Абай университетінің студенттері Астана мектептерінде тәжірибеден өтеді
29.02.2024
707
0

2024 жылдың 28 ақпанында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп Астанаға өндірістік іс-тәжірибеге баратын 4-ші курс студенттерімен кездесу өткізді. Іс-шараға академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова, Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков және университеттің жеті институтынан 181 студент қатысты.


Жаңа мектептерді жаңа формациядағы педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен ректор Болат Тілептің бастамасымен Абай университетінің 4-ші курс студенттері еліміздің бас қаласының жалпы білім беру ұйымдарында өндірістік іс-тәжірибеден өтеді. Бұл бастама орта білім беру мекемелерін білікті және ынталы мұғалімдермен қамтамасыз етуге бағытталған.


Кездесу барысында ректор еліміздегі педагогикалық кадрлар тапшылығы мәселесін шешуде ұсынылып отырған бастаманың маңыздылығын атап өтті. Сапалы білім қалыптастырудағы жетекші педагогикалық оқу орнының басты міндетіне тоқтала келе, болашақ ұстаздық мамандығын таңдаған студенттердің жауапкершілігіне ерекше назар аударды. Ректор студенттердің өндірістік іс-тәжірибеден жоғары кәсіби деңгейде өтетініне сенім білдіріп, білікті маман өз еліне қызмет етіп қана қоймай, қоғам игілігіне де елеулі үлес қосатынын атап өтті.


Елордада білім беру саласындағы педагогикалық кадрлардың тапшылығын жоюдың маңызды міндетін шешу мақсатында Абай университеті мен Астана қаласының Білім басқармасы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Меморандум аясында Абай университетінің 181 студенті 32 білім беру мекемесінде, оның ішінде 11 лицей, 13 гимназия, 1 жалпы білім беретін мектеп, 3 арнайы білім беру мекемесінде және 4 балабақшада өндірістік іс-тәжірибеден өтеді. Тәжірибе кезеңі 2024 жылдың 4 наурызынан 3 мамырға дейін жалғасады.


Өндірістік іс-тәжірибе барысында тәжірибелі әдіскерлердің жетекшілігімен студенттер құнды тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберліктерін шыңдайды. Бұл кезең университет пен Астананың орта білім беру орындарының ұзақ мерзімді ынтымақтастығына негіз болып, қала мен оның жастары үшін жоғары білікті мамандарды даярлауға септігін тигізеді.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір