СМС хат
09.03.2023
268
0

Бүгінгі күннің жасы да, жасамысы да кіндігімен байланып қалған заманауи техникадан онша хабарым болмаса да, телефон-сотка арқылы жазылған (смс) жаныма жақын адамдардың жазған хат­тарын сақтап қалуға сауатым жетіпті. Көбісі белгілі мерекелерде жолданған көпшілікке арналған жат­танды сөзге құрылған құрғақ сөздер. Сезіміңді селт еткізіп, жаныңды қуанышқа бөлей қоймайды. Оларға Алла разы болсын! Ал мына телефон хат екі көктемнің жүзін көріпті. Өшірмеппін. Онда: «Тәте! Біз ауылдың нәзік қыздары едік. Өмір бізді аямады. Қарды қақ жарып шыққан бәйшешектей едік. Адамдардың қатыгездігінен қасқырға айналдық.
Қасқыр мінезді қызсың. Мен жынданғанда сені іздеп ұлимын. Орманда жалғыз жортқан, жолбарысым аман жүр!..». +77756670280. 09.02.2012. сағ. 14-00. деген цифрлар тұр.

Бұл – әрине, Анар еді. Анар Аспан еді. Үнемі асығыс жүретін, бір жаққа асығып тұратын Анар. Телефон хат­ты жолдағанда да асығып тұрған болар, бәлкім. Көз алдымнан келбеті көлденеңдей өтіп бара жат­ты. Үйіне ме, әлде өмірі бітпейтін (ол бітеді деп үміт ететін) шаруаларының біріне ме, әйтеуір ол асығысын о дүниеге деп әсте ойламаппын…
Біздер бір ауылдың қыздары едік. Сарыағаштың сары топырағын кешіп, Келестің ылай суына шомылып өскен екенбіз. Жасымызда кездеспесек те, шығармашылығымыз табыстырып, жазған-сызғандарымыз жақындатқан, кейіннен мінездес болып шығып ек. Ол – сұмдық талант­ты еді. Қаламынан сөлбіреген сөйлем туып көрген емес, ығыры жоқ шымыр сөздер ойың­дағыны дөп басатын. Шығармашылығы мен азамат­тығы тең түсіп, жаныңа қуат беретін.
Алайда, айтқанды тыңдады ма? «Күйкі тірліктің бәрін қой да, жазуға отыр!» дедім. Бойындағы таланты талан-таражға түсіп, әрненің басын бір шалып бара жатқанда айтқаным. Оны тыңдай қалса, оны істей қалса Анар болар ма? Шын талант өзін-өзі мойындамайды екен ғой. Менің ойымша, онда болашақта істелінуге тиіс үлкен мақсат­тар болды. Бірақ ол мақсатқа жетудің жүйелі жоспары болмады. Көңілі неге соқса, қиялы қайда бастаса, соған өз еркімен беріле салатын. Мәселен, мен қызмет істейтін мекеменің жанынан өтіп бара жатып, «сөйтіп ем, кіре салайын деп едім» дейтін.
– Кел, отыр! – деймін ондайда.
Баданадай моншақ көзі бар тана-жүзіктерін тағынып, баладай ақкөңілімен әңгімесін баяндайтын. Өз ойынша, әдемі көйлек киіп, сақина-жүзік тағынсам, әдемі әйел болам деп ойлады.
Ертеректе өзі жүргізген трактордың соляркасы үсті-басын майлап, күсті қолын арақ сабынмен жуып кетіре алмағанда немесе жұпыны отбасының ауыр тауқыметін тартып, жоқшылық жүдеткен кездерде осылай киінсем, алтын-күміс тағынсам деп қиялдаған болар. Оның өзін ұстауынан да, айт­қан әңгімесінен де, балаңдығы мен адалдығы аңғарылатын. Шын мәнінде сыртқы келбеті – өзін-өзі алдауы. Өйткені, әлігі алпыншақ-салпыншақтардың аржағынан – тұлғалы, өжет, ер азаматқа тән ірілік бойтасалап тұратын. Уақшыл емес, ат жалында ойнайтын шабандоздық келбет, ел қорғайтын батырлық, тау бұлағындай асаулық байқалып тұратындығын өзі сезбейтін, бәлкім, білгісі келмейтін.
Маңында өз дүрмегі жүрсе, соңында сөз дүрмегі жүреді. Жаны таза, жүрегі әділ болғандығынан жұрт­тың «пыш-пышына» пысқырып та қарамады. Оның биіктігі де осында еді! Бірақ ол сөз құдыреті дегенді бір кісідей түсінді де. Сөздің жақсысы да, жаманы да адам тәніне түсіп, өніп-тірілетіндігін де білді. Етегіңе жабысқан ошағандай, бір кездері өзі түсіп қалады дегенге сайып, еңсесін түсірмеді. Осы болмысымен-ақ, өзінің мәні, сөзінің нәрі жоқ кейбір жазып-сызғыштардан оқ бойы озық тұрды. Айналайын-ай, сол бейнең көз алдымнан көлбей өтіп жатыр… Сені өледі, жұрты көмеді деп ойлаппын ба?
Оны білгенде, Фариза апамның мені соққанындай, сегіз өрім қамшымен осып-осып алар ма ем? Өзің айтқандай мына қатыгез өмірге, айналаға басқаша қарап, қыршын жасыңды ұзартқан болар ма ең! Әт­тең, әт­тең, амал жоқ!
Бұл өмірде нағыз достық болмай тұр. Бүгінгі досың – ертең қас. Қайта достасасың. Алған бағытыңнан қайтпайын десең, қоламталы орта бар. Сегізаяқтай (спрут) буындырып, қалпына қайта салады. Одан босанып қайда барасың? Ойлайсың да көнесің… Ал осы екі арада жүрегіңнің қанша қылы қазаға ұшырап, жүйкеңе жүк түсірерін ел қайдан білсін?! Ол қайта қалыпқа келмес. Жауыққандардың жазасы бәрібір, көңіліңнің бір түкпірінде ыңырсып қалып қояр. Ол міндет­ті түрде мінезге әсер етер. Өзің айтқан «қасқыр болмақ» содан.
Бүгінде ешкім ұлымайды. Үндемей қабады. «Жуас қашағандардың» уақыты. Жуас көрінгенімен, тірліктерін қашып жүріп-ақ тындырар.
Жалпы шығармашылық әлемінде дара топқа – қара топ қашанда әзір. Бір жарық жұлдыз туа қалса, міндет­ті түрде қарсы жұлдыз туды. Бұл – әлеми тұрғыда дәлелденген аксиома. Әсіресе, бір жылғы төлдер мен онан алыс кетпегендер – ең мықты қорғаушың емес, ең мықты қорлаушылар да – солар.
Өзгесін қойғанда Мұқағали мен Фаризаны алып қаралық. Өз қатарластарының ішінен сөзін сөйлеп, шотын шапқандар болды ма? Болған шығар. Сөздің шыны керек, көбісі достықтың туын ұстаған достар емес, саусаққа қысқан стақан достар болды-ау, шамасы.
Әйтпесе Мұқағали:
…Жігітінен қазақтың дос таба
алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң
шағамын!.. –
деп күйінбес еді ғой.
Ертеректе «құрдастың құдайы бір», «бір жылғы төл», «қатарласың болмаса тойға барма» деген сияқты мақал-мәтелді мысалға келтіріп, қатарластарды ел дәріптейтін. Ал қазіргілер қандай? Шыққан төбеңнің биік болғанына қуанбақ түгілі, «қайтсек аяқтан шаламыз?», «қалай құлатамыз?», «ол менен озып кет­ті» деген пасық ойлардың жетегінде қалып қойып жүр. Сондықтан да өз замандасын абайсызда жел шығарып қойса, тышып қойды, күліп қойса, жүріп қойды, кеу-кеулеп ішкізеді де, ішіп қойды деп, азан шақырып, жар салатындар да солар.
Қыздар қауымына біртабан жақын Фариза апамыз да өкшелеген замандастарынан безініп, өзінен әлдеқайда жасы кіші ұрпақтардан таяныш іздеп, соларға арқа сүйеді. Оларға көмектесті, жылы сөзін аямады, құшағына қысты. Олардың көңіл қайтарымынан өзі де ләззат алды.
Көзі тірісінде «қашан өледі» деп жүрген белгілі замандасының, ауыр отадан кейін: «Дәрігерлер обырдың ошақтарын күйдіріп тастады, енді ол бізден кейін өлетін болды», – деп өкінгенін де көз көріп еді. Ал ондайлар апайдың қазасында өтірік өксіп, телеарналар мен баспасөздің бетін бермей қойған да еді-ау… Қысқасы, Фариза қанша жасаса, соңынан ерген күндестік, бақталастық, бәсекелестік моласына шейін еріп барды. Енді ақын жоқ! Аспан тұңғиық. Көкке шығып жұлдыз болуларына әбден болады. Тек ондайлардың жұлдыз бола қалуы екіталай. Кірленген, ластанған болмыстары ұшуға, биікке көтерілуге жол бермес.
Анар, мен сенің рухыңмен сөйлесіп отырмын. Менің де жүрегім жазасыз емес. Нармахан ағам айтпақшы, «қиянат­ты көп көрген» жүрегім әлі де тырбанып, айналаға үмітпен қарауын қояр емес. «Арман, сені қайтейін, алдағанға көнетін, жалған, сені қайтейін, жалғыздарды көретін…» – деп жырлап қойып, Алланың пішіп, кесіп қойған өлшеулі уақыты біткенше жүре тұрамыз да, қайтеміз.
Сен көп ауырып, көп азап шектің. «Олай-былай болып кетсем, өздерің рет­тейсіңдер ғой» деп айтып кетер адамың болды ма екен? Қат­ты дауыл соқты да өзің айтқан «бәйшешектің» басын жұлды да кет­ті. Өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын халықпыз ғой. Сұрау­сыз, ескерусіз адам емес екендігіңді өлімің дәлелдеді. Бұрынғы қызмет орныңдағы қыз-жігіт­тер ақтық сапарыңда ботадай боздап, қимастығын білдірді. Жетіңді де, қырқыңды да, тіптен жылыңды да ел-жұрт болып көтеріп кет­ті. Қысқа өміріңде жазып қалдырған мұраңды кітап етіп бастырып шығарды деп естідім. Әлі де талай кітап шығар. Ел жадысы мықты. Ұмытпайды.
Осы орайда, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің: «Мен туралы он жеті кітап шықты. Бәрі де менің батырлығым, соғыс кезіндегі көрсеткен ерліктерім жәйлі. Бірақ менің жан дүниемді, жылап-күлгенімді, мұңайып қуанғанымды ішіме түсіп жырлаған бірде бір кітап шыққан жоқ», – деген сөзі еске түседі. Сондай кітапты өзің жазып кетуге тиіс ең. Біреудің ішіндегіні біреу біле ме? Мүмкін жазылар…
Сенің рухың – көп жылғы жолдасың болған тәніңді тастап, аспан әлемін шарықтап жүрген болар. Азат жаның – басқа планеталарды кезіп, рухың нұрланып жүргенмен, Жер ат­ты – адамдарды жеп бітетін, туғаныңда «бұрқ етіп» топырағы көтерілген өз планетаңа да көз салып қой. Мұнда өзің айтқан «жалғыз жолбарысың» жортып жүр, әзірше…

Ханбибі Есенқарақызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір