ИІРІМ
Эдгар Аллан По – 1809-1849 жылдарда өмір сүрген америкалық жазушы, ақын, сыншы, журналист. Ол жүздеген өлең мен новелла жазған. Сондай-ақ, психологиялық әңгіме, ғылыми фантастика, детектив жанрларында қалам тербеген. ХХ ғасырдың басынан бастап қаламгер туындыларының желісі бойынша режиссерлер үздіксіз кино түсіріп келеді. Қазір АҚШ-тың Ричмонд және Балтимор қалаларында Эдгар Аллан Поның мұражайы бар. Назарларыңызға жазушының әңгімесін аударып ұсынамыз.
Біз ең биік жартастың төбесіне көтерілгенде, толқындарымен Лофоденді* үсті-үстіне ұрғылап жатқан ашулы теңізден 500-600 фут** жоғарыда тұрдық. Қасымыздағы қария қалың ойға шомып кетті де, тіл қатуға мұршасы болған жоқ. Сөзін біраз уақыт үнсіздіктен соң бастады:
— Бұл жерге бірнеше жыл бұрын бірге келгенімізде, менің қылыштай қылшылдаған жас жігіттің күш-қуатынан кем түспейтін қайратым болғанын көрер едіңдер. Ал қазір жігерім жасыған, рухым мұқалған, сағым сынған. Үш жыл алдын адам баласы бұрын-соңды аман қалып көрмеген апатқа ұшырап, 6 сағат бойы зәремді алған сұмдық қорқынышты бастан өткердім. Нәтижесін өздерің көріп тұрсыңдар. Кәрілік келмесе де, қартайып, шөгіп кеттім. Әлі қырау шалып үлгермеген шашым бірнеше сағаттың ішінде қардай ағарып, аяқ-қолым әл-дәрменінен айрылып, жүйкем тозған матадай жұқарды. Мен көрген сұмдықты жақыннан сезінсін деп, сендерді осы жерге әдейі ертіп келдім. Біз қазір үстінде тұрған Хелсегген немесе Клауди атты бұл жартас Норвегия жағалауынан аса қашық емес. Отырып, теңізге мұқият қараңдаршы.
Алдымызда шеті мен шегі көрінбейтін қаракөк түсті айдын қанатын кеңге жайған алып самұрықтай көсіліп, шалқып жатыр. Екі жағымызға көз тіксек, көкжиекке дейін жететін жартастың үшкір ернеуі жіп-жіңішке сызықтай көрінеді екен. Құрлық пен судың шектесетін тұсы екі әлемнің ымдасып, жымдасып, әлдебір жұмбақ тілмен сөйлесіп жатқанындай елестейді.
Жасыл түгіне қарап, өсімдік өсетінін аңғаруға болатын бір кішкентай арал шамамен 5 миль қашықтықта тұр. Одан 2 мильдей беріде түнерген жартастар жүзік тәрізді айнала қоршаған тағы бір кішірек арал бар. Арыда орналасқан арал мен жағалаудың арасындағы су бетінде түсініксіз бір құбылыс байқалады: желдің бағытымен де, желге қарсы да аласұрып асыққан ағыстың көрінісі сондай сұсты.
– Арғы аралдың аты – Вурх, бергісі – Москэ, – деп сөзін жалғастырған қария кенет шошып кетіп:
– Естідіңдер ме? Теңізден қандай да бір өзгеріс байқадыңдар ма? – деп сұрады…
…
Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА
(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)