Ұлы Әбіштің «ШАНДОЗЫ»
07.05.2019
4099
0

Зинол-Ғабден Бисенғали,
филология ғылымдарының докторы,
профессор

Әбіш Кекілбайұлы соны үлгіде жазылған соңғы шығармасын «Шандоз» деп атапты да, жанрын «деректі-тарихи баян» деп анықтаған. Жанрлық белгілеріне қарағанда, тарихи роман. Бірақ, жаңа ғасырдың туындысы ретінде өзгелігі де жетерліктей. Бұл бүгінгі әдеби әлемде көріне бастаған жаңа романдардың алдыңғы легінде тұрған шығарма деуге әбден болады.

«ШАНДОЗДА» ДЕРЕКТЕР СӨЙЛЕЙДІ

«Шандоз» романында тарихи дерек пен қаламгер толғамдары кезек ауысып, оқырман қиялын бірде өткен күндер өрнектеріне – Махамбет заманының шындықтарына, тіпті, кейде одан да бұрынғы тарихтарға алып кетеді. Махамбет өмірбаянына қатысты біз біле бермейтін деректер мен мүлде теріс қабылданған идеологиялық бұрмалаулар, «өтіріктердің» түгел болмағанымен, бастылары айтылады. «Шандоз» – ХІХ ғасырдың бірінші жартысында алуан түрлі саяси-әлеуметтік қайшылықтар қабаттасқан ел дүрбелеңінің Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа ұласуын тарихи деректерге орай, қаламгер танымы мен қабылдауына сай бейнелейтін жаңа роман. Аса қиын, күрделі қайшылықтар мейлінше шиеленіскен ортаны көркем бейнелейді. Өткен ХХ ғасырдың орта тұсында идеялық таным бесігінде басталып, жаңа ХХІ ғасыр басында дүниеге келген шығарманың тіні талантты жазушы ойында болған. Студент жылдарында жазылған «Қызғыштың әнінен» бастап, үнемі бұл тақырыпқа көз тігіп жүрген. Махамбеттің шығармашылығын зерттеп, ақынды өте жақсы білетін қаламгер, ғалымдармен пікірлесті, ел ішіндегі көнекөз қариялардан естіген ауызша әңгіме, хикаяларды жинады. Махамбет туыстарымен кеңесті, мұрағат материалдарын қарады. Осылардың бәрін пайдаланып, жаңа әдеби үлгілерге ұмтылған ізденістерін «Шандоз» деректі-тарихи баянында бір түйіндейтін тәрізді. Алайда романның осы күйінде кеңестік қытымыр цензурадан ешқашан өте алмайтынын парасатты қаламгер білді. Шығарма сондықтан да Тәуелсіз Қазақ елінің төл туындысы ретінде Егемендік алған жылдарда дүниеге келді. Алайда қаламгерде «асығу арпалысы» басталғандай. М.Өтемісұлына байланысты қазақ қоғамдық санасында әбден қалыптасқан көзқарас, пікірлер бар. Тіпті, мұны қайта қараудың, өзгертудің қажеті жоқтай көрінеді. Бірақ «Шандозды» асықпай оқыған зерделі оқырман мәселенің олай еместігін анық көреді. Ә.Кекілбайұлының ақын шығармашылығын жаңаша тану, қорыту, қысқасы, өзіндік дискурстық бағыт- та қабылдауы көп нәрселерді асықпай, ойлана қайта қараудың табалдырығына әкеледі. Мұны жаңа заман, егемендік мүмкіндік берген еркін ойлау нәтижесі ретінде де ұғуға болады. Соңғы деректер мен содан туындаған соны ойларды жеткізу барысында баяндау және суреттеуді егіз қолданатын қаламгердің жазу әдіснамасы мен әдіс-тәсілдерінде өзгерістер байқалады.
Махамбеттің шығу тегі мен әкесі, өскен ортасы мен отбасын құруы, білім алу қайнарлары, қоғамдық қызметі, Жәңгір ханмен арадағы кикілжің, қазақ елі мен орыс мемлекеті арасындағы қарым-қатынастар туралы ойлар аса маңызды осы түйінді қозғайды. Бұл сұрақтардың бәрі күні кешеге дейін тарихи шындыққа сай деректерге сүйене айтылды, бейнеленді деп айта алмаймыз. Орыс идеологиясына жаутаңдаған жылдарда Махамбет шығармашылығы мен қызметі туралы зерттеулер таптық қоғам қақтығыстарына басымдық бере жазылғаны, тіпті, зерттелгені де анық. Дәулеттілер мен кедейлер арасындағы тартыстардан ұзай алған жоқ. Әрі Исатай, Махамбет бастаған халық қозғалысының өзін шаруалар көтерілісі дегеннен аспадық. Бұл қозғалыстың негізіндегі басқа мұрат-мақсаттарға сай Ә.Кекілбайұлы тақырыпты жаңа дискурста таниды. «Шандоздан» үзінді: «Шамасы Кеңес жылдарындағы идеологиялық ұйытқымалық Махамбет мәтіндеріне де өз салдарын аз тигізбесе керек. Ереуілші ақынның бірде-бір толғауында «патша», «орыс», «кәпір» деген сөздердің атымен кездеспеуі де таңғаларлық жай… Ақын жырларының әлеуметтік зілін әріге асырмай, Жасқұс пен Жәңгірдің маңайымен шектеуге тырысу әнтек байқалады. Сонда Махамбеттің бар ерлігі мен өрлігі Жәңгір хан, Баймағамбет сұлтан, Қарауыл қожа хакім, Балқы билерді сілейте балағаттаумен тынған ауыл арасының көп тентек телісінің бірі болады да шығады. Бұл – ақынға да, тарихи шындыққа да үлкен қиянат. Сондықтан ақын жырларын әлі де болса жинақтай түсіп, ел аузындағы төңкеріске дейінгі, төңкерістен кейінгі, соғыс жылдарындағы, тоқырау тұсындағы жарияланымдық нұсқаларды өзара салыстырып, бастапқы қалпына келтіру – ақын алдындағы әлі атқарылмай келе жатқан парымыз» (339-б.). Міне, Махамбеттану алдында тұрған жаңа міндеттер жобасы…

(Толық нұсқасын газеттің №18 (3652) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір