Мегаөлең мен микроөлең
13.05.2021
2160
0

Шығармашылық – әр адамның өзіне тән киелі кеңістігі. Оның ішкі қалтарыс-бұлтарыстарына ешкімнің де баса-көктеп кіруіне, бұзып-жаруына жол жоқ. Бірақ туындының шама-шарқын пайымдап, әсер-ықпалы жайлы сөз қозғап, талдап-таразылау қай кезде де болған.

Айнұр Төлеу

Ақын Айнұр Төлеудің өлеңдеріне дендеп бойлаған сайын өзара ұқсастықтарымызды байқай бастадым. Мінез-болмысымыз әртүрлі болғанымен, таным-талғамымыздағы тоғысу нүктесін үнемі тап басып танитын секілдімін. Осыдан соң өлеңдерімізді қатар өру арқылы ішкі дүниемізге үңіліп көру жайлы ой келді. Жазбаның тақырыбын «Мегаөлең мен Микроөлең» деуімнің себебін оқырман сөздің соңын ала түсіне жатар.

Айнұр Төлеудің поэзиясында мифтанудағы ізденістерінің табы бар. Мифология – Ғалам ағашы, алып Қарақұс, Көлтауысар, Таусоғар, Жалғыз көзді Дәу, Олимптегі Құдайлар, олардан туған Титандар деген сияқты өңшең гиганттардың кеңістігі. Оған Аспани әлем, Жер беті, Жер астындағы өмір дегендей үш өлшемді дүние тән. Соның ішінде, әсіресе, астралды мифтер Айнұрдың өлеңдерін көктей өтіп жатыр. Сол аспани ауқымда ол кең тыныстайындай. Ол адамзат баласы Аспаннан түскен деп есептейді. Оның әдеби ортада «Аспан қызы» аталуының бір сыры осында жатса керек.

Келіп алып аспан жақтан қаңғырып,

Неге іздейміз жер үстінен Мәңгілік?

Қызығы көп мынау қызыл дүние –

Мәңгіліктен құлап түскен саңғырық, – дейді Көк сарынды ақын.

Үш өлшемді дүниеде Көктің символы – от. Оттың жануы – қарқынды процесс. Ол үнемі жоғары қарай тартылады. Осы ретте Айнұрдың стихиясы от десек, қате болмас. Бұл оның аспан әлеміне аңсары ауып тұратын өлеңдерінен анық аңғарылады. Айнұрдың «Стихия» дейтін өлеңі менің осы ойымды толықтыра түседі.

Таныдың ба?

Таныдың ғой, білемін!

Кеше ғана өрттен қалған Күл едім.

Гүл боп қайта түледім.

Енді өзіңді өртеу менің тілегім.

 

Күйкі әлемге қабағымды бір шытпай,

Күйдірейін, көзіңнен жас ыршытпай!

Күліп тұрып – өртен, егер өр болсаң!

Қараңызшы, оның әйелге тән үнінің өзі нәзік те үркек жүректен емес, қайсар қалыптан шыққандай батыл:

Елжіреткем иесіз жатқан тасты да,

Жібітпей ме жүрегіңді жас мына?

Тағдырымның тәжін шешіп төседім

Хандығыңның табанының астына!

Ынтық жанға деген ыстық ықыласын айтқан қыз емес, дәл бір дар алдында дат айтып тұрған өр үнді батыр дерсің. Айнұрдың қуатын отпен шендестіретінім де сондықтан.

Ол жаратынды дүниеге шығармашылық призмамен қарағанда, күн сәулесінің сан түрлі спекторға жіктелгеніндей түрлі-түсті ойлы шумақтары шашырап шыға келеді. 

Кеше сенің ауыр сөзің

Күңірентті Аспанды…

Ай тұтылды!

Үлпек емес, Эратоның көзінен

Ыстық-ыстық жас тамды!

 

Ай еріді!

Көтере алмай зілдей сөзін Ғасырдың!

Сыймайтындай дөп-дөңгелек қалыпқа!

Қалыпқа сыймай тұрған Ай емес, ақынның жұп-жұмыр жүрегі ме?! Кімнің көзінен ыстық жас тамды – Эратоның ба, әлде ақынның ба? Сіз бұлай сұрамайсыз. Себебі олар бір-бірімен астасып, кірігіп кеткен.

Шақырды түсімде ілкі түп.

Жұлдызды таяқпен үркітіп,

Кәдімгі

Жалтармай жұтатын жалынды

Бақсы боп жүр екем!

 

Жер астыжік екен,

Жер үсті Күн екен..

Ал  уақыт алдымда

Албасты секілді кемсеңдеп тұр екен!

Айнұрдың адымы барған сайын ашылып келеді, алп-алп етіп, бір басса – аңыздар арасынан, бір аттаса – шынайы өмірден шыға келетіндей, еңсесін тіктесе – әуеде, еңкейсе – жерде тұратындай, кеңістікті де, уақытты да көңіл көзінің аясына тұтастай сыйдырып жіберуге тырысады. Оның үні сөзімнің басында айтқан гиганттар кеңістігінен, арқырап алыстан естілетіндей.

Ол – адамның өзі жасап алған ережелерге, жасанды жоралғыларға сыймай, шектеулерді бұзып-жарып шығатын бас асаудай.

Атанам деп ары бар, текті келін,

Мінезімді тым асау тепкіледім.

Жаулығымды бір сәтте суландырып,

Кірпік қақпай, күлкімен кептіремін.

 

Бақыттың жоғы қандай, бары қайсы?

Сен мені қазір көрсең,  танымайсың…

Адамдаймын арманы аласарған,

Болмысына өзінің жаны қайшы.

Осындай қайшылықты сәттерде әр шығармашылық адамы әртүрлі күйге түседі. Мәселен, сіздің реакцияңыз қандай болар еді? Мен ширыққан шақтарда алапат қуатымды бір нүктеге сығымдап сыйғызып, өз әлеміме кіріп кетемін.

Ештеңе де қинамайды мені енді,

Көкшіл түске бояп алдым төбемді,

Төрт қабырғам сан түске еніп құбылса,

Шексіз мына әлем сынды көлемді,  деймін өзімнің аядай бөлмемнен тұтас бір ғалам жасап алған күйімде. Төбемді көкке боясам – Аспан, төменді жасылға боясам – Жер, маңайымды құбылтып сан түспен сапырыстырсам – әлем-жәлем тіршілік болып шыға келмей ме?!

Жердің стихиясы – су. Су жазықпен жылжып, еңіске қарай ағады, төменге тартады. Қай жерде ойық бар, сол жерге орнығады. Өлең көңілдің көмескі шақтарын, жанның да жүдеу тартқан ойлы-шұқырлы тұстарын тап басып, оны толқынымен толтырып жатса, су болмысының маған жат болмағаны. Тілдік қолданыстарымда бұлт, жаңбыр, өзен, тұман тектес табиғат көріністері жиі жолығатыны тағы бар. «Ақсу ағыстары» циклды өлеңінде тіршіліктің түрлі құбылыстары су сипатында көрінеді. Ол – балалыққа деген сағынышым  иә Ақсумен сырласу ғана емес, судың болмысын сезіну.

Жал толқындар жымың қағып,

Жарысады ойнап ағып.

Жылылықты біз қалайша

Толқын құрлы ойламадық?!

 

Немесе:

Мынау әуен неткен таныс,

Жаңбыр әні – жанның әні.

Көктен келіп жеткен дауыс

Көңілімде жаңғырады.

Жаңбырдың үні көңілімде жаңғырып тұрса, оның сырттан емес, өз ішімнен шығып тұрғаны ғой? Ол жаңбырдың емес, жанымның үні болғаны ма?!

Айнұрдың ең көп қолданатын тыныс белгісі – леп белгі. Әр өлеңінде екпіні ерекше, айтары нық ойларына леп белгісі одан сайын биіктететін реңк беріп тұр. Ал мен өлеңдерімде айтылмай қалған, соңына дейін ашылмаған, астарланып барып ары қарай оқырманды өз қиялы жетелеп әкететін көп нүктеге көбірек жүгінеді екенмін. Кей өлеңдерімнің аяқсыз қалғандай күйде көрінуіне бұл да бір себеп. Басқа ұрып санамасам да, осы екі тыныс белгісінің өзі-ақ бірі лапылдап көкке ұмтылса, екіншісі үнсіз ғана жерге сіңіп жатқандай, шығармашылығымыздың мінез-құлқынан хабар беріп тұр.

Жер бедерінде әр адамның өзі орналасқан нүктесі – кіндік нүкте. Адам сыртқы әлемге өзі тұрған жерден көз тастап, сол координаттан ғана бақылай алады. Оң, сол, жоғары, төмен деген ұғымдар осы кіндік нүктеден қараудан туындаған. Бұл жерде әңгіме географиялық орналасуға ғана емес, ең алдымен Ғаламды бақылаушы ретіндегі Сананың күйіне байланысты. Бізде алуан пікірлердің, қайшы ұстанымдардың болуы да осыдан. Ақын Айнұр Төлеу сол кіндік нүктеде тұрып шындыққа көз жеткізудің мүмкін еместігін түсінгендіктен де:

Қара аспандай шындығым,

Қай қазықта байлаулы тұр кіндігің? – дейді.

Сағыныш Намазшамова

Жарықтың тек бөлшек қана емес, толқын да бола алатынын дәлелдейтін эксперимент есіңізде ме? Яғни жарық өзіне назар аударылса бөлшек те, бақылаушы жоқ болса толқын болатынына көз жеткізгенде бәріміз таңғалдық. Бұл біздің маңдайдағы көзді жұмып, маңайға көңіл көзімен қарасақ қана ғаламның құпияларына қанығатынымызды аңғартса керек. Шығармашылық та – осыған ұқсас күй. Өлеңге объект ретінде қарамай, өлең қайсысы, өзің қайсысы екенін айыра алмайтын күйде, бірігіп, жымдасып, тұтасып кеткенде ғана шығармашылық шынайы болады.   

Уақыт және кеңістік туралы толғана келе Айнұр ақын:

Біз секілді миллиард дене, мың дене

Кеңістіктен іздеп әлек бірдеңе.

… Табылмаған, жоғалмаған бұл неге?

Атағым кеп тұрса соның шын атын

Тілім де осы қалады екен күрмеле,  – дейді.

Ғаламның сыры жоқ, оны құпия деп, жұмбақ деп жүрген өзіміз, ол кеңістікте ашық күйінде бар. Тек сол жоғалмаған нәрсені көкейкөзі жұмулы біз шарқ ұрып іздеп әуреміз.

Ғажайып па?

Ал ғажайып,

Сенбеген соң бара жатыр азайып, – дейді ақын қыз.

Кейде кино көргенде оқиғаның ары қарай қалай өрбитінін, кей спортшылардың келесі қадамда қандай тәсілге жүгінетінін, тіпті кей ақындардың өлеңдерінің бір шумағынан соң қай арнада жырлайтынын алдын ала біліп отыратын сәттер жиі кездеседі. Ал Айнұр Төлеу басыңа кіріп-шықпаған тосын ұғымдарымен, күтпеген бұрылыстарымен елең еткізеді. Жырларын оқып отырып, әлі ешкімнің табаны тимеген, түрен салынбаған бір ну тоғайда келе жатқандай күй кешесің, маңайыңның бәрі бейтаныс та таңсық әлем, тіпті арасында адасып қалдым ба деп те алаңдайсың, бірақ жаңа әлем сол өзінің өн бойы бейтаныстығымен баурайды да отырады. Айнұрға бір өлеңінің ішінен жалт еткен бір жол поэзия көрінетін стандартты сүрлеу – версификаторлық жат. Ол – түпнұсқаның өзі. Жалпы реттілікте қандай да бір логикалық тізбек бар. Ереже шеңберіндегі шиырлар бірте-бірте таптаурын жолға айналады. Ал Айнұрдың жыры – ондай логикалық қисынға бағынбайтын бөлек жол.

Періштелер жазып отыр мықты өлең,

Мықты өлең де тәмам болар нүктемен.

Мың нүктелер ой түзеді күтпеген,

Сөз түзеді бітпеген…

Міне, менің қара сөзбен жеткізбек болған ойымның түйінін Айнұр «Пешене» өлеңінде жыр жолдарымен осылай төге салады.

Ол – тәуекелге бас тіккіш, оптимист, мұңның өзін мұзжарғыш кемедей бұзып-жарып өтеді. Қандай сәттің болсын соңында өзінің қайратын қайрап, жігерін жанып, еңсесін көтеріп алады.

Ал мендегі «Мен» – елеусіздеу, бар-жоғы көзге көрінбейтін, тек қана сезілетін сипат. Маған өмірді құлаштай құшып, батыл жырлағаннан гөрі, нәзік қатпарларына нәркес көз салып, жібек желпігендей жұмсақ жырлау тән. Есениннің «Шепот ли, шорох, иль шелесть, Нежность как песни Саади» дейтіні бар еді ғой. Мәселен, гүлдің сұлулығын, гүлдің нәзіктігін жырлағаннан гөрі, гүлдің өзіне айналып, гүлше ойлануға пейілмін:

Тынышымды алып әлдене,

Санаға сыймай кей ұғым, –

Құйылатұғын кеудеме

су емес, сол бір мейірім.

 

Жапанда өскен жайқалып,

Жапырақ жайса – құба тал,

Ажарыма кеп Ай тамып,

Асқақтап мен де гүл атам.

Тереземнің алдындағы гүл сөйледі ме, өзім сөйледім бе, білмеймін… Қиялдың жемісі ме, жоқ әлде шынымен солай болды ма, айыра алмаймын.

Қиял – ол ақынның қанаты. Айнұрдың «Қанатыңды тауып алып ұш, жаным» дейтіні де осыны мегзегені. Қалай десек те, адамның қиялына ерік беретін кеңістік, әсіресе, ақын үшін аса қажет.

Жел сияқты жеп-жеңілмін

Желіп жүрген кең далада.

Айтшы, білсең, мені мұнда

Ұстап тұрған Жер ғана ма?!

 

Әлде сенің мен сезінген

Бір тартылыс күшің бе екен?!

Түпсанамнан түн ішінде

Қалқып шықтың түсімде сен.

 

Баққа бардық қол ұстасып,

«Өмір» дедік, «Кітап» дедік.

Менің жаным бара жатты

Кеудесі жоқ құшақта еріп…

Өң мен түстің арасындағыдай күйдегі өлеңімде мен тағы да сыртқы әлемде емес, өзімнің түпсанамда оянамын. Мына ию-қию дүниеде тыныштық таппайтын жүрегім өз әлемімде ғана байыз табады.

Адам қоғаммен қарым-қатынаста ғана тірі. Оның бар жақсы-жаман мінезі сол кезде шынайы көрініс береді деп ойлаймыз. Бірақ мен үшін керісінше, өмір қарым-қатынаста тоқтап қалатындай. Қайта ол оңашада, үнсіздікте басталады, сонда гүлдейді, сонда жеміс береді. Мендегі динамика, бурқанған өмір ішімде жүріп жатады. Интраверт адамға тән бұл мінезді өлеңіме де көшіреді екенмін. 

Күнде солай –  киім кием, ас ішіп,
Ал кім көре алар дейсің Бас ішін?!
Жасыса сол, көңіл үнсіз жасысын.
Тасыса сол, көңіл үнсіз тасысын.

Мендегі әлем –  көрінбейтін бір әлем,
Онда да бар биік жота, құба бел.
Сол әлемнің бар асылын сіңір де,
Сәт туғанда бір жарқ етіп шыға кел!

Осындай шумақтарда шынайы өмір жоқ дейтіндер табылады. Мұны қорқақтық, иә жер бетілік өмірмен бетпе-бет белдесуден, қоғамнан қашу деп емес, адам санасындағы түрлі түйткілдерге өзге өлшемнен көз салу деп түсінген абзал. Көркем жабындының астарында өмір жатыр… 

«Өмір – күрес» дегенді жиі айтамыз. Күрес – дау-жанжал, айтыс-тартыс емес, тепе-теңдікті сақтаудың талпынысы, ішкі арпалыс.

Жақсылық пен жамандық, жарық пен қараңғы сияқты ұғымдарды дуалистік көзқараспен үнемі қарама-қарсы қоямыз. Бұлар біз үшін бітіспес күрестің екі тарабы. Ал мәселеге басқаша көзбен қарап көрейікші. Мәселен, жазықтықта бір түзу сызық сызайық, дәл ортасынан бір нүктені белгілейік. Ортадағы нүкте қалыпты жағдай деп алсақ, сызықтың екі шеті сол қалыпты жағдайдың шектен асқан екі күйі деуге болады. Осы жерде физикадағы заттың үш күйі туралы ұғым ойға оралады. Егер ортадағы нүктеде су тұрған болса, оңға ығысқанда температураның көтерілуіне байланысты ол буға айналады, солға ығысқанда мұзға айналады.

Енді осы ұғымды адамның іс-әрекеттеріне бейімдеп көрейік. Онда орталық нүкте – адамның барлық сипаттағы адамгершілігінің тепе-теңдігін ұстап тұратын нүкте. Бұл туралы әл-Фараби: «Игілікті істер – екі қарама-қарсы шектің аралығындағы бірқалыпты істер, ал екі шектің екеуі де жаман әрекеттер. …Мырзалық – ысырапшылдық пен сараңдықтың, ерлік – ессіздік пен қорқақтықтың аралығы», –  дейді. Қалай дегенде де олар жазықтықтағы бір сызықтың бойында тұр, сыртқы айырмашылығы – орналасу алшақтығында, ішкі айырмашылығы – қасиетінде. Осылай ойласақ, қарама-қарсылық деген ұғымның өзі жойылады, тек ортаңғы қалыпты жағдайдың екі шегі бар. Сондықтан біз жамандықпен күресте негізгі күшті оны жоюға емес, ішкі қасиетін өзгертуге жұмылдырудың тиімділігін түсінеміз. Ақындар жақсы мен жаманның атын атап, түсін түстемей-ақ жырлаған болса, бұл өлеңнің айыптауға емес, айықтыруға, адамның ішкі сезімдерін ояту арқылы тәрбиелеуге бағытталғаны деп ұғуымыз керек шығар.

Дегенмен, көрнекті әдебиетші Зейнолла Қабдолов айтатындай, «Үлкен өмір қысқа лирикаға сыя бермейді». Кейде «Не біз үлкен өмірді шағын лирикаға сыйғыза алмай жүрміз, не сол үлкен өмір  – толыққанды өмірбаян қалыптасып үлгерген жоқ-ау» деп те ойлаймын.

Иә, сонымен Айнұрдың көңіл көзі – телескоп та, мендік көңіл көзі микроскопқа көбірек ұқсайды-ау деп шамаладым. Екеуі де Ғаламды басқа масштабта көруге бейім, тек біреуі іріні, біреуі ұсақты көруге қабілетті, бірі жоғарыға, бірі төменге бағытталған. Екеуінің де түпкі бастауы ортақ, ілкі тоғысу нүктесі бір. Тек сол нүктеден алған қуаттарын екі бөлек тарапқа, екі түрлі сипатта жұмсайды. Мегаөлең мен Микроөлеңнің айырмашылығы да, ұқсастығы да осында!

Сағыныш НАМАЗШАМОВА, ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір