Шандор Петефи
16.07.2020
2144
0

«…Иди же, если ты поэт,
С народом сквозь огонь и воду!
Проклятье всем, кто, кинув стяг,
Изменит своему народу!
Проклятье всем, кто отстает!
Проклятье трусости и лени
И тем, кто, бросив свой народ,
Ушёл искать прохладной тени!»
Шандор Петефи, «XIX ғасыр ақындарына» (орыс тіліне аударған В.В.Левик)

«… Ақын екенсің, байтағың бастап,
Кешкін от пен су өткелдерді!
Қарғыс атсын, байрағын тастап,
Өз ұлтын сатып кеткендерді!
Қарғыс… барша кері тартқанға!
Қарғыс… жалқаулар, қорқақтарға,
Ұлтынан безіп, серт аттарға,
Көлеңке жайға жол тапқанға!»
Аударған Алаштуған

Австрия империясының құрамындағы Венгр патшалығының Кишкёрёш елді ме­кенінде 1823 жылдың қаңтар айының бірі күні жер емген земандар (дәулеті төмен жер иесі) әулеті: тегі серб Стеван Петрович пен қаны словак Мария Груздың отбасында мажардың болашақ ұлы ақыны Шандор Петефи (тумысынан-Александр Петрович) дүниеге келді. Әкесі ұлының тәрбиесін, білімін дәйім назарда ұстап, өз өлкесінің ең үздік оқу орыны саналатын Банска Штьявница лицейінде оқытқан екен. Алайда, 1838 жылғы жойқын су тасқынының салдарынан бар мал-мүлкінен, кәсібінен айрылып қалып, баласы Александр оқуын тастап кетуге мәжбүр болады. Күнкөріс қиындаған соң, он алты жасар бозбала 1839 жылы Шап­рондағы әскери бөлімге қызметке кіреді. Екі жылдан кейін саулығы сыр бер­іп, әскери қызметтен босатылады. Кезбе актёр, аудармашы, жеке оқытушы да болып көреді. Ашқұрсақ жүрсе де, оқуына қаражат жинақтайды.
Өміріндегі ең жақын досына айналған Мор Йокаимен 1842 жылы Паптағы колледжде танысып, сол жылы, сол жерде тұң­ғыш өлеңі «Шарапқұмарды» жазады. Бұдан кейін жергілікті басылымдардың тұрақты авторына айналған ақын, 1842 жылғы қарашаның үшінен бастап өмірінің соңына дейін тек қана «Шандор Петефи» деген атпен белгілі болған. Венгрияны бар жүрегі­мен сүйген шайыр есім-сойының да дәс­түрлі мажар дүниетанымына сай болуын қа­ла­ған екен. «Өлеңдер» атты тұңғыш жи­нағы 1844 жылы жарық көрген. Осы кітабын бастыру үшін Дебреценнен Пештке жаяу барғандығы аңыз болып кеткен. Алғашқы жинағымен-ақ елді елең еткізген ақын, жалынды да рухты жырларымен мажар хал­қын тәуелсіздік үшін күреске үндеп, ар мен ақиқаттың адам өміріндегі ең үлкен құн­ды­лық­тар екендігін басты тақырыпқа айнал­дырған.
«Ауыл балғасы» (1844 ж.) поэмасында қалыпты романтикалық ағымнан ауытқып, көркем шығарма деңгейін жаңа биікке шы­ға­рып қана қоймай, мажар әдебиетіндегі реализмнің негізін қалайды. Осы кезеңде жазылған жырларының дені өрлік пен ер­лікті, елдік пен еркіндікті, ар мен рухты тұғыр еткен («Патшаларға қарсы», «Жабайы гүл», «Жүрек», «Жер-Ана», «Патшаларды дарға асу», т.т.). Ұлттық ауыз әдебиетінің са­рынымен жазылған «Жиһангер Януш» дас­танынан халықтың мұң-зарын, болмысын, ертегіге бергісіз ерлік пен ұлтқа деген махаббаттың баянын байқаймыз.
Жазушы Янош Арань екеуі 1846 жылы Пешт­те «Онның одағы» атты ұйым құрып, әдебиет пен баспасөздің демократиялануына ықпал етеді. Осы кезеңде ақын әділет­сіз сынның, қоғамдық қайшылықтардың, империялық биліктің қуғынының, сәтсіз махаббат машақатының ауырпашылық­та­рын бастан өткеріп, барша алабұртқан ала­са­пыран күйлерін шығармашылығында ақ­тарып салғаны анық. «Пишта Силай» (1846 ж.), «Шалго» (1846 ж.) поэмаларындағы трагизм осы аталған дүниелердің көрінісі болса керек. Бұл жағдайлар ақынды жігер­лен­діре түспесе, жасыта алған жоқ! 1847 жы­лы Шандор Петефи «Жас Мажарстан» төңкерісшіл ұйымын құрып, ұйымның ғана емес, бүкіл революциялық күрестің көсе­міне айналады. Сол жылы Юлия Сендреиге үйленіп, ұйым жұмысын екеуі бірлесіп жүргізеді. «XIX ғасыр ақындарына», «Сарай мен лашық», «Халық атынан», «Қасқырлар жыры», «Иттер жыры», «Поэзия», «Халық» секілді керемет туындыларынан ақынның сол кездегі азаматтық ұстанымын, ұлттың азат келешегіне сенімділігін, рухының биік­тігін көреміз.
1848-1849 жылдардағы Австро-Венгрия империясындағы төңкеріс барысында Шандор Петефи Янош Арань, Лайош Кошутпен бірге ұлт-азаттық қозғалысын басқарады. Император Фердинанд V қа­был­дамай қайтарған атышулы «12 тармақ» бағ­дарламасын да өзі жасаған. Биліктен әб­ден түңілген төңкерістің жас көсемдері – Ш.Петефи, М.Йокаи, П.Вашвари, Я.Видац 1848 жылы наурыздың он бесінде «12 тармақты» мыңдаған данамен бастырып, ақынның елге танымал әні «Ұлт жырымен» Буда мен Пешттегі барша жастарды көте­реді. Әсіресе, студенттер қауымдастығы қат­ты қолдау көрсетіп, билікке талаптардың бар­шасын орындатады. Тіпті, саяси тұт­қын­дардың босатылуына қол жеткізеді!
Дауылпаз ақын ғана емес, нағыз ұлт батыры болған Петефи 1848 жылдың қыр­күйе­гінде Мажар ұлт-азаттық қозғалы­сы­ның ірі әскербасы, ұлты поляк Юзеф Закариаш Бемнің адьютанты ретінде соғысқа аттанады. Ұлт азаттығы үшін күрескен бұл әскер империяның тұрақты әскерінен бөлек, румын әскерімен, саксон бүлікшіле­рімен, орыс патшасының жасақтарымен қатар соғысуға мәжбүр болады. «Өмір, я, өлім», «Қилы кезең», «Ғажап хат», «Жазық­тық» секілді туындыларын арда ақын жо­рық­та жүргенде жазып, жауынгерлердің рухын көтерген. Сол кезде дүниеге келген «Ұлтқа» толғауы мен бас кейіпкері елінің еркіндігі жолында құрбан болатын «Апостол» поэмасы алмағайып уақыттағы ақын­ның өз өмірінің көркем шығармадағы бей­неленуі болатын.
Ақынның өлімі турасында екі түрлі, бір-біріне қарама-қайшы ақпарат бар. Ресми дерек көздерінің баяндауынша, ма­жар­дың ұлы ақыны һәм ұлттық батыры Шан­дор Петефи Шегешвар түбіндегі орыс-казак әскерімен болған қиян-кескі шайқас үстін­де оққа ұшқан. Бұл деректі ғалымдар орыс әс­кери экспедициясының дәрігерінің жаз­ба­сына сүйеніп, ақынның ажал құшқан күні­нің нақты мезгілі ретінде ұсынады. Егер, бұл ұстанымды дұрыс деп қабылдасақ, Шандор Петефи жиырма алты жасында көз жұмған екен… В.В.Пагирь мен Ч.Й.Мадьяр­дың нұсқасына сүйенсек, жоғарыда аталған ұрыс барысында ақын орыс әскерінің қо­лына түсіп, әскери тұтқын ретінде «Итжеккенге» (Сібірге) айдалған. Бірінші Дүние­жүзілік соғыста жараланып, қолға түскен, кейін Байкал маңында әскери тұтқында болған мажар офицері Ференц Швигель Бурятиядағы Баргузин ауылының төңіре­гінен ақын қабірін көргендігін мәлімдеген жазбаға, құлпытастың фотосуретіне негіз­делген бұл тұжырым да ақылға қонымды. «Алек­сандр Степанович Петрович, мажар майо­ры әрі ақыны, Элэсунде өлген-Азия-1856 жыл, мамыр айы»… Тура осы мәтіннің орыс тіліндегі нұсқасы және 1853 жылы жазылған ақынның соңғы өлеңі В. В. Пагирьдің аталмыш мақаласында жария­лан­ған екен. Мажарстан 1987 жылы Буря­тияға арнайы экспедиция жіберіп, қабірден ДНК үлгісін алдырғанымен, ширек ғасыр бойына сараптама нәтижелері дау тудырып келеді. Ең соңғы, 2015 жылғы Қытай сот сараптамалары Институ­тының тұжырымдамасы ғана қаңқаның анық Шандор Петефиге тиесілі екенін растайды. Бірақ, бұл шешімді Мажарстан ғалымдары (Ф.Морваиден басқа) да, өзге зерт­теу­шілер де дәлелденген, ғылыми не­гізі айқын құжат ретінде қабылдамады.
Қалай болғанда да, мажар халқы ба­һа­дүр ақынын 1849 жылдың шілдесінің отыз бірінші жұлдызынан кейін тірідей көрген жоқ. Ақын өлген соң, байырғы ұлт көсем­дері мен зиялыларының көпшілігі сатқын­дыққа барды. Дегенмен, «сатқындық сайысында» ақынның «ең адал досы» Мор Йо­кай алдына жан салмады. Ұлттың азат­тығы жолындағы күрес идеясынан айны­ғанымен қоймай, сыншысымақ П.Дюлаимен, өлеңші М.Бабичпен бірігіп,
Ш.Пе­­те­фидің әдеби мұрасын қаралаумен бол­ды. 1848 жылы наурыздың он бесінде Пе­те­фи тұтқыннан босаттырып алатын ұлт көсемі Танчичтің өлім жазасына кесіліп, се­гіз жыл жертөледе жасырынып жатуына, кейін­нен сексеннен асқан шағында аштан өл­уіне де осы қарабеттер себепкер болған еді.
«Ит үреді, керуен көшеді»… Неғұрлым ақынның өзін де, әдеби мұрасын да ғайбаттаған сайын, соғұрлым мажар халқы өзінің сүйікті ұлын көкке көтере берді. Оның жырлары халық жадында жатталып, әндері әр шаңырақта шырқалды. Кітаптары сан қайтара басылып, ондаған әлем халық­тары­ның тілдеріне аударылды. Мажардың реа­листік көркем әдебиетінің негізін қа­лаушы Шандор Петефидің өмірі мен шығармашылығын А.Гидаш («Шандор Петефи», 1950 ж.), Ш.Дьердь («Төрт тағдыр», 1986 ж.), Д.Ийеш («Шандор Петефи», 1972 ж.) сынды ғалымдар, жазушы Янош Вайда, қытай жазушысы Су Линь, М.Михайлов, А.Луначарскийлер зерттеген.
Шандор Петефи өз шығармаларын мажар, ағылшын, француз, неміс тілдерінде жазған полиглот қаламгер ғана емес, мажар жазба әдебиетінің бастауында тұрған ұлтының Абайы да өзі, ұлт-азаттық күре­сі­нің көсемі һәм дауылпаз ақыны болған Ма­хамбеті де өзі десек қателеспейміз. Ақын­ның атымен дүние жүзінде жүздеген көшелер, ондаған оқу орындары, планета аталған. Ескерткіштері де көптеген Еуропа қалаларында бар. Оған ақындар, жазушылар, композиторлар мен суретшілер өздерінің керемет туындыларын арнаған. Алайда, ең үлкен ескерткіш өзі өмірінен артық сүйген, азаттығының жолында жанын құрбан еткен мажар халқының оған деген шексіз сүйіспеншілігі! Ол жайында Г.Гейне 1849 жылы: «…Петефидей ақынмен Берне мен Беранже ғана теңесе алар… Әбден дерт дендеген, азғындаған қоғамда сонша салауатты саулық пен таза қарапайым­ды­лықты сақтап қала алған онымен қатар қоюға, мен Германиядан ешкімді лайық көрмедім», – деп жазса, XX ғасырдың рухты ақыны Пабло Неруда: «…Мен үшін әлем әдебиетінде Петефиден сүйікті ақын жоқ! Петефи классик емес еді, мүлде! Ол махаб­баттың, отансүйгіштіктің, еркіндіктің ең жа­лынды жыршысы – тек қана Петефи болатын… Петефи – мажар әдебиетін әлем әдебиетімен біріктіріп берген гауһар түйме­нің өзі. Ғаламат, отты мажар ұлтының одан ұлы ұланы да жоқ… Петефи дүниеге келген күн­нен бақытты күні де жоқ», – деген екен… Мен келісемін… Сіз ше?!

ПЕСНЯ СОБАК
Воет вихорь зимний
В облачные дали,
Близнецы метелей —
Дождь со снегом валят.

Нет забот нам — угол
В кухне есть согретый,
Господин наш добрый
Дал нам место это.

О еде забот нет,
Ест хозяин сладко,
На столе хозяйском
Есть всегда остатки.

Плеть — вот это правда —
Свистнет, так поплачешь!
Но хоть свистнет больно —
Кость крепка собачья.

Господин, смягчившись,
Подзовёт поближе,
Господина ноги
Мы в восторге лижем!
Шандор Петефи, Пешт қаласы, 1847 ж. (орыс тіліне аударған Н.Тихонов).

ИТТЕР ЖЫРЫ
Қыстағы құтырған құйындай
Ұлыған бұлтты, алыс түздегі,
Сырманың сыңары – тыйылмай,
Қар, жаңбыр үдеуін үзбеді.

Біздерге уайым жоқ тәрізді –
Ас үйден бұйырған жылы орын,
Егеміз жақсы адам жаны ізгі
Бекіткен бұрышы бұл оның.

Алаң жоқ, тамақтан құр қалман,
Қожайын сүйеді дәмдіні,
Орнынан егеміз тұрғаннан,
Қашан да біздікі қалдығы.

Сабаса – қамшымен, шындығы –
Ысқырта, шыңғырта тиеді!
Ышқынта батса да бір күні –
Иттердің мықты ғой сүйегі.

Қожайын жұмсарса, келеміз
Жанына жақындап, жанаймыз,
Аяғын ұсынса егеміз
Елпілдеп,ес – түссіз жылаймыз!
Аударған Алаштуған

ПЕСНЯ ВОЛКОВ
Воет вихорь зимний
В облачные дали,
Близнецы метелей —
Дождь со снегом валят.

Горькая пустыня —
В ней нам век кружиться,
В ней куста нет даже,
Где б нам приютиться.

Здесь свирепый холод,
Голод в брюхе жадный, —
Эти два тирана
Мучат беспощадно.

Есть ещё и третий:
Ружья с сильным боем.
Белый снег мы кровью
Нашей красной моем.

Хоть прострелен бок наш,
Мерзнем днем голодным,
Пусть в нужде мы вечной,
Но зато свободны!
Шандор Петефи, Пешт қаласы, 1847 ж. (орыс тіліне аударған Н.Тихонов).

ҚАСҚЫРЛАР ЖЫРЫ
Қыстағы құтырған құйындай
Ұлыған бұлтты, алыс түздегі,
Сырманың сыңары – тыйылмай,
Қар, жаңбыр үдеуін үзбеді.

Қаңсыған ащы шөл — мекен бұл,
Бізге енді айналар мәңгілік,
Бұта жоқ, пана іздеу бекер құр,
Бойтаса таба алмай қаңғыдық.

Мұндағы суықтар тым қатты,
Бос құрсақ жаланған аштықтан –
Аямай, осы екі зұлматтың
Қинауы асады қастықтан.

Үшінші зұлмат та тағы бар:
Қағынар мылтықтар атқанда.
Аппақ қар қызыл түс жамылар,
Қанымызбен жуып жатқанда.

Бүйірімізді біздің оқ тескен,
Күнде үсіп суықта, аш құрсақ,
Мәңгі мұқтаж күйде, кектескен,
Еркінбіз – біздер… Тек… Қасқырша!

Ержан АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір