Екі қыр
07.04.2017
1781
0

Арман
Әлменбет


Ардақ таңертең жұмысына шықпақшы болып киініп жат­қан. Шалбарын қолына алған кез­де кідіріп қалды. Олай-бұлай қа­рады. Жарыққа апарып тағы тек­серді. Содан соң ас үйде құр­бы­сымен шай ішіп отырған Қыр­мызыға зілсіз ғана дауыспен ай­қай салды.
***
Ол кезде неке дегенді білді ме? Түсіндіретін адам болған жоқ қой.
Адамдардың есі шығып кеткен тоқсаныншы жылдар еді. Бәрі тез болды ғой, әйтеуір. Жоқ әлде бәрі тым баяу болды ма?!
Уақыт Қырмызы екеуіне тез өт­кен шығар. Бірақ Ақмарал үшін олай болмағаны анық. Ар­дақ­тың өзіне де оңай тиген жоқ.
Қырмызы мінезді қыз еді. Еш­теңеден қаймықпайтын. Қыз бо­лып, бой түзегеннен жігіт деп білгені Ардақ қана болды. Екеуі­нің әкелері де дос еді, бала кезде қонаққа ертіп апарғанда бірге ойнайтын. Мектепке барған соң онша араласпай кетті де, жоғары сыныпқа барғанда жігіт пен қыз болып кездесе бастады. Кітап­тарды кезектесіп оқып жүрді, ауылға концерт келсе бірге баратын. Қырмызы жазда көрші ауыл­дағы нағашыларына кетсе, Ардақ соңынан іздеп барып жүрді.
Ардақ мектепті бітіріп, қалаға оқуға кеткеннен кейінгі екі жыл Қырмызы үшін тым көңілсіз өтті. Ол енді студенттердің каникулын есептеумен жүретін әдет тап­ты.
Ал Ардақ қалаға барып, Ақ­марал­мен танысты.
Ақмарал Қырмызыға мүлде ұқсамайтын. Тіпті Ақмаралға Ар­дақтан басқа жігіттер онша көңіл аударған да жоқ. Олар ашық мінезді, сұлу қыздарға қы­зықты. Ардақ болса шашы бұй­ра­лау келген, ұзын бойлы, қара­пайым киінетін, боянбайтын, көп сөйлемейтін Ақмаралға жа­қын­дай берді. Сабақта қатар отырды. Әңгімелесті. Қырмызы екеуі көбіне әзілдесіп, ойнап, жөн­ді сөйлесуге уақыттары жетпей қалатын. Ал Ақмарал ұстам­ды және бәрін айтқызбай түсініп отырады. Ардақ бара-бара Ақ­ма­ралға еркелейтінді шығарды. Қарны ашқан кезде күндіз болсын, түн болсын жатақханаға ба­рып, Ақмаралдың қолынан та­мақ ішетін болды. Ауылда Қыр­мызы бар екенін бірге оқи­тын студенттерге алғашқы кезде-ақ айтқан, Ақмарал да білетін.Бірақ ол туралы екеуі ешқашан ­сөй­лескен емес.
Каникул болса Ардақ ауылға келіп бір мерекелейтін. Ол кезде оқуға түсіп, алысқа кеткендер көп болмаушы еді. Ардақты туыстары мен достары күнде қонақ қылады. Сонда да Қырмызымен амалын тауып күн сайын жоқ дегенде бір рет кездесетін.
Екінші курс бітірген жылы әке­сі Қырмызыға құда түсті. Ар­дақ қарсылық білдіре алған жоқ. Тек оқу бітірген соң бір-ақ үй­лен­гісі келетінін айтқан. Бірақ әкесі «түн ұзарса, түс көбейеді» деді. Ра­сында да қала жағдайында екеуі үш жыл бойы бірге жүруі қиын еді. Әкесі бәрін түсініп, тура болжап, дұрыс шешім қа­былдаған екен.
Сол екі жылдың ішінде Ақ­ма­­рал құлпырған қызға айнал­ған-ды. Екеуі бірінсіз бірі тұра ал­майтын.Енді Ардақ каникулға кел­генде Ақмаралды қатты са­ғыну­шы еді. Ал үйленетін бол­ған­нан кейін есіне түссе жүрегі сыздап кететін болды. Оңаша­ла­нып отырып, жылағысы келетін. Бірақ жылай алмай қойған. Басы зеңіп кететін.
Қырмызыға көңілі суыған жоқ. Сезімдері тым тәтті-тұғын. Оның үстіне әбден үйренісіп қал­ған. Бәрінен де үлкен себеп – шегінерге жол баяғыда-ақ жа­был­ған еді.
Тойдан соң екеуі қалаға ат­тан­ды. Қырмызы оқуға түсті. Ал Ардақ университетіне сол күйі бар­ған жоқ. Көшеде тұрып ұсақ-түйек заттарды сата бастады. Сау­дасы жақсы жүрді. Оқудан шық­қанын әкесіне Қырмызы бо­сан­ғанда бір-ақ айтты. Әкесі бі­рер жылда есейіп кеткен ұлына қа­рады да, ойланып отырып қал­ды. Бірақ ашуланған жоқ. Не­ме­ренің иісі мен Ардақтың жаңа кө­лі­гі де көңілін орнықтыруға сеп болғандай еді.
Сол үлкен ұл он алты жасқа кел­генде Ақмаралды интернеттен тауып алды. Суретін көрген кез­де жүрегі атқақтап кеткені. Жап-жас. Тура баяғы түрі.
Алғашқы жылдары таныстардан сұрап, хабарын біліп отырушы еді. Ол кезде тұрмысқа шық­па­ған деп еститін. Кейін хабар үзіл­ген.
Желіде дос болуға өтінім жі­бе­ріп еді, тез қабылдады. Ол да қуан­ды ма екен… Компьютеріне ен­телей түсті.
Ардақ сол күні шаруасын тоқ­татты. Кездесулері кейінге ысы­рыл­ды, ақшалары аударылмай қалды. Бизнес серіктестері кешке дейін қоңырау шалып, Ардақ­ты ала алмай, мазалары қашты.
Ол интернетте отырып Ақ­марал­мен сөйлесті. Не деген ба­қыт­­ты да, қасіретке толы күн еді. Ба­қыты сол, Ақмаралды тапты. Қа­сіреті – Ақмарал әлі тұрмысқа шықпапты. Ардақтан басқаға көңілі сол күйі құламаған екен. Бірақ оның бәрін бірден айтып салған жоқ. О баста амандық сұрас­қан соң, Ардақ осы уақытқа дейін ең болмаса кешірім сұрай алмағанын, тіпті көрінуге жүрегі дауа­ламай, университеттен шы­ғып кеткенін айтып, ұзақ хат жа­зып, кешірім сұрап еді, Ақ­маралдан «кешірмеймін» деген жауап келді. Бұл он жеті жылдық азаптың бір-ақ ауыз сөзбен сырт­қа шыққаны еді.
Кейін екеуі жақсы тілтабысып кетті. Сол жылы қыста Ақмарал да өзінің туған қаласына ауысып кет­кен екен. Ал қазір ол да Ардақ сияқ­ты Астанаға көшіп келіпті. Екеуі бір қалада тұрады екен. Осы уақытқа дейін қалай кезігіп қал­мағандарын айтып, таңға­лыс­ты. Енді кездесейік деді. Ақ­марал бұрынғыдай бұл жолы да Қырмызы туралы жақ ашқан жоқ.
Екеуі кездесіп, әңгімелесті. Бірақ Ардақ тіпті Ақмаралдың қо­лынан ұстауға да бата алмады. Осы уақытқа дейін тұрмысқа шықпаса да, біреуі болған шығар деген ой келгенде, алақаны ысып, көзі қарауытып кеткендей болды. Сұрауға дәті бармады. Соны сезгендей Ақмарал бір ыңғайы кел­генде ол мәселені өз қозғады. Ұя­лып күлімсіреп отырып, әзер айт­ты. Ардақтың көзіне жас кел­ді. Сол күні іштей шешім қа­был­да­ды.
Бұрындары күн сайын кө­бейіп келе жатқан ақшаның буы қысып, өзі секілді бизнесмендермен көңіл көтеретіні бар еді. Он­дай кезде апталап жоғалып кетіп, үйге қайтып оралғанда да Қыр­мы­зыдан онша ұялмайтын сияқ­ты еді. Кейін өмірге басқаша қа­рай бастағалы көлденең жүрісті сап тыйған. Балалар өсіп, жауап­кер­шілік артқан сайын саябыр тарта бастаған еді. Енді Ақмарал­мен сөйлескелі Қырмызының ал­дында қатты қуыстанатынды шы­ғарды. Бәрін айтуға бекінсе де, сәтін таба алмай-ақ қойды. Ақыры бір күні түнде ұйықтай алмай, түрегеп отырған еді, бір мезгілде Қырмызы оянды. Ар­дақтың арқасынан сипады да, «Біздің шалға не болған» деп әзіл бастады. Үш ұл тауып берген, туыс-туған мен Ардақтың арасын байланыстырып, берекелі келін болып қалған Қырмызы күйеуін бұрынғыдан да қатты жақсы кө­ретін.
Ардақ орнынан тұрып, шамды жақты. Қырмызы Ардаққа қарап, не болғанын түсінбей оты­рып қалды. Ардақ болса төсекті айналып, Қырмызының жанына келді де, қолынан ұстап еденге отыра кетті. Басын көте­ріп, төсектің шетінде өзіне бұры­лып отырған әйеліне қарады.
Қырмызы әлдебір өзгеріс келе жатқанын жан-жүйкесімен сез­­гендей болды. Ардақтың қа­ра­сында махаббат та, алаң да, жа­лыныш та бар екен. Қабылдан­ған шешімнен ширығу да бай­қалады.
Жағдайды естіген соң, Қыр­мы­зы ұзақ жылады. Ақмарал ту­ралы нақты білмесе де, бұрын­нан сезгенін айтты. Ардақ ештеңе дей алмады. Еркінен айрылып, басын төмен салған күйі отыра берді.
Келесі күні екеуі сөйлескен жоқ. Қырмызының көзі ісіп, кө­ге­ріп кеткені сонша, бөлмеден шық­пай қойды. Балаларға да кө­рінген жоқ. Ардақ киініп алған соң, төсекте теріс қарап жатқан әйе­лінің жанына келіп, үндемей отырып-отырып, шаруасына кетті.
Кешке келгенде Қырмызы тамағын дайындап қойған екен. Дастархан басында балалар ғана сөйледі, екеуі үнсіз отырды. Тек балалар тұрып кеткен соң барып, Ардақ Қырмызының қолынан ұстап еді, ол булығып жылап жі­берді. Шешім қабылдаған екен. Келісетінін айтты. Бірақ той-то­малақ, құдайы астарға тек өзі бар­­ғысы келетінін жеткізді. Бас­қа уақыт болса Ардақ әйелінің бұл мінезіне күлер еді. Бірақ қазір Ардақта күлетін шама жоқ. Қыр­мызыны бөлекше сезіммен жақ­сы көріп, жүрегі езілді.
Келіншегін көндіріп алған соң, Ақмаралға ұсыныс жасады. Екеуі тағы кездесіп, бірге түскі ас ішкен. Ардақ сөзін бірден айта ал­май, іркіле берді. Ақыры Ақ­марал жұмысына асыға бастаған соң, күмілжіп-күмілжіп, әзер де­генде ойындағысын айтты. Ақ­марал менімен ақылдаспай, неге әйеліңе айтасың деп ренжи ме деген. Жоқ, Ақмарал әдетінше рен­жісе де, іштей тынды. Үндемей оты­рып қалды. Жүзі түнере түсті. Содан соң барып, қыстығып жылай бастады. Ардақ бұрын Ақ­маралдың жылағанын көр­меген еді. Он жеті жыл ішінде менсіз неше рет жылады екен деп ойлады. Іші алай-түлей болып, не қой дей алмай, не жұмысыңа кешіге­сің, апарып тастайын дей алмай, тағы да отыра берді. Бірақ Ақма­рал­дың келісетінін сезді. Келіс­песе, келіскенше жалынбақшы болды.
Ақмарал келісті.
Тек әкесі естігенде, қатты ­қар­сы болды. Бірақ қызының талай түнді жылаумен өткізгенін біле­тін шешесі оны көндіріпті. Мұ­ның бәрін Ардақ Ақмаралдан ес­тіп, соңын күтіп қана жүрді. Ақыры бәрі реттелгенде барып, Ақ­маралдың үйіне өзі барды.Сөй­тіп, Ардақ Ақмаралды отыз же­тіге келгенінде некелеп, әйел қы­лып алды.
Қырмызы да жаңа өмірге үй­рен­ді. Екі әйелі бар еркектің бәй­­­бішесі атанғалы туыс-туған, жора-жолдастың алдында абыройы бұрынғыдан да өскендей көріне бастады. Біреу сұраса, әзіл­деп қана жауап қатады.
Ақмарал болса, былтыр қыз туды. Ардақтан аумайды. Қазір ол үйге барғанда қызын айнал­шық­тап, Ардақ жөндеп тамақ та ішпейді. Ақмарал балаға қарасын деп, кейінгі кезде киімін де ол үй­ге жуғызбауға тырысып жүр­ген.
Бірақ кеше мына шалбарды жуылып тұрған жерінен сол үй­ден өтектетіп киіп шыққан. Енді бүгін Қырмызы қайта өтектеп қойыпты. Қараса, екеуі екі жерден қыр салған. Былтыр да бір шалбарды өстіп еді.
– Қырмызы, мына шалбарға та­ғы екі қыр салып тастағансың­дар ма? – деді дауыстап. Ас үйде құр­бысымен шай ішіп отырған әйелі іле-шала жауап берді:
– Енді саған біреу екі әйел ал де­ді ме?
Құрбысы сықылықтап күліп жіберді. Осылай деп жауап бе­ре­­тінін біліп тұрып сұраған өзі­ме де сол керек деп ойлады Ар­дақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір