ТЕБЕГЕНОВ ТӘЛІМІ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРАДЫ
05.07.2022
493
0

Профессор Тебегенов өмірінің отыз жылдан астамында ұстаздық пен ғалымдықты, жазушылық пен тәлімгерлікті, қоғамдық және мәдени қызметтерді қатар атқарды. Бүгін сол ұстазға қатысты өткен шақтан сыр шертіп, сөз қозғауға мәжбүр болып отырмыз.

Жалпы, білім беретін мекемелердің қай-қайсысында болсын білікті оқытушысы, қабырғалы қайраткерлері болады. Ұстаз-ғалым, профессор Темірхан ағайдың да өзіндік болмысы, сөйлеу мақамы, жүріс-тұрысы, өзіндік стилі мен стеротипі ол кісіні өзгелерден өзгешелеп тұрушы еді.
Профессор Тебегенов оқытушылық қызметіне адал ұстаз болды. Сабақты жанын салып оқытты, бар білгенін үйретуді мақсат етті. Темірхан ағай сабақ бергенде уақыт жетпей қалып, студенттер келесі сабаққа кешігеміз деп ағайды әрең тоқтатып алатын. Профессордың «ХІХ ғасыр әдебиеті», «Шетел әдебиетінің тарихы», «Арнайы курс» секілді пәндерден дәріс алған шәкірті ретінде мен оны жақсы білем. Бұл бұрынғы академиялық сағат 80 минуттық кез еді, ал кейінгі 50 минутқа ағайдың көпке дейін көңілі толмай жүріп, әрең дегенде көндіккені бар. Осы қасиеті Темағаңды ұстаздық биікке итермелеген алғышарттың бастауы болды десек артық айтқандық болмас.
Ағайдың әр дәрісі өнеге, әр сабағы мазмұнды болатын. Солардың ішінде өз басым Дулат Бабатайұлы туралы өткізген сабағын классикалық дәріс ретінде бағалаймын.
Профессор Тебегенов үзбей ізденген еңбекқор ғалым болды. Өмірдегі әр алуан кәсіпте, шығармашылықта талант керек. Таланттың рөлі рухани шығармашылықта айқын көрінеді. Алайда ғылыми-шығармашылық үшін бір талантпен ұзаққа бара алмайтының анық. Ол үшін маңдайдың тері, көздің майы, қолдың табы өтерлік еңбекқорлық керек. Темірхан ағайдың артында он бес томнан артық шығармалар жинағы қалды. Ол кісінің әдебиет тарихына, айтыс өнеріне, бұрынғы және бүгінгі жазушылардың еңбектеріне жасаған әдеби талдаулары, Жазушылар одағындағы әдеби үрдістен бір сәтке болсын қол үзбегендігі, республикалық және халықаралық деңгейдегі конференциялардағы жасаған баяндамалары шынайы еңбектің көрсеткіші болды.
Ол кісі жастар шығармашылығына жол ашушы, тәлімгер әрі ғылыми жетекші де болды. Темірхан ағайдың тәлімгерлігін бұрынғы дәстүрлі ата жолын ұстанған тұлғаларға ұқсатуға болады. Темағаң жай ғана жетекші, қарапайым тәлімгер ғана болмаған, оған үлкен жауапкершілікпен қарап, шәкірт­терінің бар жағдайын ескеріп, оларға заманауи тәлімгерлік пен дәстүрлі тәлімгерліктің үлгісін қатар көрсете білуші еді. Профессор Т.Тебегеновтің тәлімгерлігінен өрбіген шәкірттерін бір өзенге құятын үш арнаға бөліп қарастыруға болады. Бірінші арнасы – жалпы дәріс оқыған, сабақ берген мың сан шәкірттері. Ол шәкірттер бұл күндері республиканың әр өңірінде табысты еңбек етуде. Филфактың түлектері, ұстаздары туралы өткенді тілге тиек етсе, сөз жоқ Темағаңның жарқын бейнесі де олардың көз алдына келері анық. Ал екінші арнасына шығармашыл шәкірттер легін жатқызар едік. Темірхан ағайдың әдебиетшілігі, өзінің өлең сөзге тумысынан жақындығы оның шығармашылық жастардың жетекшісі болуына табиғи түрде итермелегендей тәрізді. Филология факультетінен білім алуға келген жастардың ішінде ақындыққа, жазушылыққа, журналистікке бейімі барлардың бәрі Темірхан ағайдың маңайына топтасатын. Бұл жағынан келгенде шығармашыл жастар ағайды іздейді, ағай оларды іздейді, сөйтіп, екі тарап бірін-бірі толықтырып, кафедрадағы Сәкен Сейфуллин атындағы әдеби-көркем бірлестіктің көрігін қыздырар еді.
Жалпы факультетте үйірмелер көп болғанымен Темағаң жетекшілік ететін бірлестіктің жанды үйірме болғанына ешкім дау айта алмайды. Бұл үйірмені кезінде академик С.Қирабаев ашып, Темірхан ағайға табыстап кеткен болатын. Осы үйірме жұмысы арқылы шығармашыл жастардың өлең жазуына, жазған өлеңдерін әдеби ортаға барып оқуына, баспа бетіне жариялан­уына ықпал ете білді. Темағаңның шығармашыл жастардың өлеңін өңдеп, жазудың қыр-сырын үйреткен шәкірт­тері республикамыздың әр өңірінде кездеседі. Танымал шәкірттері арасында айтыс өнерінің жарық жұлдызы, өмірден ерте кеткен орақ тілді Оразәлі, бүгінгі ақындардың ішіндегі белдісі де, көпшілікке кең танымалы да Бақыт Беделхан, продюсер Сержан Молдасанов, ақын Саят Қамшыгер, айтыскер ақындар Смағұл Жұмаділ, Ретбек Мағаз бар. Профессор Тебегеновтің докторлық және кандидат­тық жұмыстарға ғылыми жетекшілік жасаған шәкірттерінің өзі бір мектеп. Темағаңның ғылыми жетекшілігімен ғылыми ортаға қосылған М.Әйтімов, Д.Сәтемирова, Г.Есіркепова, Э.Қансейітова, А.Шамахова секілді шәкірттері бұл күндері ғылыми-педагогикалық қауымдастықта табысты еңбек етуде. Ендігі Темағаңның кітап болып басылып үлгермеген мұрасын, библио­графиялық жинақтарын шығару мен есімін ұлықтап еске түсіріп отыру ісі шәкірттеріне аманат дер едік.
Профессор Тебегенов, психология тілімен айтқанда, коммуникабельді ашық тұлға болды. Темірхан ағаймен тілдесу кімге де болса оңай еді. Ол кісімен амандассаң болғаны әрмен қарай тілдесіп, әңгімеңіз жарасса араласып, әзілдесіп кете беруге болады. Әдемі әзілді де Темағаң теріс көрмейтін. Бұл мінезі бойына біткен ұстаздыққа тән қасиеттен болса керек.
Ұстаз-ғалымның бір ерекшелігі ретінде табиғи болмысынан әрі кәсіби мамандығынан дарыған сөзге шеберлігін айтуға болады. Темірхан ағайдың сөйлер сөзге келгендегі шешендігі мен арнасынан асып, кемерінен төгіліп тұратын сөз саптауын табиғи қасиет деп тануға негіз бар.
Темағаңның туған топырағы – Сыр елі. Ал Сырда туған балаға Сыр сүлейлерінің сөзінің жұғысты болмауы мүмкін емес. Әдетте оқытушылардың өздеріне тән сөз саптау мәнері мен сөз қолданыстары болады. Бұл жағынан келгенде Темірхан ағай қара жаяу емес еді. Шаршы топтың алдында тауып айтатын сөздері мен ұтымды тіркестері жетіп артылады. Сол тапқыр сөздерінің қатарына «ұжымдық құпияны сақтап жүрейік», әсірелеп сөйлесе асырып жіберетін «планета арулары» деген секілді тіркестері ел көңілін елең еткізіп, жұрт­тың ризашылығын тудырған қолданыстар болатын.
Темағаң әрбір сөзін тауып айтып қана қоймай, табандап тұрып қорғай да білетін. Оған мына бір жайтты мысал ете кетсек болады. Темірхан ағай университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, факультеттің ғылыми кеңесінің тұрақты мүшесі болды. Филфактың құрамына бір жылдары шетелдік азаматтарға арналған даярлық бөлімі қарасты болып, сол бөлімнің кафедра меңгерушісіне факультеттің ғылыми кеңесінде Темағаңның тұрақты бір қоя­тын сұрағы болатын. Сондағы сұрағы аталған кафедра қашан шеттелдіктерге қазақ тілін оқытып, қазақ тілінде неге жоғары оқу орнына даярламайды дегенге саятын. Ол кез­де кафедра да басым бағыты ретінде шетелдіктерге орыс тілін оқытады. Темағаңның аталған сұрағы әр кеңес сайын қойыла берген соң, кафедраның меңгерушісінің бірде күйіп кетіп, «ағай сіздің осы сұрағыңыз әр кеңес сайын қайталанады, оған біздің бағыт сәйкес келмейді, мен сізге жауап беріп шаршадым, сіз сұрақ қойып шаршамайды екенсіз» деп кейігені бар. Сонда Темағаңның аспай-саспай «Сіз қашан қазақ тілінде оқытатындығыңызды айтсаңыз, сонда мен сұрағымды қоймайтын боламын» дегені еді.
Темірхан ағайдың туған жері Сыр өңірінен бір сәтке ажырамағанын айта кету керек. Тіпті Сыр өңірінде өткен әдеби шығармашылық кештер, ғылыми конференциялар, қоғамдық іс-шаралар Темірхан ағайсыз өтпеген бе деп те қалатын кездер болды. Өйткені Темағаңның Сыр өңірінде өткен шараларға өзінің аяғы жетпегенімен сол шараларға сөзі жетіп, баяндамалары мен мақалалары баспасөз бетінде ұдайы жарияланып тұрғандығының өзі дәлелдей түсетін. Мұны Темағаңның туған елге деген құрметі деп бағаласақ болады. Соған сәйкес туған елі де Темағаңды ресми түрде «құрметті азаматы» ретінде бағалады.
Сонымен сөзіміздің түйіні профессор Темірхан Тебегеновтің бойында бар осындай көпке үлгі боларлық адами қасиеттер ұстаз-ғалымның алдынан өткен мың сан шәкірттерінің бойына тәлім болып дарығаны анық. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейтіндігі» рас болса, асыл ағаның жазған мұрасы да, ұстаздық ұлы есімі де ұмытылмайды деп сенеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір