Тамырым – өз топырағымда
«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»
Нармахан Бегалыұлы,
ақын
– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Алла сыйлаған ой-сананы ойсыздыққа ойыстырмауда, дарынын дамытуда.
– Ер-азаматтың басты қасиеті ше?
– Сынақтарда сынбау, отбасының қайғысын қалыңдатпау, ар тазалығын көрге кіргенінше кіршіксіз сақтау.
– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Бақыт − асықпау мен кешікпеудің арасындағы ашу-араздығы жоқ әлем, сұлулық болып арбайды, бұлт астынан жылт-жылт еткен жұлдыздардай алдайды, жеткізбей жүйкелетеді, бірақ ұмтылу қажет.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– Апалақ-сапалақтығынан адалдығы, далбаңдығынан даналығы басым Қожанасыр.
– Ең басты кемшілігіңіз не?
– Жоғымды емес, жоғалтқанымды іздеу.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Жаратушымыздың ұлы туындысы − табиғатты тамашалауға тайып тұрамын.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– Жұрт алдындағы жауапкершілігімді ұмытпайтын қарапайым азамат атансам, қалғанын өмір өзі реттер.
– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Тамырым − өз топырағымда, басқа жерді жерсінбейтіні ақиқат.
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Қараңғыны қармамайтын, көргеніне күйлемейтін, көк жасық көлкілдектікке алданбайтын, қарқынына ісініп-қабынбайтын, көз жетпейтін жырақтарға жетелейтін қабілетке.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Кешірмейтінді кешіретін кезімде, өйткені кектенуден гөрі кешіру оңай.
– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
– Құдайға сенбейтіндер адамға сенбейді. Сенім − ұлы күш, өмірдің тірегі. «Өзіңді атеист етіп жаратқаны үшін Құдайға мың мәрте рақмет», – деп жазған Карл Листерник.
– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?
– Адамдардың тәбетін тәртіптейтін, қанағатын қалыптайтын, ашқарақтығын ауыздықтайтын, қорқаулығын қорлайтын құлтемір жасауға жігерімді жұмылдырар ем.
– Не нәрседен жиіркенесіз?
– Шектен шығудан. Барлық нәрсе өз өлшемінде қалуы тиіс. «Кім Алланың шегінен өтсе, солар зұлымдар», – делінген Құран Кәрімде.
– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға?
– Жалмауыз, қанішер Гитлер
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– Әдіһам Шілтерханов ағаның «Қиялдайтындай өмір бер, ұялмайтындай өлім бер», –деген табиғи тілегі.
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Жылағанның көз жасын көрмейтіндердің алдында егілгенше, егесімді ішке кетіргенім − асылып өлгенім жақсы.
– Абайдың үнемі есіңізде жүретін бір сөзі…
– «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат».
– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?
– Ақша ақылдың алдына түскелі бері ұяттың ұясы талқандалып, баяғыдан жалғыз басы мың болған мейірімділік меңдуана жегендей ауыштанып, жан тылсымға таялды.
– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?
– Мықты ақын – Шаһизада Әбдікәрімов, мықты жазушы – Дулат Исабеков.
– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?
– Артықшылығы − жігерлілігі, жүрек қылын шертуге құштарлығы; кемшілігі − кеппе кеуделігі, өткен ғасырлардағы ақын-жазушылардың ауылына ат ізін жиі сала бермейтіні.