ДИПЛОМАТ ДӘРІС ОҚЫДЫ
Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев белгілі мемлекет қайраткері, дипломат, ҚР Тұңғыш Президенті қорының Халықаралық бағдарламалар орталығының жетекшісі Қайрат Әбусейітовпен кездесті.
Оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, туған университетіне дәріс оқу үшін арнайы келген танымал тұлғаға алғыс білдірді. Тәуелсіз ел тарихын жастарға насихаттаудың маңыздылығына мән бере отырып, ректор университет түлектерінің елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде түрлі салаларда еңбек етіп жүргенін тілге тиек етті. Ұлттық дипломатияның алдыңғы қатарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектері тұрғанын мақтанышпен жеткізіп, қарашаңырақтың тарих факультетінің даңқты түлегі, бүгінде көрнекті тұлға Қайрат Қуатұлының тәуелсіз Қазақстанның дербес дипломатиясының қалыптасуындағы елеулі үлесін атап өтті.
Дипломат өз кезегінде қарашаңырақ ұжымына қонақжайлылығы үшін ризашылық білдіріп, бүгін ерекше толқынысты сезгенін айтты. Қазақстан Республикасының сыртқы істер вице-министрі және бірінші вице-министрі болған, әр жылдары Швейцария Конфедерациясы, Ұлыбритания Біріккен Корольдігі, Швеция, Ирландия Республикасы, Исландияда төтенше және өкілетті елші қызметтерін атқарған және Кембридж университетінде бес жылдық профессор тәжірибесі бар қабырғалы қайраткер қарашаңырақпен ортақ бағдарламаларды жүзеге асыруға, түйген-білгенімен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.
Кездесу «Қазақстан дипломатиясының қалыптасуы мен дамуы: Н.Назарбаев моделі» тақырыбындағы дәріске ұласып, оған оқытушы-профессорлар қауымы мен білім алушылар офлайн және онлайн қатысты.
Мемлекет қайраткері өз дәрісінде жаңа тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы алғашқы маңызды қадамдарға кеңінен тоқталды. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу арқылы әлемдік саясат сахнасына бейбіт бастамамен аяқ басқанын ерекше атады. «Елбасы ядролық қарудан бас тартып қана қоймай, әлем жұртын қарусыздануға шақырды. Қазақстан Президентінің қарусыздану идеясы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі деген атпен БҰҰ-ның ядролық қауіпсіздік жөніндегі бас құжатына айналды», – деді Қайрат Қуатұлы. Сонымен қатар Елбасының егеменді елдің зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретіндегі негізін қалап қана қоймай, жас мемлекетті халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесіне айналдырудағы жанкешті еңбегі мен ерлігін жастарға отаншылдықтың жарқын үлгісі ретінде ұсынды.
Спикер ҚР Тұңғыш Президентінің аймақтық, жаһандық мәселелердің шешілуіне белсенді атсалысып, халықаралық жағдайды реттеу мақсатында жаһан жұртына бір емес, бірнеше жоба ұсынғанын алға тартты. Бұл жобаларды бүгінде әлем жұрты жұмыла жүзеге асырып жатқанына терең мән берді. Елбасының әлемдік деңгейдегі қайраткерлігі мен қоғамдық-саяси қызметі жайлы мол мағлұмат бере отырып, көрнекті қайраткер тәуелсіз мемлекеттің дипломатиялық қарым-қатынастарының түрлі кезеңдері туралы естелік, тәжірибелерімен бөлісті.
Жиын соңында сөз алған оқытушылар, докторанттар, магистранттар мен студенттер өз салалары және әлемдегі геосаяси жағдай бойынша сұрақ қойып, сарапшы-маман пікіріне үлкен қызығушылық танытты.