Тумай тұрып өлімге кесілгендер
91 жылдың қысы. Үлкен нағашы ағамның есігінің алдына қою жасыл түсті көлік келіп тоқтады. Сол кез-дің көзімен қарағанда бұл жақсылықтың нышаны емес. Көліктен бірі – қазақ, бірі – қытай екі әйел түсті. Қыстық демалысымды нағашы ауылда өткізетін мен бұл кезде қора маңындағы алаңқайда балалармен асық ойнап жүргем. Балалардың ересектеуі маған иек қақты:
– Үйіңе барсаңшы! Келді.
Терезесінің жарымы кеше жауған қалың қармен қымтаулы жер тамның есігін қорқақтай аштым. Басына қызыл шәлі бүркенген жеңгем бұрыштағы пештің аузында сықсыңдап жылап отыр. Нағашым үйдің екінші бұрышындағы жинаулы жүкке арқасын беріп, иегін көкке көтере төбедегі самырсын сырғауылдарға қадалып қалыпты. Ана екі әйелдің қытайы аузын жаппай, сампылдап сөйлеп жатыр. Жалт-жұлт еткен көзілдірігінің ар жағындағы қоңыр қой көздері оны өз ұлтынан әнтек оқшаулап көрсететіндей.
Оның сөзін аударып тұрған сарыкідір қазақ әйелі жеңгеме аналық ақылын беріп жатқандай, аса бір жылылықпен бипаздап жеткізіп жатыр:
– Үкіметтің саясаты деген бар. Бала туу көрсеткішін шектеу туралы арнайы заң да қабылданып қойды. Қарғам-ай, сақтануларың керек еді ғой! Үкімет бар жағдайды жасап отыр ғой. Туытқа қарсы тегіннен-тегін дорба-дорба дәрі-дәрмек таратты. Анау бәлесін де берді. Сақина салдырып алсаң қайтер еді. Әй, жастар-ай, жастар! – деп бір тоқтады.
– Бала неше айлық?
– Жеті айлық!
– Тұңғышың нешеде?
– Келесі айда жасқа толады.
– Міне, көрдіңдер ме, баланың арасы екі жылға толмайды. Бір жыл шыдасаңдар алуға болатын еді ғой. Демек, құрсақтағы бала заңсыз деген сөз! Сонша уақыт ішіңді буып, жасырып жүргенің неткенің, а? Мейлі, байқамай қалдың басында. Бір-екі айлығында көзін құрту жеңіл болар еді ғой, қарғам!
Жеңгем булығып, даусын көтеріп жылай бастады.
Қытай әйелі ас үстелдің бір шетіне отырып алып, әлдебір қағаздарды бас алмай жазып жатыр. Аракідік қазақ әйелінен жүктілік мерзімі, аты-жөні сияқты бірдеңелерді сұрап қояды.
– Тәте! – деді нағашым.
– Ау!
– Енді не қыл дейсіздер?
Қазақ әйелі таңдайын тақ еткізді.
– Түсік жасалады.
– Жеті айлық нәрестеге ме?
– Сегіз айында да дәл солай жасалады!
– Бұл адам өлтіру ғой, тәте!
– Егер заңға томпақ келсе…
– Әлі жер баспаған шарана болса да ма?
– Ұлым, сен әлі түсінбей отырсың! Бала заңды белінен басып туылды делік. Ол балаға арнап қомақты айыппұл салынады.
– Бар малымды, басымдағы панамды сатсам да төлеймін!
– Оған шүбәм жоқ. Бірақ ол заңсыз балаға ешқандай құжат берілмейді. Оны ешбір оқу орны қабылдамайды. Ол жер басып жүргенімен, адам санатына кірмейді. Сөйтіп ол өзінің жарық дүние есігін ашқан күніне мәңгі қарғыс айтып өтетін болады. Саған да, саған да!
– Келін, тез киін! Күн кешкірмей тұрып аудан орталығына жетуіміз керек. Келісіп қойғанбыз.
– Жанайым ешқайда бармайды!
Нағашым шорт кетті.
– Онда сақшыларға хабар саламыз. Мәжбүрлі түрде баратын болады!
Ерегес соңы айқайға көшті. Бүкіл диалогтың басынан босағада тұрған мен ытқып тысқа шықтым. Машинадағы жүргізуші жігіт үйге жүгіріп кірді.
Шай қайнатым уақыттан кейін жеңгемді киіндіріп, қолтықтап алған нағашым соңынан бір еркек, екі әйел үздік-создық үйден шықты. Нағашым есікті көтере жапты да, көрші үйге бас сұғып, қорадағы малын аманаттады. Бұл кезде жеңіл киінген қытай әйелі қолын екі жеңіне құшынып көлікке жүгіріп кіріп кеткен. Ал қазақ әйелі Алтайдың бөрі бораны тапалаған үйінді қардың түбінде лоқсып, жап-жасыл запыран құсып отырған жеңгемнің арқасын қағып тұрған еді. Ағам маған қарап:
– Сен де жүр, – деді.
– Бала қалсын, – деді қазақ әйелі.
– Заңды балаға қайда болсын орын бар ғой, барсын!
– Мейлі.
– Ал тұңғышың қайда?
– Әжесінің қолында!
Біз кристалдай жалт-жұлт етіп көз қарықтырған қарлы тау жолымен аудан орталығына тартып кеттік. Көлік ішін өлік күзеткендей үнсіздік жайлады. Жүргізуші жігіт таспадан ән қойып еді, қазақ әйелі өшіртіп тастады. Жеңгем жылап-жылап сілесі құрыған сынды. Нағашыма басын сүйеп, екі қолымен кіндік тұсын жаба, қымтай ұстап алыпты. Қытай әйел үнсіз, жолға телміріп келеді. Оның қоңырқай көздерінен бір нәрсе оқып, білу мүмкін емес сынды. Тек ара-арасында жолдан тайып кеткен көлік доңғалағын әлде бұлың-пұшпағы көп тау жолдарын боқтаған жүргізушінің дауысы ғана өлі үнсіздікті бұзып келеді.
Біз аудан орталығына келгенде қарға адым қаңтар күні еңкейіп қалған еді. Емхана дегені ұзын дәлізінің өзі аспа уколы ілінген темір ілгекшесін сүйретіп жүрген адамға толы сұрқай жер болып шықты. Біз дәліздің соңын ала шынтақ айналма жасап, үш адамдық төсек қойылған шағын бөлмеге тірелдік.
– Сендер сыртта күтіңдер! – деді бізді күтіп алған ашаң жүзді, арықша келген жас қытай қызы.
– Қанша күтеміз?
– Төрт сағат немесе одан да көбірек болуы мүмкін.
Осы сәт жеңгемнің нағашыма қараған жүзі жүрегімді шаншудай түйреп өтті. Олар палатаға кіргесін біз далаға шықтық. Тысқа шыққасын нағашым еңкейіп, шекердей саудыраған қарды қос қолдап жентектеді. Сосын ағаш басындағы қарқылдап отырған қарғаларды көздеп лақтырып қалды. Ойда жоқ соққыдан абдырап қалған қарғалар барқ етіп аспанға көтерілді. Біз жақын маңдағы «мұсылманша» деген жазуы бар дүнген асханасына бас сұқтық. Нағашым маған шырын және мәнті алдырды. Өзі нәр сызбады. Қалтасынан көк темекісін алып «Шинжияң газеті» деген жазуы бар қағазға қолақпандай қылып орады. Бір байқағаным, оның ішіне жұтқан түтіні сыртына шықпай жұтылып, тұтас денесіне тарап жатқандай. Мен шырынды толық тауыстым. Тамақты жеп қарық қылмадым. Көз алдыма жап-жасыл запыран келе берді. Көрші үстелде мұрты беткейдегі бетегедей, енді тебіндеп келе жатқан екі бозбала «usu» маркалы қаз мойын сыраны құлағынан тізіп ішіп отырды. Менің ыстық жерге кіргесін бойым балбырап, көзіме ұйқы тығылды. Нағашым шапанының алдын ағытты да мені өзіне шақырды.
– Келе ғой.
Нағашымның алдына отырып бірден ұйықтап кеттім. Түсімде қар үстінде асыр салып ойнап жүрген жалаңаш баланы көрдім. Ол маған уыстап қар лақтырады. «Маған да лақтыр!» деп дауыстайтын сияқты. Мен үстімдегі түйе жүн күпі күртемді шешіп, оған кигізбек болам. Ол жеткізбей сықылықтап қашады. Қуып жете алмай, демім сығылып, тер буды.
– Тұра ғой.
Нағашым маңдайымнан иіскеді. Мен төр жақтағы қатарластыра қойылған орындықтың үстінде жатыр екем. Біз тысқа шыққанда көше шамдары жарқырап тұрды. Түннің бір уағы болып қалса керек. Айналып, баяғы ұзын дәлізді жүріп өттік. Жанайым жеңгем жатқан бөлменің есігін ашқанымызда ол кісі ұйықтап жатты. Құс қанатындай әдемі қастары сәл ғана түйіліп, самай шаштары термен екі бетін орай жабысып қалыпты. Медбике қыз терезеге қатқан қырауды саусағымен сызғылап тұр.
– Сонымен не тындырдыңдар? – деді нағашым.
– Болды, түсік жасалды. Оянғасын алып кетсеңдер болады.
– Ал бала қайда?
– Қайдағы бала?
– Өлтірілген бала!
– А-а-а… оны дәретхана жаққа апарып тастағам.
Нағашымның түрі таланға түскендей түтігіп кетті. Пері соққандай дәлізді бойлап, тапырақтап жүгіре жөнелді. Біз емхана сыртына жанасалай салынған дәретханаға кірдік. Әуелі үңіліп дәрет шұңқырын қарадық. Жоқ! Нағашым есіне әлдене түскендей кілт бұрылып, дәретхана қағазы тасталатын шелекке қарады. Қарады да ішіне қолын тығып жіберіп, қан-жынға малынған жұдырықтай затты бешпентінің кеудесін жұлқа ағытып, қойнына сүңгіте салды. Сосын басын әжетхана қабырғасына ұрғылап, өкіріп жылады.
Мұндай қорықпаспын өмірімде! Оған озандап мен қосылдым. Екеуміз азан-қазан өкіріп жылап жатқанда, сырттан кереге сақалы кең кеудесін жапқан, басы тік, тығыршықтай, дөңгелек қызылжүзді қарт кірді.
– Қой, балаларым, сабыр! Сабыр қылыңдар!
Алдымен нағашымды орнынан сүйеп тұрғызып, маңдайынан иіскеді. Өзінен қарыс сүйем ұзын жігітті шашынан сипап, арқасынан қақты. Мені жанына шақырып алды да, далаға икемдеді.
– Ұлдарым-ау! – деді дауысы күңірене – Далаға шығалық! Мұндай уақытта мұндай жерде аялдамас болар! Жын қуанар! Мынау кішкентай шошымал болып қалар.
Біз ата-бала-немере сияқты иықтасып далаға шықтық. Ата жөн сұрауға асықпады. Нағашым ұзақ шауып келіп, кілт тоқтаған бәйге атындай солығын баса алмай ентігеді.
– Шырағым, өлген тірілмегенмен, өшкен жанады. Көрер қызығың қайда, әлі алда. Басыңнан не өткерсең де бекем бол, қарғам!
Нағашым бар екенімді есіне енді түсіргендей маған бұрылды да айғай салды:
– Бері келші, ботам… ботақаным қимылдап жатыр…
Сосын есі ауысқан адамдай алдында тұрған қартты бас салып басы-көз демей сүйе жөнелді.
– Ей, менің Қызыр әулием! Қалған өмірімде сенің анау кір-кір тақияңды төріме іліп қойып табынып өтейін! Әкелші анау теке сақалыңды сүйейін!
Қартқа қайта тап берді.
– Ой, енеңді ұрайын, антұрған есалаң! Осыған ақыл шығындап тұрған менде де есектің миындай ми жоқ! Ой, жетпіс жеті атаңның төбе сүйегін, төсқалдағын, ортан жілігін ұрайын!
Атам адымдай басып тұра қашты. Сілемейленген беті-жүзін екі жеңімен сүрткілеп барады. Мен де зытуға шақ тұрмын. Нағашым көз ілеспес жылдамдықпен сабасына түсті. Жүзі бал-бұл жанады.
– Жиенім-ау, ол тірі! Қимылдап жатыр.
Қолымды еппен алды да, өзінің ішіне қарай тартты. Егер ол менің қолымды шап беріп ұстағанда, менің талып түсеріме күмән жоқ еді.
О, Құдайдың құдіреті, о Жаратқан тәңірі! Расымен де нәресте бұлқынып жатыр. Екеуміз уағдаласқандай жүгіріске бергісіз жүріспен емханаға кіріп келеміз. Осы аралықта нағашымның басы бар да, аяғы жоқ талай сөзі миыма кіріп шықпады. Тек:
Қарашы, ботам! Ол менің кеудемді кеміріп жатыр! – дегені ғана есімде анық қалды. Біз жеңгем жатқан палатаға кірген бетте басымыздан өткерген қас-қағым керемет сәтті менің жылдар бойы жазудан ажырап қалған сарысу санам суреттеп бере алмасы анық. Тек шашы мен көзі мойылдай қап-қара қыздың анасының көз жасы мен уыз сүтін қоса ашқарақтана сорып жатқанын ғана айта алар едім.
Ал дәрігерлер «Ол ертеңгі күні бәрібір адам болмайды! Болса да сал не соқыр болып қалады. Жанын қинам ай бір тал укол салып берейік» деп безек қақты. Нағашым ешкімді, ештеңені естімейтін есірік халде, езуін жимастан сол күні түнде емханадан жансебіл қызын қойнына тығып алып шықты.
Ғалымбек ЕЛУБАЙҰЛЫ
ПІКІРЛЕР1