Қателіктер – теңсіздіктер өлшемі
21.05.2024
451
0

Жуырда Алматыдағы Алатау дәстүрлі өнер театрында Қазақ­стан Жастар Одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері, ақын, сазгер Аманғазы Кәріпжанәулетінің 60 жасқа толу мерейтойына арналған «Шексіздіктің шеңберін керіп кет­тім аңдамай…» ат­ты шығармашылық және кез­дейсоқ табиғи су басу апатына байланысты қайырымдылық концерт­тік кеші өт­ті.
Шарада ҚР Еңбегі сіңген әртісі Майра Ілиясова бастаған (трио), «Хассақ» тобы, «Дәрібаевтар тобы», «Талхиз сарыны» тобы, «Мұрагер» тобы сияқты ансамбльдер, «Алатау» хоры, «Шамшырақ» триосы, Құрманбек пен Риза, М.Сарбасов, Е.Шүкіман, Н. Болат, С.Қалиев, М.Ербол, Е.Қожағұл, А.Жақиянова, «Бегімай» бишілер тобы, т.б. өнерпаздар өнер көрсет­ті. Кеш иесінің өзі де жеті баласы және жұбайымен қосылып ән салып, отбасылық оркестр болып күй тарт­ты. Концертке театр және ақпарат жағынан қолдау көрсеткен Алматы қаласы әкімдігі атынан Бағлан Төлеухан, Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқармасы атынан ақын Нұржан Қуантай, Алматы облысы Талғар аудандық Мәдениет басқармасы атынан Семейхан Даривхан бауырымыз сөз алып, «Алғыс хат» тапсырып, шапандарын жапты. Кеш иесі ақын А.Кәріпжанәулеті концерттен түскен қаражатты 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде құрбан болған Ербол Сыпатаевтың туғанына 60 жыл толуына және табиғи су басқан өңірдің қорына аударды. 

Аманғазы КӘРІПЖАНӘУЛЕТІ

СЫРҚАТ СЫРЫ
Миды жаншып ойлардың ерегесі,
Санамның да шайқалды керегесі.
Есік тап­пай сығалап бақида жүр
Әзірейлі марқұмның делебесі…

Пәренже боп пәниге түн кіреді,
Десек те бір қызғаныш күнде үреді.
Күдіктің де жортып жүр көлеңкесі,
Арасынан күн емес, мұң күледі.

Пәниді аяп көзіне сор қысылған,
Тағдырымнан мен едім торды ысырған.
Қаша алмадым сытылып енді өзімнен,
Ала алмадым азат­тық болмысымнан.

Тәңір қалай өз ісін айыптайды?!
Тағдыр ісі пендені мойытпайды.
Сырқат сыры шексіздік тылсымында
Болғандықтан тірлік те айықпайды.

Жұмақ, тозақ мәңгі деп сарапта сын
Бос сендіріп күдікке талатпасын!
Мұқтаждықтан түлейді күнә біткен
Мұқтаждықты бір Құдай жаратқасын.

Қамқор, тұнық десек те періштені
Шайтанмен ол мендегі керіспеді.
Домалатып бара ма шексіздікті
Санамдағы оң менен теріс тегі.

Шексіздіктің пәниге кірген шегі
Мәлім болып санамда тұрды өлшемі,
Түпсіз жұмбақ дейтін сол Жаратқанның
Жаратылыс – қозғаушы бір бөлшегі.

Бәрін жасқап сынақтың тұр беделі,
Күдік қысса тіл неге күрмеледі?…
Жоқ боп кетпес ештеңе…
Мен жоғалсам,
Пәни, бақи ғұмыры бірге өледі…

ЖЕЛТОҚСАНДЫ БАҒАЛАП ЖАРЫТПАДЫҚ

Тұяғынан шаң емес, азап ұшқан
Қазақ едік шындық деп қаза құшқан.
Коммунистік жүйені ғаламда алғаш
Төңкерген де дәл осы – Қазақ­стан.

Бұл ерлікті ғаламға танытпадық,
Желтоқсанды бағалап жарытпадық.
Шарықтаудың биігі осы екен деп,
Көгінде әлі құлдықтың қалықтадық.

Ойсыратып рухымды қатаң құлдық,
Мәңгүрт­тікке сананы отан қылдық.
Ерлегенді жәбірлеп,
Желтоқсанды
«Жерлегенді» қаһарман атандырдық.

Өзін қиып,
Өзгеге бақ таратқан
Ерім қайда намыстан оқ боратқан?
Қызыл тонын кешегі теріс киіп,
Жарамсақтар сөйледі ақпарат­тан.
Рухымызды қорлаған алып қайғы
Ерлігімді өзіме дарытпайды.
Өзімді-өзім қорықсам бағалауға
Ғалам бізді бағалап жарытпайды…

ӨЗIМЕ-ӨЗIМ СОҒЫЛЫП…

Мен де – бәлкiм елеспiн…
Белгiсi жоқ белеспiн…
Жеңбегесiн мен ешкiм
Уақытпен теңестiм.
Тiрiлгесiн ендi оңай
Өле алатын емеспiн….

Ақыл-ойға билiгiм
Жүрмегесiн қилы күн,
Хақтан алған сыйлығым –
Компьютермен күндес боп,
Бет жыртысты ми бүгiн…

Мәңгiлiктiң тылсымын
Жаулап алды қырсығым.
Сипағанда тыңшы-мұң
Болмысымнан ыршыдым,
Өзiме-өзiм соғылып,
Бей бағыт­та тыншыдым…

ТОНАЛҒАН ДҮКЕН. 1986 ЖЫЛ

«Сондай-ақ, маржан саудасының
дүкенi де тоналды»
Желтоқсандағы хабарламадан.
1986 жыл.

Дәл осылай ақпарат­тар лаң құрды,
Қазақ аты ұры боп та жаңғырды.
Ал өзiмнiң бар алтыным, байлығым
Сұраусыз-ақ Кремльге қаңғырды.

Ғалам бүгiн таңданса да қаумалап,
Кез де жет­тi бар-жоғымды дауламақ.
Үкiмет­тiң алтын-күмiс дүкенi
Жатыр менiң намысымды саудалап.

Жаратқасын әдiлетке жаршы ғып
Мойытпаған тоғышарлық, таршылық.
Тонасақ та,
Дәл бүгiнгi мақсатым –
Алтын емес,
Ашкөздiкке қарсылық.

ӘЙЕЛ

Сезiктенбе түршiгiп,
Сиқыры көп сынақтарға тұншығып
Өтетұғын әйел – жұмбақ құлшылық.
Бақидағы еркектiң де күнi осы,
Әйел, еркек – ауыспалы тiршiлiк.

Әйел жаны– ұлы ұрпақтың базары,
Әрi ажары,
Мазағы мен азабы,
Ер – фәнидiң еркiн ұшқан тозағы,
Ал бақидың әйелге тән тозағы.

Тозақ та ерге емес мүлде күресін,
Ол да – сынақ,
Жылап, бірде күлесің.
Мәңгілік пен шексіздікті тербеген
Хақтан ке­йін әйел деген – ұлы есім.
Өз анасын бағаласа қалай ер,
Парасатын танытады солай ер.
Бағасы оның –
Құдайдан соң пәнидің
Қозғаушысы, жүрегі де сол – әйел!

АЛАҢДАҒЫ МIНБЕГЕ. 1986 ЖЫЛ

Саған шерлi талай боздақ бет­тедi.
Заман қатал, ешбiрi оның жетпедi.
Тарих тонын мың өзгертiп жатса да
Өктемдiктiң сұсы сенен кетпедi.

Желтоқсанда мен де сенi тiл үшiн
Маңайлап ем, кеңiмедi тынысың.
Қозғалысты қобалжытып тұрады
Қорқыныштан жаратылған тұрысың.

Желкеңдегi жалтақ бiткен сарнап құр,
Сұсың шындық атаулыны қарғап кiл,
Кезек күткен көп саясат ырқынан
Сенi бейқам мылқаулығың қорғап тұр.

САРЫ ЕТІКТІ ЖІГІТ ЖҮР

ТОП БАСЫНДА
Жамбыл Тайжұмаевқа

Жаралғандай ұрандап отқа, сынға,
Сары етікті жігіт жүр топ басында.
Сытырлатып суретке белсендісін,
Тауып жатыр жансыздар жоқты осында

Мың бәлекет сыр баққан бір ісімнен
Аңқау елмін – ісім-зор,
Ырысым кем…
Сар боти бұл –
үсті дән, астында алтын
Сары даланың
жарқылдап нілі сіңген.

Мәңгі болмай, тағаны тез бүлінген,
Большевиктер қоғамы тозды ілімнен.
Ұрыстан соң аңдыған сурет­терге
Ұстап берді сары етік көзге ілінген.

Қыздырсаң да намыстан от түлетіп,
Жылытпайтын жалаға тепкілетіп,
Жердің сызы өтпейтін сары етіктен
Мезгіл сызы жүрекке кет­ті ме өтіп?

Кешіктіріп жала да көп қармады,
Бірге сорлап тұтқында жат­ты арманы.
Қозғалсақ та «Түрмеден босатсын!» – деп,
Тағдыры әлі қамауда…
Ақталмады.

Нақ бостандық бар десек мұнда шүкір,
Озбырлықтың жолында тұрмас үтір…
Көргенін де айтпайды,
Айт­қызбайтын
Темір тордың жүректе сұлбасы тұр.

Өзге сынды бай да емес құрмет көрген,
Көңілі бай әйтсе де дүрмекті елмен.
Екеуміз де құрылысшы ек,
Біздің байлық –
Сол тағдырдың тәлкегі бірге өткерген.
Етік емес, санадан сыз өтеді,
Көрген тағдыр шындыққа ізет еді.
Сыр айтпайды ол,
Сыр ашса ұқпайтындар
Тарихты да өз ырқына түзетеді.

ЖАРАТЫЛДЫМ ДЕСЕМ ДЕ СҰРАҚТАРДАН…

Жаратпаса тәңірің қылықты етіп,
Жарытпассың пәниді күліп те түк.
Жанымды да шытынап бара жатқан
Жасыра алмай қалармын сынып кетіп.

Сетінетіп рухымды сынық ғалам,
Шағылсам да болмайды былыққа алаң.
Ғұмырымды секундқа сыйдыра алмай,
Жылап жатқан сәтімде күліп қалам.

Жалған намыс ақтарса жоқ сырыңды,
Жолдау қиын тірлікке тек шыныңды.
Көктің жүзін кемірген көлеңкесіз
Көкшіл үміт көзіме көп сүрінді.

Тағдырымды мүсіндеп сынақтардан,
Жаратылдым десем де сұрақтардан,
Айласына шырмалды уақыт­тың
Ғұмырыма сүрінген тұрақты арман.

КӨЛЕҢКЕ

Қиялымның мінгеспей ұшағына,
Кірді күннің көлеңкем құшағына.
Ақыл-есім барады қидаланып,
Шуақтардың ілініп пышағына.

Жөргегінде тұншығып асыл үміт,
Шуақтарға жұтылды жасын ұлып,
Көлеңкесі Күннің де Күннен үркіп,
Аяғыма шырмалды жасырынып.

Ғайыптың да кепіл боп түспесіне,
Мәңгіліктер тұтылды ішке сіңе.
Көлеңкеден жасырып Күн сәулесін
Көңілімнің жұтқаны түсті есіме.

Түнді жыртып ойнаса от­ты өлеңім,
Көлеңкемді іздейтін от көремін.
Ал жарықта шашылған көлеңкелер
Бірікпесін мезгілсіз деп келемін…

УАҚЫТ­ТЫ ТЕРБЕТІП…

Көлеңке де күн арқылы билейді,
Мәңгіліктер үлесіне тимейді
Қарысылықтар уақыт­ты тербетіп,
Уақыт­тың табанында күйрейді.

Түсіне алмай тарих деген сайқалды
Көзқарастар көз алдымда шайқалды.
Сізді қимай марқұм болған әділет
Қайта оралмай қиялымда жайқалды.

Жүйріктерді көрмей кеткен көмбенің
Тұғырына үмітімді жерледім.
Пәни, бақи қанжығасын тергедім.
Парықтадың жаратылыс дегенді
Болмысыма сыйдыра алмай сен менің.

ӨР ТАРИХТАН ОТ АЛЫП…

Шүкір, Боғас басында,
Сембай ақын қасымда,
Қарсылас боп айтысып,
Оздық баба асында.

Жатқан кез­де бақ қонып,
Бермесе де ат, көлік,
«Бас жүлдеге бір өгіз
Алсын!» – депті қақ бөліп.

Пішкені аздай өгізді,
Бөлетіндей не бұзды?
Өгіз тұрмақ жаны бар
Бөле алмаушы ем доңызды.

Басшыларды ас жинады,
Бір-бір ат­тан сыйлады.
Ел қолдаған айтысқа
Әт­тең бір ат қимады.

Алыстан кеп ерледік,
Бірақ өгіз көрмедік.
Бермегеннің соңынан
Пайда қуып ермедік.

Өр тарихтан от алып,
Қайт­тық «Еркек!» атанып.
Қарсыласқа, өйткені
Бөлінбейді аталық!…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір