лары дәстүрлі қазақ қоғамында ғасырлар бойы сақталған үлкен мен кіші арасындағы жарасымды сыйластықтың үндестігі бұзылып, ұрпақтар арасындағы табиғи сабақтастықтың бірте-бірте үзіліп бара жатқанына алаңдаушылық білдіре бастады.
«Баяғыда қазақтың ғалымдары болар баланы балапанынан баулып, оған қамқорлық көрсетіп, талант­ты, талапты жастарды өз үйлеріне жатқызып, қолынан келген көмектерін аямаған. Қазір ондай адамдарды көріп отырған жоқпын, өкініштісі осы, – деп жазды белгілі сая­сат­танушы Дос Көшім, – бір кез­дегі қазақ зиялылары арасындағы алдыңғы аға өкшені басып келе жатқан кейінгі ініге қамқорлық көрсетіп, білгенін үйрету дейтін жақсы бір үрдіс, мақсат мүдделестігі үзіліп қалған сияқты».
Ұлтымызға тән осынау кісілік қымбат қасиет­ті бүгінде ақсақал жасқа жеткен абыз ағалар: «Бұрынғы аға мен іні арасындағы қарым-қатынас қандай ғажап еді», – деп сағына еске алатын болды. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Зиялының да зиялысы бар.
Десек те, нарықтық қатынастар зиялы қауымның әлеумет­тік жағдайы мен өмірлік ұстанымына, олардың өзіндік көзқарастарына да өз салқынын тигізгені рас. Басқаша айт­қанда, ұлтымыздың рухани көшін сүйрейтін ұстаз-ғалымдар мен ақын-жазушылардың қоғамдағы тұлғалық орны жоғалып барады.

Тарих не дейді?

Иә, жоғарыдағы ойды нықтай түсетін төмендегі деректер сөзімізге тұздық. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің деректеріне сенсек: «Қызылорда қаласынан 20-30 шақырым жерде Сұлутөбе деген жер бар. Сол стансаның жанындағы «1-май» деген ауылда М.Шоқайдың (1890-1941) туыстары осы уақытқа дейін тұрады екен. Сол ағайындары тарихшы-ғалымға біраз қызық әңгімелерді айтыпты. Кім де кім ауылдан Ташкентке бара қалса, сонда білім алып жүрген шәкірт Мұстафаға жолықпай қайтпаған. Таңданарлығы сол, ағайындары жылда Ташкент­те орыс гимназиясында өте жақсы оқып жатқан Мұстафаның оқуына сүйсініп, бәрі бір-бір қара малдан береді екен. Сол ауылда жиналған малды бір кісі Ташкентке базарға айдап апарып сатып, соның ақшасын Мұстафаға жеткізіп отырған. Оқуы сәт­ті, жақсы жүрсін деп, ағайындары осылай қолдау жасаған. Ол кез­де жалпы оқу деген өте қиын болған. Мысалы, шәкірт ауылдан кеткеннен кейін қайтадан ауылға жылдап келе алмаған, қатынас өте қиын, сондай жағдайда қаржылай көмек берудің мәні өте үлкен екені өзінен-өзі түсінікті (Қойгелдиев М. Студент Мұстафа Шоқай. // Құсанбек Б. Бір сәт және бүкіл ғұмыр. – Алматы, 2012,13-14-бб.)
Осы рет­те тағы да бір мысал еске түседі. Академик Серік Қирабаевтың деректеріне сүйенсек: «1922 жылы ауылдың баласы, білім іздеген, жан-жаққа ұмтылып ізденіп жүрген Сәбит Мұқанов (1900-1973)* Орынборға кеңестердің ІІІ сьезіне келіп, сол жолы Сәкенмен танысқан екен де, содан Сәкен ұсталып кеткенше екеуінің арасындағы қарым-қатынас үзілмеген. Сәкеннің көмегімен Сәбит Орталық Атқару Комитетіне мүше болып сайланған. Ол бүгінгі депутат сияқты. Содан кейін Сәкен оны алып қалып, оқуға түсірген, өзінің үйіне пәтерге тұрғызған. Сәкен Сейфуллиннің (1894-1938) Орынборда Деев көшесінде 8 бөлмелі пәтері болған екен, соның 2 бөлмесінде өзі тұрған да, қалғанына ауылдан келген, оқу іздеген балаларды жатқызады екен. Келер жылы Сәбит елге барғанда Ғабит­ті алып келіп, Ғабит екеуі Сәкеннің үйінде тұрған. Бұл жөнінде Сәбит те, Сәкен де жазған» (Қирабаев С. Сәкен мен Сәбит. // Құсанбек Б. Бір сәт және бүкіл ғұмыр. — Алматы, 2012, 141-б.).
Адам мінезі, соған сәйкес ұлт мінезі оның өндірістік қатынастарына һәм кәсібіне байланысты өзгеріп (деформацияланып) отыратыны – ғылыми тұрғыда дәлелденген ақиқат.
Ашып айтсақ, экономикалық қатынастардың өзгеруімен бірге ұлт болмысын­дағы рухани және материалдық құндылықтар аясындағы қарама-қайшылықтар барған сайын тым күрделеніп бара жатыр.
Задында «ақылды жастан, ақылы қызмет­ті» артық санап, аяушылық сезімді ат­тап жүре беретін кербез де қатыгез капитализм өмірімізге дендеп енген сайын материалдық игіліктер суырылып алға шығып, қоғамда байлыққа құмартып елітудің жаппай сипат ала бастағаны сондай, бағзы замандардан мызғымай бүгінге жеткен қазақтың игі дәстүрлерінің бағасы кеміп, рухани құндылықтар кейінге шегеріле бастағандай.
«Жалпы атам қазақтың жолға қарау әдеті әу баста ел арасы мен кісі арасын кетістіру үшін емес, бекіт­тіру үшін ойлап табылған. Біреуді жасына қарап сыйласаң, біреуді жолына қарап сыйлайсың. Жолына қарап көрсетілген жораға ешкім де өкпелемейді, ешкім де тарынбайды. Әсіресе қазақ баласы «кіші» деген сөзге өкпелемеген, – деп жазды Ә.Кекілбаев. – Өйт­кені үлкен балаға енші тисе, кіші балаға мұра, үлкен ағаға төр бұйырса, кенже ініге қара орын бұйырған. Ата-ана­ның шаңырағы кіші балаға қалып отырған. Ғылымда минорат үрдісі деп аталатын бұл қағида көшпелілердің тек ошақ басы қарым-қатынасында ғана емес, саяси-мемлекет­тік құрылымында да қат­ты қадағаланған» (Кекілбайұлы Ә. Азат­тықтың ақ таңы. – Алматы: Қазақ­стан, 1998, 175-б.).
Ізгілік – ғасырлар қойнауынан бастау алып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлы қасиет. «Өмір – теңіз, жүзіп өтем демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» (Әбілхасан Рудаки), «Халқыңа қызмет ет, ізгілерге ізет ет, жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет» (Қожа Ахмет Ясауи).
Тарихи деректерден ұққанымыз, қазақ – табиғатынан бауырмал халық. Ізінен ілескен інілеріне ізет пен ілтипат көрсетіп, демеп, сүйемелдеп жіберу қазақтың кеңдігін әрі оның дархан мінезін көрсетеді. Аға болмысына тән мейірімнің астарында ұлтымыздың тектілігі жатыр. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.
Оған дәстүрлі қазақ қоғамының қойнауында пайда болған «Ат жауырға шыдамайды, ер бауырға шыдамайды», «Аға бордан, іні зордан», «Бір тонның жағасы болма, баршаның ағасы бол», «Өз ағасын ағалай алмаған, кісі ағасын жағалай алмайды», «Адамды алдау – арыңның алдында қылмыс, ағаны алдау – анаңның алдында қылмыс», «Үлкен бастар, кіші қостар», «Тату болса – ағайын жақын, ақылды болса – інің жақын», «Жақсы аға үлкендік қылмайды», «Ағаның үйі – ақ жайлау», «Аға тұрып, іні сөйлегеннен без», «Аға адасса, іні із кеседі», «Аға болсаң ақыл айт, ақыл айтсаң мақұл айт», «Ағасы ақыл­дының ауылы азбайды», «Ағасы ұрар болар, інісі тұтар болар», «Аға ішкен бұлақтан інісі де су ішеді», «Арт­тағыны қозғау – ағалық, алдағыны болжау – даналық», «Жаман аға – міншіл, жаман іні – күншіл», «Інің ағаңдай болмас, ағаң атаңдай болмас», «Ағаға қарап іні өсер, апаға қарап сіңлі өсер», «Аға әдепті болса іні әдепті, апа әдепті болса сіңлі әдепті», «Ағадан қалғанды іні киіп өседі, ападан қалғанды сіңлі киіп өседі, көргендерін бойына түйіп өседі», «Ағасына қарай інісі, апасына қарай сіңлісі», «Аға – ініге ұстаз, апа – сіңліге ұстаз», «Ағаныкі – ортада, інінікі – қалтада», «Ағаныкі – кешіру, інінікі – есіру», т.б. деген ілкіден келе жатқан нақыл сөздер де дәлел бола алады.
Тарих – бүгінгі жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелейтін киелі ғылым және мақала барысында ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларын алаштық не кеңестік деп бөліп-жармай, олардың ұрпаққа үлгі боларлық бірегей қасиет­терін бірыңғай ұлт­тық мүдде тұрғысында зерделеуді жөн санадық.
Өйткені бұлардың қай-қайсысы да ұлт­қа, ұлт­тық намысқа, ұлт­тық мұратқа қызмет жасауды сол заманда өзінше түсінген тұлғалар-тұғын. Тарихшы Х.М.Әбжановтың: «…Ұлт құрып біткенше оның бауырынан ел қамын ойлайтын адал перзент­тер дүниеге келуін тоқтатпайды. Олар замана талқысына орай әр түрлі жолды таңдағанымен, ұлы мақсат­тары біреу болады. Ол – ел-жұртының бақыты, азат­тығы, яғни «алаш» Әлихан, Ахмет­тер жақсы, «қызыл» Тұрар, Сәкендер жаман еді, шетке «қашқан» Мұстафа жаман, қашпай құрбан болған Міржақып жақсы еді, бай-молланың тұқымы Мұхтар текті еді, жеті атасынан бері қара сирақ болған Сәбит тексіз еді деп бағалайтын болсақ, онда тарихи тұлғалардың рухына қиянат жасау өз алдына, ең зор қателік ұлт­тың мәдени-рухани әлемін объективті талғаммен парықтай алмайтын боламыз», – деп анықтауы (Назарбаева Г., Әбжанов Х. Қазақ­стан: тарих тұлға теория. – Алматы: – 2004 — 164-165-бб.) бүгінгі Отан тарихының әлеумет­тік табиғатына сай деп есептейміз.
Қазақтың ХХ ғасырдың басындағы тарихын Бақытжан Қаратаев (1860-1934), Әлихан Бөкейхановтарсыз (1866-1937) елестету мүмкін емес. Екеуі де кезінде ата-бабасы ел билеген ақсүйек текті тұқымнан.
Бақытжан әйгілі Кіші жүз ханы Әбілқайырдың, ал Әлихан – Орта жүздің айтулы сұлтаны Барақтың тұқымы. Көкжал Барақтың Әбілқайырды қапыда өлтіргені тарихтан белгілі.
1913 жылы Ж.Сейдалин: «Қазақ зиялыларының тарландары – Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов және Бақыт Құлманов, бұл үшеуі өзі үш рулы ел болса да, Алаш дегенде басы бір жерге қосылса керек», – деп өз пікірін білдірген болатын («Қазақ» газеті. — Алматы. «Қазақ энцик­лопедиясы», 1998. — 53б.). Ұлт зиялысы Ж.Сейдалиннің өз заманында айт­қан бұл пікірі көп нәрсені аңғартады.
Б.Қаратаев 1890 жылы Ресейдегі беделді оқу орны Санкт-Петербор университетінің заң факультетін алтын медальмен үздік бітіріп шыққан алғашқы қазақ заңгері, ІІ Мемлекет­тік думаның депутаты. Жасы Әлиханнан жарты мүшелдей үлкен.
Зерт­теуші Ү.Х.Идресованың мәліметінше, империя орталығында қызмет­те жүрген Б.Қаратаев қазақ студент жастарымен тығыз қарым-қатынас­та болып, олардың білікті маман, саяси шыңдалған азамат ретінде қалыптасуына қолдан келгенінше көмек көрсетуден аянып қалмады. Сол кез­дегі Б.Қаратаевтың Санкт-Петербордағы пәтері студент жастардың бас қосатын орнына айналды. Ол Ә.Бөкейханов бастаған бір топ студент­терге барынша қамқорлық көрсетуге талпынды. Қазақ студент жастарының арасында Ә.Бөкейхановтың дарынды болмысын ерекше бағалайтын (Идресова Ү.Х. Бақытжан Қаратаевтың қоғамдық-саяси қызметі (1860–1934 жж.) // Тарих ғылымдарының кандидаты… авторефераты. — Орал, 2007,13-б.).
Кейін Б.Қаратаев туған халқының мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етіп, ұлт жанашырына айналған Ә.Бөкейхановқа жазған хатында: «Мен сені студент болған кезіңнен-ақ өз пікірің мен сеніміңнің беріктігіне тәнті болып, құрмет­тейтінмін», – деген.
Осы хат­та көп нәрселер айтылған. Әрі қарай хатында Бақытжан былай дейді: «Әлихан, арамыздағы жалпы ұлт мо­йындаған сенсің. Сен өзіңнің еңбегіңмен, қызметіңмен ұлт­тың көшін бастайтындай деңгейге жет­тің. Оны бәріміз мойындауымыз керек» (Алаш қозғалысы. Құжат­тар мен материалдар жинағы – Алматы: Алаш, 2004.-1-т.-552б.86-91бб.).
Бақытжан бұл сөзді 1911 жылы айтып отыр. Тарихшы М.Қойгелдиевтің айтуынша, Б.Қаратаев – өмірінің соңына дейін Ә.Бөкейхановтың оппоненті болған адам («Жас қазақ», № 48, 8 желтоқсан, 2006 жыл).
Олай болса, саяси көзқарастарының алшақтығы һәм жасының үлкеніне қарамастан ұлт бірлігі, ұлт мұраты жолында кішілік пен кісіліктің үлгісін көрсеткен Б.Қаратаев қандай құрметке де лайық!
ХХ ғасырдың басындағы ұлт серкелерінің ұлы бабалары арасындағы пендешіліктен болған қасірет пен өкпе-ренішті ұлт­тық мүдде жолында ұмытып, сын сағат­та бір-бірін мойындап, бағалай білуі – бүгінгі жас өскінге үлгі-өнеге ғана емес, қалың қазақ сүйсінерлік құбылыс.
Осы рет­те ұлы бабамыз Төле би айт­қан «Қой асығы демеңдер, қолға жақса сақа ғой, жасы кіші демеңдер, ақылы асса, аға ғой» деген даналық сөз еске түседі.
Түйіп айт­қанда, бодау замандағы қазақ зиялыларының өзара сыйластығы – ғажап құбылыс. Қазақтың рухани байлығы, төл мәдениетінің өзегі кісілікте жатыр. Ізгілік – ұлт саңлақтарының тағдырымен бірге өрілген өте қымбат қасиет һәм ұрпақтарды сабақтастырып жатқан алтын шынжыр.

Деректер не дейді?

Сонымен қазақ халқында жеке тұлғалардың бір-біріне ізет көрсетіп, жақсылық жасауы ұлт­тық қағида (кредо) ретінде қалыптасқан. Көтерілген мәселені одан әрі аша түсетін, сөз орайында айрықша атап өтуді қажет ететін тағы бір мысал.
Сәтбаевтанушы Медеу Сәрсекенің деректері бойынша, кәмелет жастағы Қаныш Имантайұлы (1899-1964) атақты халық сазгері Жаяу Мұсаға (1835-1929) сәлем бере барғанында, әнші төсек тартып жатыр екен.
Жаяу Мұсаның: «Қаныш қарағым, бойың өсіпті, ойың қалай?», – дегеніне, Қанекең: «Ой да қосылады ғой аға», – деп жауап береді.
Сол сапарда Жаяу Мұса Қанышқа көк қаршығасын байлайды. Қанекең қаршығаның бөтегесін сипап тұрып: «Құсыңыз серігіңіз ғой, алмаймын. Одан да ауылға құсыңызды алып өзіңіз келіңіз. Аңға бірге шығайық», – деп құсты алмай кетеді.
Мұны кейін естіген Қаныш­тың әкесі Имантай: «Балам, дұрыс жасаған екенсің. Сенің алдыңда Шорман ауылының болыс баласы сұратқанда бермепті. Атаңның көңілін тапқан екенсің», – деп риза болыпты.
Аяулысын ардақтай алатын қазақтың кең мінезі қандай шіркін! Қыранды қыран қиядан таниды деген бар емес пе?! Әйгілі әншінің болыстың баласына бермеген қаршығасын, немересімен жасты Қанышқа сыйлауы – жас талантқа көрсетілген ерекше сый-құрмет екені даусыз.
Ізгіліктің астарында сол мәртебе-дәрежеге әбден лайықты, халық болашағына зор үміт артқан баланың болмысы жатыр. Зерделесек, ұлыдан ұлағат дегеніміздің өзі – осы.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқығандарын ұлтына жасаған қызметіне сай жан-жақты ұлықтау парызымыз. Алаш арыстары менмен, өзімшіл емес, көпшіл, шетінен мемлекетшіл-тұғын. Ұлт ұтылмаған, ұлт­тық мүддеге қызмет қылған, ұлт жұмысына жегілген жердегі нәрсенің бәрі де – ұлы.
Бүгінгі сөз болып отырған тақырыптың өзегін аша түсу мақсатында, озық ойлы қазақ зиялыларының ірілігін айшықтайтын тағы бір деректі саралайық.
Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, тарихшы ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышпаевты (1879-1938) оқырманға таныстырып жатудың өзі артық.
Ол 1900 жылы Верныйдағы ер балалар гимназиясын алтын медальмен тәмамдаса, сол жылы Санкт-Петербордағы Жол қатынасы институтына түсіп, оны 1906 жылы бітірген.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында-ақ Ресей империясы бүкіл Орталық Азияны жаулап, отарлау саясатын іске асыру үшін Орынбор-Ташкент теміржолын сала бастады.
Бізге жеткен деректерге қарағанда 1915 жылы М.Тынышпаев Түлкібас стансасында теміржол салып жүреді. Сол жерде Т.Рысқұловтың (1894-1938) жүргенін естіп, оны іздеп, тауып алады. Тұрарға болашағының зор екенін айтады.
Тұрартанушы О.Қоңыратбаевтың дерегінше, «Рысқұл-Саймасай» оқиғасын бүкіл ел естіген, қарапайым жылқышының патшаның болысын атып тастауы әр қазақты ойда қалдырып, қат­ты әсер еткен.
Жетісулық Мұхамеджан Тынышпаев та сол оқиғаны жақсы білген. Тұрар Мұхамед­жан ағасына бірден ұнаған. М.Тынышпаев оған 150 сом ақша ұстатқан. «Жақсыдан – шарапат» деген осы емес пе!
Сөзімізді тұжырымдасақ, Т.Рысқұлов­тың талант­ты екенін, болашағы зор екенін бірінші болып сезіп, оған дем берген – М.Тынышпаев. Кез келген тарихи тұлға – алдымен пенде. Көктен ешкім салбырап түсе салмайды. Өмірдің бұралаң жолдарынан өтеді. Бұл – заңдылық.
Атам қазақта «Тектіні текті таниды», «Жақсыны жақсы іздей жүреді» деген қанат­ты сөз бар. Демек, жақсыны тану үшін де парасат керек. Мұны ұлы Абай: «Ит маржанды не қылсын», – дейді.
Асыл аға мен алғыр іні арасындағы осы бір тартымды кез­десуді тергеудегі М.Тынышпаевтың өз ауызымен айт­қан жауабы растай түседі: «Рысқұловпен мынадай қызық жағдайда таныстым. 1914 жылы Жетісу теміржолының бойындағы Түлкібас станциясында болдым. Ол ара тамаша жер еді. 1915 жылы маған бір қазақ келіп, осы ауылда Рысқұлов деген жігіт­тің жүргенін, оның оқығысы келетінін, бірақ та ешқандай қаражаты жоқ екенін айт­ты. Мен ат жібертіп, Рысқұловты алдырдым. Сол арада 100 сом (әдейі кемітіп көрсеткен сияқты, басқа деректерде 150 сом -Ж.Ж.) бердім. Егер де оқу үшін ақша керек болса маған хат жазуын өтіндім. Бұл оқиғаны мен мүлдем ұмытып кет­тім. 1922 жылы ғана баяғыда өзім көмектескен жігіт­тің облыстық комитет­те істейтінін білдім. Жазған хатыма жауап берді, мені Ташкентке шақырды. Ташкентке барғанда ол Мәскеуге кетіпті. Содан кейін 1922 жылы, ол 30 жасқа толғанда Ташкент­те кез­дестім. Онда бір-бірімізге көмектесіп, жұмыс істедік» (Жұртбай Т. «Ұраным — Алаш!..» Тез. 2 том. — Алматы: «Ел-шежіре», 2011.79-б.).
Өмір осынысымен қызық. «Жазмыштан озмыш жоқ»! Қазақтың екі айбоз ұлын тағдыр осылай екінші мәрте тоғыстырған. 1926 жылы Кеңес Одағы министрлер кеңесінің төрағасы Алексей Рыков пен оның орынбасары Тұрар Рысқұлов бас болып, Түрксіб теміржолын салуды жоспарлайды. Теміржолды салу үшін білікті мамандарды жинау керек болады. Қоқан автономиясы құлағаннан кейін М.Тынышпаев жұмыссыз қалады. Аға жақсылығының қадірін ұмытпаған Тұрардай іні «жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі» екенін дәлелдеп, Ф.И.Голощекиннің қарсылығына қарамастан М.Тынышпаевты бекітіп жіберген.
Сөйтіп, заңғар тұлғалардың сыйластығы өле-өлгенше жалғасқан. Бұдан абзал аға мен дарынды іні арасындағы үрзада үміт пен ерекше сый-құрмет­тің нәзира үлгісін көруге болады. Өкініштісі, қазақтың біртуар азамат­тарының екеуі де 1938 жылы атылып кет­ті.
Ізгілік – ұлы дүние. Оның үлкен-кішісі болмайды және ол сатылмайды. Бір ғажабы ол ешқашан сатып алынбайды да. Қазақ қайраткерлерінің рухын тірілту, еңбегін жаңғырту, үлгісін айту – тарихшы қауымның парызы.
Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі һәм бірегейі. Ақиқатын айтсақ, Жүсіпбек – осал тұлға емес. Қай жағынан алсаң да мықты. Ерте атылып кеткен ерлердің бірі.
1927-1929 жылдары жазған хат­тарының бірінде: «Былтыр ойын кітабын жазуға бәйге жарияланғанда, «Шернияз» деген кітап жазып қосып едім. Соған бірінші бәйге беріліпті. Мен оны алғам жоқ, екінші бәйге алған Мұхтар Әуезовтің (1897-1961) «Қарагөзіне» беріңдер дедім, өйткені ол – шет­те оқып жүрген шәкірт, ақша менен гөрі оған керегірек қой», – деп жазыпты (Х. Әдібаев, М.Базарбаев, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиев. Қазақ әдебиеті. 11 класс. А., Мектеп баспасы. 2002 жыл. 75-бет).
Біздіңше, осы бір елеусіздеу ғана көрінетін әрекет­тің артында аламан бәйгеде топты жарып, суырылып алға шығып келе жатқан шын жүйрікті, жарқырап жанып келе жатқан «жас жұлдызды» жігерлендіру, шабыт­тандыру, қанат­тандыру сияқты аса қымбат көңіл толқынының ізі сайрап жатқаны айдан анық.
Біздің мақсат – деректерді іріктеп, тізіп шығу емес, келтірілген мысалдарға иек артып, мәселенің мәйегін ашу. Өздерінің ізінен ерген, өкшесін басқан кейінгі жас толқынды тәрбиелеп, қанат­тарын қатайтып кетуге уақыт­тары тар болып, мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан Алаш зиялылары ұлт оғландарының бойына Алаш идеясының нәрін сіңіріп үлгерді.
«Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деп тереңнен толғанған Ахаңдардың 30-жылдардағы үркіндіде М.Әуезовке қалай қолдау жасағанын ел-жұрты әлі ұмыта қойған жоқ.
Өзі тар қапаста жатып, тас қабырғаның ар жағынан сырт­тағыларға «Мұхтарды сақтаңдар, Мұхтарды» деп хат жазатын А.Байтұрсыновтың (1873–1937) ірілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе?!.
Бақи дүниенің сират көпірінен бір кемі жоқ фәни дүниедегі абақты азабын көрудей-ақ көріп, түрме тауқыметін тартудай-ақ тартқан аяулы азамат­тың қарақан басының қайғысынан бұрын болашағы боқташағынан белгілі болып қалған «жас бөрінің» тағдырын биік қоюы – қалай ойласаң да санаға сыя бермейтін ерлік, тек сайыпқыран саңлақтардың ғана қолынан келетін нағыз рухани мәрт­тік.
Бұл жайт­ты белгілі қаламгер Ә.Кекілбаев: «Осының бәрін терең түсінген, заман мен қоғамға әріден қарай білген, ойлы да зерделі Әуезов 1932 жылы баспасөз бетінде өзінің райынан қайт­қанын айтып, кешірім сұраған хат жариялауға мәжбүр болады. Соның арқасында алыптар тобының қиямет заманға қалдырып кеткен жалғыз аманатындай болып, түрмеден босап, тірі қалды. Ел арасында бұны жазушы бұрынғы әріптестерінің айтуымен істеді деген де әңгіме бар» (Кекілбаев Ә. Көрсетілген еңбек. 667–668 бб.), – деп қорытады.
Ал зерт­теуші Тұрсын Жұртбайдың дерегінше, түрмеде жатқан Мұхтар Әуе­зов пен Әлімхан Ермековке «ниетімнен қайт­тым» деп ашық хат жазуға ұсыныс берген де Әлихан мен Ахмет дегдарлар еді. Соның нәтижесінде, қазақтың екі ғұламасы тіршіліктің дәмін тағы да қырық жыл татып, ұлтына қызмет ет­ті (Т.Жұртбай Ұраным Алаш. — Алматы: «Ел-шежіре», 2008. 178-б.).
Осы мысалдардан-ақ ұлтымыздың тектілік деңгейін анық аңғаруға болады. Ініге ізет­тің төркінінде ұлт­тың ұйысуы, ұлт­тың бірлігі, ұлт­тың рухы жатыр. Олардың ұлт мүддесі, ұлт намысы, ұлт мұраты дегендегі ішкі бірлігін, жанкешті қимылын сөзбен айтып жеткізу қиын.
Алаш арыстарының тағдыры қуғын-сүргін мен азапқа толы болды, сонда да олар мойыған жоқ, басына түс­кен ауыр сынақты көтере білді, өмірлік ұста­ны­мы мен адами қасиет­терін сақтай алды. Алаш арыстары – бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге.

Тобықтай түйін

Оқырман мына нәрсені дұрыс түсінгені жөн. Бұл тарихи-танымдық бағыт­та жазылған сараптамалық пайым және көтерілген тақырыптың ауқымы өте кең.
«Ініге – ізет» деп айдарланған бұл ізденісте дәстүрлі қазақ қоғамының қатпарларын аша түсетін тарихи деректерге барынша қысқаша талдау жасалып, негізінен өткен ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ зиялыларының кейінгі буынға көрсеткен ағалық қамқорлығы, үлгі-өнегесі, тәлім-тәрбиесі нақты тарихи деректер негізінде сараланды.
Ғылыми айналымда жүрген бар мәлімет­терді жүйелей келе, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы ұлт­тық элитаның өмір өткелдерінің өн бойында – қазіргі азат еліміздің өндірдей жас ұрпағы қызыға қарап, үлгі аларлықтай қазақы қалып жатқанына сүйсінесің.
Біз көп жағдайда қазақ қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызметін негізінен ғылыми тұрғыдан талдап-тарқатып, олардың бойындағы ізгілік, кішіпейілдік, мейірім, т.б. адами қасиет­теріне айрықша мән беріп, онша терең үңіліп жатпаймыз.
Өйткені дана қазақ ешқашан «Жаман бергенін, жақсы көргенін айтады» деп, жасаған жақсылығын жарнамаламаған.
Байыппен қараған жанға, ініге ізет­тің астарында ұлт­тық, елдік, мемлекет­тік мүдде жатқанын байқамау мүмкін емес. Сын сағат­тағы ұлт зиялыларының бас біріктіріп, бірін-бірі бауырындай көруінің негізгі сыры – Алаштың ертеңі мен қазақтың болашағы.
Олар ұсақ пенделерге тән қызғаныш пен іштарлықты ат­тап өтіп, хас тектіге тән әділдік пен адалдыққа құштарлықты алға салды.
Олар тасқа салса да мұқалмайтын қайсар нағыз мемлекетшіл тұлғалар екенін тағдырларымен дәлелдеп, тарихқа есімдерін алтын әріптермен қашап кет­ті.
Олар ақыл-парасаты мен кемел білімі, іс-әрекет­тері мен соны зерт­теулері һәм сөз саптауы, ең жеңілі жүріс-тұрысы мен киім киісінің өзімен исі қазақ баласына үлгі бола білді.

Орал қаласы

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақ­стан
университетінің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір