Әттең, тонның келтесі-ай…
Мархабат Байғұт
Тоқсан бесінші жылдың ақпан айында жайдарман мінезді жазушы, ақын әрі сазгерлігі де бар Тұтқабай Иманбекұлы кенеттен қайтыс болды. Шерағаң (Мұртаза) «Әттең, тонның келтесі-ай…» дейтін. Тұтқабай інісін. Тұтқабай Иманбекұлы сол ақпанның аяздылау, алайда ашықтау күнінде Кеңсай зиратында топырақ томпайтқан. Кеңсайда қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдары жатыр. Жайдарман ағамыз жатқан жерден Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының бейнесі көрінеді екен. Тұтқаш көкемізді Жер-Анамыздың қойнына тапсырып тұрып, қолбасшы қаламгеріңіздің, ұлтының намыс туына айналған аңыз-ағаңыздың ескерткішіне қарағанымызда, ол кісі інісіне сұстана қарап: «Әй, сен бала бұл жаққа неге сонша асықтың, а-аһ?!» дегендей сезілген. «Әттең, тонның келтесі-ай…» деп күбірлейді Шерағаң.
Жайдарман жазушыңыз, ақжарылқап ақыныңыз, сезімтал сазгеріңіз Тұтқабай Иманбекұлы Баукеңнің «Ұшқан ұясын» тәржімалаған-тұғын. Сол Тұқаңның ең соңғы шығармасы – драмалық эссесі де Бауыржан Момышұлына арналды. Бірақ ол туынды автордың көзі тірісінде жарық көрмеді. Жарияланбады. Бір-екі театрға ұсынғанымен, сахнада қойылмай қалды. Сол драмалық дүние «Ұлағат ұясы» деп аталатын. Тұқаң «Ұшқан ұяны» аударып, аса қатты берілгені, ерекше елтігені соншама, бірер жыл бойы Баукеңе ұқсағысы келіп, сол кісіше бата бергісі келіп, Момышұлынша мақамдатқысы келіп, мақалдатқысы келіп жүруші еді. Әсіресе, Баукеңнің өз сөздерін, мақалдар мен мәтелдерге бергісіз қанатты қағидаларын жатқа айтып кеп-кеп жөнелгенде, талайларды таң қалдыратын. Мәселен, былай деп, Бауыржанның өзі ғана емес, әкесі Момышұлының батасын беретін: «Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын. Жақсылық үшін күрессең, жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың, найзадай болсын намысың. Ер жігітке бәрі сын. Қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма, қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға».
Кезінде Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы» туралы түрлі-түрлі әңгіме айтушылар болмай қалған жоқ. Баукең туралы әр жылдарда нелер айтылмады дейсіз?! «Ұшқан ұяны» аударған Тұтқабай Иманбекұлы да талай-талай ескертпелер естіген. Ауыр-ауыр айыптауларға арқасын тосқан.
Біреулері шықты: «Сен «Ұшқан ұяны» мүлде өзгертіп, өңдеп-жөндеп жібергенсің, өз өрнегіңе икемдеп бүлдіргенсің. Момышұлының стилі сақталмаған» деп. Екіншілері керісінше кергіді: «Аудармаға өз туындыңнан бетер жауапкершілікпен қарау керек еді. Жүдеулеу жерлері бар екен, құнарландыра, халықтандыра, көркемдей түсу керек еді» деп. Жайдарман жазушыңыз тым-тым нәзік жүректі-тұғын. Қатты қиналды. Қорғансыздығын білдіріп алды. Сыртынан күліп, келемеждеушілер табылды. Түптің түбінде «Ұшқан ұя» өз бағасын алды. Автордың да, аудармашының да еңбектері еленді. «Ұшқан ұя» жұртшылықтың жүрегіне жол тапты. Терең текті туынды ретінде төрден орын тиді. Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Бертінірек Тұтқабай Иманбекұлы сол мақалдата мақамдатуын үдете түскен. Бауыржаннан бастап, өзге де ақын-жазушылардың афоризмдерімен айшықтап, бұрынғы өтіп кеткен билер мен шешендердің асыл мұраларын талмай насихаттауға көшкен. Қаз дауысты Қазыбек бидің: «Жазылмаса, дерт қиын; Іске аспаған серт қиын. Ақылыңнан адасып; Өзің түскен өрт қиын» дегенін қырағаттағанда, неше алуан тағдырды бастан кешкен қариялар жағы «аһ» десер еді.
Бірте-бірте Тұқаңның өзі де «Өнеге сөз – өрісің», «Ағайынға – ақ бата» атты қос кітапшасын бірінен соң бірін ұсынған. Баяғыда, жас кезінде, әлі ақындық албырттығы бәсейе қоймаған жылдарында «Бұлақ күліп ағады» деген жыр жинағы жарық көрген. Сол кітабында: «Халқымыз жақсылықтан өрнек салып; Өссін депті өмірде ер мақтанып. Жайдақ жерге жанары тояттанбай; Дүниеге көз салған өрлеп барып» деуші еді ғой. Сол шумақты «Ағайынға – ақ бата» кітабына эпиграф етіп алған.
«Жанасып, жұғысып, ұғысып…» деген сөздерді жиірек қолданатын Иманбекұлының өзі жайдарман жаратылысымен жақсыларға жақындап, жанасып жүрер жан еді. Ал біз кісікиіктеу едік.
Ауданымыз бір, Абай мектебі дейтін алтын ұямыз бір болса-дағы, Тұтқаш ағамызбен кешірек, университет бітіргеннен кейін ғана таныстық. «Сен екенсің ғой», – деді бас-аяғымызға асықпай қарап алып. «Оқып жүрмін анау-мынауыңды. Очерктерің әңгіме сияқты», – деді соңсоң. «Үйге барамыз», – деді тағы да.
Үйлері тым тар екен. Біржарым бөлмелі деседі. Жеңгеміз қабағын шытыңқырап қарсы алды. Кеше үйге қонбапты Тұқаң. «Мына баланы, мына баланы танып қойғын. Осы жас жазушымен жүрмін. Бір ауданнанбыз. Бір ауданның орталығындағы бір мектепті бітіргенбіз. Сонда да енді таныстық. Ойбай, айтпақшы, айналайын Мәрияш-ау, сенің де оқыған, бітірген мектебің ғой! Бұ бала да – сол Абай мектебінің түлегі. Ертең Дулат Исабековпен таныстырам. «Жалын» альманағына апарам. Әкелген шығармаң бар ма?»,– деді. «Қолмен жазылған, машинкаға басылмаған, үш шағын әңгімем бар», – дедім. «Қолмен дейсің бе? Почеркің қандай еді?»,– деді. «Көркем жазудан бес алатынмын. «Абай мектебі» дейтін газет түгел менің қолыммен шығатын», – деп мақтаныңқырап қойдым.
Жарты бөлмелікте жазушымен бірге жаттым. Қаламгермен, белгілі жазушымен, «Тұт ағашының көлеңкесі», «Үш айдың үш күні» сияқты кітаптары арқылы оқырманға кеңінен танылған прозашының, одан ертеректе «Ақ қайың», « Бұлақ күліп ағады» дейтін жыр жинақтары шыққан ақынның, «Ем», «Тапсырылмаған гүл» сияқты тамаша әңгімелері «Лениншіл жаста», «Жетім қыран» дейтін ғажап повесі «Жұлдызда» жарияланған жерлесімнің жанында жатырмын. Түні бойы әңгіме шертіп, сырын да, жырын да, өткен түнде қайда қонғанын да жасырмады.
Ертеңіне Тұтқаш ағаммен баяғыдан бермен қарата сырлас, мұңдас, дос адамдай сезініп ояндым. Баяғыда ше, үш-төрт шақырымға созылатын ауылымызда қатарлас балалар бір-біріміздің үйлерімізге барып, бір көрпенің астында ертегі айтып қонып шыққаннан кейін бұрынғыдан бетер жақын, дос боп кететін ек. Тура сондай күй кешкендейміз.
«Жалын» альманағының редакциясында Тұқаң Дулат Исабековпен таныстырды. Дүкең жымиып, жылы қарсы алды. Тұқаңа әлденелерді айтып, әдемі әзілдесті. Сыртынан Төлен Әбдіковтің әлдебір әрекетін әжуалап, ұзақ күлісті. Екеуі. «Әкелген әңгімелерің қайда?»,– деді Дүкең. «Машинкаға басылмаған, қолмен жазылған күйінде»,– дедік. «Кәне, көрейікші», – деді Исабеков. Ұяла-қызара ұсындық. «Ой, мынауың мәшіңкеден әдемі, анық қой. Өз қолың ба, қыздың қолы ма?», – деп қалжыңдайды Дүкең. – Тастап кеткін. Ертең сиыр сәскеде келгін. Оқып қоямын». Айтқан мезгілінде жеттік. Исабеков қолын ықыласпен ұсынып: «Ауылдың иісі! Нөмірге, кезектен тыс саламыз», – деді. «Автор тапқан адамдарға сыйлықтарың жоқ па?», – дейді Иманбекұлы қасқа маңдайын қасып қойып.
Ойда-жоқта жазушы ағамыздың ауылында тұратын бір қария қайтыс болып, Тұқаңның әкесі Иманбек ақсақалмен жолықтық. Иманбек ақcақал көненің көзіндей көрініп, жайуат-жайдақ сөз айтпай, құнарлы сөйлеп отырыпты. «Тұқаң бала кезінде қандай еді?», – деп, өзімізше қызығушылық танытып, Имекеңе сауал тастадық. Елп етпеді. Тұқаң секілді елгезектенбеді. Елпілдемеді. Естімегендей. Керенау. Газеттің тілімен сұрағанымызды жақтырмады. «Бала кезінде бала-тұғын, сап-сары боп, көзі бітиіп жүретұғын», – деді.
Кейінгі кездері, Кеңсай жаққа кетердің алдындағы жылдары Тұтқабай Иманбекұлы туған ауданына жиі-жиі келе берген. Кейбіреулер таңырқап, сыбырлай сұрайтын: «Ағаң ауылдан шықпай қойды ғой. Тойдан қалмайтынға айналды ғой» деп. Сөйтсе-е-е-ек, сағынышын баса алмай, көп ұзамастан Кеңсайдың күнгейлеу бір беткейінен топырақ томпайтарын сезген екен дә.
Бірде Жайдарман көкеміз Жамбыл атындағы ауылда өткен тойға қатысты. Екі апта бұрын ғана Ақбиіктегі әпкесінің келін түсіру тойын ашып беріп, тербеліп тұрып, тебірене сөйлеген. Аудан орталығынан барған ансамбльдің әдемі келіншегіне қосылып, «Әттең, тонның келтесі-ай» әнін әуендеткен. Енді, міне, Машаттың бойындағы сұлу бақта, шадыман шарбақта өтіп жатқан тойдың қадірменді қонағы болып отыр. Тойды ашып берді. Тартымды сөйледі. Баукеңнен бастады. «Ұшқан ұядағы» келін туралы шумақтарды келтірді. Одан кейін өзінің «Өнеге сөз – өрісің», «Ағайынға – ақ бата» деген жинақтарынан теріп-теріп термелетті. Ол жылдары тойдағы сөз әжептеуір тыңдалатын. Әсіресе, Тұқаңдайын ақын-жазушылардың айтқандарына қалың қауым құныға құлақ қоятын.
Жайдарман жазушыңыз орнына отыра салысымен-ақ оқырмандары қоршап алды. Кітаптарына, дәптерлеріне, жалғыз жапырақ қағаздарына, тіпті салфеткаға дейін қолтаңба қойдырып алып жатты. Жайдарман жаратылысыңыз мәз-мейрам. Қанат біткендей, сәл-пәлден соң қалықтап ұшып кетердей көрінді. Қыздар биге шақырса екен дейтіндей. Әне, Машат өзенінің бойында өскен талдырмаш талдар мәнзелдес сұлулар бірінен кейін бірі биге шақырды. Жазушының ойын қайдан ғана біліп, қайдан ғана сезіп қояды десеңші! Жайдарман жасарып кеткен. Қимыл-қозғалысы, бұрылыс- бұралаңы басқаша. Той үш сағатқа созылды ма, одан да ұзап кетті ме-ау, бастан-аяқ биледі ғой сонда Тұтқаш көкеміз. Кейбіреулер әжептеуір сөз етісіп, сыбырласа күбірлесті. «Ақындарға, сазгерлерге бәрі жараса береді ғой» десті кекетіңкіреп.
Көп ұзамай-ақ Тұқаң тағы да тойға келді. Ара-арасында Арысқа, сонсоң Созаққа соқты. Келеске кетті…
Бір барғанымызда мінезділеу Мәрияш жеңгеміз: «Ағаң отбасының адамы емес. Тойдың, жолдың, сал-серіліктің адамы. Мені түк түсінбейтін мылқау деймісіңдер? Екі күн демалыста ше, кейде ішқұса болғандай көзінің алды көгістеніп, көлеңкеленіп, күрсініп, үйден шығып кетудің амалын таппай аласұрады. Сондайда: «Бар! Бара бер! Рұқсат!», – деймін. «Рас па? Рас па?», – деп киіне бастайды. Балконнан қарап көрсең бар ғой… Кетіп бара жатқандағы қимылына қайран қалып, рұқсат бергеніме өзіме-өзім жүд-дә-ә ырза боламын», – деп күлген-ді.
Жайдарманның жанасымы жарасымды-тұғын.
Ол Баукең сынды жампозға да жанасып, іні бола білді. «Ұшқан ұясын» аударғанын айттық. Сәукеңе (Сәуірбек Бақбергенов) де нағыз іні дос, сыйлас, сырлас бола білді. Партизан – патриот қаламгер Қасым Қайсенов те Тұтқабай Иманбекұлын туған бауырындай жақсы көретін…
Небір жақсылармен жанаса білер бірегей қасиетіне қайран қалатындар аз емес-ті. Күресуге жаралмаған жан екен де. Біреулер әлдебір себептермен шырақ алып соңына түскенде, көтере алмады. Жүрегіне жара салынды. Ең жақсы көретін ұлынан айырылды. Барған сайын сол жара ұлғайған. Сол бір ақпанда жақсы көретін оқырман інісі, Алматыдан келгенде Түлкібас стансасынан қарсы алатын, қайтарында шығарып салатын жанашыры Өмірәлі Шадырман «Кеңсайдың күнгейінде жатыр көкем» деген қаралы өлең жазды. Тұтқабай Иманбекұлының бейітінен сәл шығыс жаққа қарасаңыз, қаһарман қаламгеріңіз Баукең бейнесі көрініп тұрады.
* * *
Қазақ университетін тәмамдаған, «Жазушы» баспасына, «Лениншіл жас», «Ара», «Қазақ әдебиеті» сияқты басылымдарға ерен еңбек сіңірген қаламгер, жайдарман жазушы Тұтқабай Иманбекұлы биыл сексенге толар еді. Өкінішке қарай, еленбей, ескерілмей, еске алынбай келеді. Бір жұбанарлығы сол, күйеу баласы Пердебай Сәбитовтің, бауыры Дәурен Әшімбайұлының демеушілігімен «Жетім қыран» жинағы және «Әттең, тонның келтесі-ай…» естеліктер кітабы 2012, 2013 жылдары жарық көріп, Оңтүстік жұртшылығына таратылды. Облыс кітапханаларында, Тұтқабай Иманбекұлы атындағы мектепте, өзге де оқу орындарында кештер өтіп жатыр. Шүкіршілік.
ПІКІРЛЕР1
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.