БҰЛ СЫНАУ МА, МІНЕУ МЕ?
23.08.2022
1477
0

Газетіміздің №31 санында Ақын Мырзан Кенжебайдың «Жағдайың қалай, жас қалам?» атты сын-мақаласы жарық көрген еді. Автор жастар поэзиясының бүгінгі хәліне алаңдайтынын айта келе, екі жас ақынның өлеңдеріне ерекше тоқталған болатын. Біз назарларыңызға ұсынып отырған мақала сол сынның өзі жайлы.
Оқырмандарымызға авторлардың пікірі редакцияның көзқарасы болып есептелмейтінін және бұған қатысты басқа да сын-мақалаларға газет алаңы әрдайым ашық екенін ескерткіміз келеді.
Редакциядан

Бір айға жуық елде болмай, демалып келген едім. Жұмыс кабинетіме кірсем Мәскеуде шығатын «Вокруг света» әдеби басылымы (2022, N3) мен «Российский колокол» журналы (2022, N2), «Эпосоведение» (2022, N2), Ясауи университеті шығаратын «Түркология» (2022, N2) ғылыми журналдары (бірде кітапшасы, бірде эл.нұсқасы) жиналып қалыпты. Барлығында дерлік мақала, очерктерім жарияланған екен. Корреспонденциялардың бір тобын «Қазақ әдебиеті» газетінің сандары құрапты. Парақтап шықтым. Солардың арасында «Қазақ әдебиеті» (№31) газетінде жарық көрген М.Кенжебайдың жас қаламгерлер шығармашылығына арналған ойларына көзіміз түсті. Анда-санда өлең жазатын ақын енді сыншылық қырынан көрінгісі келгендей. Сол себепті жастар поэзиясы туралы пікірлеріне ой жүгіртіп өтуді артық көрмедік.
Әрине, жастар поэзиясында кемшіліктер жоқ емес. Сондай кемшіліктердің себебін анықтап, жас ақындарға дұрыс жолды көрсету – әдеби сынның басты міндеті. Алайда мақаланың ә дегеннен көзге ұратыны – қарадүрсін сөз салғыластыру тәсіліне құрылғандығы. Баяғы «олай емес, былай» дейтін өктем сөз. Жастарға қажет тақырып, образ, жанр, стиль, көркемдік заңдылықтары мен ақындық шеберлік, форма мен мазмұн бірлігі туралы ақыл-кеңестің жұрнағы да жоқ. Соған қарағанда тілінің тікенегі барларды сыншы деп қабылдай беруге болмайды. Автор өз ойларын бүгінгі жастар поэзиясына не жетіспей жатыр деген мәселеден емес, әдеби үдерісті таразылап отыратын сынның жоқ екенін айтудан бастапты. Дұрыс-ақ, әдеби сынның міндеті бүгінгі әдеби үдеріс, жаңа жазылған шығармалардың әдебиет тарихына өтіп кетпей тұрып, бағасын беру. Бірақ мұны социалистік реализм әдісінен қол үзгелі айтып келе жатқан жоқпыз ба? Отыз жылда не өзгерді? Біздің назарымызды аударған автордың бұрын жарық көрген материалдарды талдамастан әдеби сынның ауылына қатысы жоқ «рулық», «тайпаластық», «жерлестік», «курстастық» деген терминдерді енгізуі болды. Мақаланың ала-құлалығын осындай әдеби сынға қатысы жоқ мәселелер аңғартып тұр. Автор қаламгерлердің бір-бірін мақтайтынын жазыпты. Сын мен библиографияны шатастырып тұрған болар деп қабылдадық. Библиографияда мақтау болуы мүмкін. Өйткені оның мақсаты сынау, баға беру емес, көпшілікке мазмұнын жеткізу. Алайда автор оны айтып қана қоймай, «ұлттық әдебиетке жасалған қастандық» деп бағалапты. Әйтеуір «авторларын дереу қамау керек» демегеніне шүкір. Бір ерекшелігі, сыншының осындай дауылды пікірлері дәлелден жұрдай құр сөз, құрғақ пайым дәрежесінде қалған. Ондай ой айтқан авторлардың аттары аталып, түстері түстелмеген. Бос сөз, жалпылама пікір.
Рас, мақалада нақты мысалдарға да орын берілген. Бір тұсында сыншы жас ақын Айдана Бейсеннің «ҚӘ» жарияланған өлеңіне шүйлігіп: «Бүкіл тіршілікті өзі сүйген бір адаммен салыстыру көңілге қона ма?» деген сауал тастапты. Несі бар? Түрлі теңеу, салыстырулар поэзияға тән көркемдік құралдар емес пе? Оның қай жері кеміс болып тұр? Әлде метафора, эпитеттердің поэзияға ғана арналған арнайы түрлері бола ма? Осы да сыни пікірдің эталоны болып па?
Бір тұсында сыншы философиялық пәлсапаға иек артып, «поэзия құлдыраса, ұлт та құлдырайды» деген теориясымақтың шетін шығарыпты. Елімізде цифрлық технологияны дамыту мақсаты көзделіп отырғанда мұны прогресс дейміз бе, регресс дейміз бе? Дәл осы пәлсапаны автордың өзіне де қолдануға болар еді. Сыншымыз сан-салалы қазақ руханиятын неге бір ғана поэзия жанрына әкеліп тіреген. Ол әдебиеттің үш бұтының бірі ғана емес пе? Сонда мұнысы көкейге қона ма? Қазақ руханиятының өзге салалары қайда? Автор оларды білмей ме, әлде көрмей ме? Әр заманның өз ерекшелігі болатыны әмбеге аян. Бірақ сыншы жастарға біресе Жарасқанды, біресе Аманжоловты, біресе Лермонтов пен Пушкиндерді мысал ретінде келтіріп, «қазіргі жастар ондай нәзік сезімнен… мақұрым» депті. Авторға салсақ, бүгінгі жастар поэзиясында ешнәрсе жоқ, бәрі жалған, жарамсыз.
Қыза-қыза сыншымыз жас ақынның аузына ұлы ақындардың есімдері түспей, антикалық музаға жүгінгенін мінепті. Сол арқылы автордың мақсатын анықтап, оны «оқыған адам болып көріну» деп түйген. Мұнысы сынау ма, мінеу ме? Әңгіме поэзия туралы ма, ақынның жеке басы хақында ма? Жоқ әлде поэзиялық шығармаларда, Ә.Тәжібаевтың ертеректегі өлеңдеріндегідей, ұлы ақындардың есімдерін тізбектеп шығу шарт па? М.Кенжебайдың «Жаратушы Иемізден бастап… заңғар биік тұлғалардың біреуі де аузына түспей грек ертегісіндегі (дұрысы ертегісіндегі болар) муза қатынға сонша бас июді жүрек сөзі, ақындық шынайылық деу­ге кімнің аузы барады?» дегені тіпті сорақы. Сонда сыншымыз жас ақындарды Құдайды жырлау­ға, яғни мистикалық поэзияға шақырып отыр ма?
Бізде отыз жылдай әдеби сынның болмағаны рас. Соның салдарынан «шөптің де, шөңгенің де» сын дәрежесіне жеткені де шындық. Жастарға ақыл, ой салатын пікірлерден гөрі М.Кенжебай мақаласынан әдебиет әлемінде сан рет айтылып жүрген, тіпті жауыр болған жеңіл «өсектерді» де кездестіру қиын емес. Автор бірді айтып, екіншісіне ойысады. Жас ақындардың өлеңдерін талдауы қарадүрсін баяндау, бірыңғай мінеу деңгейінен аспаған. Өлеңдердің көркемдік жүйесін талдаудан гөрі мазмұнынан мін іздеу басым. Асылы жастарға поэзиялық шеберлік туралы берер ақыл-кеңесі жоқ, бір ғана сынау мен мінеуге құрылған мұндай мақаланы әдеби сын ретінде қабылдаудың өзі қиын.
Иә, сын дегеніміз – бірыңғай мінеу, сынау емес. Әдеби сын бүгінгі жетістігіміз неде, кемшін тұстарымыз қайсы? – деген сауалдарға құрылса керек. Сын теорияға құрылса ғана жастарға үлгі, өнеге болады. Не теориясы, не өнегесі жоқ «дейді екен де, дейді екен» пікірлерді сын жанрына жатқызудың өзі даулы. Қарадүрсін баяндау әдеби сынның талғам-таразысы бола алмайды. Оның көркемсөз кие­сіне де қатысы шамалы.

Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір