Сауға сұрап ала алмадым басыма…
07.12.2018
2124
2

Жәнібек ӘЛИМАН

Бейдауа

Іштен үнсіз тыныппын ғой тұнардай,
Біліп-білмей… дүние де қуа алмай.
Желдеп кеткім келеді ылғи бір жаққа,
Желдегеннен бірдеңе өніп шығардай?!

Оныңнан да түк шықпасын білесің,
Мұныңнан да…
Іштен тынып жүресің.
Өз ойыңмен өзің сосын алысып,
Өмір-ойды өз ішіңде сүресің.

Сосын бір күн желдеудей-ақ желдейсің,
Шындық үшін… терлеудей-ақ терлейсің.
Қараң келіп қосылғанмен қатарға
Қайтып анау өз ішіңнен келмейсің.

Қайту Одан, айту оған қиын-ақ,
Күн кешесің ішке бәрін түйіп ап.
Елге мынау жексұрын боп бітесің
Өлең үшін жүргеніңмен жиі ұнап.

Күйінесің, көзінше айтып бетке ойды,
Кіжінесің, өйткені қол жетпейді
Сөйтіп жүріп бір жақсы өлең жазасың
Оның бірақ, өз сыныңнан өтпейді.

Айт, айтпа не, ашығы осы, расы да,
(Жыр қып жүрген ақындығың осы ма?)
Азап екен адам айтса нанғысыз
Ғажап екен… ғажабы іске алғысыз
Досың түгіл тілемейтін қасыңа.

Айтып жүрген ақындығың осы ма,
Сауға сұрап ала алмадым басыма?
…Ғашық болған анау тіпті жынды екен
Дүниені қиған оның шашына.

Күй кешінен репортаж

Оркестрдің концертіне барамын,
Ән сертіне, жан сертіне қанамын…
Он бесінде ыңыранып туған ай,
өлмес үнге құлақ түріп, нұрлы арай.
желмен ескен боз даланың жұпарын
көкірегіме тұтамын.
Бұғауынан босап кетіп қаланың!
Жасаураған жүрегіммен мен осы
Боз дала боп кеткім келіп тұрғаны-ай.
Сөз ғана боп кеткім келіп тұрғаны-ай!

Жұмыр қылыш тұтып алған айнала
Күй деген ол мәңгілік қой қайда да…
Ми деген ол сезім келіп қаппаса
Бозінгенін таппаса
Быламық-ау жай ғана…
Сана жетсе, сезім жетпей серт өлді
Сезім жетсе, сана жетпей өртенді…
Бір ызғырық қарып өтіп желкемді.

Түйсігімнің қопарылып түбінен
Жалт ойнады арғы бетте түнімен
Қапелімде сөнді барып нұрлы ақыл.
Мені бетке ап келе жатты кектеніп,
Арғымағы алп-алп басқан бір батыр
Семсерімен қыл мойнымнан кетті орып.
Тұла бойдан қан емес-ау жас ақты
Жетім жүрек жарыларға шақ қалып…

Орып түскен қылыш үні сондағы
Бассыз жанның долбары…
Қайырылып қарамадым, себебі,
Бассыз кетіп барады екен ол-дағы…

Өкінемін мен қалай?
Жонда қалған мисыз жүрек – мен құсап
Келмеді іздеп сол батырды толған Ай…
Он бесінде күңіренткен жалған-ай…

Жылқышы
(Триптих)

Қара қос – құтты орыны, заты кие,
Еңкейіп кірер небір батыр ие.
Жылқымен жер қайысқан бірге шұбап
Кетеді кеңістікке ақыл ие…

Қашаннан қадірі артық, ірі, мығым,
Қастерлі Қамбар ата пірі мұның.
Дүние аппақ шаңның астында қап
Және сол қалың тұяқ дүбірінің.

Жылқы айдап жер қайысқан атқа мінсе,
Жарықтық, ұстайды өзін Хақ-Тәңірше.
Бір қарап түгендейді мың жылқыны
Көбейту кестесін ел жатқа білсе…

Бір өзі тұтас дәуір секілденген,
Қосына қонақ келсе етін берген.
Жылқысын жер қайысқан қайырғанда –
Аттанған батыр сынды нөпір қолмен
Секілді ел түмен қолдың шетін көрген…

Секілді түмен қолдың шетін көрген,
Сол азат дәуір сырғып секірді өңнен.
Басқасы отырды елмен
Қарт жылқышы
Атпен кеп кіріп кетті мұражайға
Жоқ және бұл заманға бетін берген…

Атымен мұражайға кетті кіріп,
Батырың қалды сонда тек кідіріп…
Аулақта жұрты қалды жетімсіреп
Жылқысын көлік мінген өтті қуып…

***

Жырлағанда жайсаң елдің кеңдігін,
Айту керек Ақылдастың ерлігін.
Қаһары еді… құрығы отқа жағылды
Ұлтарақ қып кесті ызадан терлігін.

Бала жастан жылқы баққан ол, бүгін
Бақпай кетті.
Жылқышыңыз енді кім?
Мото мінген бақташылар шықты да
Шырқыратты-ай шыбын жанын шер мұның.

Үйде жатып дала көрмей, жер көрмей,
Қарт жылқышы қайтеді енді шерленбей.
Жұрттың бәрі жатырқайды ең алғаш
Мото мінбес жылқышыны көргендей?

Жылқышы үшін немене бұл мазақ па,
Мотоцикл теппеу әлде азап па?
Ол түгілі сол Ақаңды бір күні
Өтті айналып «сотка» дейтін ғажап та…

Сөйтіп заман қолды-аяққа тұрмады,
Жылқыңыз не? Желден жүйрік зырлады.
«Сотка ұстамас, мотоцикл теппейтін
Ақаң қызық кісі» атанды мұндағы.

Сыпсыңдаған дәл осындай сөз ақпа,
Жылқышыны қалдырғандай мазаққа.
Жиналыс қып қуып тыққан ақыры
Кең даладан тар қапас үй – тозаққа.

Ақаң аң-таң (жағу қиын қазаққа)
Көп қуылған қылқұйрық та азапта,
Ай аманда құлын ермей, ел аң-таң.
Ақаң білген, таң қалмас бұл «ғажапқа».

Сыймайды үйге шуы кетпей құлақтан,
Қалың дүбір естілгенде қыраттан:
Жатады үйде амалсыздан, бейне бір
Адам сынды жерге түскен жұмақтан.

Сотка білмес сорынан ғой сорласа,
Жан асырау қиын емес ол да аса?!
Уақыт өтіп жатыр Ақаң бауыры
Даланы аңсап сыздайтыны болмаса…

ПІКІРЛЕР2
Гүлшарат 21.12.2018 | 20:53

Жəнібек бауырым, өлеңдерің терең ойға шомдыратын əсерлі екен,қаламың шыңдала берсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір