Бүршік атып түнінде бұла талы…
07.04.2017
1630
1

Нұролла
САҒАТБАЕВ


Ақын дауысы

Ақын дауысы өмір сүреді жәдігер жырдай, дастандай.
Қолдан құрылған кедергілерден, қастандықтардан жасқанбай.
Алдағы ғасырлардың да темір қақпаларын бұзып кіреді ол,
Дүние есігін айқара серпіп ашқандай.

Тарайды ол бүкіл әлемге шекара сызықтарымен шектелмей.
Қалмайды жұғып көкіректерге тиесілі шендей, шекпендей.
Сонау Тоныкөк, Күлтегін, Асанқайғылардан жетті бүгінге,
Жетіқат көктің тылсымын қақырата жарып жеткендей.

Рухты таптап, айуандық билік жүргізген шақта да
Озбырлықпенен аярлық, салтанат құрғанда шаттана.
Ақын дауысы, жүгінген арға айнымай жолдан ақ, адал
Шындықты жырлап, жеткізген көзін жақынына да, жатқа да.

Болса деп тілеп, халқының көктемі гүлді, жазы абат.
Шақырумен елін, келеді жолға жүрегі, жаны таза, хақ.
Жатады кейде өз қоғамы да өзектен теуіп, шеттетіп,
Ақиқат сөзін дауыстап тұрып, айтқаны үшін жазалап.

Дыбысына ұқсап кейде бір
Соққан жел, жауған жаңбырдың,
Жылдармен келген жаңарып, жаһанға тарап жаңғырды үн.
Жүректің кейде іңкәр сағынышындай, самала сазға ұласып,
Күйінішімен, сүйінішіне айналып кеткен тағдырдың.

Данышпан Абай ақылға салып, қазақтың басын құраған.
Батыр Махамбет бостандық үшін
«Ақырып теңдік сұраған».
Елі мен жерін қызғыштай қорыған кеңірдектері жыртылып,
Ақынның дауысы кем болған емес қандай кезде де,
Атадан балаға қалған өсиеттен, асыл мұрадан.

Әділдікті қолдап айтыста талай қанаты отқа шарпылған.
Жартасқа соғылған маңдайы барып, кезінде қиял шарқ ұрған.
Өмірге деген құштарлық қайта оятып, ақын дауысын,
Үндестік тауып жататын еді найзағайдағы жарқылдан.

Күрес жолында шындықтың жеңіп шығарына сеніп түбінде,
Жеңілдетпеген бір сәткедағы көтерген парыз – жүгінде.
Ахмет, Мағжан, Міржақып, Шәкәрімдердің,
Кешеуілдеп болса да дауыстары жетті бүгінге.

Сұрапыл шайқас кезінде,
Мұрын ұшына келіп қалғанда жаны елдің,
Ерлік үлгісін көрсеткен ерлер атымен айғақ, дәлелдің.
Бұхинвалд, Дахау, Освенциумдар да жойып жібере алмаған,
Моабит түрмесінде өлтірілген дауысын Мұса Жәлелдің.

Туған халқының дәстүрін, салтын көтеріп биік жырлаған
Мұзбалақ ақынның жан дүниесінің өзі жұмбақ бір ғалам.
Майдан шебінде көз жұмған қимас достарын іздейтін,
Расул Ғамзатовтың дауысы,
Аспани байтақ әлемнен естіліп бүгін тұр маған.

Үлкен дарын иелері ылайықты әсте ұлы атқа.
Өмір – өнер жолында сан мәрте тұрған, құлап та.
Қырандай саңқылдап, өлеңін оқитын мінбеден,
Мұқағалидың өшпейтін мәңгі дауысы қалды құлақта.
Тағылған айып, қорқытып бірде, бірде сын
Талайға дейін үрейден, жия алмай көбі жүрді есін.
Дүр-р сілкіндіріп жібермеп пе еді сонда
Жұбан Молдағалиевтің дауысы,
Мызғымайтындай болып көрінген әміршіл жүйенің іргесін.

Жалғандық қанша жанталасса да, ақиқат дегеннің бары анық.
Күн санап алыстамаса, жақындамас екі аралық.
Халқы үшін бастарын бәйгеге тігіп, араша түсіп жүргенде ажалға
Олжас пен Мұхтардың дауыстары әлемге кетті таралып.

Таланттарға өріс ашылса жақсылыққа бастар іс өнбек.
Атақ-даңқына таласқан оңбас алдына оның түсем деп.
Отқа да жағылып, өртенбей қалған бұл ақын дауысы,
Үн-түнсіз қалып қоймаған, итжеккенге де айдағанында кісендеп.

Замана көші жоғалғанында сіңіп мұнар, сағымға
Ақтап ала алмай қалған саясаттағы түрлі ағым да.
Алтын жалатылған таспаларға жазылмаса-дағы арнайы,
Сызылып тасталынбастай, сақталған елдің жадында.
Басын имеген пендешілікке амал, айласын асырған.
Кезі болмаған жүзін қалқалап, уақыттан сырын жасырған.
Шаң, тозаң басқан сана-сезімдерді сілкіп, тазартып
Келеді өшпей, ғасырға өтіп, ғасырдан.

Ақын дауысы қайта оралып соғатын жаңғырық.
Жасампаз, өршіл қалпымен осынау, өмір сүреді мәңгілік.
Сұрапыл қиын кезеңде, бақыттан елді күдер үздірмей,
Келеді ылғи жүректерінде үміттің отын жандырып.

Даңқ құмар бүгінгі билік керексінбегенмен қаншалық,
Күні ертең-ақ жыр сүйер ұрпақтың іздеп табары рас жан салып.
Құдіретті поэзияның қайта дәуірлеу кезеңі туғанда,
Ақын дауысына құлақ түреді әлем тамсанып.

Наурыз таңы

Топырақ та тіріліп, тас та бүрлеп,
Жанға жайлы еседі басқа бір леп.
Торғай екеш торғай да топ-топ болып
Құрып жүрмеген шығар босқа дүрмек.

Жақсылықтың жеткендей бір хабары,
Көкжиегім кеңейді қырдан ары.
Тау, даланы жаңғыртып дауысымен,
Келеді ұшып, қаз, үйрек, тырналары.

Бүршік атып түнінде бұла талы,
Жұлдыздардан сүйінші сұратады.
Жақсылықтың жамырай көшін бастап,
Келеді атып наурыздың құба таңы.

Түсер пайда шамалы құр мақтаннан.
Көктем әні естіліп тұр қапталдан.
Алпыс екі тамырға қан жүгіріп,
Жылғаларға жан бітті құрғап қалған.

Бұтағына құс қонып кәрі еменнің,
Ашты жолын құрсағы тар әлемнің.
Жырдан шашу шашылды шумақ-шумақ
Ырғағымен қазақы қара өлеңнің.

Арылмаған құрмет пен сый қасынан,
Көк өзеннен күмбірлеп күй тасыған.
Боз беткейді барады бойлай көшіп,
Бозторғайдың үнімен ұйқасып ән.

Өне бойын өмірдің қуат кернеп,
Шаттандырды жүректі шуақ тербеп.
Жаңа күннің сәулесі жамыраған,
Жүгірісіп барады суатты өрлеп.

ПІКІРЛЕР1
НҰРСҰЛТАН 02.03.2018 | 23:03

НҰРОЛЛА САҒАТБАЕВТЫҢ «ҚАЗАҚТЫ ОСАЛ ДЕМЕҢІЗ» ДЕЙТІН ӨЛЕҢІН ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір