Тағдырымыз да, тілегіміз де – бір…
14.09.2021
1220
0

Кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуына оның экономикасы мен байлығы ғана себеп емес. Мәдениет пен өнер де – елдің тірегі, қорғаны. Қазақстан деп аталатын ұлы елімізде қазақ халқының мәдениеті мен өнері, тарихы мен әдебиеті, ана тілі – ұлтымыздың  баға жетпес байлығы. Ендігі жерде тағдыр тәлкегімен қазақ даласынан мекен тапқан өзге ұлттардың да өз мәдениетін, дәстүр-ғұрпын, ана тілін сақтауға, өскелең жастар мен келешек ұрпаққа мұра етіп аманат етуге мүмкіншілік бар. Барлық халық өкілдері тату-тәтті, ауызбіршілік жағдайында өмір сүріп, ұланғайыр далада бейбіт ғұмыр кешіп келеді. Қазақстанда әр ұлт өкілдерінің жайлы өмір сүруіне, кәсіппен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Қазақстаннан басқа мемлекеттерде дәл біздегідей терезесі тең еңбек етіп, қалаған ісімен айналысып жатқан диаспоралар жоқ. Сондықтан Қазақ еліндегі әрбір ұлт бақытты өмір сүріп келеді.

Абдулжан АЗНИБАҚИЕВ, ақын, аудармашы


Осы орайда, барлық этнос өкілдерінің  тіліне, дініне қарамастан, бір мүдде аясында әлеуметтік-экономикалық даму жолына жұмылдыра білген қазақ даласы әлемдік кеңістіктегі тұрақтылық пен бірліктің символына айналды. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы, оның ішінде, этно-мәдени бірлестіктер елімізде маңызды рөл атқарып келе жатыр. Осы арқылы елімізде барлық этностың мәдени мұрасын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін толыққанды жаңғырту мен дамытудың тұрақты механизмі жүзеге асырылуда. Бұл – басымызға қонған бақ-дәулет! Рухани азығымыздан  нәр алып, ұлттығымызды сақтау үшін бар мүмкіншілікті жаратқан даласындай көңілі кең қазақ халқына мың алғыс айтамыз.

Жоғарыда тілге тиек еткен осындағы ұлттық әдебиетіміз – Қазақстан әдебиетінің бір бөлшегі. Қазақстандағы ұйғыр әде­биеті жаңа бір дәуірге сенімді қа­дам басты. Бұл әдеби бағытта мен көбіне  жастар шығармашылығы туралы айтқым келеді. Ұйғырдың жас қаламгерлері ел­дегі тұрақтылықты, тыныш­тықты, ынтымақ-бірлікті, бей­біт­шілік пен достықты, рухани ке­лісімдерді нығайтуға, өткен тарих пен келешекті байланыстыруға шақыратын ұлттық сана мен дәстүр-ғұрыптарды насихаттауда өз септі­гін тигізіп жүр.

Шығармашыл жастарымыздың  арасында көшбасшы деп Шаирәм Баратова мен Вильям Молотовтардың есімдерін ерекше атауға болады. Олар әебиетке ерте жастан келіп, бүгінге дейін оқырмандардың сүйікті ақын-жазушыларына айналған. Ш.Баратованың «Шатлиққа тәшналиқ» («Шаттыққа зәру») атты тұңғыш өлеңдер жинағына енген туындылары бүгінгі қоғамдағы достық, махаббат, шыншылдық, адалдық сияқты ерекше құндылықтар хақында жырлайды. Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткі­зіп, қазақ халқының қолына бақыт құ­сы­ның қонғанына қуанған ақын қыз «Қазақстан», «Ана жут» («Ауылым») тақырыптарын кеңінен ашып, оқырмандарын сүйсіндіреді. Шығармаларында ұлы Абай мен ақиық ақын Мұқағали қалыптастырған көркем өрнектер, үлгілер байқалады. Мұндайда, Ш.Баратованың Шығыс, соның ішінде қазақ және ұйғыр ақындарының шығармаларымен сусындалған жас қаламгер екендігіне көз жеткіземіз.

Вильям Молотов «Жұлдыздар да армандар» деп аталатын кітабымен  ұйғыр поэзия­сында ақсап тұрған  балалар әдебиетінің қоржынын толтырды. Екіншіден, постмодернистік кеңістікте бағын сынап, қалам тербеген оның  «Соғда қалған тәғдир» («Аязда қалған тағдыр»), «Кәч күз ахшими» («Күздің соңғы түндері») атты өлеңдері ұлттық поэзиямызға ерекше серпіліс беріп, жаңаша ой-пікірлерімен жастарға үлгі бола алды. Аталған өлеңдерін оқып, шынында да ойланасың, толғанасың… Автордың  «Мусапир» («Мусәпір») көлемді прозалық туындысында  мықты  эпизодтар мен көр­кем­дік тә­сіл­дердің орынды қол­­­­да­нылуы  повестің көркемдігін асырып, мазмұнын кү­шейтіп тұр. Бұл туынды заман бедерін, тағ­дыр  қайшылықтарын  анық көруге мүм­кіндік береді. Тағдырлы кейіп­кер­дің «тар жол, тайғақ кешулері» оқыр­ман­ды бей-жай қалдырмайды.

2017 жылы еліміздің мәдениет пен өнер астанасы – Алматы қаласында орналасқан Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер интитуты жанындағы мұражайда ұйғыр жас қаламгерлері бас қосып, «Варис» әдеби-бірлестігін құрған болатын. Содан кейін бірлестікке жиырмаға жақын қолында құтты қаламы бар қыз-жігіттер мүше болып, қарқынды жұмыс бастап кеткен еді. Сол жастардың арасынан суырылып шыққан Гүлназ Сәйдуллаева осы 4 жыл ішінде поэзия мен прозаны қатар алып жүріп, екі жанрда да жетістіктерге қол жеткізе алды. Ана тілімізде шығатын БАҚ беттерінде, атап айтсақ, республикалық «Ұйғыр авази», «Азия бүгін», аудандық «Іле өңірі», «Қарадала» газеттерінде, «Интизар», «Ижаткар» («Қаламгер») сияқты журнал беттерінде шығармалары үздіксіз жарияланып тұрды. Жуырда оның көптен күткен «Аял күлсе…» («Әйел күлсе…») атты өлеңдер жинағы жарық көріп, оқырмандарын шаттыққа бөледі. Г.Сәйдуллаева жас қаламгерлер ара­сында талпынысымен, ізденімпаздығымен, өзіндік көзқарасымен, тақырып таң­дауы­мен ерекшеленеді.

Ұлттық поэзиямызда өзіндік стилі қалып­тасқан ақын қыздарымыз – Зульфия Абдуллаеваның «Гүлстан баһарим» («Гүлстан көктемім»), Зухра Иссидуллаеваның «Құштарлық және ғашықтық», Альбина Аметованың «Мә­жнүн тал», Сабирәм Әнвәрованың «Ақ чечәк» («Бүршік») атты кітаптары жарыққа шығып, әдебиет бағында бірі қызыл, бірі жасыл, бірі сары гүлдердей болып құлпырды. Ақын қыздардың шығармаларында Отан, туған ауыл, туған жер, достық, ана тілі, табиғат, ұлт тағдыры айрықша көрініс табады.

2018 жылы ұйғыр халқының бағына туған атақты жазушы-драматург Ахметжан аға Аширидың бастамасымен «Мир» баспа үйінен ұйғыр ақын жастарының «Арман бұлақтары» өлең­дер жинағы жарық көрді. Осы жинақ туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Рахметжан Юсупов былай деп пікір білдіріпті: «Өлең­дері осы жинаққа енген 22 ақынның туындылары ұйғыр әдебиетіндегі жастар дауысын, аға буынның дәстүрін жалғас­тырушылардың бар екендігін көрсетті. Жоғарыда таныстырып өткен авторлардан басқа Молутжан Тохтахунов, Дилфуза Розиева, Шөһрәт Илиев, Гүлнарәм Аблиз, Тәғдир Октябров, Дилинур Өмәрова, Қолдаш Шәмшидинов, тағы басқа қалам иелері өзіндік стильдік ерек­шелі­гі­мен ұлттық поэзияның көркем­дік-эстети­калық жағынан өскендігін көр­сетті».

Ахметжан аға Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы ұйғыр әдебиеті секциясының төрағасы болып жұмыс атқарып жүрген кезінде Әдебиетшілер үйінде Одақпен бірлікте «Қазақстан – достық мекені» атты қазақ және ұйғыр жас ақындары арасында мерекелік мушәйра өткізіп, бір қуантқан еді. Бұл бастама кейін тоқтап қалған жоқ. Бағыты ғана өзгерген. «Әдебиетте шекара жоқ» десек, жастардың шығармалары бүгінге дейін қазақ, өзбек, татар, түрік, орыс, украин тілдеріне аударылды. Әсіресе, қазақ пен ұйғыр жастарының әдеби байланысы мол екендігін атап өткеніміз абзал. Мысалы, Вильям Молотовтың өлеңдерін талантты ақын Бақыт Беделхан, А.Азнибақиевтың өлеңдерін танымал жазушы Дәулетбек Байтұрсынұлы, Шахназ Жамашеваның өлеңдерін Әлсейіт Оспан сияқты ағаларымыз қазақ тіліне аударды. Көркем шығармалар «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында басылды.

Өз басым, 2017 жылы Ыстамбулда өткен түркі тілдес жас ақын-жазушылардың форумына барғаннан кейін алған тәжірибелерім, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанында құрылған Жас ақын-жазушылар кеңесінің алғашқы отырысына қатысқаннан кейін алған әсеріммен аударма саласында бағымды сынап көруге бел будым. Нәтижесінде көркем шығармалары арқылы ел-жұртқа танылып үлгерген Дәулетбек Байтұрсынұлы, Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин, Бауыржан Қарағызұлы, Ұларбек Нұрғалымұлы, Мирас Асан, Мерей Қарт, Алтынғадыс Күнтуғанұлы, Дәулет Жадырасын, Дильбар Маликова, Айгүл Жұмәділ, Нәзерке Серікқызы, Алтыншапақ Хаутай сынды жас қаламгерлердің өлеңдерін ұйғыр тіліне аударып, ана тілімізде шығатын БАҚ беттерінде, «Жүрек альбомі» кітабымда жария еттім. Өзім ерекше құрметтейтін бауырым – жазушы-драматург Әлібек Байболдың балаларға арналған әңгімелерін де қолымнан келгенше аудардым, ол шығармалар ұйғыр балаларына жол тартты. Әлібекті ұйғыр әдебиетінің жанашыры ретінде құрметтеймін: ұйғыр әдебиетін қадірлейді, біледі, түсінеді,  қолдайды.

Атап кетерлік жайт, ақын Вильям Молотов Мемлекет стипендиясының иегері атанса, жастар арасынан  Молутжан Тохтахунов Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.  Бұл, әрине, қаламдастарымыздың таланты мен еңбегінің жемісі. Негізі шығармашылықтың қиын жолынан адас­пай, заманауи поэзияда адал қа­лам тербеп, салмақты ой-пікір білдіру әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан көпшілік оқырман жүре­гінен әрдайым лайықты орын алған қаламгерлерге қолдау керек. Ұйғыр жас қаламгерлері де тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін ерінбей тер төгетініне мол сенімдемін. Соның ішінде әдебиет саласында аянбай еңбек етіп жүрген Ш.Баратова, В.Молотов, Г.Сәйдуллаевалар – Жазушылар одағына мүше бола алатын дарынды жастар, кітаптарын Үкімет тарапынан жарыққа шығаруға  лайықты қаламгерлер екенін айтып өткім келеді. Екіншіден, биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Атаулы мереке қарсаңында қазақ және ұйғыр жастарының таңдамалы шығармалары жинақталған кітапты жарыққа шығаруға, яки мерекелік әдеби кеш ұйымдастыруға қолдау болса деген тілегім бар.

…Әлқисса, бірлігі мен ынтымағы жарасқан Қазақстанымыздың болашағы кемелденіп, тіліміз бен діліміз, мәдениетіміз бен тарихымыз, әдебиетіміз бен ғұрпымыз күн сөнгенше ұрпақтарға жалғаса берсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір