Ойындардың төресі
Алматыдағы Оқушылар сарайында журналистер мен блогерлер арасында шахматтан турнир өтті. Aikyn media open сайысына жалпы саны 30 адам қатысты.

Еліміздегі беделді басылымдардың бірі «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті 13 жылдық мерейтойына орайластырылған шараға қаламгер қауым өкілдері қатысты. Ойын швейцар үлгісінде өткендіктен, қатысушылардың қай-қайсысының да жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары болды. Қатысушылардың жеті айналымда да жинаған ұпай сандары есептеліп, қорытынды шығарылады. Үздік шыққан журналистке Air Astana әуекомпаниясы Тегеранға бизнес-класқа екі билет табыстады. Жеңімпаз аталған жолдамамен Иранның астанасына осы жылдың аяғына дейін қалаған күнінде бара алады.
Бас жүлде «Ұйғыр авази» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Арсилан Алахуновқа бұйырды. Жас блогер, шахматтан І-разрядқа ие Қуаныш Сүлейменге екінші орынды иеленіп, «Кернеу Limited» атынан планшет табысталды. Қола жүлдеге талас қызу болды. Жарыс қорытындысында ұпай сандары тең түскен төрт ойыншыға да үшінші орын берілді. Дегенмен, коэффициент бойынша Құмар Бақдәулет басым түсіп, планшет иегері атанды. Сәйкесінше, Байпейісов Асқат, Қаматаев Қанат пен Түсіпхан Нұрбек есімді журналистер де жүлделі үшінші орынды иеленді. Бұдан бөлек, белсенді қатысқан бірқатар тілшілерге бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге, Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және БІЗ» кітабы мен Ермахан Шайхының «Қоңыр қажының күнделігі» кітабы турнирға қатысушыларға сыйға тартылды.
«Газетіміз биыл бірінші мүшелге келді. Осы айтулы мерекені қалай өткізсек деп көп ойландық. Нәтижесінде шахматтан турнир өткізуге бел байладық. Бұл арқылы мықтылар ойынын кеңірек насихаттағымыз келді. Елімізге белгілі жас шахматшы Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы біздің ұсынысымызды жерге тастамай, сайысты осы жерде өткізуімізге келісім берді. Осы шараның өтуіне атсалысқан барша жандарға алғыс білдіреміз. Турнирді алдағы уақытта дәстүрлі түрде ұйымдастырамыз деген жоспар бар», – дейді «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.
Ал белгілі қаламгер Аян Нысаналин шара туралы: «Шахмат – ойындардың төресі. «Айқын» газетінің ұжымы келер бұл шараны бұдан әрі жалғастырар болса, келер жылы турнирді Тәкен Әлімқұловтың құрметіне қойса екен деген ұсынысым бар. Өйткені, қаламгер-журналистер арасында дәл Тәкен ағаға тең келер қарсылас болмаған. Өз арамызда кішігірім сайыстар жиі өтіп тұрады. Ардагер болсақ та, мүмкіндігінше қатысамыз. Ұйымдастырушыларға рахмет айтқым келеді», – деген ойымен бөлісті.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.