МОЦАРТ. «ЖАН АЗАСЫ»
05.10.2021
3029
0

Біз Мұқағалиды сәл де ұмытқан жоқпыз. Ұмыта да алмаспыз. Қайта арамызға түскен уақыт оның тұлғасын зорайта, асқақтата түсіпті. Жыры жалын ақын қазақ өлеңі өлкесіндегі бір асқарға — дара Алатауға айналғандай. Шынында да, ол қазақ өлеңдерінде Қасым Аманжолов сияқты дауылдай өртке тиген өлеңімен Өмірді шайқаған құдіретті тұлға, қайталанбас кесек құбылыс. Бәрі жадымызда: Оның поэзиямызға қалай келгені. Қалай жетіліп өскені, өршігені. Амал қанша, ол барынша толысып ауылын, астанасын ғана емес, төрткүл әлем қамын ойлай бастаған шағында, сырбаз сезіміне әлеуметтік қуатты ойды, терең пәлсафаны өзек етіп, жүрегінің түбіне кір жасырмай, барлық тұлғасымен толайым көрініп, зор ақындық даусымен жырлай бастаған уақтысында, поэзияның биік шырқауларын көрсететін деңгейге көтерілген кезеңінде үзіліп кетті. Амал қанша, ол Алтайға Атырауды қоса құшақтауға құлаш ашқан кезінде, жалындаған жырларымен әзиз ата, ақ шашты аналардың жүрегін әлдендіріп, замандас құрдас-құрбының мәртебесін биіктетіп, барша ғашық жүректерді жиі соқтырып, бөбектердің бесігін тербете бастаған шағында бұл өмірмен қоштасты. Бірақ  ол өлеңмен, қасиетті өнермен қоштасқан жоқ, Артына саф таза ақындығын, мол да мөп-мөлдір мұрасын қалдырған еді. Осылайша оның екінші өмірі – негізгі әрі мәңгілік өмірі басталған болатын.

     Әбділда ТӘЖІБАЕВ 


    Реквием

Біреу келді де қара киімге оранған:

– Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт! –

деді де, жоғалған…

Әлдебір елес…

Әлдебір адам болар ма?

Аза тұтқан,

Аң-таң Моцарт,

Бар жұмысын доғарған.

 

Аты мен жөнін білейін деп артынан,

Іле шыққан-ды.

Аула алдында сәл тұрған.

Аты-жөні кім екені белгісіз,

Қара киім ғайып бопты антұрған.

 

«Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт!»

Азалы үн…

Жаназа күйі елітті оның назарын.

Бұл өмірдің тозағы менен мазағын,

Тәрік етсін бір.

Жазамын оны, жазамын!

 

Өңім бе әлде,

Түсім бе әлде?..

Тәңірім!

Рояльдің жәйлап басып бір көрді тамырын.

«Хош бол енді, хош бол, хош бол, бауырым!»

Дегендейін күрсініп алды ауыр үн.

 

«Хош бол, Моцарт!»

Дегендей ме жүрегі?!

Сәл кідіріп, қуаң тартты іреңі.

Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт! –

Япыр-ау,

Періште ме әлде, пері ме әлде, кім еді?!.

 

Күй пернесін тағы да келіп бір басты,

Күңіреніп барып, бір үнмен бір үн мұңдасты.

Өмірді мынау азалы, ауыр үн басты,

Күйзеліп, жәйлап, өмір мен өлім сырласты.

 

  1. ТАБЫТ ҮНІ

Мен сені сүйгем,

Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!

Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.

Ақ сәулең сенің аймалап мені,

Жарық Күн,

Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.

 

Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,

Сезгемін, білгем,

Мен үшін бір күн тынарын.

Тастама мені,

Тастама мені, Шырағым!

Шуағың түссін,

Шөп болып мейлі, шығамын.

 

Қомағай көңіл құмартып өткен әрнеге,

Тірлікте сонау түскемін талай әуреге.

Кешкен өмір де,

Көрген бақыт та – барлығы,

Жетпейді екен ғой,

Бір күндік сенің сәулеңе.

 

Бір күндік сәуле…

Бір күндік жарық мекенім!

Мәңгілік түнек қапасқа қалай кетемін?!

Келмейді-ау тілім…

Өлгеннен сұра дер едім,

Тірі жандарға,

Өмір дегеннің не екенін.

 

Өмір дегенге,

Тірлікте, сірә, жетер ме ой.

Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.

Бекер ғой бәрі,

Бекер ғой бәрі, бөтен ғой,

Өмір дегенің бір күндік Сәуле екен ғой!..

 

Тамшыдай ғана нұрына, міне, зарықтым,

Өмір осы екен, сырына, міне, қанықтым.

Жаса сен Мәңгі!

Жаса сен Мәңгі!

Жарық Күн!

…Табытпын, табытпын, табытпын…

 

  1. ХАЛЫҚ ҮНІ

Ажалдың аяз, боран, түні өткенде,

Көктем кеп жер бетіне гүл еккенде,

Қызғалдақ қара жерді жарып шығып,

Қадалар кеуделерге, жүректерге.

 

Аспанда алапат күш дүр еткенде,

Көк пен жер тітіркеніп дір еткенде,

Қақ бөліп қара бұлтты қақыратып,

Ұшқының тұрар сенің түнектерде.

Болашақ дүниеге шыр еткенде,

Бір ұрпақ бір ұрпаққа ілескенде,

Аспалы көпір болып қаларсың сен,

Жалғайтын жүректерді жүректерге.

 

Біз сенімен,

Сен бізбен қанаттандың.

Қанаттанып, халқыңа нәр ақтардың.

Сенің көшің тоқтамас жер бетінде,

Өлмес мәңгі сапарға жаңа аттадың.

 

Әрине, суық қайғы, суық қайғы,

Көңілін халқың бірақ суытпайды.

Егерде халық өзін ұмытпаса,

Бақыл бол, халқың сені ұмытпайды!

 

Қайырымсыз қазаға елің бас ұрмайды,

Саған деген сағыныш басылмайды.

Табытыңды жасырса, жер жасырар,

Ал уақыт өзіңді жасырмайды!

 

III. ЖЕСІРЛЕР ҮНІ

Жалғанда-жалған,

                        жалғанда,

Жесірден мұңлық жан бар ма?

Жалғанда жалғыз қалғанда,

Әдіра қалған арманға,

Араша түсер жан бар ма?

 

Жалғанда-жалған,

                        жалғанда,

Қаңырап бәрі қалған ба?

Жете алмай алғы таңдарға,

Кеттің-ау, боздақ арманда.

Арада жүрген асылды,

Алды да ажал, жасырды.

Опты да, жұтты қара жер,

Атылған көктен жасынды.

 

Панасыз қалған жесірден,

Біржола үміт кесілген.

Жарқырап жанған шырақты,

Соққан да дауыл өшірген.

 

Сені де жұтқан көне жер,

Сан рет әлі көгерер.

Салтанатқа әлі бөленер,

Бірақ та маған не берер?

 

Төгер де мұңын, жөнелер,

Көзімнен жасым себелер.

Тасбауыр табыт тас қылып,

Мені де бір күн шегелер.

 

Сен сүйген орман, көлдерге

Жыл сайын құстар келгенде,

Көкжиек, сонау белдерден,

Сағыныш сағым көргенде,

Зарығар саған шер кеуде,

Сағынар жүрек шерменде.

 

Төзермін қалай мұныңа,

Жетер кім сенің құныңа?

Не істермін ажал ұрыға?!

 

Шомылып көздің суына,

Өзің жоқ қанық сырыма,

Өтермін жасып, бұғына.

Қашаннан жерік қара жер,

Жесірдің қайғы-мұңына.

 

Қоршаған тұман жан-жағым,

Келмеске, құсым, самғадың.

Хош енді!

Үзілген менің арманым,

Хош бол, Ардағым!..

 

  1. ЖЕТІМДЕР ҮНІ

Біздер –

Жетімдерміз,

Жетімдерміз.

Ақпанның,

Аяз қардың өтіндеміз.

Мына сараң өмірден сауға сұрап,

Тіршіліктің мазасын кетіргеміз.

 

Біздер – жетімдерміз!

Біздер – жетімдерміз!

Доп қылып жердің шарын өтудеміз.

Бостан-босқа өлмейміз,

Өкінбеңіз.

Жекірмеңіз,

Біздерге жекірмеңіз,

Жекірмеңіз!

Босағасын паналап талайлардың,

Талайлардың басынан секіргеміз.

Себебі жетімдерміз!

Өкінбеңіз, біздерге жекірмеңіз.

Біздер – жетімдерміз!!!

 

Өмірге келу де  – егіз, кету де – егіз,

Сүреңсіз өтуде жаз, өтуде күз.

Жалғанда өлім бар да жетімдер бар,

Сондықтан мәңгілікке бекінгеміз.

Біздер – жетімдерміз!

Ұрылар да емеспіз, қарылар да!

Қарғыс таңба біздерден арылар ма?!

Жылынамыз бір ауыз жақсы сөзге,

Қарғыс аяз біздерді қарығанда.

Жасамаймыз қиянат жаны барға.

Жаны бар жан  бірақ та табылар ма?

Жетім көңіл жақсыға жарыған ба?!

 

Біздер – жетімдерміз!

Жетімдерміз!

Жетім болып жүріп-ақ жетілгеміз:

Дөңгелек жердің шарын допша қуып,

Мазасын тіршіліктің кетіргеміз.

 

Тіршілікте біреуін бірі күндер,

Бізге жат өлі кімдер,

Тірі кімдер…

Жиылып, Жер шарының жетімдері,

Алдында Ақиқаттың бірігіңдер!

                                            Мұқағали МАҚАТАЕВ

 


ОҚЫРМАНЫ ЕҢ КӨП АҚЫН

«Кәдімгі ақын Мұқағали прозашы да болған ба?» – деп, ақынның «Қош, махаббат!» атты қара сөзбен жазылған жинағын қолына алғандар таңдануы да мүмкін. Аты-шулы қара сөз шеберлерінің көбі дерлік творчество деген салтанатты сарайдың қақпасын алғашқыда өлеңімен тықылдатқан ғой. Ал, Мұқағали болса, «Дариға-жүрек», «Өмір-дастан», «Өмір-өзенге» бара жатқан жолында қасиетті қара сөздің ауылына түстене кеткен секілді. Маған осындай әсер қалдырды. Мен Мұқағалидың тірі кезінде оның әр жерде басылған әңгіме-мақалаларын оқымаппын. Көңіл бөлмеппін… Енді қайтып келмейтініне көзіміз жеткенде ғана аласұрып жоқтап, мойындайтын әдетіміз бар емес пе?!

Соңында жоқтайтын ұрпағы барлар ғана ұлылар санатына қосыла алады. Енді, міне, ақынның қаламынан шыққан әр сөз, әр сөйлеміне үңіле қарап, өзімізше ой түйіндеуге, өзімізше түсінуге тырысатын кезеңге біз де жеттік. Сонымен, қолымызда «Қош, махаббат!» – Мұқағали Мақатаевтың қаламынан әр жылдарда өмірге келген қара сөзбен жазылған туындылар.

Мұқағали Мақатаев поэзия туралы сын-мақалаларды көп жазған ақын емес. Оның көзі тірісінде талайлардың аузын аштырып, көзін жұмғыздық деп жүрген ақындар болған, олар әлі де бар, яғни, таңдана, табына қалған сәттерде Мұқағали да жүректен шыққан ойын сөзбен өрнектеуге әбден мүмкіндігі болған. Бірақ ол мақалаларды көп қалдырмапты. Дегенмен ілгеріректе әдеби жыл қорытындысында поэзия туралы жасаған бір-екі баяндамасы, одан бөлек Олжас Сүлейменов, Еркеш Ибраһим, Қадыр Мырзалиев туралы шағын мақалалары сыншылдығын аңғартады. Әсіресе, Қадыр поэзиясы жайлы қуанышын, жүрекжарды ой-толғамдарын жайып салған «Сезім найзағайы» мақаласы тереңдігімен, шынайы, бүкпесіз айтылған ойларымен құнды және Қ.Мырзалиев творчествосын бірде сыбап, бірде мадақтап, әлі күнге тоқайласа алмай келе жатқан сыншылар пікірлерінің, мақалаларының бәрінен өрелі тұр!

Мұқағали Мақатаев – қазақ тарихындағы ең оқырманы көп, халқының өзі жанашыры болған суреткер. Ол ең алдымен ақын. Қазақ жырының құдіреті.

«Қош, махаббат!» — сол жыр құдіретінің қарасөзбен жазылған ой өрнектері. Түйін, тұжырымдары. Мақатаев – үлкенді-кішілі прозалық туындыларында да сол ақын Мақатаев күйінде қалған. Өнердің биіктігі мен адам биіктігінің тұтастығын, жарасымын іздеген ойлы оқырман үшін керегі де сол болса керек.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір