«Түріктің Тарковскийі»
31.03.2022
695
0

«Адам да, оның талабы да күн сайын өзгереді. Осыдан кейде екі жыл бұрын ұнатпаған фильмімді бүгін көріп, ғажап десем, кейде, керісінше, басқа фильмдерді бұрындары не үшін қарағанмын, мағынасыз сияқты деймін. Адам әр күні жаңа дүниені үйреніп, тәжірибесі молайған сайын өмірге жаңа көзқараспен қарайтындай. Киноға деген талап та дәл солай, үнемі өзгеріп отыр», – дейді Нури Бильге Джейлан.

Кино әлеміне ену үшін өзгелер кеш деп санайтын 36 жасында алғашқы қысқаметражды фильмін жалғыз өзі түсіріп, түсірілім тобының жұмысын өзі ғана атқарған фильмі Каан кинофес­тива­лінде жүлде алған түрік азаматы – әлем­ге танылған кинорежиссер, оператор, сценарист. Джейлан фильмдерінің стилі мен техникасы ерекше және көбі автобиографиялық жанрда. 1995 жылы түсірген «Kөбелек» Каан кинофестивалінде «ең үздік қысқаметражды фильм» марапа­тына ие болды. 2002 жылы түсірілген «Кісі­киік» «ең үздік шетел фильмі» деген атауға ие болып, одан басқа түрлі кинобайқауларда 47 рет арнаулы жүл­делерді қанжығасына байлаған. Джейланды ата жұртына танымал еткен де осы фильмі. Өзінен 21 жыл бұрын «ең үздік шетел фильмін» отандасы режиссер Иылмаз Гүней иеленген. Одан соң өз еліне бұл жеңісті қайта сыйлаған Нури Бильге Джейлан аталған кинокартинасынан кейін өте танымал тұлғаға айналды.
Режиссердің туындылары жалпы бұқараға арналмаған. Бұл туралы өзі де: «Адам ғұмырындағы сөзбен айтып жеткізуге келмейтін сәттер жиі ойландырады. Ал осынау жайт шығармашыл тұлғадан тәуе­келді, ештеңеден қорықпауды талап етеді. Мәселен, менің фильмдерімді кино өнеріне қызығушылығы жоғары, «белсенді» көрермен болмаса, басқасының іші пысып, ортасынан ары қарай көрмей қоюы да мүмкін екенін білемін. Бәрі емес, әрине. Сонда да түсіремін. Бұл менің ғана емес, кез келген режиссердің түбі баруы керек тәуекел. Қоғам пікірі қашан да екіге бөлінеді, мұны қабылдай білу керек», – дейді. Дегенмен Джейлан фильмдерінің барлығы дерлік көрермен көңілінен орын алып келеді.
«Туындыгер әдебиет кинодан жоғары тұрады, – дейді бір сұхбатында. – Кино өнеріне қарағанда әдебиеттің тарихы да, мағынасы да, берері де мол». Оның орыс классикалық әдебиетінің жанкүйері екені рас. «Мен Чеховтың шығармашылығына қатты қызығамын. Кино түсірудегі мотиваторым – Чехов. Сценарий жазу кезінде оның әңгімелерін жиі еске аламын. Фильмдерімде Чехов лебі сезілсе, себебі де осы. Оның өмірдің кез келген оқиғасына байланысты әңгімелері бар. Чеховтың туындыларынан, өзі сипаттаған, күнделікті күйбең тіршілікті көруге болады. Оны байқамау мүмкін емес», – дейді Джейлан.
Мысалы, Джейланды көпшілік «Кісі­киік» фильмінен соң «Түріктің Тарковскийі» десе, «Жыл мезгілдері» филь­мінен кейін «Түріктің Антонионы» деп атап кеткен. Алғашқы қысқаметражды «Көбелек» фильмі Константин Лопу­шан­с­кийдің «Желді күнгі көз жасы» фильмін еске түсіреді. Әрі фильмде уақыттың сырғуын фотолар арқылы беруі, фильмнің атмосферасы Тарковскийдің «Айна» фильміне еліктеп түсіргенін аңғаруға болды. «Көбелек» – режиссердің алғашқы қадамы, әлі еліктегіш жас киногердің үздік фильмі. Фильмде үлкен жастағы жұбайлар,кішкентай бала, табиғат, жапырақ пен жел, су мен от, ұйқыға батқан мысық кадрлары ғана бар, диалог мүлдем жоқ. Бір ауыз сөзсіз, кейіпкерлердің үнсіз көзқарасы, қимылсыз ойға батқан сәттері, жел өтінен сыбдырлаған жапырақтар үні өтіп жатқан уақытты бейнелейтіндей көрінеді. Бұл фильмге нақты анықтама берілмейді. Себебі көрермен рухани дүниесі нені қаласа, соны алады. Біреулер фильмде бір-біріне қанша жақын тұрса, сонша алыстаған ер мен әйел қарым-қатынасын айтады, бірі адам уысында ұстай алмайтын уақыт өлшемін көреді. Екеу ара сұхбатсыз берілген фильм – мағынаны көрермен өз жан дүниесінен іздеп табатын туынды. 2018 жылы шыққан «Жабайы алмұрт» фильмі ғана диалогқа бай. Дұрысы, әдеби диалогпен өрілген. Бұл ретте түйсінесіз: сөз – құдай, оны пайдалансаңыз да, пайдаланбасаңыз да ол бар еді және бар болып қалады. Ал оны қолдандыңыз ба, жоқ па маңызы жоқ. Себебі ол әрқашан бар! Аталған киношығарма – жас жазушының басынан өткен қиындықтары жайлы. Сондықтан да әдеби сарын басымырақ. Фильмде жазған кітабын, баспаға беру үшін әкесі­нің сүйікті итін сатып, соңында жалғыз оқырманы әкесі болған жігіт өмірі баян­далады. Әлемге өзін паш еткісі келген басты кейіпкер шын мәніндегі мақсаты қандай – оны өзі де анық білмейді. Фильмде жас жазушының әкесінің де жауапкершілігінің аздығы, құмар ойын, жоқшылық сияқты бір-біріне себеп болып туындай беретін отбасылық мәселелер баяндалады. Кітап шығару үшін қанша есікті қаққанын, кейбір адаммын дейтін надандардың әдебиетке де «бармақ басты, көз қыстылықпен» жасаған қиянаттарын жеткізеді.
Режиссердің басты қаруы да, көзі де, тіпті, өзі де камера. Ол камера ар­қылы айналадағы сұлулықты, фильм атмосферасын бере алуы тиіс. Джейлан бұл үдеден шыққан. Керек десеңіз, қандай да бір фильмдегі қардың, тұманның, аспанның, жел мен дыбыс үндестігінің, жол тереңдігінің, сұрғылт бұлттардың асқан махаббатпен түсірілуінен-ақ режиссерін тап басып табар едіңіз. Аталған детальдар қарапайым кадр болып көрінгенімен, режиссер ретінде әр фильмге қалдырған Джейланның қолтаңбасы іспетті.
Оның кинокартиналарында «ша­рық­­тау шек, эмоция» тудыратын не? Музыка. Джейлан фильмдерінің тағы бір өзегі – музыканы көп қолданбауы. Киноматографиялық дыбыс структура­сы­нан тек айналадағы дыбыстар, кадр ішіне тән жел үні, су сыңғыры, аяқ дыбыстарын пайдаланады. Тек диалог сәтінде, эффект беру мақсатында музыкалар қолданғанды дұрыс санайды. Джейлан – киноның ең маңызды элементі музыка екенін ескерген режиссер.
Ол бір сұхбатында: «Бір елде ғана жұмыс істеймін, ол – Түркия. Мен фильмдерімде түрік азаматтарының бар болмысын түсіремін. Тіпті елеусіз секілді көрінетін мимика, мінез, әрекет мен үшін өте маңызды. Әрбір режиссер не басқа өнер адамы өзі туып өскен, таныған мәдениетте жұмыс істеуді қалайды деп ойлаймын», – дейді. Джейлан туындыларынан түрік халқының салт-дәстүрін, қызба мінезін, ескі мен жаңа үрдістерін, кейіпкер өмірінен көруге болады. Талантты туындыгер қоғамның кейбір кертартпа болмыстарын, байлық, билік, жоқшылық, өнер мен әдебиет, мәдениет сияқты таласқа түсетін тақырыптарды алуан түрлі пікірлермен, кейіпкер арқылы жандандыра алған. Талғампаз, шыдамды, кино мәніне жете алу үшін соңына дейін тамашалайтын, сөз құдіретін білетін, өмір мектебінің не екенін ұғына алатын, отбасы құндылығын түсінуге тырысатын, өнер мен әдебиеттің ара жігін ажырата алатын көрермендер оның әр жаңа фильмін сарыла, сағына күтеді жә­не ыстық ықыласпен қабылдайды. «Мен фильмдерімнің адам табиғатын зерт­тегенін, болмысын айқындағанын қалаймын. Фильм аяқталғанда адамдар өмірді сырттан бақылап, керегін алға­нын­да, қайран қалса деймін. Міне, осындай ойлар жетегінде жүріп, жаңа фильм түсіруге ниет етемін», – дейді Нури Бильге Джейлан.
Ешқандай өнер туындысына өз тұтын­у­шы­сына ақыл айтпайды. Дегенмен сол «ақылға» көрерменнің, тыңдарманның немесе оқырманның өзі жетеді. Біз бүгін тілге тиек еткен режиссер фильмдерінде де солай. Оның кез келген кинокартинасын көріп шыққаннан кейін ойдың салмағы еңсеңізді басуы да мүмкін, бірақ өз ішіңіз­ге үңіліп, болмысыңызды тануға, жүре­гіңізбен тілдесуіңізге зор септігін тигізеді.

Нұрай МЫРЗАХАНҚЫЗЫ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір